135

Айгүл Кемелбаева. Абай – ренесансстық тұлға

Абай – 180. Елімізде тамыз айының онкүндігі поэзия пайғамбары, елдік идеологияның темірқазығы Абай тұлғасына арналды. ҚР Ұлттық академиялық

кітапханасы Абай әлемін уағыздайтын көптеген ірі іс-шаралардың ұйытқысына айналды.  Кітапханада 8 тамыз күні «Абай мұрасына жаңаша көзқарас» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өтті. Конференция модераторы, ҚР ҰАК-ның ғылыми хатшысы, ақын Аслан Ғафуров.

Абайдың туған халқы өркениет көшіне озғанын армандап, елдік мұрат тұтқаны бүгінде біртіндеп жүзеге асып жатқаны аса сүйінішті жайт. Шетелдік әдебиетшілер онлайн форматта қазақ халқының ұлы кемеңгері Абай туралы шынайы зетпен әрі нақтылап айтқаны соның бір жарқын белгісі болып табылады.  Мәскеуден «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Владимирович Пряхин «Восточный экспресс» атты баспа Абай шығармаларын бірнеше мәрте басып шығарғанын; өз халқын шын сүйген, ұлт ұстазы болған және әдемдік әдебиетті білген Абай Орта Азияны өзге әлеммен жалғап тұрған классик ақын, ренессанстық тұлға екенін; Абайдың Пушкин мен Лермонтовпен үндестігі, Толстойды қабылдауы орыс халқына ыстық екенін, оның шын мәнінде достық елшісі екенін ризашылықпен қадап айтты.

Ереванда Абай атындағы парк ашылған болатын. Ереван Мемлекеттік университетінің тюркология кафедрасының меңгерушісі, қазақ ертегілерін және Абайдың қарасөздерін армян тіліне аударған Александр Виленович Сафарян адамзатты бауыр санап, түгел сүйген Абайды бүгінде адамзат сүйіспеншілікпен қабылдайтынын біліп айтқаны шындық.

Португалияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісінің орынбасары Давид Матуш Абайдың алтыншы қара сөзін португал тілінде оқып берді.

Индонезиялық Али Салих Абдрахим Абайдың қарасөздерін ана тіліне аударған. Ол Абай мұрасы туралы ықыласпен ой қорытып, Қазақстан Республикасының өз еліндегі Елшісіне және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұжымына алғыс айтты.

Халықаралық конференцияда Абай елінің тумасы, «Абай» қорының демеушісі, белгілі меценат Медғат Құлжановтың інісі Медет Кәрімұлы Құлжанов қатысып отырды. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы «Абай» атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры орталығының төрағасы Аслан Гафуров және кітапхана директоры Күміс Қарсақбайқызы Абай медалін бірқатар адамдардың кеудесіне тақты. Белгілі әншілер Сембек Жұмағалиев, Алтынай Жорабаева және Медет Құлжанов, Әбдіжәлел Бәкір, Алдан Смайыл, Серік Негимов, Әлібек Асқаров, Өріс Яшүкірқызы, Айгүл Кемелбаева, Қанат Еңсенов, Дәулет Нұржанов мерейтойлық медальмен марапатталды.    

    Абайдың жаратылыстануға қатысты көзқарасына Серік Негимов терең тоқталып, Абай сөзі түгел жатқан ғылым екенін, оның дүниетанымындағы аллашылдық идеясын, құдай адамзатқа жансызға жан салуға рұқсат жоқ, басқаның бәрін бергенін айтты. Топырақтағы химиялық элемент – көптеген металлдар адам денесінде бар екені әмбеге аян. Абай философиясындағы толық адам, әулиелік болмысқа ие адамдардың денесінде 4 грамм темір болады және темір арқылы ақпараттық кеңістіктегі ақпараттарды қабылдайды. Дүние жаратылысынан Жаратаушы Иенің құдіретін, ғаламның шексіздігін көруге болады. Абайдың жоғары сана иесі екеніне оның ғылыми дүниетанымы айғақ болады. Адамға сонша несібе берген соң құдайға ол қарыздар емес пе?!  Абай өсиетінде дұға дегеніміз Алладан асыл тілек тілеу екенін ғалым тереңінен толғады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкірдің баяндама тақырыбы – «Абай және бүгінгі қазақ қоғамы». Оның айтуынша, Мұстафа Шоқай 1935 жылы «Жас Түркістан» газетінде Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына байланысты мақала жазған. Абай қазақ халқы өзінің рухани дамуында түбегейлі өзгерістерді қажет етерін түсінді, ол ғылым-білімнің қасиеті болатын. Әңгіменің төркіні өз құнарымызды жоғалтпауда жатыр. Абай өсиеті әсіресе тілге қатысты. Біздің тілге толық ие бола алмауымыз өте өкінішті мәселе. Арлылық, намысқойлық қасиет қоғамды аздырмайтынын айта келе, Әбдіжәлел Бәкір Абай орысша оқы дегенде тіл арқылы ғылым-білімді меңгеріп, залалынан қашық болу керек дегеніне екпін түсірді. 

   Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың пікірінше, Абайды түсіну үшін әуелі ұлт дегеннің не екенін түсіну керек. Жаһандану дәуірінде қазақ халқы ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуға қабілетті ме? Халқыңа Абайша ғашық болмасаң қиын. Ұлттық намыс аса маңызды. Он бесінші қарасөзінде Абай есті және есер кісінің айырмасын айтады. Алдан Смайыл көзі қарақты жұртты Абай даналығына мән беруге шақырды, өйткені іргесі мықты елдердің дәстүрі сондай. Жазушы саяси ұғымға арылу, біреудің айтарлықтай кінәсі болса халықтан кешірім сұрау ұғымын енгізуді ұсынды: «Біз дамыған елдер сияқты кемеңгерлер ғибратын ұстануымыз керек».

 Белгілі жазушы Әлібек Асқаровқа осыдан 30 жыл бұрын дүркіреп өткен Абайдың 150 жылдық мерекесінде жас мемлекет тарапынан үлкен міндет – Абай тойын дайындау жүктелген екен. Негізгі идея – Абай арқылы қазақ халқын дүниеге таныту болған. Үндістанға барған мәдени сапарда шетелдіктер: «Абай қайда оқыған, қандай университет бітірген?» – деп қайран қалып сұрайды. Әлібек аға жауап беріп үлгергенше, Абай өлеңдерін аударған орыстың көрнекті ақыны Михаил Александрович Дудиннің әйелі Ирина Николаевна үнділік қаламгерлерге: «Абай білімді аспаннан алған», – деп жауап беріпті. Абай Семей мен Қарқаралыдан асып ешқайда бармаған екен. Құдайдың құдіретімен әулиелік қасиет қонған таңдаулы тұлғаларға космостан берілетін дарын, ғарыштық кітапхана деген ұғым осындайдан туса керек. 

Ұстаз Өрік Иманғожина орта мектепте Абай мұрасы қалай насихатталып келгеніне тоқталды. Түркітану ғылымдарының докторы Марлен Әділов тіл мамандары Абайдың тілін қолжазбаға қарап зерттеуі керектігін айта келе, лингвистика мамандарына арналған Абай өлеңдерінің қос кітабын жиналған қауымға көрсетті. ҚР ҰАК директоры Күміс Сейітова ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» ұйымына Ұлттық академиялық кітапхана басшысы төрағалық етерін мәлімдеп, деректі мұра тізіміне Абай қолжазбаларына қатысты екі кітапты қосатын болды.

Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің философия кафедрасының докторанты Абылайхан Қалназаров Абай нақлиясындағы мемлекетшілдік және мемлекеттілік туралы айтты. Ұлы ақында бұл сөздер нақты жоқ болғанымен елдік идеяны тасымалдаушы ретінде Абайдың мемлекетшілдік санасы өте терең екенін, қарасөзде ең бірінші «Адам бол!» деген биік ұғым жатқанын, мемлекеттің құлауы адами сапаның құлдырауынан басталып, ақыры өзгеге бодан болуымен аяқталарын түйіндеді.

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов өз баяндамасын Абайдың әлі де жарияланбаған құжат, ғұмырбаянына байланысты жасады. 

Жұма күнгі конференциядан соң ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының фойесінде қатысушыларға «Абай қорының» мәдениет пен өнерді қолдау орталығы мерекелік дастархан жайды. 

Кітапхана – кез келген мемлекеттің ең негізгі рухани күретамыры болса,  руханиятқа адал қызмет жасауды жолға қойған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы соның айғағы болып келе жатқаны сүйінішті.

 

13.08.2025.