150

АРМАН ЖӘКЕЙХАНҰЛЫ. ҚҰШАҒЫНДА ҒАЛАМНЫҢ ТЕРБЕЛЕДІ...

ТҰМАР

Балалық шағым,
Есте әлі,
Еркелеу күнім, ой бұла,
Шақырып анам кесте әрі,
Ақ тұмар тақты мойныма.

Қанша еді мұның керегі,
Күлердей маған ел енді.
Жоғалтпа мұны себебі,
Құдайдың сөзі дегенді,

Сақтадым мықтап еске оны,
Анамның сөзі бақ дәйім.
Көмкерген сыртын кестені,
Қараймын ұстап сәт сайын.

Апалап жүрер күн түні,
Еркеліктен шақта айыққан,
Серіліктің сонау бір күні,
Жоғалды тұмар ғайыптан.

Жыл өтті анам білмеді,
Мойнында деген үміт көп.
Белдеуде жарап жүрдегі,
Мен де өсіп қалдым жігіт боп.

Ер жеттік, тарттық дауылға.
Түзетіп бойды, кейпімді,
Оралған сайын ауылға,
Тұмарың барма дейтінді.

Пәниден анам беттеді,
Күн қалды содан қыраулап,
Тұмар мен анам кеткелі,
Өтіпті қанша жыл аунап.

Өзінше кеттік адам боп,
Түзеліп, пішін ісім де,
Тұмарың барма балам деп,
Келеді әлі анам түсімде...

Қайда өзі деймін ой Алла-ай,
Жоғалпай тағып жүр деген.
Таба алмай жүрмін дей алмай,
Күмілжіп қарап, күрмелем.

Жауапсыз солай сұрағы,
Кетеді ұзап көп әрі.
Анамның таққан тұмарын,
Таба алмай келем мен әлі.

...Кекілін самал тербеген,
Көрмеген көзбен жан әлі.
Көзіме түсті көлденең,
Алтайдың ерке маралы,

Жауқазын, бейне келбеті.
Әр сайдың толған құшағы,
Болмысын сәл жел тербесе,
Алтайдың аңқыр жұпары.

Жанынан көрдім ақ арай,
Өзгеше бір күй кештім де.
Шала ұйқы болған баладай,
Алыстау барып ес кірген.

Жанымды солай тербеді,
Тағатқа кетті көп есем.
Арқаға ауып келгелі,
Кездеспей жүрдің неге сен.

Сағаттың соққан ішінде.
Ғаламның жылжып күндері,
Сен екенсің-ау түсімде,
Анамның сұрап жүргені.

 

Меңі бар қыз

Меңі бар қыз,
Мен емес-ау, ұнатқан сені жалғыз.
Енді қайтіп жолымыз тоғыспаса,
Жазымышы тағдырдың деп ұғармыз.

 Тілі шекер,
Шыққан демі ауаны пүліш етер.
Құшағында ғаламның тербеледі,
Күннің таңдап түскендей нұры сетер.

Көзі көркем,
Жанымды ерітеді сөзің еркем.
Періштелер сені әлі ана дейді,
Әке дейді көресің, мені де ертең.

Меңді сұлу,
Табансыздық, үмітті желге ұшыру.

 

Дәрігер қыз

Көлеңке күннен тығылған,
Ақпанның айлы кеші бір,
Табысқан жандай бұрыннан.
Сырласып кеттім, несі бұл?

Қалсада түсіп кешқұрым,
Ас үйде шәугім ысқырып.
Сезбейді жаным ешбірін,
Жатсада боран тыста ұлып.

Көмкерген бейне жүзін гүл,
Сәндідей сомен кеш осы,
“Өзіңмен жасты қызым бұл,
Дәрігер”- деді шешесі.

Тіледім тілсіз ішімнен,
Салма деп жолын теріске.
Арылмай жүрді түсімнен,
Ақ қалат киген періште.

Артынан сан ай алмасып,
Қалғанда сонау жылып бақ.
Бауырына кірді бар ғашық,
Самалы тұрған қыдықтап…

Күлгенде көктен Ай тағы,
Аралап келдім бақ ішін.
Бір әнді іштей айтады,
Солқылдап барып дауысым.

 

Ауылдан келген хат

Ақ боран бір сәт тынығып, жәй қалыпта есе,
Қап-қара түннің бауырына байланып көше.
Жатқанда үйден соғылған қоңырау үні,
“Жылқыны түгел базарға айдадық кеше”

Жат көзден аман тұрсын деп қосқан жүрдегі,
Үйірді түгел іңірттеу жоспар күндегі.
Жалғызаяқ жол бауырына бастап баратын,
Қара күңгейдің қуысы бос қалды ма енді.

Бос қалды ма енді жотасы Ашыбұлақтың,
Ақ боран ізін жататын жасырып аттың.
Жонында талай жылқымен таң атырғанмын,
Жатқанда нұрға қанатын батырып ақ түн.

Алтайдан асып атқанда бозарып көктем.
Ақ жусан аңқып жатқанда бозамық беттен,
Іші білді ме жарықтық Алабас аттың,
Саудаға түспей отарда жоғалып кеткен.

Белгісі болған байырғы бала күнімнің,
Жылқыдан жаным үзілсе шала бүліндім.
Көзімді ілсем тамады маңдайыма кеп,
Жанардан аққан көз жасы ала құлынның.

Қым қуыт тірлік жанымды жараласа тым,
Сағыныш еді ол ауылға ала қашатын.
Түйірін аңсап туған жер топырағының,
Үйірін іздеп келердей Алабас атым.

 

* * *

Ауылдың кеші
Баяғы мендей “қала” ма, бауырдың да есі?
Бауырында соның бабамның басы қалғандай,
Несіне осы қала деп ауырдым деші.

Барқыт белдердің,
Бағасын, білем, бәрінен артық көргенмін,
Сонда да сонау сәулелі сәби шағымды,
Құндақтап құмға қалаға тартып бергенмін.

Ертегіде емес,
Өңімде көрген гүл көмген келтелі белес,
Сағымдай сырғып санама орала қалса,
Өзегімменен кетеді өртеніп өңеш.

Тас қаладағы
Талыққан күнім жанымды жасқа малады.
Жатбауыр болып жүрсем де басқа қалада,
Алақаныңды аяулы жастанам әлі.

Ауылдың кеші
Несіне осы қала деп ауырдым деші…