2021 ЖЫЛ: КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
(бірінші бөлімі:https://qalamger.kz/ )
(екінші бөлімі: https://qalamger.kz/)
«Алашапқын»
«Дәуір» баспасынан 2021 жылы шыққан Арасанбай Естеновтың "Алашапқын" хикаяттар мен әңгімелер жинағына төрт хикаят пен бес әңгіме топтастырылыпты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарындағы ел ішіндегі үркіншілік суреттелген "Алашапқын" хикаятының композициялық құрылымы күрделі, оқиға желісі шиеленіске толы. Оқырманын еліктіріп, қашан, қалай болды екен дегендей, алға жетелеп отырады. Өткен ғасырдың 1955 жылы «арғы беттен бір топ ағайындардың» оралуы ауыл-аймақ ішінде дүрбелең туғызады. Бұрын естіп жүрген әңгімелері енді басқаша мазмұнда өрбіп, ненің өтірік, ненің шын екенін айыру қиындай береді. Автор да соны сезгендей, ширек ғасыр бұрынғы қуғын-сүргін, атыс-шабыстың себебіне үңіліп, егжей-тегжейін анықтауға тырысады. Оралғандарлың арасында «...Нұрмұханбет ағайын-туыс, ауыл-аймағына дән риза». Өзін бұ жақтағылар батыр, мерген санайды екен, «ізіне түскен қызылдың тұтас бір отрядына Жүректің сай-саласында жалғыз өзі алдырмай, атысып-шабысып, ақыр аяғында адастырып кетіпті. Ең әккі деген командирлерінің өзін қапысын тауып оққа ұшырып, асу арқылы арғы бетке өтіп кетіпті» дегендей әңгімені екінің бірінің аузынан естуге болады екен». Нұрмұханбет қолының, арының таза, өзі жолға салып жіберген көш ұзағанша қорғау үшін қуғыншыларды қорқытып, бас сауғалатып қойғаны болмаса, өндірдей жастардың бір де бірінің қанын мойнына артпағанын қайта-қайта ашық айтуына тура келген. «Қолым таза» дейді! Курносовты мен аттым ба сонда?!- деп Далабай қумүйіздің атып тұрмасы бар емес пе. – Әй, мұқым ел, мұқым НКВД біледі ол қанқұйлы қарақшылық қылмысыңды...Көрерміз әуселеңді! Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер! Ертең-ақ ұстатып, көзіңе көк шыбын үймелетпесем, Далабай атым өшсін!». Ауылдастары «бәле қуған қызылкөз» деп атайтын Далабай сол алашапқын жылдары «жазалаушы отрядтарға жол көрсетіп, бас сауғалап жүрген талай боздақтардың үстінен түсіріп, қырғынға ұшыратқан қызылдың қырағы көз сенімді итаршысы болыпты». «Қашқын, сатқын» дегені үшін Далабайды Нұрмұханбет соққыға жығады, түрмеге қамалады. Бүкіл қазақ даласына, Жетісуға да апат боп келген қуғын-сүргін, алашапқын оқиғаларын жайдақтықпен бірден жайып салмайды автор. Ұзақсонар баяндамайды, қайғы, қасыретке тұнған түрлі тағдырлар талқысы әрекет барысында айқындалып, көкейде мықтап сақталады. Нақты көріністер, «зобалаң жылдардың алашапқыны» оқырманның да көзалдынан сырғи береді кезегімен тізбектеліп. Соңына жеткенше еш жалықтырмайды. Алғашында ауызекі әңгіме сұлбасында жеткен жәйттердің жөн, жобасы бірте-бірте ашылып, сюжеттік линиялар әлдеқайда қоюлана түседі. «Далабай шалдың шағымының себебіне қаныққан тергеуші арнайы келіп, ауыл адамдарымен жиналыс өткізген. Сол жиналыста сөйлеген тергеушінің сөзінен кейін «қарақшы» атанған жұмбақ адамның сыры талайға мәлім болғандай еді. Ол енді қарақшы да, баукеспе де емес». Хикаяттың басында түрлі дүдәмалға қалдырып, күдік ұялатқан Нұрмұханбетке оқырманның да іші жылып сала береді. «Енді бұған Далабай да, басқа да ұрына алмайды. Тым болмаса бетін ашып алғаны дұрыс болды-ау». Бас, аяғы тұтас, шымыр, диалогтарына ештеңені алып қоса алмайсың, табиғат пен көңіл күй, сезім ұшқындарын суреттеуі халық әндерінің жүректі тербер әуен-әуезіндей: «Осы бір үмітті ой ғана қаяулы көңіліне медет бергендей болғанмен, көңілі құрғыр бәрібір көншір емес. Жан әлемі көшкен жұрттай азынап, өзін қоярға жер таппаған салт атты қара шал сәлден кейін Көкқия асуын бетке алып салдыртып бара жатты. Көз алдында осы өңірдің кешегі сұрапыл суреті, қым-қуыт қуғын-сүргінге, алашапқынға толы қу тіршілік». "Алашапқында" эпикалық тұрғыда маңызды оқиғалар, шиеленіскен қақтығыстар бар. Кейіпкерлерімен қимай қоштасасың.
Бір ауылдан түлеп ұшқан сыныптастардың өмірінен сыр шерткен «Армандастар» және «Найзатас», «Алты айлық асу» хикаяттары жазушының тақырып аясының кең екенін дәлелдейді. «Ит баққан қазақ», «Көкпар», «Аңшылықтың әлегі», «Жылқышы», «Көненің көзі» атты әңгімелерінде ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігі мен қарым-қатынастары арқылы небір жарқын бейнелермен қауыштырады. Қорыта айтсақ, "Алашапқын» хикаяттар мен әңгімелер жинағы Арасанбай Естеновтың шығармашылық жолының кемелденіп, қаламының одан сайын ұшталғанының, жан-жақты дарын иесі екендігінің тағы бір белгісі.
«Кісікиік»
2021 жылдың соңғы айында Оңласын Әмірқұлдың «Кісікиік» романы «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрді. Аты соншалықты таныс, қашан, қайдан көргенімді білмеймін, әйтеуір Оңласынның аты-жөніне қатысты атау. Бұрын шыққан кітап қой деген ой мазалай берді. Роман беттерін аударып-төңкеріп оқи бастағанымда, өткен ғасырда “Лениншіл жас” газетінде оның “Кісікиік” деген көлемді мақаласы жарық көргені есіме түсті. Сонымен салыстыруға ниеттеніп, дереу ғаламтордан іздей бастадым. Жауабын Болат Оңғарбайдың осыдан он жыл бұрын «Ана тілі» газетінде жарияланған мақаласынан таптым: «Сонау сексенінші жылдардың бас кезінде Оңласын Әмірқұлдың “Лениншіл жас” газетінде “Кісікиік” деген бір беттік мақаласы жарқ ете қалды. Оқыдық, әрі таңдандық. Оңласынның талантын іштей мойындадық. Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де Оңласынның сол мақаласын оқырман қауым осы күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Оңласын туралы сөз бола қалса, сол мақаланы еріксіз еске аламыз. Газеттің бір бетіне шыққан мақаланың жүгі бір повестке пара-пар десем, артық айтқандық емес. Өз басым Оңласынның қаламының құдіретін сол мақала арқылы танығанмын. Шу өңірінен жазылған мақала кеңестік дәуір кезінде сенсация тудырды. Шудың алыс құмында қыруар мал ұстап, байлыққа батқан қарауыл шалдың баласы кісікиікке айналып кеткен. Сол малды көріп қалып, тиісті орынға хабарламақ болған зоотехникті өлтіріп тастайды. Құмның бір шетіне тастап кеткен жігіттің денесін қасқыр жейді. Ауыл адамдары тоғыз күн бойы таба алмайды. Зоотехник жігіттің төрт баласы жетім, әйелі жесір, қарт анасы аңырап қалады. Заң орындары қылмысты істі қарамайды. Аудан басшылары зоотехник жігіттің отбасынан сырт айналады. Мұндай істі Коммунистік партия кезінде жаздырмайтын. Ал, кісікиікке айналған жігіттің наша тартпағанына кім кепіл? Наша ол тұста жабық тақырып болатын. Осындай мақала жазғаны үшін Оңласынды сол уақыттағы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов қабылдаған еді. Оның өзі журналистерге желпініс тудырған. Бірінші хатшы журналисті қабылдаса, қалай желпініс тудырмасын. Сөйтіп, Оңласын заң орындары қарамай қойған қылмысты істің соңына түсіп, кісікиікке айналғанның ұзақ жылға сотталуына ықпал еткен еді».
Кітап сияқты жадымда сақталған сол мақаланың жаңғырығы бір сәтке де тоқтамағандай «Кісікиік» романында. Тұнған лабиринт, шет, шегіне жету қиын. Бірақ жетуің керек, кейіпкерлерінің кім екенін ұғуың керек. Қашан ұққаныңша қасыретті көріністерден көз ашпайсың, құдай-ау, неге ол «таң атпаса екен» дейді, неліктен «әлемге тіксіне, сезіктене» қарайды. «Қазір өлікті де, көлікті де өртесе... Қанына қарая көз қарауытты. Бар есіл-дерті есірткіде...Жұмбақ түйіні қашан шешіледі?». Оқырман да мұны асыға күткенімен, жазушы жан жүйкеңе салмақ салып, әбден титықтата ілестіреді де отырады шым-шытырық оқиғаның соңынан. Күрделі тақырыпқа құрылған сөзжұмбақтың толып жатқан сұрағын үйіп төккендей, сан алуан бағытта ширығады оқиғалар. Дәуқараның жауыздығы, қастандығы мен адам қанын ішуге кәніккен Көкжалдың жан-жағына улы зәрін шашқан қаскүнемдігі, есірткеқұмарлығы өздеріндей асқан қатыгездікпен бейнеленген. Жазушы ештеңені жасырмайды, сылап сыйпамайды, кейде натурализмге бейім, тым ашық, дөрекілеу тұстары кездеседі. Алайда мұның бәрі: «Көмусіз қалған өлік... Көкжал!», «Аспанға шашылған суреттер... Алқызыл шапақ!», «Күркедегі атыс... Қара шұбар жылан!», «Қасқыр өрген құм... Тақсырет торы!» сияқты төрт бөлімнен тұратын сүбелі туындының трагедиялық бояуын одан әрмен қоюлатып тұрғаны рас. Тереңнен толғанған автор жауыздықтан жаны түршігер, қаскүнемдікке, жамандыққа жаны қас полиция полковнигі Дархан Дүйсенұлы мен тергеуші Тұзақты жауапты әрі аса қауыпті түрлі әрекет барысында нанымды сомдаған. Иә, автордың қырық жыл бұрын журналист ретінде көтерген түйткілі көп мәселенің қазір де өзегімізді өртеп, тәнімізді тілгілеп жатқаны романда анатомиялық дәлдікпен егжей-тегжей суреттелген. Қысқа-нұсқа диалогтары тарау-тарауға ұласып, мінез қақтығыстарын, оқиға мазмұнын толықтырып отырады, кейде тіпті осынау диалогтар кейіпкерлердің жеке дара ерекшелігін айқындайтын өзгеше бір айтыстың үлгісіндей әсерге бөлейді екен. Романның өнбойында детективтік сипат бар, басты кейіпкерлердің өздеріне де беймәлім сырлары қашан толық ашылғанша бас көтертпейді. Тұзақ пен Көкжал, Биғанымның бір анадан туғанына қалай сенерсің? Үміт сәулесін күткеніңмен ащы шындықтан аса алмайсың, «...дәл сол жолғыдай адам мен қасқыр арбасты... Бірі жыртқыштың көкжал арланы, бірі адамның кісікиікке айналған қанқұйлы Көкжалы! Иә, қанқұйлы...». Ал, осы екі аралықтағы сұмдық ше, ағайын-туғандардың быт-шыт тағдыры, бірін-бірі түтіп жегендер, «жарылған көлікпен қоса жойқын серпінмен аспанға шашылған адам сүйектері», «есірткісіз тіршілікті түпсіз терең суға тұншығумен тең санаған» қайран ару, «осыншама опасыз, осыншама қатыгез дүниеден» торығып құлазу, өкініп мұңаю, тірліктен баз кешіп, бәрінен безіп кету... бұған енді төзімдеріңіз жетсе, өздеріңіз романды тауып оқыңыздар.
«Мұндай да жаратылыс болады екен-ау...»
«Дәуір» баспасынан 2021 жылы жарық көрген Құлтөлеу Мұқаштың «Сенің терезең...» хикаят, әңгіме, эссе жинағы қазақ ханы Кенесары Қасымұлының Ресей отаршылығына қарсы жүргізілген көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы, жорықта үнемі жолы болатындықтан «Ақжолтай батыр» атанған Ағыбай батыр рухына арналған «Жібек жел» хикаятымен ашылады. Кенесарының бас батыры Ағыбай - қаһарман тұлғаның қартайған шағымен қауышамыз ең алдымен: «Тумысынан ірі, сүйекті, сіңірлі кісі жетпісті орталап, шөгел тартса да, қайраты қайтпағаны аңғарылады. Баяғы жастау шағында малдас құрып жайғаса кеткен сәтінде төбесі киіз үйдің керегесімен деңгейлесіп, өңкиіп, жағалай отырған жұртты атпал тұрқымен қатты таңырқататын ер бүгінде ұлғайып, біршама арығанымен, бәлендей бүгіле қоймағаны байқалып тұр. Жан-жағына шүңет көздерінен от шаша, түксиіп, сұстана қарайтын әдеті. Түсінің суықтығы сонша, оңаша ұшырасса, анау-мынау бейсауат біреу зәре-құты қалмасы анық...». Кейіпкерін «маңайын ылғи шуаққа бөктіріп, шоқтай жайнап, жалындап барып еңкейген» күннің алаулаған нұрымен салыстыра таныстыруы көкейге дөп қонып, батырдың «ойға батып, тебіреніп» отырар сәттерінен қай-қайсымыздың да білсек те білгіміз келе берер, естісек те ести бергіміз келер Кенесары, Наурызбай жорықтарына қатысты тағы да естіп білуге асығатынымыз қызық. «Кенехан мен Наурызбай ердің ажалымен аяқталған сонау он жылғы арпалыстан кейін арада бірталай өткен соң ат арытып іздеп келушілер жиілегені де есінде. Әлі де тыйылған жоқ. Өзімен жүздесуге ынтығады. Келіп амандасады. Жата-жастанып, әңгіме сұрайды. Шындықты білуге құмартады». Біз де білгіміз келеді шындықты. Кей жамағаттың «майданда серіктері өлді. Бұл болса жан сауғалап қашып келді. Қиын сәтте сатқындық жасады» дегісі келетінінен «іштей тұншығатын» бас кейіпкерін қалай ақтар екен дейсің. Он үш жасында танысқан Кенесарының түрі қандай еді? «Бидай өңді. Маңдайы ашық. Жирен-қоңыр шашын тықырлатыңқырап алдырыпты. Тағы бір ғажабы, көздері бүркіттікіндей қып-қызыл... Жоқ, бір көзі қызыл да, екінші көзі жасыл екен! Алла-ай, мұндай да жаратылыс болады екен-ау деп қайран қалды».
Хикаяттың қайран қалдырар тұстары аз емес, баяндауы диалогтармен жаймашуақ үйлесім тауып, табиғат көріністері кейіпкерлерінің көңіл күйі, хошымен бірегей астасып кетеді. Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтарын, ер қаруы – бес қарудың сырларын автордың жақсы меңгергені, ат сынына жетіктігі «орыстың тұрақты әскерін талай әбігерге салған Кенесары жасағының «қара құйын» атануының» себептерін нақты анықтап беруіне көмектескендей. «Кенесарының өз жасағына жаман ат мінгізбейтіні туралы аңыз тараған. Өйткені, жаугершілік жағдайындағы көп жәйттің сәттілік сыры тікелей астыңдағы атыңа байланысты. Соны жақсы білетін сұлтан әр түкпірдегі тәуір атты арнайы қадағалап, оны қайткенде қолға түсіруге ұмтылатын-ды. Және жылқы тұқымын сұрыптап, өсіру ісіне ертеден-ақ ден қойған. Хан мұнымен бірге мақсатына қарай жеңіл және ауыр атты әскер сапын ұтқыр саралауға ерекше мән беретін». Ұрысты ұйымдастырудың небір тәсілдерін тұшына оқисың. «Қазақтардың жау жасағы қатарын кез келген бүйірден қатарласып келіп найзамен жаппай соғатыны», «қажет деп тапқан жағдайда топ-топқа бөлінген күйде қайырыла айналып келіп жаңағыдай амалды және бір қайталауы», «шебер найзагерлердің аттың жылдамдығы мен күшін жекпе-жек шайқастарда да лайықты қолдана» білуі, кейде сарбаздардың ер-тоқым қасына найзаның түп-сабын тіреп алатын ойық жасап қоюы», «жеңіл, жүрдек аттардың тез ытқып, тұтқиылдан тиіп, жаудың ту-талақайын шығарған соң бет-бетімен бышырап кетуге ыңғайлы» екені, басқа да толып жатқай айла, тәсілдер Кенесары рухына сай жасампаздықпен жазылған. «Ақылды ат кез келген жағдайда да қалыптан айнымай, иесінің ниетін тақымнан-ақ сезіп, лыпылдап, икеміңе көніп тұрмақшы». Өзінің «Кенесары ханның тапсырмасы бойынша Наурызбайға ұзақ іздеп, таңдап, тауып берген Ақауызы, әне, дәл сондай өте есті еді». Жауға шапқанда әшейінде мінезі жібектей Наурызбайдың албастыдай құтырынып, қаһарланып кететіні, Ақауыздың да ұрыс үстінде әбден қызынып, құлшына, ұмсына жүйткитіні» бәріне белгілі болатын. Жазушы «екі жылға созылған үргін-сүргіннің» жай-жапсарын сабырлы да салмақты жеткізе отырып, осы уақыт ішіндегі шайқастар көрінісін, драматизмге толы аянышты сәттерді тебірене суреттейді. Елімізді, жерімізді қорғап, азаттықты аңсаған Кенесары, Науан, Ағыбай батырлардың күрделі де шынайы бейнелері бар. Қасыретке тұнған заманның қайғылы да ауыр лебі ескендей алыстан. Ұлттық мінез-құлқымыздың, салт, дәстүріміздің таныс, бейтаныс ерекшеліктері де ескерілген.
Жазушының өрттей лаулап, оттай жанған есіл ерлерге деген шексіз құрметі арамызда жүрген бүгінгі кейіпкерлеріне де ортақ. Асыл әжесі Рахима мен ардақты атасы Кәріпжанның рухына арнаған жазбасына суретші Төленнің өсіп өркендеу жолы арқау болған. Дәріпжан атасынан он екі жасына дейін алған тәлім-тәрбиесі шуақ шашып тұрғандай әсерге бөлейді. Әжесінің мейірімі қандай еді, шіркін! Сурет салуға бейімділігімен қатар осы сұңғат саласының небір таңғажайып құпияларын меңгеруі асқан шеберлікпен жазылыпты. Бояулардың сиқырына еріксіз арбаласың, екі немесе үш бояу түрін қосқанда қандай түс шығатынын, өзге де құпияларын... анықтауға тырысып, қайта-қайта оқуға мәжбүрлейді. Тәрбиелік, танымдық маңызы зор. «Әпкесі жіберген оқулықтарды ақтарыстыра жүре, сұңғаттың басқа да абстракционизм, сюрреализм, экспрессионизм... дегендей сан қилы бағыттарының болатынын аңдаған» баланың көкейіне қонғаны «реализм – өмірдің тура өзі». Бояулар тербелісінің астары қалың, өмірдің тура өзінен алынған оқиғалар, тағдырлар тізбектеледі.
Құлтөлеу де өзінің кейіпкеріндей өмірдің шындығын бағалайды. Ал, өмір бір қалыпта тұрмайды, «өмір деген осындай ырың-жырыңы көп, тұрлаусыздау нәрсе екен. Бірақ қалай десем де, әлі күнге шейін кеудемде сенің терезеңнің жарығы сақталғаны өтірік емес» деп ағынан жарылады автор «Сенің терезең...» атты әңгімесінде. Сондай-ақ «Қоңыр қаз» және «Дүрегейлер», «Әукеш», «Ант сәтінде ай тұтылады», «АҚШ-қа «көз тиген күндерде», «Айлық жалақыдан кейін», «Самала нұрдың шуағы», «Ескі трамвай», «Мұнар ішіндегі үшеу», «Жәдігер», «Екі кештің арасы», «Ию-қию дүние», «Қайран шешем», «Қайдасың, Құралай?!» «Ашу», «Мен кімді сүйемін?!», «Жаңбырлы кеш» әңгімелері де шынайылығымен қызықтырады. Бір-біріне ұқсамайтын оқиғалар, өмірдің сан алуан сынағынан өтіп, бірі өзіндік тұжырым жасап, енді бірінің сан түрлі мағынасыз хал кешетіні бар. «Жас ұлғайған сайын түрлі-ауру-сырқау да айналдыра бастайтын сияқты. «Олай-былай болсақ, сүйегіме кім түсер екен. Қайда жерлейді» деген де ойлар жалт етеді» алпыстан асқан Көрпешке. «Осы мен Құралайды жақсы көрдім бе екем?.. Білмеймін, әйтеуір, кейінгі кездері осы бір ой жиі мазалайтын болып жүр. Қызық, әлдеқашан сарықарын бәйбіше болып кеткен сол келіншек еске неге түсе береді?!»- деп таңырқайды Қуат. Шахтер жігіттің «үш жүз метр төменде» ән салғанда, «кен орнын серілер рухы кезіп жүргендей күй кешіп, тебірене елтіп, одан сергіп, серпіліп, желпініп, қанаттанғаны» да есіңде сақталып қалады. Жеңіл-желпі келтірілген осынау үзінділердің астарында қуанышқа бөлейтін, мұңға да батыратын, өкіндіріп ашу, ыза шақыратын, әзіл-қалжыңы араласып күлдіретін, күтпеген тосын жәйттерімен қайран қалдыратын талай-талай тағдыр талқылары жасырынған. Құлтөлеу Мұқаштың терең талдауға лайық «Сенің терезең...» атты жинағының оқырманы көп болатыны анық.
«Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!»
Белгілі балалар жазушысы, жиһангер журналист Бейсенбай Сүлейменовтың «Сырлы әлем» атты таңдамалы шығармалар (роман, ертегілер мен әңгімелер, саяхатнама, естеліктер, эсселер) жинағы 2021 жылы «Литера-М» баспасынан жарық көрді. Бір томдық таңдамалысы екі повестен тұратын «Ханшатырдан – Күншатырға саяхат!» романынан бастау алған. «Бала біткен тәтті ұйқы құшағында», алайда әлемді дүр сілкіндірген құпия жаңалық туралы хабар Галактикадан біздің планетамызға, жер кіндігі – Қазығұрт тауына түсіп, бірте-бірте бүкіл әлемге жайылады. Алайда бұған ең қатты алаңдаған ертегі кейіпкерлері еді. Ұйқы құшағындағы балаларды не күтіп тұр? Оқиға көз ілеспес жылдамдықпен басталады. 13 – ке толған Фараби досының мүшел жастан шығатынын тойлауға Тазша бала ежелгі достары, ертегі кейіпкерлерін: Керқұла атты Кендебай, шаршамайтын Толағай, шық бермес Шығайбай, есінеуден жалықпайтын Жалқаубек, мақтана беретін Қомағайды шақыруды ұйғарғанда, қасындағы Күнікей құрбысы «әлем ертегілеріндегі кейіпкерлерге» де хабар берейік дейді. Міне, қызықтың көкесі, ең алдымен Африканың қара баласымен байланысқа шықты. Онда ақ піл сирек туғанымен, қалайда іздеп тауып, сыйға тартпақ. Сүйкімді бала Зизаның арқасында Африкада өзіміз де жүргендей сезінеміз. «Баобаб, баобаб...» деп несіне тамсанады десек, бес ғасыр өмір сүретін алып ағаш, ағаш үй деп те айтады екен, бүршік жарғанда жапырағын жайып, жауын суын тұтастай бойына сіңіріп, ыстықта, қуаңшылықта көктей беретін көрінеді. «Алла жаратқан Африканың» бетке ұстар ақсақалдары Зизаға Қазақстанға баруды жүктеп, «Ешкімді алдама. Басыңды кесіп алса да шындық үшін өл. Қазақтар жүрегінде жалыны жоқ, жігерсіз баланы жаратпайды» дейді. Сондай-ақ Би-би жазығын мекендейтін сирек кездесетін Қоқиқаздардан бұлардың ата мекені Қорғалжын екенін естіп біледі. «Қорғалжын мен Теңіз көлінде құстардың үш жүзге тарта түрі мекендейді. Әлемде қара бауыр қасқалдағы көп жер осы... Шіркін, танауыңды «жарып», көкірегіңді ашар жусанын айтсаңшы!» - деп тебіренеді Көке Қоқиқаз.
Аң, құс, өсімдік, ағаш, теңіз, көл, аспан, дауыл, жел, боран ба, бәрінің тілін біледі Бейсенбай, материк атаулының бүкіл сырын жайып салады, кеңістік, галактика, ғарыш қойнауында еркін қалықтайды. Оқырманын да аспанға шарықтатып, армансыз самғатады өзімен бірге. Оқиға желістерінің динамикасы алапат, соңынан еріксіз ілестіре ұшырады да отырады. «Үндістердің ұлы өзені – Солтүстіктегі Миссисипи», арнасынан шыға бастаған Оңтүстіктегі Амазонка көзалдыңда буырқана ағып, Анд таулары мүлгиді, «Қазақ еліне барғанда сонау Ұлытауға арнайы ат басын бұр. Мүмкін сол тастарда біздің де таңбамыз бар шығар. – дейді үндістердің Үлкен атасы. – Ал, егер кездестіре алмасаң мұңайма, жүнжіме. Ғасырлар өтті, мүмкін жаңбыр шайып, тастары мүжіліп, өшіп қалған шығар. Сол Үш жүздің таңбалары қашалған тастардың ең төменгі жағына біздің ел таңбамызды қашап жаз. Бабалар рухы қауышып, мерейі асқақтап жатсын!..».
«...Жұмбақ біреудің туған күніне баратындарын естігенде, Жапон балалары қамыс қалпақтарын аспанға лақтырды». Сол миллиондаған балалардың аманатын арқалап, «атом бомбасынан әбден зардап шегіп, шаршаған қазақ даласына» жеткен Юникомен бірге түрік Қағанатының ақылгөй данасы, тұңғыш біріккен түрік әскерін жасақтаушы Тоныкөкке, Абай, Шәкәрім, Мұхтар еліне тәу етіп, «Желсіз түнде жарық айды» шырқаймыз, Кишо Курокава салған ғимараттарды іздейміз.
Ертегі әлемінің Дымбілмесі мен Карлсоны «Қазақстанның жазық та жазира жерінің үстінен ұшып бара жатып... Байқоңыр ғарыш айлағын еркін аралады». Ертегі ұшақтың айналасындағы сәйгүліктерді тамашалай жүріп, суретін айдан көрген Тоқтар Әубәкіровпен танысудың сәті түседі. Міне, қайда нағыз ертегі! Көзалдарында «дыбыстан жылдам ұшақта бірінші болып, аспанға көтерілген, әлемдегі ең мықты адамдардың ондығына кірген, Гиннестің рекордтар кітабына жиырма рет енген, қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтардың арасынан шыққан алғашқы ғарышкер». Жанын ұғатын арғымағы бар екен, өзі сондай қонақжай, «бүкіл қазақтың жүрегі – Тоқтар Әубәкіров деп соғып тұрғандай! Ал, ғарышкер ағаның жүрегіне бүкіл ғалам сыйып тұрғандай!..».
Әттеген-ай, Тазша бала Олимпиада отаны – Афиныға хабар беруді ұмытып кеткенімен, грек балалары шақыру күтпей-ақ келуге уәделесіпті. Күнікей қыз кеш те болса, о жақтағылармен хабарласып, ұзақ әңгімелесті. Оқырман болса, біздің дәуірімізге дейінгі жеті жүз жетпіс алтыншы жылдың алғашқы Олимпиадалық ойындардың жанған алауын қызықтап, парсы патшасы Дарий біріншінің Грекияға төндірген қауіп қатерінен хабардар болады. Акропольдің маңындағы Амфитеатрда қойылым тамашалап отырған ақсақалдардың арасында кім жоқ дейсіз: Аристотель, Сократ, Гомер, Пифагор, Геродот, Софокл, Эврипид, Демокрит, Платон... грек құдайларының құдайы Зевстің өзі «Фараби баланың туған күніне Олимпиада алауын алып барыңдар! Ерте ме, кеш пе, ол елде әлем көз тіккен нағыз Олимпиадалық ойындар өтеді,- дейді жайдары үнмен».
Таңғажайып жалғаса береді, «күн де ұясына қонуды ұмытып» кетеді, «жұлдыздар жерге жақындай түседі». Шақыру кеш жеткен австралиялықтар өздері қонаққа шақырса, кенеттен ешкімге көрінбейтін, Күннің арғы бетіндегі планетадан ғарыш кемесі келіп қонады. Тікенек басты екі адам «жердегі тіршілікті көп зерттегенін, қою қара түтіннен, улы газдан көз ашпай, қайда қонарларын білмей әбігер-сарсаңға» түскендерін, «ата дәстүрдің ұлы қасиеттерін сақтап қалған тек сендерсіңдер» деп, осында тоқтағандарын айтты. Туған күнге ағылғандардың ішінде Бақыт пен Қуаныш, Береке мен Бірлік те бар еді.
Өкінішке орай жұмбақ планетаның ғарыш кемесінен үрейлі дабыл шығып, күйбелең де дүрбелеңнен көз аша алмай қаласың. Галактиканы мекен еткен ес білетін азаматтарға жеткен жайсыз хабар есеңгіретіп тастайды, «түн қасіретке, күн азапқа айналыпты», енді қонақтарымен бірге көмектесу үшін Күннің аржағына аттанбақ. Қалбалақтаған бір нысаннан тағы да жағымсыз дабыл: самсаған жұлдыздардың арасында жердің тартылыс күші аймағына кіре алмай сенделіп ұшып жүргендеріне ширек ғасыр, көмек сұрайды. Мұндай өтініштерден мазасы кетеді Фарабидің, ғарыш кеңістігінің толып жатқан жұмбағы қорқыныш туғызғандай. Найзағай жарқылдап, аулаға әлдене дүңк етті, доп тәрізді, лаулаған оттай, бірақ қол күймейді. Әжесінің ақылымен тоңазытқыш ішіне салып қойған, сөйтсе түнімен тарс-тұрс төбелесіп шығыпты. Себебін кейін «алда қандай заман келсе де, Қазақ халқының өсу, өркендеу құндылықтарын, ең негізгісі – Ұлттық Кодты сақтап қалу мақсатында» өзгеше бір планетада «бір қауым елмен» жүрген Асыл Бабамен кездескенде, оның Фарабидің білегіне күміс білезік-ақылды қондырғы таққанында ұққан...
Небір қызықты да, шыжықты да бастарынан кешкен балалар енді осының бәрінің куәсі - авторды әрең іздеп тауып, оқиға желісі одан әрмен шиыршық ата дамиды. Жазушы ағаларының құпия тапсырмалары үш жабық хатқа жазылып, ең соңғысы аппақ, бос, балалар тығырыққа тіреледі. Өзара дауласып жатқанда, жазушы ағалары алыстай бергенде, аспаннан: «Хан шатырдан – Күн шатырға саяхат!» операциясы басталды!» деп, не істеп, не қою керегі тізбектелген жазудың шыға келгені!
Мазмұны бір-біріне ұқсамайтын шытырман оқиғалардың негізгі тетігі Фараби баланың қолында. Ғарыш кемесімен жұмбақ планетаға жету де оңай емес екен, жол бойы жоғалған Қаңбақ шалдың антеннаға жармасып табылуы да қызық. Айды паналауға, метеоритеттер жауынынан тығылуға да мәжбүр. Мұнымен жердегілердің шаруасы жоқ, «өкпелері қара қазандай», африкандықтар «қайта оралып, алып кетіңдер... біз Күнге бәрінен де жақын орналасқанбыз...» деп дабылдатса, қазақ ертегілерінің бас кейіпкерлері «біз адам емеспіз бе...Қаңбақ шал құрлы жоқпыз ба...» дейді «Ғарышқа! Жұмбақ Планета бағытына, Фарабиге!» жолдаған хат-хабарларында.
Роман оқырманын титтей жалықтырмайды. Оқиғаны ылдым-жылдым құру тәсіліне тілінің шеберлігі қосылып, мың, миллион айқұш-ұйқыш сызықтардың шет, шегін дәл тапқандай қуаныш сезіммен Ду – Думан планетасымен қауышасың, Әлем-Галактиканың мың құбылған құпиясына үздіге үңілесің, Алтын балықтың мұңын бөлісесің, «тас болып қатып қалған адамдардың» жүрек соғысынан дәмеленесің, «ағзадағы бұзылған клеткаларды қалпына келтіретін «Кан-Ди-Ду» вирусының көмегін күтесің. Тіпті «осыдан жеті жыл, екі ай, үш күн бұрын» арнайы жіберілген (жоғарыда айтылған) «доп-саяхатшыны» да түсінбей, тоңазытқышта тұншықтыра жаздаппыз. Фарабидың оны Жұмбақ Планетаға бірге ала келгені қандай жақсы болған, әлгі домаланған доп «жер бетіндегі тіршіліктің бәрін» киноға түсіріп алыпты. Асыл Баба: «Бұл ғажайып көріністер бізге өмірлік азық болары сөзсіз» деп мәз. «Осындай да таңғажайып болады екен-ау! Неткен Құдірет!»- деп қайран қалады Күнікей қыз. Ал, Фарабидің «ойы оңды-солды, қиялы бүкіл ғаламды шарлап, ұшып-қонуда». Өйткені Жұмбақ Планетадағы жағдай мүлдем күрделеніп, іс насырға шабады. «Көзге көрінбейтін сәулелер текетіресі» аяқталды ма, әлде қайтадан басталды ма... мұны, құрметті оқырман, яғни романды өзіңіздің оқығаныңыз дұрыс.
«Хан шатырдан – Күн шатырға саяхаттың!» танымдық көкжиегі шексіз. Әр сөйлемінің аясынан ақтарылған құнды дерек, нақты мәлімет, тұнған тарих. Талантты жазушы Бейсенбай Сүлейменовтың еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігі, қазағым деп соққан жүрегінің лүпілі романның өнбойғы өзегі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің психологиялық нәзік өнегесін кинодағыдай көрсеткен. Талғампаз оқырманның талабына сай үлкен де, кіші де тұшынып оқитын сондай бір сәтті шығарма!
«Осы азапты тартпау үшін ғана...»
Серік Нұғыманның «Қиян» әңгімелер мен хикаяттар жинағы «Абай» баспасынан 2021 жылы жарық көрді. Қолтаңбасы ерекше, сезіну мен түйсінудің парапсихологиялық түрлі ағыстарына сүңгітіп, теңіздің асау толқындарының ыңғайына құлатқандай хал кештіре небір тағдыр тәлейімен таныстырады оқырманын. «Ақын» неге азап құшағында? «Біраздан бері айландырып алған осы хал дамыл-дамыл қайталанады. Соңына екі түрлі әсер қалдырып ылым-жылым сөне береді: қармаған сәтте беймәлім жаққа алып кететінін ойлап, бір қорықса, сондағы бір сұмдық рақатты жаны іздеп, жанып аңсайды. Келесі жолы оянбай қалатын шығармын деп ойлайды. Сол дәмемен өзін алдайды. Сәлден соң есін жиып, күйкі тірліктің ағысына қайта енгенде, бәрі сыпырылып артта қалады, көне сүрдегіне тағы түседі. Қанбайтын бір шөл қысып, қаңсыған қалпы қала береді. Қаталаған зарық қысқан ондағы күйін итке берсін! Шынын қуғанда, осы үшін... тек осы азапты тартпау үшін ғана оянбай қалуды үміт ететін». Қателік қайдан кетті, міндеті қандай еді өзіне жаратқан иесі бұйыртқан ақындық өнерінің, дарынын даңққа құл қылды ма, киесі ұрды ма, кімді, нені, әлде өзін жоғалтты ма? Енді не істемек? ««Енді өмір сүріп керегі жоқ,- деді ішінен. - Енді не қалды қимайтын... кімім бар менің етектен тартатын?». Қалтасындағы телефонын алып, бірге оқыған жігіттердің біріне хабарласып еді, неге екенін, қабылдамады. Екі-үш дыңылдан соң жауып тастады. Тағы біреуі, адам екен, «жиналыс... кейін өзім хабарласам» деп сыбырлады да, өшірді. Соңғысы, тіпті, көтермеді. Барып тұр. Үш қайтара соқты, алмады. Бір қарап, кімнен екенін білді ғой деймін, тыныш күйінде қалдырды. «Мазамды алды деп ойлаған шығар, мұратына жетеді онда сәлден соң... менен құтылады». Осынша азаптан кім, қалай құтқарар екен ақынды?.
«Далада қалған Иесіз адаммын!» - Әйелдің өз тағдырына деген шын ашыныштан айтылған сөздерді жаулығын жұлып тастап, шашын жұлғаны одан сайын бекіте түскендей. Бұл әңгімеден әдетте мән бере қоймайтын оқшаулау мінез, қылықтың төркінінде жасырынған өмір шындығы айқындалып, уақыт пен заман талаптарының өзекті жанға артқан салмағының қалай-қалай құбыла көрініс тапқанын байқаймыз.
Серік Нұғыманның қара сөзбен жырлаған «Жоқ іздеген жан» хикаятында тау, тас, жер, көктің арасында тірлік кешкен «адамға ат жүрісінің найқалған ырғағы деген де бір ғанибет іс! Басқаларды білмейді, әйтеуір, өзі жүріскер, жылпың, аяңшыл атқа мінсе, әжептәуір көтеріліп қалады. Ершімді екпінінен бойы сергіп, әлдебір қалауы орындалғандай жаны жадырап, сергіп сала береді». Композициялық құрылымы мен сөз саптауынан қазақтың халық күйлеріне тән пәлсапалық астар, ой тереңдігі ақтарылып, телегей-теңіз тебіреніске бөлейді. Сол тебіреністің ара-арасынан Мәулен шалдың қасыретке толы өмір жолы құйынның дөңгелене ескен желіндей опыр-топыр өте шығады көзалдыңнан. «Ойлап отырса, мехнаты мол ұзақ ғұмырында қолынан беріп, көз жазып қалған нәрселері аз болмапты. О баста пешенесіне жазылғаны сол болса, не лажы, бірінен бір, екісінен екі айрыла беріпті. Ал, солардың алғашқысы – ешқашан сөнбейтін жарық жұлдыз Сырғалы екен. Орны толмайтын мәңгілік өкініш! Жалған дүниеде өзі жоқ, тек елесі ғана қалған таусылмас арман! Екіншісі – жалғыз ұлы Ұзағы. Жарық етіп сөнген бір сәуле. Көкірегіне бейнесін ғана тастап, зым-зия болған ғайыптың құсы. Өзегін өртеген күйік...айықпас дерт. Бірақ, солардың бодауына, бәрінің ізін басуға келген соңғы асылы, қалған өміріндегі бар алданышы – осы таяудан бері ғана көлеңкесін көрсетпей, зар қылып қойған ең ақырғы жоғынан...үмітті. Ол – осы жүрісінде шаршамай-талмай іздеп келе жатқан құландай жүйрік кер аты. Жоғалды дегеннен Құдай сақтасын!». Жүйрік аты Мысықкерді жоғалтып, үміт пен күдіктің арасында өңі мен түсін айыра алмай әбден қиналған шалдың бейнесі психологизмнің нәзік иірімдерінен құралған. Неге екенін білмеймін, есіме дүниежүзі таңдаулы шығарма деп мойындаған Эрнест Миллер Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» түсті. Мен үшін Серік Нұғыманның жоқ іздеген шалы Хемингуэйдің сол шалынан артық болмаса, титтей кем емес.
«Қиян» әңгімелер мен хикаяттар жинағының көркемдік және эстетикалық маңызы зор. Ана тіліміздің сөз байлығын жасампаздықпен жаңғыртқан, ұмытыла бастаған ұғым-тіркестер сананы сергітіп, танымдық сұранысты кеңейтеді. Ұлттық рухани байлығымыздың нәрінен сусындатады. Қазақ прозасының қалыптасқан дәстүрлі классикалық өнегесін лайықты жалғастырып, көркем сөздің қадірін асырған қаламгер С.Нұғыманның шығармаларын алда-жалда талдап зерттеуге ден қойсаңыз, талай жаңалық ашатыныңыз анық.
«Қаралы көш»
Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» тарихи романы бұдан бұрын үш рет басылса да, 2021 жылы Алматыдағы «Тұран» баспасынан тағы да қайталай жарық көрген екен. Қазақтардың Алтайдан басталған көш керуені Үндістан, Пәкістан арқылы жан түршігерлік азаппен Түркияға жетуі - Жер шарындағы ең ұзақ қасыретті көш ретінде тарих қойнауында сақталып, әдебиетте ғана емес, өнердің кино, музыка, т.б. түрлі саласында лайықты көрінісін табуы тиіс деген ой талай саналы жанды мазаласа керек. Осынау қайғылы да қасиетті көштің бүгінгі Еуропа қазақтарын қалыптастырғаны бәрімізге аян. Десе де, осы көштің қалай басталғаны, оның қандай қанды жолдарды басып өткені жайында аса көп біле бермейміз. Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» кітабы сол тарихи шындықтың терең қатпарына үңіліп, тағдыр тауқыметіне ұшыраған қазақ халқының қанды көші туралы ащы шындықтың бетін ашады. Әсіресе, көш тізгінін ұстаған Елісхан Әліпұлының басынан кешкен трагедиялы тарихы кімді болса да бей-жай қалдырмай, оқырманын сан қилы оқиғалармен қызықтырып отырады.
Жалпы шет жұртқа кеткен қазақтардың отанға оралған өкілдері әдебиетіміз үшін көптеген құндылықтар ала келді десек, Ж.Шәкенұлының қаламынан туған «Қаралы көш» романы да көркем әдебиетімізге қосылған сүбелі туындының бірі болғанымен қуантады. Роман алғаш рет жарық көрген кезде Жанат Ахмади, Темірхан Тебегенов, Тоқтар Бейісқұлов сынды біраз аға буын ағынан ақтарылып, әдеби туындыға өз бағасын берген екен. Бұл ретте біз де аталған романның жаңа басылымына қайталай үңіліп отырмыз.
1916-1917 жылдардың арғы-бергі кезеңінде қазіргі Шығыс өлкеміздегі алашшылдар рухы арғы беттің Алтайына асып, одан ары «Алтайдан Анадолыға» босқан көшке себепкер болғаны белгілі. Әсіресе, кеңестік қызылдардың жауыздығын көшіріп қолданған қытайлық биліктің қол шоқпары Шың Шысайдың қазақ халқына жасаған қиянаты аз болмаған. «Қаралы көш» тарихи романы осы бір оқиғаларды тарихи көрініс етіп, Елісхан Әліпұлының өз ұлтын құтқару жолындағы жанкешті күресі мен көш бастаған көсемдігін арқау етеді.
1931-1932 жылдардан басталған қытайлық зұлматтың қырғындауына, қуғындауына душар болған қазақ ауылдары Алтайдан, Баркөл-Құмыл өңіріне, одан ары Гималай асып, Үндістан-Пәкістанға дейін босады. Жол бойы жаудан, аштықтан, ыстан, аурудан қырылып отырады. Осы бір қанды тарих Ж.Шәкенұлының қаламынан көркем шежіре болып шертіледі. Шығармада қаншама тарихи оқиғалар, сан қилы кейіпкерлер бар. Оқиғалардың сан алуан, күрделі де азапты болғаны сияқты, кейіпкерлердің жеке бітім-болмысы мен бастан кешкендері де соған сай әр қалай. Соған қарамастан автор бәрін бір желіге көгендеп ой өрбітеді. Шығарманың сюжеттік желісі шымыр, тілі көркем. Сол тұстағы қазақ ауылдарының, босқын күйдегі қан кешті өмірі нанымды суретімен оқырманын елітеді, тартымдылығымен баурайды. Тілдік шұрайы мол, бояуы қанық, кестелі сөз үлгісі жиі ұшырайды.
Ұлттық рух тұрғысынан алғанда, елін, жерін сүю идеясы, отансыздық қасіреті, азаттық, еркіндік жолындағы күрес бәрі де қазақ халқының өткен өмірінен сыр шертіп қалмай, бүгінгі ұрпаққа ащы сабақ береді.
Бас кейіпкер Елісхан Әліпұлының күреске толы өмірі, ең соңында, 1943 жылы небәрі 35 жасында Пәкістан топырағында көз жұмуы, әйел, бала-шағасының бәрі қынадай қырылып, артында ұрпақ қалмауы сынды аянышты оқиға көзіңізге жас үйірілтеді. Жазушының өз кітабы жайында: «Осы кітапты тебіренбей оқыған адамның қазақтығына күмәнім бар» дегеніне толығынан иланасыз.
Кешегі қазақ классикалық әдебиетінің бүгінгі өркендеріне көз жүгірткенде, Қабдеш Жүмәділов, Жанат Ахмади, Жақсылық Сәмитұлы сынды арғы беттен келген ағаларымыздың ізін басқан, болашағынан да көп үміт күттіретін Жәди Шәкенұлының өзіне ғана тән қаламгерлік қолтаңбасын қалыптастырғаны анық байқалады. Қазірдің өзінде көптеген шет ел тілдеріне аударылып, әлемнің назарын аударып үлгерген жазушының «Қаралы көші» драма, опера жанрларына да сұранып тұр, шіркін...
«Тағдырлар тоғысқанда»
«Тоғанай Т» баспасынан 2021 жылы шыққан Жалғасқали Дүтмағанбетовтың «Тағдырлар тоғысқанда» роман-эссе кітабының көркем прозаға қатысы шамалы, алайда автордың жазуға деген талпынысын, адамдарға құрметін бағалауға болады. Кейіпкерлеріне ізгілікпен қарап, өмір жолында үлкен мән атқарған абзал жандар жайлы сырласады. Ата-бабаларының өткеніне үңіліп, өз мүмкіндігінің деңгейінде түрлі тақырыпта ой, пікірлерімен бөліседі. «Тағдырлар тоғысқанда» роман-эссесі бұған дейін жарық көрген «Тұлпар және оның тұяқтары» деген кітабының логикалық жалғасы іспеттес. Аяулы анасы мен түп нағашысы болып келетін алдаспан ақын Махамбетке байланысты ғана емес, халқымыздың бұрынғы және бүгінгі тағдыр-талайына қатысты толғанады. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық, жастарды тәрбиелеудегі маңызды мәселелерге назар аударады.
«Қасыреттің шерлі шежіресі»
Соңғы кезеңдегі әдебиетіміздің және бір табысы қарымды қаламгер, қасиетті сөздің қара нары Кәдірбек Сегізбаевтың «Ақ қанатты Алматым» («Әдебиет» баспа үйі, 2020 ж.), «Тағдыр толқыны» («Атамұра», 2020 ж.) атты екі кітабын қатар шығарып, руханиятымызға сүбелі үлес қосқаны. Бір-біріне ұқсамайтын екі шығармасының да кейіпкері – уақыт пен оның әміршісі адам. Бұл таптыра бермейтін тәсіл. «Ақ қанатты Алматымда» қала тарихына шолу көне дәуірден бастап бүгінгі тыныс-тіршілігіне дейін баяндайтын бірнеше тарау арқылы өріледі. Танымдық, энциклопедиялық сипатта қала тарихының қысқартылып жинақталған нұсқасының оқырманға тигізер пайдасы шексіз. «Көне оба ескерткіштер» тарауында Алматының жанынан табылған «Алтын адаммен салыстыра отырып, Боралдай, т.б. қорғандар туралы, «Тас кітап» тарауында Алматы төңірегіндегі петроглифтер, әсіресе атақты Таңбалыдағы тасқа салған бейнелер мен көне сына, руна жазулары туралы сөз қозғалады. «Алматы кеше» тарауында ел мен жерді қорғаған бабалардың ерліктері мен мен олардың өмір салты туралы тарихи еңбектерге сүйене отырып әңгімеленеді. «Мың жасаған қалада» Алматының тарихы мың жылдың арғы жағынан бастау алатыны дәлелденеді. Кітаптағы «Верный – Алматы тарихының бір тармағы», «Он алтының ойраны», «Кеңестік алғашқы кезең», «Ұлы Жібек жолы», «Алматы – кешелі, бүгіндері», «Екінші жаһандық соғыс», «Соғыстан соңғы серпіліс», «Социалистік жүйенің соңғы жылдары», «Желтоқсан желі», «Бүгінгі Алматы», «Алматыны басқарғандар», «Алиаты ұмыта алмайтын азаматтар» сияқты тараулардың тақырыптарының өзі айтып тұрғандай, шаһардың әр кезеңдегі тарихи өмірінің шындығы айтылады.
Жанрлық сипаты мен жазылу стилі ешкімге ұқсамайтын «Тағдыр толқынын» өзім әдебиет кеңістігіндегі жаңалық ретінде қабылдадым. Композициялық құрылымы мен оқиға желістерін нақтылы уақыт өлшеміне тәуелді етіп құрған. Жазушы бұл романына ХХ ғасырдың 16-жылдарынан басталып, ғасырдың бел ортасына дейін ақ патша бастаған сүргіннен кейін кеңестік кезеңнің жүргізген оспадар саясатының салдарынан бүкіл қазақ елінің басынан өткен тауқыметін өзек еткен. Бүкіл ел басынан өткерген қасірет - қазақ ұлтының ортақ тағдыры, тарихы болса, Шығыс жақтағы бірер аудан жұртшылығының басынан өткен тауқымет, зұлматы әлгінде айтқан ортақ тарихымыздың кішкентай бөлшегі ғана. Халықтың басынан өткен сол шағын оқиғалар негізінде өмірде болған Әлібай мергеннің ауыр да ерлікке толы тағдыры арқылы әдіптелетін шығарма деректі оқиғалар негізінде көп жылғы ізденістің нәтижесінде жазылған. Белгілі сыншы, ақын, аудармашы Қуанышбай Құрманғали бұл романды «кестеленуі көркем, түйіні тәлімді... кейіпкер бейнесін сомдаудағы соны әдеби әдісі де көңілге қонымды...халқымыздың басына түскен қасыреттің шерлі шежіресін шерткен көркем шығарма» деуімен қатар жазушының «тағы бір құнды қыры – қазақ этнографиясына жетік, ұлттық құндылықтарымызды тәптіштеп түсіндіріп, қисынын келтіріп, рет-ретімен баяндап беретініне» ерекше назар аударып еді. Шұрайлы тіл, оралымды ойлар, ұмытыла бастаған қанатты тіркестер, мақал-мәтелдер, ең бастысы туған жерге деген алғаусыз сезім, ерліктің үлгісі, қазақы қайсар болмыс, кіршіксіз әрі өмір талқысына төзе білген рух мықтылығы арқылы уақыт сала-салаға бөлініп, ғасыр кешкен қиямет-қайым көркемділікпен өрілген.
(соңы)