***
Өмір бәлкім, жақсы көру, сағыну,
Өмір бәлкім, жалғыз қалу, жабығу,
Мың сүріну, қайта тұру, адасу,
Таңдайыңда бал татыған қара су,
Қолын созған алыстағы жағалау,
Өлшеулі өмір, уақытыңды бағалау,
Көңілдегі көп ойларды айта алмау,
Өкпелеткен, өткен шақтан қайта алмау,
Өмір - өзен, жарқыраған бұлақтар,
Нұсқасы көп, жауабы жоқ сұрақтар,
Ертелі-кеш өз-өзіңнен жалығу,
Жақсылардың ортасынан табылу,
Еркелету, жақын жанды жұбату,
Төмендету, биігінен құлату,
Қол соғулар, жалған мақтау, асыру,
Аллаға аян шындығыңды жасыру,
Ақтап алу, еш себепсіз кінә арту,
Жек көру мен бір көргеннен ұнату,
Таңқалдыру, ту сыртынан оқ ату,
Табысу мен қоштасулар, жоғалту,
Бір жылылық, мың мейірім, аялау,
Ізгілік іс, жақсылықты аямау,
Өмір - күлу, өмір - жылау, күрсіну,
Менің титтей жүрегімнің дүрсілі.
***
Сағат тілі айналады, заңдылық,
қайран үміт алдайды екен таң қылып,
айғайладым, айғайладым, қайтейін
ауа қармар жаңғырық.
Аяулы арман, сенім неден үркіді,
басылар ма көңілімнің күркүрі,
қайтара алмай өткен күнді, уақытты
ораларсың бір күні.
Жанарымнан жас саулайды бір ыстық,
жарығым-ай, түсінуге тырыстық,
сағат тілі бақытыңды күресін,
жан қалауы - тыныштық.
***
Жасыл жапырақ...
өмір-өлең өрнегі, жыр тамыры,
жайса деп ем тереңге гүл тамырын.
Сені ақын етті ме бір қалқатай,
Мені ақын етті ме бір тал мұңым?
Сол бір мұңда бәрі бар:
сағыныш бар,
бір сұлулық,
сезім бар алып-ұшқан,
кездесу мен қоштасу,
көктем мен күз,
мың қуаныш,
сәттер бар жаңылысқан.
Жылап тұрсам жаныма барлығы дос,
күліп тұрсам жаныма бәрі дұшпан.
Үнсіз ғана оқимын тағдырымды,
Аялады, аяды тағдыр кімді?
Махаббаттың тілімен, жүрегімен
Жақсы көрем, адамдар, барлығыңды.
Әр маусымның сыйы бар
Ұға алдық па табиғаттың әз жанын?
Айтар үнсіз көктемге наз, жазға мұң.
Жел өтінде сезім күйін бір кешкен,
жаным егіз, жақын барып тілдескем:
- О, табиғат, амансыз ба, қалайсыз?
От ішіне кіргендеймін абайсыз,
Алдамшы бақ, дүниеге мәз жаным,
Қып-қызыл өрт, жанып кете жаздадым...
- Ар ма, досым!
... таныс дауыс үн қатты,
Адастың ба? Қонағым бол, қымбатты.
Біздің мекен – сұлулықтың әлемі,
Біздің жүрек – бәрінен де әдемі,
жұмақ дейді бұл бақты...
- Пенде біткен неге құмар асылға?
Неге құштар қызыл, сары, жасылға?
Бір сағыныш көңілімді тербейді,
Бір өкініш маған маза бермейді.
- Мұңайма, дос, жүрегіңді аяла,
Жалғыздықта бағыма кел, саяла.
Көңіл қанша құбылғанмен бүгінде,
Сағынышқа айналамыз түбінде!
Сыбырлайды...
Жапырақтар...
жаны бар,
Әр маусымның өзіне тән әні бар,
Әр маусымның өзіне тән күйі бар,
Әр маусымның сыйы бар.
Қайран жастық...
уақыт дейміз...
бақыт дейміз...
біле алдық па бағасын?
аялдамай...
баяу ғана
өмір-өзен ағасың...
мөлдіреген
жанарлардан
мені іздеп табарсың...
нені іздеп табарсың?
қайран жастық...
өмір дейміз...
өлім дейміз...
жете алдық па парқына?
пайымдаймыз,
уайымдаймыз,
кімдер берік антына?
ұлы дейміз,
сұлу дейміз,
бар мақтауын асырып,
мінімізді,
мұңымызды
қаламыз-ау жасырып,
адамдардан,
замандардан
мені іздеп табарсың...
нені іздеп табарсың?
қайран жастық...
***
Бір қуаныш,
бір жақсылық,
бір бақтан
дәмелі едім, кезек-кезек ұрлатқам...
Көңілімді құрақ құрап жұбатып,
Сұлулықпен жанарымды құрғатқам.
Көңіл-құрақ, өмір-құрақ үндеме,
Жылап қалсам, сен «өтірік күл» деме,
жасырады ел... кім оранып жүр дейсің,
үлде менен бүлдеге.
Түрлі түсті: сары, қызыл, жасылды,
Құрағымның өңі бүгін ашылды.
Мені қойшы...
өтіріктер құрайды
жылдар тұрмақ, кейде тұтас ғасырды...
Жас мөлдірер көне иненің көзінен...
Құрақ-дүние-ай, сені ойлап көз ілгем.
Тағдырымның құрайыншы құрағын,
Аппақ түсті махаббат пен сезімнен.
***
Күн күледі, сен де бірге күл, әлем,
Шамам келсе мәңгілігін сұрар ем...
Махаббатпен суарылған табиғат,
Махаббатпен жаратылған бұл әлем.
Құс ұясы, құмырсқаның илеуі...
Сәуле тамар жасуындай иненің,
Ну орманның тамырына қан жүрер,
Мейірімді мүмкін емес сүймеуің.
Махаббатты талап етпе, бере біл,
Жақсылықты қайда деме, көре біл.
Босағадан сығалайды бір бақыт,
Қол бұлғайды биігінен төбенің.
Күн күледі, сен де бірге күл, өмір,
Жарық күннің жанарында сүр, өмір.
О, Құдірет, тізірлейін алдыңда,
Махаббатпен жаратылған бұл өмір.