13

Өзгеріс Қуанар. Өмір деген – жүйрік тұлпар екен ғой...

Нота

 

Жүрегімнің соғылды  қоңырауы,

Тырс-тырс еткен тамшының үніменен.

Құлағыма сыбырлап қоңыр әні,

Жүрегімді жауламақ түніменен.

 

Бой бермейді,

елітіп көктем гүлі,

Айды жұлып алатын күші бардай.

Қақ тілетін найзағай көкте үні,

Сыңғырлаған даусыңның үні қандай,

Сапырып сары қымыз ұсынғандай.

 

Ырғағына билейді  бүкіл әлем,

Саусақтары майысқан биші құсап.

Дүрсілін жүрегіңнің күтіп әрең,

Ерініңмен ернімді сүйші сусап.

 

Сонда сезем өмірдің тәттілігін,

Әлеміңе пысқырып қарамайтын.

Ащыменен тұщыны таттым бүгін,

Жұмақпенен тозаққа саралайтын.

 

Көңілімнің орманы оталады,

Жалғыз қайың...

маған берген сол ма сый.

Ән пернесін ағытып ноталары,

Жүрегімде До-Ре Ми-Фа-Соль-Ля-Си...

 

Оттегі

 

Тылсым түн жетелеп қолымнан,

Айқаспай кірпік пен кірпігім.

Күтетін секілді жолымнан,

Қайыңның бүр жарған бүртігін.

 

Шырылдап боз торғай жар салды,

«Көктемнен келді деп бір хабар».

Қайыңдар тербеліп ән салды,

Жүрегім тыңдамай бұлқынар.

 

Аспанға ашылған құшағым,

Мұңымды сыйдырып өлеңге.

Қиялдан жасаған ұшағым,

Қона алмай барады төменге...

 

Жұлдыздар жымыңдап қарады,

Айлы түн...

мүлгіген тыныштық.

Көктем-қыз бұрымын тарады,

Қараған жанары тым ыстық.

 

Мөлдіреп қиылған сәттері,

Бетімді күйдіріп от-демі.

Ерніңнен сүйер ем әттеңі,

Жүрекке жетпей тұр оттегі...

 

Үнсіздік

 

Телефон.

Үнсіздік.

Тағы да.

Жанымды күйретті жалқы мұң.

Махаббат дегенің осы ма?

Бір хабар айтсаңшы, жарқыным...

 

Уақытта тоқтаусыз барады,

Сыртылдап сағатым тағатсыз.

Бір сұлу шашымды тарады,

Айнасыз, тарақсыз.

 

Бұл бәлкім, түсім де, өңім де,

Ештеме есімде жоқ әлі.

Тек ғана бір медеу көңілге,

Сезімім жоғары.

 

Биіктік шыңы ма өмірдің,

Мен саған қол создым зәу көктен.

Қоңыраулатқанда қоңыр мұң,

Бебеулеп әніме еліткен.

 

Жырыммен жылытам жаныңды,

Жазғыра көрмеші, жарқыным.

Қар(а) өлең – ақ көрпе жамылды,

Ұйықтайық, алтыным.

 

Құс жолы

Сезімім шарпылып көгімде,

Тулайды жүректе бір үміт.

Сыңарсыз аққудай көлінде,

Қарайды артына бұрылып.

 

Ағыспен келердей сыңары,

Жаутаңдап қараған көздерге.

Терезем шытынап сынады,

Жүректі жұбатпас сөздерге.

 

Салқындық сеземін жаздан да,

Күз келіп, ұрлаған ұйқымды.

Сағыныш хаттарын жазғанда,

Күмбірлеп көңілде күй тұнды.

 

Сарғайған жапырақ үзіліп,

Сан жұлдыз үмітім жанады.

Тамшы жас моншақтай тізіліп,

Арудың мұң толы жанары.

 

Сезіммен ақ таңым ататын,

Төккенде арайлы таң нұрын.

Мезгілмен үндесіп жататын,

Құс жолы сияқты тағдырым...

 

*** 

Бала күнгі достарым өзгеріп кетіпсің дейді...

Автор.

Уақыт салған маңдайға,

Айғыз-айғыз жолдарын.

Тәңір салып таңдайға,

Жүректен жыр жолдадым.

 

Алып ұшып көңілім,

Үзіп кетті кермені.

Көп нүкте ме өмірім,

Айтып отыр әр нені.

 

Жаттап алған мақамы,

Баяғы әуен, ән ескі.

Қолымдағы сақаны,

Жүдеу тартқан,

көмескі.

 

Шаң қаптырып кетеді,

Асық атып ойнаса.

Желге мініп жетеді,

Қиял жүйрік.

Ой таса...

 

Жүрек күйін шертеді,

Басып сезім пернесін.

Өмір жайлы ертегі,

Әркім айтып көргесін.

 

Айып тақпа ғасырға,

Құр бекерге көпіріп,

Ақын деген – жасынға,

Өмір деген – өтірік!

 

Өткен күндер...

 

Өткен күндер, көшкен күндер тәтті арман,

Өлең болып көкейімде жатталған.

Сайрап жатыр сол кездердің іздері,

Туған жерден алғаш ұзап аттанғам.

 

Балаң-көңіл далада өскен елеңдеп,

Ауылыма ертең қайтып келем деп.

Сол кеткеннен мол кетіппін амал не,

Құлын-тағдыр ертіп кетті жетектеп.

 

Ауыздықпен алысушы ем тай мініп,

Арайланып атқан кезде таң күліп.

Өмір деген – жүйрік тұлпар екен ғой...

Әркім жайдақ міне бермес тай қылып.

 

Аласы бар, құласы бар өмірдің,

Маздап жатқан шоғы болар көмірдің.

Тәнге жылу сыйлағанмен не шара,

Жанға жылу береді екен қоңыр мұң.

 

Өз домбырам өзім ғана шертемін,

Күйім бөлек, үйім бөлек келтемін.

Қос ішектен төгілгенде күмбірлеп,

Өмір әнін қосыла айтып келемін.

 

Туған жерде кесілгенде тұсауым,

Бұзып-жарып қоршауы мен құрсауын.

Ышқынады, буырқанып тұлпар-күн,

Бетке алып кетіп барам жыр тауын.

 

Ауыздықпен алысушы ем тай мініп,

Арайланып атқан кезде таң күліп.

Өмір деген – жүйрік тұлпар екен ғой...

Әркім жайдақ міне бермес тай қылып.

 

***

Жүректі тербеп күзгі өлең,

Жылулық таппай өзгеден.

Жапырақ бүрсең қағады,

Көрмейді құлақ, көз керең.

 

Кереғар тірлік кердеңдеп,

Келсапқа салар жер мен көк.

Ұршығын дүние иіріп,

Түйдектеп түйер дәрмен жоқ.

 

Шерменде көңіл шерменде,

Шешіліп сөйлер өр кеуде.

Ит-тірлік мезі қылады

Мүлт кетсең сені тергеуге.

 

Оқтап та қояр мылтығын,

Тырнауға құмар тыртығын.

Берілмей жаудың қолына,

Жүректің жамап жыртығын.

 

Ақ бұлтпен бір сәт тілдестім,

Сағымға ердім, із кестім.

Келер деп маған бір күні,

Күршегін жырдың ілмеспін...

 

Қос терек

Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын.

Халық нақылы

 

Қайран менің қимас дос, қос терегім,

Қасыңнан кетеріңде қош демедің.

Білмеймін балалық па, шалалық па?

Есейгенде сезіндім дос керегін.

 

Жағаңда бұлақ ағып арқыраған,

Тастан тасқа соғылып сарқыраған.

Асыр салып жүгіріп, көк майсаға

Жата қалып саяңда салқындағам.

 

Бәйтеректей көрінуш(і) ең бізге сен,

Арманымдай жапырағыңды үзбес ем.

Сыбырласа құлағыма қоңыр жел,

Сенің сырлы сиқырыңды сезбес ем.

 

Өтті қанша қыс пенен жаз, күз, көктем,

Келер сол сәт сағынышпен біз күткен.

Санамда сартап болған сағыныш,

Ыстығымнан жалын шаршып, мұз кепкен.

 

Қуарып қалыпсың ау, бәйтерегім,

Тіл бітіп сөйлеп кетсең қайтер едім?

Күн мен Ай кездесіп қалса егер,

Сарғайған жүрегімнің айт өлеңін.

 

Төбеңе құстар легі пана салған,

Басыңнан бұлттар ауып аласарған.

Атаңнан мал қалғанша тал қалсын деп,

Аманат қылып еккен ағаш, орман.

 

Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын.

С.Торайғыров

 

Шам

(Сұлтанмахмұт Торайғыровқа)

 

Қараңғының қарс айырып қабағын,

Түнек болып жарып шықты қара мұң.

Қара мұңда қалып қойған қасіреті,

Қазақ үшін қаралы үн.

 

«Қара түсте» қайғым қалды қансырап,

Қара түнде қара көзім зар жылап.

Қара суық қанқақсатып жанымды,

Өне бойым бара жатыр қалтырап.

 

Көкейімде қалып қойды сан сұрақ,

Жауабы жоқ, сауалы көп сандырақ.

Былдыр-былдыр  үн шығады беймезгіл,

Келген бәлкім біреу шығар «хәл сұрап».

 

Көрінбейді

шел басқан ба көзімді?

Көз алдыма қара түнек көрінді.

Жауатындай түнеріп кеп қара бұлт,

Таңдайыма төгілді.

 

Көк аспанда қара жерді таңдапты,

Қараша үйде қалың тұман ой жатты.

Қараңғыда қалғып бара жатыр ем,

Біреу келіп шам жақты...

 

Баянаула



Қатпар-қатпар тастарында сыр тұнған,
Баянаула бағзы мекен құлпырған.
Шың-құзына ғашық болса ұл қызы,
Шалдарына "Кемпіртасы" бұртиған.

Қойнауында мыңжылдықтар тоғысы,
Оған куə қалмақ-қазақ соғысы.
Қапияда ажал құшқан Жасыбай,
Елге мəлім ерлігі мен мол ісі.

Жүрек жұтқан алпамсадай арысың,
Қолдан бермей қалқан қылған намысын.
Қасық қаны қалғанынша қасқайып,
Қарсы тұрды ар үшін.

Батыр туған баһадүрлер елінен,
Небір жайсаң жерім десе егілген.
Жаяу Мұса жұртым десіп жұлқынып,
Жонарқасы сөгілген.

Сұлтанмахмұт жарық шашты көгімнен,
Шартарапқа күн сəуледей төгілген.
Қараңғылықтың тіліп-тіліп таспасын,
Қамшы болып өрілген.

Алаш болды Жүсіпбектің арманы,
(Осы болса, бұл өмірдің бар мəні).
Кенезесі кеуген мына тірлікте,
Опасыздыққа бармады.

Қаныш туып, сақтап қалды байлығын,
Асқақтатып асқар елдің айбынын.
Алтын-күміс, қола-мырыш, мысы да
Өзен, тоғай айдынын.

Бодандықтың бодауынан бусанған,
(Адамға жеткізбейді-ау қуса арман.)
Мəшһүр Жүсіп келмегенде өмірге,
Дəлдүріштер дінімізге от салған...