АБЫЛАЙХАН ӘШІМХАН. ТЫНЫШТЫҚ СЫЙЛАП ЕДІ АРМАН КІМГЕ?

*  *  *

Мына жерде қуанышым, бар мұңым,

Бар және де өз әлемім, жан нұрым.

Күйзелгенде, мұң қысқанда жүректі,

Мен өлеңге айналдырғам барлығын.

 

Жаным содан шерленді,

Тағдырынан жеңілген-ді, жеңген-ді.

Сенің жаның ақық, гауһар жырға асық,

Менің жаным мына өлеңде жерленді.

 

Әз басымды түйремесе мұң егер,

Мұң айлағым болмаса егер түнемел,

Кеше түнде жүрегіңде түнеген,

Ертең жаттап өлеңімді жүреме ел.

 

Күйкі тірлік, күйбең өмір далбаса,

Жан толқытар бір мейірім бар болса.

Өлең жазбай кетер ма едім, құдай-ау,

Әкем өліп қалмаса.

 

*  *  *

Не дейін, жан жыласа қарғам саған?

Не берді арман маған?

Болса егер жылтыр сөз бен нұрлы елеске,

Ол өзің жалғыз пенде алданбаған.

 

Жаныңа үйір болып мұңы күздің,

Жолымыз болмады ма түбі біздің?

Арасы сондай алыс болды неге,

Арасы жарты қадам үйіміздің.

 

Көңілім болмады ғой, құсым содан,

Өмір ол  –  кері ағыстар түсінсе адам.

Мен қанша ұзағаным есімде жоқ,

Бір қадам жақын болу үшін саған.

 

Солай мен сапар шектім, шөлден асып,

Солай мен сапар шектім, белден асып.

Тыншымай кеудемдегі құмдар көшіп,

Тыншымай кеудемдегі көлдер тасып.

 

Адамдар астар іздеп, мән ойламай,

Өмірді сүреді екен қалай, қалай?

Мен неге сенен алыс кете бергем,

Мен неге жүгірмегем саған қарай?

 

*  *  *

Ауылда...

Есіңде ме, балаң едік,

Өмірді:

ақ,

қара,

жоқ...

ала дедік...

Содан мен оңалмадым, оралмадым,

Сол өмір ақын етті қалам беріп.

 

Сол өмір жолға айналды, кеттім көшіп,

Сол өмір өзен болды, өттім кешіп.

Оралар жол таба алмай өткеніме,

Өткердім:

көп түнді өстіп,

көп күнді өстіп.

 

Өмір деп топшыладым.

Кештім бәрін.

Өртендім,

алауладым,

өштім,

жандым.

Тарқатып қос бұрымын ару сүйдім,

Қанбады, еш құмарым.

 

Көгенге арқандалған көңіл — қозым,

Жұпары хош аңқитын менің сөзім,

Шайқасам кетер сынды төңкеріліп,

Бір сәттік көңіл күй ме өмір өзі?

 

Өмір-ау, қозғалыстар сабылысқан.

Жүрекпен, көңіліммен алып-ұшқан,

Сен бар деп,

өмір,

әлем,

кең ғалам шар,

Айналып бара жатыр сағынышқа.

*  *  *

Менің миымның бөлмелеріне мұң түнеп,

Менің кеудемнен құстар ұшады дүркіреп.

Өшіріп алған отымды қайта маздатып,

Оятып алам сағынышымды сілкілеп.

 

Қанатына орап мен айтпас сырды көп елге,

Құстар ұшады төбемде.

Сабалап қағып төгер ме сенің көгіңнен,

Сағынышымды айналып кеткен өлеңге.

 

*  *  *

Саған өлең жазар едім, сөзім жоқ,

Жоқ және де сен боп жанған көзімде от.

Маған алдан қол бұлғаған топ сәуле,

Көрінбейді өзің боп.

 

Ғұмырымның өлшемі едің көнерген,

Сен туралы ести беріп көп елден,

Мезі болғам, ғашықтықтан өлермен.

Саған енді арнамаймын өлең мен.

 

*  *  *

Сіңіріп алып менің қайғымның реңін,

Солып қалыпты-ау гүл — өңің.

Сен екенсің ғой жалғанда жалғыз тілекшім,

Көрсетпей келген сұм дүниенің түнегін.

 

Әлемде қанша тағдыр бар сонша арман бар,

Әлемде қанша арман бар сонша адам бар.

Төпелеп көктен төселе кетер табанға,

Менің жаныма ұқсай кетеді жауған қар.

 

Аппақ қар тектес аппақ армандар кешірсем,

Аппақ өмірдің түнегін көрдің не үшін сен?

Осының бәрі сенің үмітің екен ғой,

Түсінбей жүріп кірлетіп алсам кешір сен.

 

Өзіңдей, ана, емірене алар ма өзге кеп?

Бұл күнде маған сенің көзіңдей көз керек,

Сенің сөзіңдей сөз керек.

Бақыты тапшы балалық шағым елбеңдеп,

Соңымнан қалмай көріне берді-ау көзге көп.

 

Періштем өзің, тілеуім тілер үнемі.

Менің бағыма айырбастаған гүл — өңін,

Махаббаттар мен мейрімдердің жоғалған,

Астанасы екен жүрегің.

 

*  *  *

Алдымнан сәуле, табылмай ұшқын

Қандай арманның соңына түстім?

Жетсем деп саған сабалай беріп,

Қанаты талған қаршыға құспын.

 

Тірлікте мына жанды қаритын,

Өзің болсаң ғой қалдырар түйін.

Жиырма бір жаста өртеніп өлген,

Мен бүгін білсең, Артығалимын.

 

Өкініш екен — татқан әрбір мұң.

Сағыныш екен — батқан әрбір күн.

Жүрекке барар жолды таба алмай

Адасып кеткен Ботпан Әділмін.

 

Тыңдасам екен ақылын кімнің?

Түнегіне ендім, ақыры түннің.

Жүрекке барар қара жолдардың,

Өлім екен ғой жақыны, құрбым.

 

*  *  *

Бұл тағдырдың сұлбасынан үркіп ек,

Көздің жасын жеңімізбен сүртіп ек.

Кеше ғана жарық еді дүния,

Жарығымды алмастырды бір түнек.

 

Жүрек соқпай қалатындай бүлкілдеп,

Аспанымды баса берсе, мұң, түнек.

Жылай алмай, жылай алмай ақыры,

Мен ашудан булығамын күлкім кеп.

 

Ей, жаратқан, жалғыз сенен нұр тілеп,

Біз шыдадық...

Біз көтердік сынды көп,

Иә, әрине, сағымыз да сынды көп.

Бір нұрыңды бұлдамасаң болмас па еді?

Сенің берген нұрың еді — Нұртілек.

 

Енді менің: ішім — жалын, сыртым — өрт,

Аспанымды найзағай боп жыртып өт.

Өмір деген — жалғыз есік, жалғыз кілт,

Өлім деген — жалғыз есік, кілті көп.

 

*  *  *

«Көк кептер мезі болған жауынан көп...»

Мен бүгін шаршағам жоқ, ауырғам жоқ.

Келеді ұшып құстар.

Ұшып құстар,

Күтетін бізді біреу табылар деп.

 

Ағатай,

Анау Абай даңғылында,

Сәуірдің жаңбырында,

Алматы жесір қалды, құстар жетім,

Қатігез еді неткен тағдыр мына?!

 

Етекте қалмады ғой жасқа малар,

Неге қарай береді аспанға олар?

...Бізді қойшы, біз көндігіп кетеміз-ау,

Тек, аға-ау, құстарға обал...

Құстарға обал...

 

Алматы.

Шулы шаһар, нөпір алаң,

Салтанат, сәніменен көркіне алаң.

Күтердей Есенғали елестеуші ең,

Кім болып елестейсің енді маған?

 

... барамын кім деп, не деп енді саған?

 

*  *  *

Төгіліп кетер ма екен тостағаннан,

Біздерді бір бағытқа қосқан — арман.

Еңкілдеп жол қалады-ау, сонда құрбым,

Еңкілдеп...

не келеді басқа қолдан?

 

Көшенің шамы жанар жай күрсініп,

Сәулесін көлегейлеп айдың сынық.

Түнегін сейілте алмас кең көшенің,

Шам менен сынық айдың қайғысы көп.

 

Толайым тоғысардай жолдар бірде,

Тыныштық сыйлап еді арман кімге?

Тек жалғыз өлең еді жанның емі,

Нәр берер солған гүлге.

 

Топ құстар жарып ұшқан көкірегін,

Мен деген — өлең едім,

өмір едім,

Өткенім күйініш боп өзекті өртеп,

Ала ма мені де өлім?

 

Аз емес кешкен шер мен көрген қайғы,

(Бұл дәурен бұл-бұл ұшар менен қай күн?)

Қобыздай күйім — қоңыр. Өліп кетсем,

айтылар сөздің бәрі өлең жайлы.