Білгенге пьеса жазу – қиынның қиыны, кез келген қалам ұстаған қазымырды жалына жармастырмайтын асау өнер. Отыз беттік пьесаның қорлығы – үш жүз беттік роман жазудан бетер азап. Әдетте бұл тұста диалог құрастыруды драма деп жадағайлатып жүргендер жайлы сөз шығын.
Қалам ұстаған кісі мұрнының астынан арыға бара алатын, кезеңінің тезі мен қоғамының мұңын, ұлтының арғы-бергі тарихын таразылап, суреткерлік сүреден сүріндірмейтін жаһандық әдебиеттегі сүйрікті талғамды ой елегінен өткізіп, жүрек-қанына шылап жазғаны ләзім. Стиль, тілдік ерекшеліктер қанат қағуға қажет ұғымдар екені айдан анық. Драматургтің бойында энциклопедиялық білім болмаса, қанат құлашы келте болары да аян. Ал Роза Мұқанова – осы талаптардың бәріне сай қаламгер. Өйткені оның драматургиясында ерекше эстетикалық таныммен астасқан қызықты сюжеттер, салмағы ауыр астарлы ой орамдары, характерлер қақтығысы, кейіпкерлердің кейпін ашу секілді ұстанымдар өзінің шарықтау шегіне жеткен. Ұққанға театр – ойын алаңы емес, рухани тазару ордасы. Осы орданың үдесінен шығар шығарма азабы мол актер қиялы мен суреткерлігі сәулелі режиссерді толғандырса, қойылым құбылысқа айналады, көрерменнің жүрек көзін ашады. Бұл тұрғыдан алғанда да талай «мен» деген режиссермен керемет шығармашылық тандем құрған Мұқанованың әлемі шын суреткерді өзіне магнитше тартатыны аян.
Розаның прозадағы қаламгерлік қыры – Тәңірінің тартқан сыйы десе болғандай. «Роза Мұқанованы әдебиеттегі құбылыс деп еш қысылмай айта аламын. Розаның «Дүние-кезек» деген жинағындағы әңгімелерді оқығанда мен шеберлік, шынайылық, көркемдік дегенді былай қойғанда, ойдың тереңдігіне, талғамның биіктігіне, жан-дүниенің кеңдігі мен жүректің сезімталдығына тәнті болған жайым бар»,– деп ағынан жарылады көрнекті қаламгер Дидахмет Әшімханұлы. Ал драматургиядағы орны ешкімге ұқсамайды, тіпті бөлек. Әсіресе, «Мәңгілік бала бейне» атты драмалық шығармасы кезінде әдебиеттің арда өкілдерін, жүрегі театр деп соққан өнерсүйер қауымды дүр сілкіндіргені рас. Содан да болар, оның бұл туындысы
М. Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында ұзақ жылдар бойы үлкен табыспен жүрген. Ол шығармада шертілген шер, тіпті тас боп қатқан жүрекке де салмақ салатын ядролық сынақтың зардабы туралы ащы мұң, кермек запыран талай адамның жанарына жас үйірген, іштей бұлқыныс пен ызғарлы ызаға булықтырған. Ол қанталаған жүректерді қозғау арқылы адамдардың көңіліне толған удың атын атады, намыс отын жақты, жаралы жүректің кілтін дәл тапты. Ләйлә деген аққу жанды мүгедек қыздың полигон деген пәлекет салдарынан тартқан жан азабын, жалғыздығын, мұңын қанталатқан бұл пьеса әдебиет пен театр әлемінде үлкен құбылыс тудырды, суреткерлік тұрғыда орасан жаңалық ретінде де қабылданды. Сол «Мәңгілік бала бейне» қойылымын қанжылап отырып көрген көрермен ол қойылымды ешқашан естен шығармасы хақ. Театрда неше жыл аншлагпен өткені қаперден шығуы мүмкін бе? Полигон мехнаты мен қасіретін жүрекке жеткізетін, Ләйлә мұңлық туралы сыр шертетін туынды жалқының емес, адамзаттың трагедиясын аударып-төңкеруге талпынды. Тіршілік иесін қайғы-қасіретке, орны толмайтын өкінішке жетелеп апаратын мейірімнің жоқтығы тағы да еске салынды. Адамдары ауылын, ел бейнесін іздеп, адасып, әйелдері жан сауғасын ерікті-еріксіз арақтан іздеген Қарауыл; әрқайсысының өз есебі бар, экстремальді адамгершілік-имандылық жағдайда күн кешіп отырған, бірақ өз қызығы өзінде ауыл адамдарының шарасыздығы, «жазмыштан озмыш жоқ» осы қалып-күйге әбден көндігіп алғаны, жеке адам абырой-мәртебесінің аяқ асты етілуі, тіпті адам өліміне немқұрайдылық қалыпты жағдайға айналғаны, ең ақыры адамгершілік ашықтан-ашық ақшаға айырбасталған Қарауыл – бір есептен, шартты түрде қарастырғанда бәріміздің бүгінгі өміріміз. Осы ортаның адамгершілік барометрі, табиғи рух сәулесі – Ләйлә. «Спектакль финалында шынайы Ләйлә-Сұлулықтың отқа оранғанын көресіз. Адамзат, адамдар осы отқа итермеледі, Сұлулықты өлтірді, демек, өз тамырына балта шапты. Ләйлә өлді – Қарауыл өлді… Осы бір ащы ақиқат саналарына ұрған қарауылдықтардың финалдағы музыка, реквием-хор (Карел Орфф, «Кармина Бурана») атмосферасындағы жанталасы ғана үміт отын себездетеді.Бірнеше желі қатар өріле-өрби келе бүкілхалықтық қасіретке ұласатын «Мәңгілік бала бейне» – әр көрермен жүрегіне жол салатындай қарапайымдылыққа қол жеткізген, рухани-мәдени кеңістігі кең, қуатты симфония-спектакль», – деген Әлия Бөпежанованың пікірі де көкейге көрікті ой ұялатады. Бұл шығарма әдеттегі кезекті туынды ғана емес, суреткерлік ұстаным, Роза Мұқанованың жүрек қағысы, жанайқайы.
Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында көрерменмен қауышқан «Сарра» қойылымы да театрсүйер қауымды тәнті еткені рас. Сахналық нұсқада қысқартылып кетсе де, негізгі сюжет бойынша Ыбырайым пайғамбардың ұрпаққа зар болған бейнесі әдеби вариантында нанымды шыққан. Жасы келген сайын жанын жегідей жеген жан жарасының, сол бір трагедияның қасиетті Сарраның жүрегіне батқанын Мұқанованың қасиетті қаламы арқылы бажайлайсың. Мұнда шерге толы аласапыран да, парасатты психология да, мұң да, бәрі бар. Пайғамбарға ұрпақ сыйлай алмайтынын сезген Сарраның қол астындағы жас қыз Ажарға үйлендіріп, Ыбырайым рахымелінің перзентті болуы туралы аруақты арманын жеткізетін шешімі жүректі қозғамай тұра алмайды. Бұл шығармада әйел затының ізгілік пен ұлы мұрат жолындағы құрбандық болуға бейім екенін биікке көтереді. Розаның қаламы жеңіл дүниелерге әуес емес. Ол оқырманы мен көрерменіне терең ойдың ұштығын шешімі қиын жұмбақ ретінде ұсынады. Сол арқылы өнерсүйер қауымды тебірентеді, ойландырады, толғандырады. Расында Сарра мұңлықтың отағасына деген махаббаты оны осындай тәуекелі мол қадамға апарады. Бірақ пендешілік дегенді қойсаңшы. Саналы түрде Ыбырайымды Ажармен қосуға көндіргенімен, кейін Ібілістің жетегінде кетіп, қызғаныш оты өн бойын шарпиды. Сөйтіп Ажарға қиянат келтіреді. Алайда иен далада иесіз қалған әйелден Жаратушы Құдірет теріс айналмайды. Шатқалда көкке атылған зәмзәм су, сәбидің жарық дүниеге келуі, Ажардың дін аман босануы сияқты Хадисте баяндалатын айшықты уақиғалар Розаның суреткерлік кредосы арқылы көрерменді толқытпай қоймайды. Сарра тазалықты іздейді, ізгілік жолында құрбан болады. Иә, бойындағы әйелге тән пендеуи пиғылымен өмір бақи күреседі, соның азабын да аяусыз тартады, қасіретін де шегеді. «Соқырдан – көрмес, сараңнан – бермес, пайғамбардан – пайғамбар туады» деп, Ыбырайым пайғамбарды ұрпақ сүюге өзі үгіттеп көндіреді. Сайып келгенде, Сарра арқылы автор ұлт пен қай заманда да санадан еш өшпейтін ұрпақ мәселесін көтереді. Шынында, әрбір адам өзінің ұрпақсыз қалатынын ойласа, қандай күй кешер еді? Ұлттың жоғалмауы, ол ұлтты құрайтын мемлекеттің дамуы – ұрпақтың, саналы ұрпақтың қалыптасуынан. Ұрпағы жоқты жат жұрт түгілі, ағайыны басынады. Қазақтың бүкіл ауыз әдебиетінің өзекті тақырыбы мен сюжеті осыдан бастау алады емес пе… Автор арыдан келе жатқан бабалар аманатын тебіренген терең оймен, перзенттік қарызы мен парызын көрерменінің қан жүрегіне осылайша жеткізеді, толғандырады, ойландырады.
Роза Мұқанованың «Шатыр астындағы Мен» атты пьесасы да шын мәніндегі үздік драматургияның айшықты көрінісі екені әсте талас тудырмайды. Трагикомедия жанрында жазылған бұл туынды жұрттың жүрегіндегі кейбір өзекті сауалдарға жауап іздеуімен де құнды. Содан да болар, кезінде министрліктің арнайы грантын да жеңіп алған бұл шығарма ұзын-ырғасы он кейіпкердің бейнесін қамтиды. Болмыс-бітімі, ой-өрісі, таным-таразысы бөлек, бір-біріне ұқсамайтын әлденеше образдың пихологиялық көңіл-күйін, характерлерін ашуда қаламгер барлық шеберлігін көрсете білгені сөзсіз. Бастысы, мұнда жағымды немесе жағымсыз образ иесі деп біреуді жерден алып-жерге сала алмайтыныңыз секілді, көкке көтеріп мақтай да алмайсыз. Шығарма кейіпкерлері Анти-Шректің екіжүзділігі мен өтірікке бейімдігі, Буфоның жалтақтығы кейбір эпизодтарда езуге ызалы күлкі үйірсе, енді бірде санаңды мұңмен торлай түседі. Оқиға барысын барлай отырып, қай тарапты ақтап аларыңызды білмейсіз. Үздіксіз динамикамен астасқан, психикалық әрекеттердің, сан алуан мінездердің тайталасымен арпалысқан әлемге сапарлай түсесіз. Мұнда естиярларға тән сарказм да, ирония да баршылық. Пысықтың образына енгенімен шаруа тындыруға келгенде икемсіз Сапақ Саталович бейнесі, басқарма басшысын меншіктеп алған хатшының қиғылығы, Имова деген қызметкердің даңғой дөрекілігі, өзін «халық әртісі» деп таныстыратын актриса образына енген әйелдің кеудемсоқтығы, Дәуқараевтың дөрекілігі оқырманды сан түрлі ойға батыратыны, күнделікті өмірде күнде кездестіретіні де шындық. Сан түрлі шым-шытырық түзілген оқиғалар ойды сан саққа жетелейді. Әрі автордың сарказм мен юморға жатық тілі мұның бәрін қызықты көріністермен алдыңа әкеп береді. Ал туындыдағы Беймезгіл деген кейіпкер автордың прототипі ме дерсің. Атына сай күтпеген жерден сөз алып, басқалардың шамына тиюі де әдемі үйлесе кеткен. Жалпы алғанда драматург пьесадағы кейіпкерлердің қозғалысы, мінез-құлқы арқылы сырт көзге мәлім жағдаяттарды ғана емес, ішкі тартыстарды да ойдағыдай жеткізеді. Пьесадағы диалогтар, монологтар қаламгердің шын мәніндегі кәсіби деңгей-дәрежесін айшықтап береді. Сонысымен оқырманын баурайды, орындаушы актерларға да аса ыңғайлы, қиял шеңберін шарықтататын ұтымды әрекеттер.
– О, Буф! Қалайсың? Бастыққа кірейін деп тұрмын. Сенің жағдайыңды айтып, айлығыңды көбейтудің мүмкіндігін де қозғамақ ойым бар. Ал сен мен айтқан тапсырманы тиянақтап жаса! Жаныңды сал, аянбай!
– Бастыққа мен туралы айтам дейсің бе? Онда сен менің әуелі үйімнің жоқтығын айтшы. Мен қаңғып жүрмін ғой, түсіндіріп айтшы, маған үй берілетіндей. Жасасын бірдеңе. Мен бар ғой, шынымды айтсам…
– Болды! Болды… Сенің жайың маған белгілі, айтпай-ақ қой. Жылама, зарлама. Тапсырманы орында, бар!
Пьесадағы Анти-Шрек пен Буфоның осы бір диалогынан мәжбүрлік пен менмендікті айқын сезінетініміз мәлім. Әрі мұнда құрғақ уәде беруге бейіл тұратын Анти-Шректің мінез-құлқындағы сужұқпастықтың көрінісі де бірден байқалатындай. Бастығын «түбегейлі меншіктеп» алған хатшының рұқсатынсыз Сапақ Саталовичке еркін кіріп кеткен ол бастықтың кәріне ұшыраса да, жарамсақтануын қоймайды. Буфоның аманатын жеткізе алмағанына қарамастан, оған шыққасын өтірікті беті шімірікпестен жайып салады. Тағы да оқып көрелік: – «Айттың ба, менің жайымды айттың ба? Не деді? Не, жасайтын болды ма?» – деген Буфоның сөзіне берген Анти-Шректің жауабы былай өрбиді: «Жасайтын шығар … Менен кінә жоқ, ойыңның бәрін жеткіздім. Сенің жайыңды әбден айтып, музыкаларыңнан бастап, өзіңнің аса дарынды, бірақ жолы болмай жүрген талант иесі екеніңді айттым. Сені әбден сұрады, жағдайын жасаймыз, алаң болмасын деді. Ұқтың ба?»… Шығарма басындағы осы бір диалогтың өзінен-ақ қоғамдағы таусылмас өтіріктің, адамдар арасындағы барлық сатыдағы жалған қарым-қатынастың реңкі айқын сезілетіндей. Мұндай екіжүзділікті біз кейде өз айналамыздан да кезіктіретініміз рас. Ал Мұқанова желөкпе кейіпкер арқылы шығармасында бізге күнделікті мәлім образды сахна тілінде ашуға күш салады. Онысы саналы адамның жүрегіне жетпей қоймасы ақиқат қой. Әрине, шығарма финишіне таяу шындық ашылады. Бірақ бәрі бекер еді… «Шрек, солай ма? Сен бар ғой, сен нағыз азаматсың. Сенің осы қасиетің ғой, адамды еріксіз елжіретеді. Шрек, өзің қалайсың? Енді өзің жайлы айтшы. Өзіңнің көңіл-күйің қалай?» – деген Буфоның сөзінен оған сенгенін аңғара түсесіз. Міне, екіжүзділік деген жексұрындық осы жерден-ақ басталып кетеді. Осылайша драматург шығарма басында-ақ өзінің шеберлігі арқылы оқырманын баурап алады. Қысқасы, «Шатыр астындағы Мен» атты туынды Роза Мұқанованың ғана емес, тұтас қазақ драматургиясының зор табысы десек, қателеспейтін болармыз. Тек сахнаға сапар шегуін күтіп жатқан, қоятын режиссері мен ойнайтын актерларының сахнадан кешетін, аңсап жүретін шығармашылық, суреткерлік рахаты.
Автордың «Мысықтар патшалығы», «Калмыков», «Муза», «Фариза» секілді өзге туындылары да оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алғаны мәлім. Одан бөлек оның сахнаға сұранып тұрған көптеген әңгімелері де жеткілікті. Аса көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков былай дейді: «…Әңгіме өте қазақы, өте нәзік және өте «бүгінгі». Мұндай әңгімелер, мұндай өмір сүру, мұндай өмір көру, мұндай түсінік аялары әңгіме кейіпкері үшін қандай қауіпті болса, көп ретте автор үшін де қауіпті. Тіл тап-таза. Көңіліме бір қуаныш лебі келсе, ол – осы баланың (Роза Мұқанованы айтып отыр…Д.Ж.) тілінің тазалығы, халықтығы. Жас автордың бойы мен санасына тіл бояуы жапырақтың табиғи реңіндей боп тап-таза сіңіпті. Жас авторда суреткерліктің шынайы белгісі жатыр. Бұл көпке тән қасиет емес… Өйткені ол – сауатты, жүрекпен жазатын қаламгер. Сүйрікті сезіммен, сапалы біліммен қаруланған жазушы, драматург». Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Роза Мұқанова қазақ әдебиетіне дер кезінде келген тұлға. Ал драматургиядағы қадамының өзімен ол осы саланы елең еткізіп, ортаға енген жазушы-драматург. Розаның шығармашылық борометрі өзінің қашанда бабында», – деп қаламгердің шығармашылығына шынайы бағасын беріп, бекзат өнердің өрістеруіне үлес қосып жүрген драматургке тілектестігін білдірген.
Роза Мұқанова – ұлтының бағына туған шығармашылық иесі. Оның «Мәңгілік бала бейне» атты шығармасының француз тіліне аударылуы – қазақ руханияты үшін ерекше оқиға, толайым табыс. «Маған Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы қатты әсер етті. Бұл – ядролық сынақтың құрбаны болған баланың тағдыры жайлы жазылған өте өткір, жүректі шымырлататын шығарма. Бұл – барлық әлем елдерінің оқырмандарына қатты әсер ететін туынды… қазақ авторының француз тіліне тәржімалануы – бағалы сыйлық дер едім», – деп тебіренеді аудармашы Филипп Риго.
Жазушы Роза Мұқанова еліміздегі ең мәртебелі саналатын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Өзіндік қолтаңбасын анық қалыптастырып, көркем әдебиет төрінен ойып тұрып орын алған қаламгердің повесть, әңгіме-эссе, ой-тұжырымдарымен бірге пьесалары да өнерсүйер қауым үшін үлкен олжа. Өйткені оның бүгінгі қазақ руханиятындағы орны орнықты. Жазу үстелінде сан түрлі жүрекке салмақ салатын кейіпкерлердің образын ашуға, шығармаларының көркемдік концепциясын шебер табуға бар күшін, білімін, биік эстетикалық талғамын, ең бастысы, ұлтына деген сүйіспеншілігін сарқа жұмсап жүрген тұлғалық қасиетке жеткен қаламгер.
Дәрия ЖҮСІП,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты,
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының доценті
qazaqadebieti.kz