
(Мини-поэма)
1
Кейде қарлы, кейде қарсыз Ешкіөлместің етегі,
Мен мұндалап көрінеді Алмалы мен Текелі…
Бір боранда ықтап кетіп отарынан бөлініп,
Ал көктемде ешкі лақпен қайта оралған деседі.
Нар шөккендей төбе-төбе шоқыларға жалғасқан,
Беткей толы жабайы алма төңірегін тал басқан.
Кей жылдары ала-құла қар да сусып тоқтамай,
Жылжып төмен тіктеу жерден төккенменен барды аспан.
Жабайы алма талғажау деп жаратқан ба бұл бақты,
Бұл беткейде шешілмеген талай-талай сыр жатты.
Төменірек бір алмағаш қалқаяды қабақта,
Алмасы да ірі екен басқалардан тым тәтті.
Төбесінде қиыршық тас, ұзын жолақ бір қыр бар,
Айналасын қаулап өскен қалың бөргез жыңғылдар,
Жақындасаң атып шығып арсылдайтын жолатпай,
Қарақаншық мекендеген дәл түбінде үңгір бар.
Бұл Бәсіннің иті еді ғой Көкінай деп ат қойған,
Көкінайдың бұл күндері бір басынан бақ тайған.
Ол кеткен соң сұм соғысқа кім қарайды мүсіркеп,
Отқа жақты үйшігін де Бәсін соққан тақтайдан.
Ит болса да бұл өмірге келгеннен соң жаралып,
Күшіктейді жылда осында бұл үңгірді пана қып.
Естігенде үңгірдегі күшіктердің қыңсылын,
Бала біткен шуылдайды, бұлар үшін жаңалық.
Қызық керек, ойын керек аш болса да балаға,
Қара қағаз күнде келіп тұз сеуіп жүр жараға…
Бұл ауылдың иттері де Көкінайдан тараған,
Түстері де аумайтұғын айналғанды қараға.
2
Сұм соғыс та бітер емес қалжыратқан ауылды,
Қара қағаз оқта-текте шығарады зар үнді.
Қарақаншық жүні үрпиіп ішектері қабысқан,
Көше аралап білмейтіндей кімге айтарын шағымды.
Аты Қоңыр бұл ауылды аппақ қылып қар басты,
Соңына еріп сары шұнақ аяз келіп жармасты.
Суық үйде дірдек қағып бүрсеңдеген балалар,
Отын іздеп, қарды кешіп, өрлеп кетті тау тасты.
Күңкілдесіп өте берді дәл қасынан үңгірдің,
Көңілдерін жадыратқан осы болды бұл күннің.
Қыңсылаған естігенде күшіктердің дыбысын,
Қабақтардан сейілгендей болып еді бір кірбің.
Жақын келді, Көкінай жоқ, жатыр екен үш күшік,
Үшеуі де қап-қара екен жатқандардың бүк түсіп.
Келе ме деп Көкінайдан қорықты ма екен біреуі,
Шеттегісін қоя салды кеудесіне бір қысып.
Өрлеп кетті балалар да алыстатып араны,
Отын болар бөргезбенен тобылғы іздеп барады…
Естігенде біреулердің төмен жақтан айқайын,
Аңтарыла тоқтап бәрі төмен жаққа қарады.
Бұл – Бүбітай келе жатқан Сыпатайдың апасы,
Бір қолында күрегі бар, бір қолында ашасы.
Дәл алдында қашып келед(і) зар илеген Тоштан қыз,
Тығылатын жер де таппай таулы жердің тасасы…
Аямайды-ау кейде тағдыр, бақ қондырмай бір шөкім,
Көл боп аққан көз жасын да жақын жан жоқ сүртетін.
Сұм соғыстың зардабы да еңіретіп бұл күнде,
Тоштан деген ешкімі жоқ жаны ашитын тұл жетім.
Жаратқанға жалбарынып зарлап келед(і) Тоштан қыз,
Ағайыннан пана іздеп енді бүгін қашқан қыз…
Қаһарлана Бүбітайдың бізді көріп бұйырып,
«Ұста!» деген сөзін естіп біз де алдынан тосқанбыз.
– Қарғыс атқыр қарақаншық жеп кетіпті тауықты,
Тауықтан соң дорбадағы айранға ауыз салыпты.
Тоқта, Тоштан! Тоқта деймін көмесің сен үңгірді,
Тұқымыңнан мен мәңгілік өшірейін жарықты,
– Жоқ, апатай, көме алмаймын, өлтірсең де көмбеймін,
Ұстап алып айыр тығып өлтірсең де, е, мейлің…–
Соны айтты да сирақты қыз жеткізсін бе біздерге,
Ғайып болды, тым жұқалтаң, аязды да сезбей дым.
Амалы жоқ Бүбітай кеп салды енді күректі,
Кірісті оған Сыпатай да түріп алып білекті.
Жары құлап төбесінен әп-сәтте үңгір жабылды,
Үні де өшті күшіктердің солқылдатып жүректі.
Тәнді емес жанды қарып мына аяз жатқандай,
Үн шықпады күлкі тұрмақ соғылғандай тап маңдай,
Біз – соңында , ол – алдыда Сыпатай да келеді,
Қос танауы едірейіп жауды шауып қайтқандай.
Тағы кеттік ертесіне отын іздеп тау-тасқа,
Сол Ешкіөлмес, Қоңыр ауыл емес өңір, жар басқа…
Аузы ашылып қалған екен кеше көмген үңгірдің,
Басқа амалы қалмаған- ау қайта қазып алмасқа.
3
Мызғымай тұр қар сіресіп осы жылдың ақпаны,
Жылуы жоқ ешбір үйдің сабан болса жаққаны.
Тауға қарап телміреді бала біткен дірдектеп,
Бару керек, отын іздеп басқа амалын таппады.
Неге сонша созылатын сағыздайын өмір бұл,
Жадырайтын күн болар ма көтерілер көңіл бір,
Мынау жұртты қан қақсатқан атқа мінген, әумесер,
Шаш ал десе бас алатын Қоңырда да өріп жүр.
Дымқыл сабан, от жанбайды ортасы әлі кеппеген,
Кешке дейін жақсаңдағы жылуы жоқ от деген…
Дірдектеген төрт-бес бала жиналып ап амалсыз,
Арқандарын асынып ап тауға қарай беттеген.
Қарақаншық жоқ боп кетті ізін салмай бұл маңға,
Жүрсең екен аман өтіп айдан аман жылдан да…
Бұл пенделер қалдырмады еш амалын қалмасқа,
Оңай емес оларға да тағдыр торын құрғанда.
Ілбіп басып сөйлесуге таппай келед(і) бір ілік,
Міне үңгір, дәу алма ағаш, қарай берді бұрылып.
Туу басында қатып семіп жалғыз алма қалыпты,
Түсі де оның тым қызғылтым, қалған екен ілініп.
«Аламын», – деп қайтсемде мен, Сыпатай тұр жұлқынып,
Үнсіз қалдық бірер сәтке басқандай боп бір тымық…
Жалғыз алма тым алыста қол жетпейтін созғанға,
Сыпатайға қарап тұрмыз ойға келіп бір күдік…
Сыпатай да кідірместен кетті өрмелеп жоғары,
Жартысына алма ағаштың жете қойған жоқ әлі…
Жарқабақта үн шығармай соған қарап біз тұрмыз,
Дымқыл шәркей, аяқтарың қозғалмасаң тоңады.
Барады әні жоғарылап ол алмаға сәт сайын,
Қозғалмастан орнымыздан біз де тұрмыз қатпай үн.
Екі бұтақ көтерілсе қолы алмаға жетіп тұр,
Есіл-дерті қызыл алма, деген ой жоқ тоқтайын.
Жалғыз алма емес еді жейтіндей де қақ қылып,
Әлде тағдыр тұрды ма алдан қыл шылбырын лақтырып…
Міне, міне бір ілінсе созса қолы жетіп тұр,
Әттең, әттең кеткенін-ай, соңғы бұтақ шарт сынып.
Сынды бұтақ, ал Сыпатай жартасқа кеп гүрс етті,
Омыртқа ма күтір еткен, қиды ма әлде тірсекті.
«Апа!» – деген лаусы шықты бірақ, бірақ тым әлсіз,
Естімеді бізден басқа болса-дағы үй шеткі.
Кетті бірі жан ұшырып ауыл жаққа жүгіріп,
Сыпатайды біз де сүйреп шанаменен тізіліп…
Ел жиналып үй жағына біз жеткенше қалыпты,
Шыбын жаны Сыпатайдың кеткен екен үзіліп…
4
Қаралы үй, қарақаншық, қара қағаз қаралы.
Қарғыс деген қаралы сөз лезде ауылға тарады.
Биылғы қыс неткен ұзақ наурыз есік қақса да,
Мұрты ойылмай сай-саланың жатыр әне қары әлі.
Атты тағы арайланып наурыздың да ақ таңы,
Күн жылынса күндіз жіпсіп кешке жердің қатқағы
Бала біткен қуырып жеп жарты уыс бидайын,
Ал кеш бата суық үйде тонға оранып жатқаны.
Шықпайтұғын жатып алып ішіңдегі өкпеңдей,
Қалың түссе қыстың қары созылады көктем кей.
Бітпей соғыс балалардың балалығын ұрлаған,
Баласы да бұл ауылдың ерте есейіп кеткендей.
Ерте көктем, уақыт емес ойлайтындай бүршікті,
Тыныш жатқан ауыл еді, тандырды естен бұл тіпті.
Сыпатайдың өлімінен енді ес жиып жатқанда,
Бүкіл елді дүрліктіріп тағы ауылда шу шықты.
Зардабынан сұм соғыстың азып тозған бұл халық,
Аз болғандай пәле-жала шыға келер ұрланып.
Кеше ғана қайтыс болған Сыпатайдың апасы,
Көктем шыға Бүбітай да кеткен екен жынданып…
Сыр берді ме жүйке тозып, әлде мынау қарғыс па,
Ажыратпай қалды ел-жұрт шатасты ма қай нұсқа…
Кек сақтаған қарақаншық жүр ме әлі ілесіп,
Келді әйтеуір бір зобалаң Бүбітайдай байқұсқа.
5
Көктем келіп қар еріген сай-салада болмаса,
Күн мен түнің теңесем деп жатыр енді арбаса.
Қараша үйдің қабырғасы күлімсиді сыз тартып,
Кешқұрымда отты жағып бір кептіріп алмаса.
Тағы шықты жиналып ап төрт-бес бала тау жаққа,
Қары кеткен қыр беткейден отын жинап алмаққа.
Иыққа сап арқандарын төмен қарап келеді,
Әй, өмір-ай, идің бе сен көтере алмас салмаққа…
Жабайы алма, ол да азайған жоқтың қасы тал, қайың,
Жақын жерде ағаш қалмай таңдап жердің шалғайын.
Көтерілген кездерінде жартысына беткейдің,
Бәрі естіді ауыл жақтан біреулердің айқайын.
Тоқтай қалды барлығы да түк түсінбей абдырап,
Құлақшынды бас киімнің жібі үзілген салбырап.
Ешқайсының зауқы соқпай бір-біріне қарап тұр,
Шаршатады-ау түсіп шығу тым алыстау жол бірақ…
Тұрған кезде ілік іздеп істерінен кем-кетік,
«Қараңдаршы», – деді біреу жартас жақты көрсетіп.
Тұсымыздан бір топ қасқыр орғып өтіп барады,
Біз де көрдік, бір мезетке бала жүрек селк етіп.
Арлан қасқыр барады алда желке жүні жарқылдап,
Бұзатындай не болса да алдарында қар тұрмақ…
Жер астынан шықты ма екен әлде көктен түсті ме,
Қарақаншық шыға келді қыр астынан арсылдап.
Көкінайды жан-жағынан бір топ қасқыр бас салды,
Жан алысып жан беріскен сойқан соғыс басталды.
Қарап тұрмыз қозғала алмай қаққан қара қазықтай,
Көкінайдың тамам қасқыр қанын судай шашқан-ды.
Көп ұзамай Көкінайдың арсылдаған үні өшті,
Обалы не өмір үшін арпалысты күресті…
Көргеніміз көз алдында бейне бір түс сияқты,
Біраз тұрып қозғалмастан әрең жидық біз есті.
Қалады екен арсылдау да қайрат кеміп талса жақ,
Жан қоя ма азулылар жан-жағынан қоршап ап,
Алып кетті көк бөрілер жұлқып көкпар тартқандай,
Арқа етін арша қылып, борбай етін боршалап.
Бас салбырап кейін қайттық отын қалды жиналмай,
Мынау болған оқиғадан, Құдай білсін, түр қандай…
Артымызға жалтақ-жалтақ үрейменен қараймыз,
Сол жартастан көкжал қасқыр бізге қарап тұрғандай.
P.S.
«Қоңыр» ауыл, қоңыр салқын, сөздер желдей еседі,
Үй қалдырмай арасында аралап жүр көшені…
Қасқырлардың кегі кеткен сонау алыс жылдарда,
Көкінайдың арғы атасы құмай тазы деседі.
…құмай тазы деседі.
….сырттай күбірлеседі.