АРАЛ ЖЫРЛАРЫ
Жас едім құмар жаһанға,
Жүрегім ол кез от мүлдем.
...Бір күні алыс сапарға,
Ауылдан шығып кеттім мен.
Зырлады күндер... апталар,
Телегей теңіз төсінде.
Алай да дүлей соққан ал,
Дауылдар қапты есімде...
Дауылда дауысым қарлығып,
Мұршам жоқ менің «қош» деуге.
Қол бұлғап ауыл, қалды жұрт,
Ұзатып көзбен көш жерге.
Көрмейсің жердің қарамын,
Айнала теңіз.. ақ дауыл...
Сапарға шыққан баламын,
Көрінбей мүлдем кетті ауыл...
Жағадан жырақ бұл менің,
Кезім ғой шыққан базарға.
Дауылмен қирап діңгегім,
Жүземін қарсы ажалға.
Алдым су...
ауыл артымда,
Соғады дауыл есіріп.
Тағдырым ұқсап толқынға,
Тулайды бірге қосылып.
Келеді дауыл өтінде,
Қайығым зулап, сырғанап.
Аспанның сонау шетінде,
Ақ мақта бұлттар тұр қарап.
Арманмен жаным егіз бе?!
Азапты сапар ұққанға.
Адасқан ашық теңізде,
Аяйды мені бұлттар да.
Тоғыз балл дауыл тәйірі,
Тоғыз күн соқсын, тоқтаман!
...Қираған кезде қайығым,
Кім екен мені жоқтаған?!
Толқыннан жаным жаралған,
Туламай босқа көнем бе?!
О жақтан мәңгі оралман,
Мекенім менің тереңде...
Мен сүйген сұлу зарықпа,
Астында судың қалам мен.
Алаңсыз жүзген балыққа,
Армансыз сөйтіп болам жем.
Мұнда да ғажап екен көп,
Қызыққа жаным кенелді.
Су астын жатқан мекендеп,
Сарайды кезем мен енді,
Батқан кемелер бұл жерде,
Қарайды маған түнеріп,
...Жәудіреп көзі іргемде,
Балықтар алуан жүр өріп.
Жап-жарық теңіз түнегі,
(жұмақ деп мұны сезіңіз).
Жүзіп жүр айдай реңі,
Құйрығы балық,
өзі қыз...
Бар мұнда байлық кеніші,
Батырған арбап талайды...
Сүңгіттей судың перісі,
Сұқтанып маған қарайды.
Ұшанға ұзап жүз, мейлі,
Түсін сен сөздің байыбын.
Рәуіш көңіл іздейді,
«РА» папирус қайығын.
О, тағдыр!
айып етпеңіз,
айтпайын енді асылық.
...Әкелді қайта көк теңіз,
Ажалдан мені қашырып.
...Тулайды теңіз көгілдір,
Туламай оған бола ма?!
Өңімде мені өмір бұл,
Күтеді жәннат жағада.
Арманым таудай орасан,
Тұншықсам түпсіз тереңде,
...Көзімді ашып қарасам,
Кетіппін айналып өлеңге.
Алапат жойқын ағыста,
Жел керіп арман желкенін.
Жүземін әлі алысқа,
Күт мені, өлең-ертегім!
VII
...Ұшты-күйлі үйрегі... шағаласы,
Жабырқаулы кешті күн жағам осы.
Құлаққа шалынбайды құстың үні,
Қай жақтан қанаттымды таба аласың?!
Қай жаққа қас-қағымда қақты қанат?!
Жылдарды жоғалттым-ау, жоқты қарап.
Құрбаны етер едім сол күндердің ,
Мас қылған мен өзіңді тәтті шарап.
Күміс қанат құсым-ау, ақ бауыры,
Жадымда шағаламның қапты-ау, үні.
Сені де сергелдеңге салды ма екен,
Сиғызбай сұм өмірдің от дауылы.
Парқына жеткізген бе, патша-ғалам?!
Таппадым Алматыдан... Астанадан...
Аралдан пана таппай...
Алакөлге,
Кеттің бе, бауыр басып ақ шағалам?!
VIII
Таппаймын бір сәт байыз да,
Теңізде туған баламын.
Торталар жүзген тайызға,
Тоқтамай жүзіп барамын.
Кетемін еріп жайынға,
Кемелер жүзген көк теңіз.
Қайтемін босқа қайырда,
Арманым ұшан,
Сөкпеңіз!
Айтайын мұны мысалға,
Кінә артпа маған ол үшін.
Бекіре жүзген ұшанда,
Болады менің өрісім.
Тереңде талай өлген ер,
Тайыз жан қалған өлеңде аз.
Аз емес қызық мен көрер.
Айдында жүзіп келем мәз.
Мен сүйген осы Тереңдік,
Өрілсін өршіл өлеңмен.
Өмірге енді келер жұрт,
Іздеңдер мені тереңнен!
IX
Тамшыдан теңіз құралар,
Жаутаңдап жатыр ұлы Арал!
Емес бұл ұғым маған жат,
Алақаныңда, Адамзат!
Төнді апат!
Байқа, бұл өзге,
Жар салам жұртқа жасырмақ.
Кете ме қауіп лезде,
Көзімнің тамшы жасындай.
X
...Достан... бауырдан,
Қашқан ауылдан,
Кешпеймін өзімді,
Не істеймін сезімді?!
Жақын қып тұратын,
Ақындық мұратым.
О күнгі бірге қыз,
сөгілді іргеміз...
Теңізім тоналды,
Көп ізім жоғалды...
Шадыман шақтарым,
Сағынам... таппадым...
Құм басып кемеміз,
...Қырды асып келеміз.
Шын ғашық емес пе ек?!
Құр қашық белес көп.
Жеткізбес көктемдер,
Өткізбес өткелдер,
...арада қанша ақты?!
Төзімді шаршатты,
Өзіңді аңсатты.
Жүзіміз нұрлы ерек,
Ізіміз мүлде жоқ...
...Табынтып елесің,
Сағынтып келесің.
ХІ
...Мөп-мөлдір мынау астында,
Алтын бар дейді Аралдың.
Қызықтан сірә, қаштым ба?!
Бір күні сүңгіп барармын.
Балықша жүзіп, жөнеліп,
Тереңге түпсіз жетермін.
Алтынға әлгі кенеліп,
Иелік өзім етермін.
Балдырға жасыл оранған,
Бақалшақ толы маңайы.
Нұр шашты алтын сәл алдан,
Қасында күміс... қалайы..
Тынышын жанның кетірме,
Су асты толған алтын бақ.
Ағыстың тура өтінде,
Арбайды көзді жарқылдап.
Мен туған бәлкім, Бөгенде,
Түбінде құмның жатыр ма?!
...Тып-тыныш, түпсіз тереңде,
Алтын бар!
Сыймас ақылға.
Жүземін шарлап маңайын,
Су асты келмес сирақтан.
...Батырған кеме талайын,
Қалды ма, әлде пираттан?!
Алтын бар Арал астында,
Мың жылдан кейін шығатын.
Қасқия сүңгіп тасқында,
Ап шығу соны мұратым.
Арнағам аңыз, сан жырлар,
Жүрмейін мейлі, қай жақта?!
...Үркектеп балық, балдырлар,
Жүзіп жүр осы аймақта.
Адамның қат бұл бұйымы,
Жап-жарық сәуле шашады.
Балықтың жүзген үйірі,
Тұс-тұсқа зулап қашады...
Толқынды теңіз түбінде,
Адамның қолы жетпейтін,
Саф алтын жатыр бүгінде,
Ешкімге мұнда өтпейтін.
Көз жауым қанша талғанмен,
Сол алтын жайы дерексіз.
Адамға керек болғанмен,
Балыққа мүлде керексіз.
...О жақтың қайтем жақұтын,
Іздемен босқа тереңнен.
Аралым менің бақытым,
Алтыннан артық көрем мен.
XII
Сыймайтын ойға...
қиялға,
Ол күндер қалды қиянда.
Оятқан кеме гудогы,
Жағалау жұртын жиі онда...
Сыбызғы сазды сиреньмен,
Шығушы ек атып үйлерден.
Айдынды бетке алушы ек,
Зымырап ізбен үйренген,
Бұл күндер ондай бола алмас,
Қайран шақ қайта оралмас.
Қолымыз күс-күс...
Су сорған
Жалаңаяқ... жалаңбас...
Тұрушы ек таңнан таңылып,
Сол күнді жүрмін сағынып.
Кемелер келе жататын,
Қайтқан бір құстай ағылып...
Теңізге біткен тектілік,
Қайда екен сол бір отты үміт?!
Кемелер келе жататын,
Толқынға толқын соқтырып.
Бейне бір қыздай үкілі,
Будақтап бозғылт түтіні,
Мамырлап маңдай тірейтін,
Кемелер портқа жұпыны...
Мотордың даусы күйсандық,
Қарамай, балдыр иісі аңқып.
...Мінекей, балықшы бауырлар,
Масайрап портта жүр шалқып.
Дүрсілдеп жүрек мұншалық,
Соққанда
Сағыныш-шын шабыт.
Келіншек көзі боталар,
Қолымен қартың күн салып.
Қарайды сонау кемеге,
Отырған ауыл төбеде,
Әкесін күткен күс табан.
Көкесін күткен немере...