ӘДЕБИ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ.МАҒИРА ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ БАЯНДАМАСЫ - 2

2021 ЖЫЛ: КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

(бірінші бөлімін оқу үшін: https://qalamger.kz/)

 

«Жазуыңды жаз да жат»

Дәурен Қуаттың соңғы жылдары әдеби басылымдарда, интернет желілерінде жарияланып келе жатқан шығармалары оқырманның да, сыншылардың да қызығушылығын тудыруда. «Қаңтардың соңғы шілдесі» әңгімелер жинағы  «Аbai» баспасынан 2021 жылы жарық көрді. Мазмұны бай, тілі көркем де құнарлы болып келетін дүниелері көнеден тамыр тартып, соны ізденісімен, жаңашылдығымен назар аудартады. Кітап аннотациясында айтылғандай: Әдебиет сыншылары Дәуренді: «Дәстүрлі бағытты ілгері оздырып, пост-модернистік үлгіде жазатын жазушы»,- деседі. Ең бастысы, ол – әдеби ортада өзінің шеберлігін әйгілеген қаламгер. «Қаңтардың соңғы шілдесі» жинағына енген әңгімелері осы сөзімізге дәлел. Жинаққа сондай-ақ автордың қаламымен қағазға түсіп, оқырман қауымның ықыласына бөленген «Сейпілмәлік – Бәдіғұлжамал» хикаяты да енген.

            Ұлттық мінез нақыштарынан сыр шерткен әңгімелерінің бірі «Қаңтардың соңғы шілдесіне» мөлдір лиризм тән. «Үйде үш жан. Көкесі, апасы және Дәрмен дейтін бала. Үйдің іші үнсіз таулардың әміріне бағынып, үндемеске келіскендей мүлгіп тұрады. Бұрыштағы асадалдың маңынан орын сайлаған қаптағы ұн, қара күмізек, жез құман, жиегі жемірілген итаяқ, адалбақанға ілінген буылтақ-түйіншек, келте тон, кенеп сулыққа дейін тыныштық сұрап, артық қимылдайтын қолға іліксе, дүние дүр сілкініп, анау адырайған шыңдар ашу шақырып, Тәңірдің уысындағы, таудың қуысындағы қыстаулық үй мен қораны көшкін басардай үрей аңдатады». Далада соққан боран, «сыртқы есік те жақтауына сарт-сұрт соғылды. Саршұнақ аязды жел қуалап бара жатса керек». Әлденендей сиқыр ма, әлде мына желдің гуілі ме балақайдың талбойын билеп төстеген, Дәрмен көкесінің батырлар жырын оқығанын тыңдап, өң мен түстің арасындағыдай бір ертегіге күмп етеді. Әп-сәтте батырға айналып, небір таңғажайыпқа тап болады... Мұны енді оқу керек! Бораннан адасып қонуға келген өгізші шалдардың шешіліп айтқан әңгімелері де өзгеше: «Тасбекеттен тоқтамай заулатып жеткен қарулы жасақ Алтыншаңырақ тауының бауырына бізді қойдай иіріп қойып, пүлеметпен жусатып салды. Ойпырмай, сонда Нұрмұхамбет, Ғұсман дейтін боздақтар жауға жалаң қылышпен шауып, бөрідей тиіпті. Әйткенмен, айлалы, күші басым, қаруы мол әскер қоя ма, еркек кіндіктіні қойдай бауыздап, шетінен қырып келе жатқанда байқұс анам көйлегінің ұзын етегін айырып жіберіп, мені қызға ұқсатып орай салған екен. Сыңарымды қылышпен турап тастаған кәпір маған да таяп келіп тап қасымнан тайқып өте шығыпты. Көретін жарығым бар да әншейін… әйтпесе, Алтыншаңырақтың етегіндегі Қора аңғарында шашылған қаңқалармен бірге сүйегімді мүк басып жатар едім осы күні». Сезімтал бала Қызайбек қартты қиялындағы ...Алтыншаңырақ тауының басынан түсіп, күндердің күнінде әңгіме айтатын бурыл қабақ бұғыдай кісі деп қабылдайды, көкірегінде әр сөзі таңбаланып, тыңдаған сайын жаны кіреді. Ал, «Сәден қарт бәйіт айтуға кіріскен. Қызық. Бұндайды Дәрмен бұрын көрмепті. Қарт оң иығын сәл ілгері тастап, алақанын жаяды екен де, кітап бетіне үңілген адамдай жайылған алақанына қарап алып мақамдай жөнеледі екен». Сәден қария қиссаларды айлап жырлайды екен. «Жайшылықта адамның көзіне түсе бермейтін, көрінбейтін әлдебір ғажайып нәрселер таулардың терең шатқалдарында бұғып жатады деп ойлайтын Дәрмен. Солайы солай сияқты. Мына екі шал: Ғалисина мен Әбілхарис. Қоржынның қос басына таңылып үдере босқан елдің көшіне ілескенде бір-бірінен көз жазып қалған. Бірақ, кейін табысқан. Осы таулардың арасында табысқан. Алыстан арып-ашып жеткен, сосын қарт адамдардың кейіпіне еніп, Дәрменнің үйіне келіп отыр». Автордың мұндай кейіпкерлерімен жылап көрісетіндей жағдайдамыз-ау қазір. Сондықтан да Дәурен Қуаттың қазақы гуманистік қасиеттерді айнала қоршаған ортамен, табиғатпен, аң, құс, жан, жануар, ішкі, сыртқы бүкіл әлем сырларымен біріктіре, үндестіре жырлайтын әңгімелер галереясының бағасы уақыт өткен сайын арта бермек. Дәуреннің прозаға қосқан жаңалығын да осы ұғым төңірегінен іздеу қажет.

Тақырыбы сан алуан, бір-біріне ұқсамайтың шығармаларының көтерген жүгі тым салмақты болғанымен жеңіл оқылады. Солардың ішінде  «Көрдемше» әңгімесіне назар аударсақ. Сөздері дайын сурет, яғни тілінің көркемдігі қысқа-нұсқа нақты көрініспен толығып жалғаса береді: «Сылыңғыр қара жігіт екен. Аузы сөгілген сөзшең. Екі езуі құлағының сырғалығын еміп, ертелі кеш сөзден тиылмайды. Сөйлеп тұрып ақша санай береді, сөйлеп тұрып көзімен көлденең өтіп бара жатқан кісіні арбап тоқтатады». Жұртқа «жоғары сортты» деп алдап ұн сататын саудагер Жолбасардың ылдым-жылдым қимылымен басталған «Көрдемшеде» бәрі соншалықты ап-анық, тіпті «қағаз қалтаның түбіндегі аппақ ұн алушының алдын жауып» кететіні, яғни қалтаның ортасындағы екінші, үшінші сортты қара ұнды сатып алушыға байқатпаудың тәсіліне шейін дереу ұға қоясың. Шығарманың атауы да жиі қолданылмайтын сөз, «бұзаубас қара бәтеңкесін сүйретіп» қалаға келіп, «Жолбасардың жолына» түсіп,  жаңа өмір бастауға тырысқан Дінасылдың «Алтын қаламнан» атағы дүркіреп шыққанға дейінгі тірлігінің аясынан «әйел мен ердің күнәсін арқалап туатын көрдемшелер өсе келе әркімнің орынына таласып, адасқақ тағдыр кешкенін» көреміз. «Олардың бойында мені мен саған бұйырғанның бәріне қарсылық пен қызғаныш қабат өмір сүреді. Маза таптырмайды. Өртейді. Ол қандай көрдемше десең, айтайын, ол – әдебиеттегі көрдемше. Әдебиет дейтін әлемге аяқ басқан көрдемшелер тым қатыгез, тым қорқау болады. Олардың қорқаулығы сол – қаламгер атаулыны жек көре тұрып, қаламгер бейнесінде өмір сүріп, қаламгер бейнесінде өлгенді армандайды. Сондықтан да ештеңеден тайынбайды» - дейді Ерқабат Байғызұлы Дінасылға. «Біресе қара базарда сауда жасап, біресе жазушы әлеміне еніп», сол ештеңеден тайынбайтын «қиямпұрыс әрекеттің» қайнаған ортасы шыңдап шығарғандай  Дінасыл Сұңғатовты. Елес-сыңары да оның бейнесін тереңірек түсінуге ықпал етіп тұр. Психологиялық тұрғыда осындай оқыс тәсілдерді қолдануы нәзіктікпен қабысып, шығарманың шырайын келтіреді.

Ара-арасында біздің, жазушылардың соншалықты аянышты, қорғансыз сұлбасы қылаңдап, айғайлап емес, сыбырлап айтылар түйткілдер, отыз жылдан бері статусымыз айқындалмай, ұры-қары биліктің бейшарасына айналғанымыз еске түседі: «Жолбасар ғана емес, бұл кезде жазушыларды үкімет басшысынан бастап, газет, журнал тегіс іске алғысыз етіп бастаған. Бір кеште, Балым жеңгейдің кешкі асына қол салып отырғанымызда, ақшам жаңалықтарынан тұрақты көрінетін үкімет басшысы: «Менің саяси-экономикалық реформаларыма мына жазушы ағайындар қасарысып, қарсылық танытуда. Мен көп векторлы, көп ұлтты қоғам жағындамын, ал, жазушы ағайын, «ұлттық мемлекет» деп ұрандайды. Мен ауылшаруашылығынан бастап, ауыр өнеркәсіпке дейін жекеменшіктің иелігіне өтуін қалаймын, жазушы ағайындар баяғы ортақ қазан, ортақ игілік дегенді көлденең тартып, жолымды бөгейді. Қоғамдық пікір тудырып, елді кері тартуда. Менің жазушыларға айтарым: «Жазуыңды жаз да жат. Үкіметтен ештеңе сұрама. Американың жазушылары күндіз көше сыпырып, түнде жазады. Сендер де сөйтіңдер!» – деді ызбарланып. Үкімет басшысының сөзін естіген Жөкең үкі көзденіп маған қарады да күліп жіберді: - Әне, көрдің бе, үкімет адамы да бізбен бірге екен. Жазушылар – жатып ішер арам тамақтар ғой. Дұрыс, оларға көше сыпырту керек. Әсіресе, біздің Ерқабатқа! Шіркін, Ерқабаттың емпеңдеп көше сыпырып жүргенін көрер ме едім бір!». Осы тұста кенеттен маған оқыс ой келді: Осы бізді, қаламгерлерді үкімет көрдемше деп қабылдап жүрген жоқ па, әлде билік басында қаптап кеткен өңкей көрдемшелер ме деген... бұл енді түйсіну тылсымына қатысты жәйт.

Жазушылық сезініп түйсінуінің ерекшелігі «Күнекей – Кірекейде» айрықша көрініс тапқан. «Аңшы қолына найзасын ұстап, дөң басына барып отырды. «Күдері ердің қызын пері ұрлады ма, жын жетектеп кетті ме?» Аңшы бек біледі: бұл мекенде бұрыннан жын-пері көшіп жүреді». Әңгімедегі жын, пері, жезтырнақ, қара дүлей аю, ата қыран, «Бапы Балқы дейтін жыландар ордасының көкала көсемі, шойнақ қарсақ, шаған бұғы, тау ешкі, бұлан, құлан, киік, еңілік гүл...бәрімен туған-туысқаныңдай араласып кетесің бірден. Шетінен шешен, адамның тілін жақсы меңгерген, бір-бірін қас-қабағынан да ұғатын тәрізді. " Аңшы әйелі жоғалып кеткен соң, шарқ ұрып көп іздеген. Жын-перілермен де ұстасқан. Албасты сайтандармен де арбасқан. Жезтырнақтың апасын өлтіріп, жеті сіңлісін жер түбіне дейін қуып жіберген. Бірақ жын-перілер Аңшының көзін байлап, адастырды да отырды. Аңшы қара дүлейдің апанын таба алмай дал болды. Ақыры, міне, жоғалған әйелдің құпия сырын ұққан Аңшы кірекейдің терісін сүйретіп келе жатыр». Аңыз, миф, ертегі, поэма, роман десеңіз де болады «Күнекей – Кірекейді». Былайғы шақта өзара қабысуы мүмкін емес жәйттердің осы әңгімедегі үйлесім табуы ғажап! Мәселен, бір мезгілде соната мен симфонияны қатар тыңдай алмайсың ғой, ал мұнда бір сәтте музыкалық түрлі жанрды санаңа қатар сіңіргендей әсерге бөленесің. Бұған жазушының мінсіз тілі, сәбидей іңгәлауы, дүлейдей күркіреуі, жыландай ысқырынуы, еліктей егілуі, көртышқандай шиқылдауы қосылып, қалайша Күнекейдің аюдың кірекейіне айналып кеткенін байқамай да қаласың. «Ұшар басы ту биікке сұғынған қарағайды жығып, діңін орға тастап: «Ей, қара дәу, сен мені кеш, мен де сені кештім», – деп, келген ізіне түсіп кері бұрылған» аңшының соңынан Ішің удай ашып, құлазығаныңмен, «жазмышқа не дауа?». Осы әңгіме әлем тілдеріне аударылса, әдебиеттегі құбылыс боп қабылданар ма еді деген үміт ұялады көкейіме.

 

«Арызды  жазған  кім  өзі?»

 

 «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпазы, Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері, «ҚР Ақпарат саласының үздігі», журналист, жазушы Сәкен Сыбанбайдың жазудың қыр, сырына жастайынан үңіліп, қандай тақырыпты да егжей-тегжей зерттеп ұсынатыны қалың жұртшылыққа әуелден белгілі. Спорт, кино, театр, музыка саласында қалам тербегенде, алдына жан салмайтын Сәкеннің «Әдебиет» баспа үйінен өткен жылы «Ғаламтордағы махаббат» әңгімелер мен хикаяттар жинағы жарық көрді. «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби байқауында 2014 жылдың үздік прозасы деп танылған "Мұңлық" әңгімесімен ашылған кітаптың өнбойынан қазақтың шертпе күйіне тән қоңыр мақамы еседі. Адам жанының терең қатпарларына үңілтуге жетелейтін алуан тақырыпты қамтыған әңгіме, хикаяттарында адамзатқа ортақ құндылықтар мен асыл қасиеттер сөз болады. Адамзатқа ортақ құндыларықтардың ішінен ұлттық мінез, болмысымыз жеңіл юмор, зілсіз әзіл, салқынқандылықпен ерекшеленіп, әрбір кейіпкері өзіне ғана тән әрекетімен есте сақталады. Оқиғалары шынайы, өмірдің өзінен алынған әңгімелерінің композициялық құрылымы да соншалықты табиғи, жоғарыда айтқан шертпе күйдің терең толғанысындай ойға батырады, мұңға бөлейді, қуанышқа кенелтетін тұстары да аз емес.

Сәкен ұзақсонар баяндап жалықтырмайды оқырманын. « – Қазір милиция емес, «полиция» дейді ғой, көке. – Қай лиция болса да, қайран жоқ, айналайын!» - Еріксіз езу тартқызады «Дискриминация» әңгімесіндегі «көкесінің сөзін түзетіп, көп білетіндігін көрсетіп  отырған үшінші адам – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әріпбек». Шынымен, қай лициядан да қайран жоқ екенін Қалабай ғана біледі. Өкінішке орай ол  Алматыда  оқып жүргенде «Қазақтың намысын аяққа таптады» деп, грузин  бе, шешен бе, Уваз деген бір атақты бандымен төбелесіп, ақырында оны ұрып өлтіріп қойып, сотталған еді». Ал, «Жақып ата» ауылы бұл кезде (бұрынғы аты-«Прогресс») комиссия күтуде. «- Құдай  біледі  деп  айтайын, осы комиссияңыздың келісі тегін емес. Былтырдан бергі былыққан істі түгел қайта  ашатын шығар, тегі. Жоғалған малда қисап жоқ, соның бәрін қымқырған қылмыстының қыл аяғы  ізін де таппай, тақырда отырмыз. Көргенсіздерді көгендеген қойдай тізіп әкеп, көзімізге көрсетсе ғой, шіркін! Бұл - дәйім асығыс айтып, соң ұғып, сонысымен-ақ әжуаға қалып жүретін, жасы  қырықтың ішін қыдырып кеткен қылшық мұрт, қылыш қара Мақаш».    Анау  Асекең  бе?    деді  Мақаш  жоқ  іздеген  жандай  жол жиегіне күн сала қарап. – Дәл өзі екен! – деді сосын өзіне-өзі жауап беріп. – Жүріңдер, сәлем берейік. Үшеуі  аялдаманың  қою  көлеңкесінен  шығып,  жолдың  арғы бетіне  өтті.  Шарбаққа  сүйене  ойға  шомып  тұрған  ұзын  бойлы, бурыл сақалды, басына жасыл қазақы тақия киген, қоңқақ мұрын, шүңірек  көз  шал    кезінде  талай  жыл  бөлімше  меңгерушісі, бригадир болып істеген Асқарбай ақсақал еді. Еткен еңбегінің ел есінде қалғаны шығар, әйтеуір осы өңірдің кемиек кемпірлері түгілі, кемсақал шалдарына шейін атын тура атамай, әлі күнге «Піркәт» деп, пір тұтады. Мінезі тіктеу, алайда аса сөлекет іске бармайтын, сөзге ұста, ұстамды кісі. Кейінгі уақытта сәл шөгіңкіреп қалғаны – әлдебір іспен абақтыға жабылған кіші ұлының қайғысынан. – Қалабайжанның босап келетін мерзімі де жақындап қалды-ау, көке? – деп көңіл аулай сөйледі Мақаш амандық-саулықтан соң. – «Алты ай қалды» деп күн сана-а-ап отыр ғой шешесі, – деді қария бәсең, бірақ орнықты үнмен. – Иә, аманшылық па? Неғып жүрсіңдер? Бұлар комиссия жайын, ел арасындағы түрлі топшылауларды егжей-тегжейлі  жамырай  баяндаса  келіп,  ақырында  шалдың пікірін сұраған. –  Бәрің  де  оттапсыңдар,    деді  Асекең  даусына  әлде  қырыл, әлде  қыжыл  араласып.    Ешқайсыңның  да  болжамдарың  дұрыс емес.  Естуімше,  бұл  комиссия  бұрын-соңды  адам  баласының ойына кіріп шықпаған мәселемен келмек».

Расымен солай боп шықты. «Ауылдағы  жалғыз клуб жанып кеткендіктен, жиналыс мектептің акт залында өтті. Комиссия үш-ақ адам екен. Облыстан келген өкілді – бәкене бойлы, шашын төбесіне шөмеледей ғып үйіп, яғни түйіп қойған, көзінде  жиегі  қара  жалпақ  көзілдірігі  бар,  іскер  әйелдердің әдетімен костюм-шалбар киген, қырықтың қырқасынан біз өкше туфлиін тықылдата  асып бара жатқан келіншекті «Аида Сембаевна» деп таныстырды. Аида  ханым  басты  мәселені  байыптап  түсіндірді.  Еліміздің ең  негізгі  байлығы    адамдар  екенін,  олардың  өзара  тату-тәтті, ауызбіршілікте  өмір  сүруі    мемлекет  іргесін  нығайта  түсетін фактор  екенін,  қазақ  жерін  жайлаған  140  ұлт  пен  ұлыстың ынтымақты тұрмысына бүкіл әлем қызыға да қызғана қарайтынын, осындай  қой  үстіне  бозторғай  жұмыртқалаған  берекелі,  бейбіт заман өкіметіміздің өрелі де көреген саясатының арқасында ғана мүмкін  болып  отырғанын  тебірене  толғап  өтті.  Алайда  қандай жарастықты  қоғамда  да  қарын  майдың  қадіріне  нұқсан  келтірер бір құмалақ шықпай тұра ма?! Дәл сондай кемшіліктен «Жақып ата»  да  кенде  емес  екен.  Айтуынша,  осы  ауылдың  қазақтары араларындағы азғантай өзге ұлт өкілдерін қыспаққа алып, қысым жасап, мүлде күн көрсетпейтін көрінеді. Ақыры шыдамаған біреуі жоғарыға арыз жазып тынса керек. –  Арыз  үкіметте, Парламентте, сондай-ақ Халықтар ассамблеясында әбден талқыланған, – деді Аида ханым шыңылтыр даусымен шіңкілдей сөйлеп. –  Ондағы  жолдастар...  і-і...  тойыс... мырзалар «Атазаң талаптарына сәйкес, мәселені ушықтырмай, оң шешіңіздер»  деп  бізге, облысқа жіберді. Бұларыңыз жарамайды, ағайындар!  Кеше аудан  орталығында  болып,  жергілікті басшылармен  біраз  ақылдастық. Біз көптің  тізесі  батып,  жәбір көрген азшылыққа жәрдем беруге келіп отырмыз. Жаңа  ғана  құр  кебек  сөзден  іштері  кебе  жаздап,  жалығып отырған  жұрт  араның  ұясынша  гулеп  қоя  берді.  Бастапқыда «Ауылдың бетке ұстар азаматтары ғана қатысады» делінсе де, кім рұқсат  еткені  белгісіз,  көп  ұзамай  абыр-дабыр  көбейіп,  зал  лық тола бастаған. –  Арызды  жазған  кім  өзі?  Не дейд  сонда  ол?    деп,  көптің ішінен  біреу  сұрақ  қойды.  Шаңырақтай  шіләпісімен  желпініп отырған Келесбай екен. –  Арыз  иесі    бөтен  адам  емес,  өз  ауылдастарыңыз  Хамзат Дағаев деген азамат, – деді Берден белсенді орнынан тұрып. – Оны қайбір  жылғы  пай  бөлісте  әбден  бөлектепсіңдер  ғой,  байғұсқа тулақтай ғана жер бұйырыпты, оның өзі оңайлықпен су жетпейтін дөңестеу беткей екен». Дағаев балаларының қазақша оқығысы келмейтінін, орысша мектеп ашу қажет екенін де жеткізді.

«Ақыры  Дағаев  дегеніне  жетті.  Жері  кеңіп,  жетісті.  «Жақып ата» ауылының А.Байтұрсынов атындағы орталау мектебінен ойда жоқта орыс сыныбы ашылды. Онда Хамзаттың үш баласымен бірге «Ойбай-ау,  орысша  оқығымыз  келмейді,  тіпті  қазақшаның  өзін қарық қып алсақ та жарар!» деп зар жылағандарына қарамастан, үш-төрт  өзбектің,  екі-үш  орыстың,  бір-екі  тәжіктің  балалары  да оқи бастады. Орысша оқулық, мұғалім жетіспей, ит-ырғылжыңмен күндер өтіп жатты». Жарты жылдан соң Асқарбайдың кенже ұлы Қалабай  абақтыдан босап ауылға келеді. «Әріпбек бастаған жігіттер Қалабай  ауылға  келген  бетте  болған  жағдайды  егжей-тегжейлі баяндап берді.  ...Қалабайдың  қандай  сиқыр  жасағанын  кім  білсін,  әйтеуір ертеңіне Хамзат Дағаев бұрынғы талаптарынан түгел бас тартып: «Маған артық жер керек емес, өз егістігім өзіме жетеді. Балаларыма да орыс сыныбының қажеті жоқ, баяғыша қазақша оқи берсін», – деген  мазмұнда  мүлде  басқаша  арыз  жазып,  Астанаға  жіберіпті, ауданға  апарып  тапсырыпты...».  Көшіп кеткен Дағаев кек сақтап, бәрібір арызданатынын айтыпты. Кейін ауылға тағы бір комиссия келіп, бәрі бұрынғы қалпына оралады. Күрделі де нәзік тақырыпты ешкімнің шамына тимей шынайылықпен көркем суреттепті Сәкен. Мұның дәлелі жоғарыда келтірген үзінділер.

Автор әңгімелерінің, хикаяттарының кейіпкерлеріне баға бермейді, ешкім ешқайсына мораль оқымайды, ақыл айтып, мезі қылмайды, қандай да ситуацияны қаз-қалпында жайып салып, нақты көрініс арқылы шырқау шегін жеткізеді. Мәселен, «Ғаламтордағы махаббат» - бүгінгі қоғамның, бәлкім бүкіл әлемнің ащы шындығы. Не деген мұң, неткен өкініш, интернеттен тәуелділіктің қаншалықты ауыр дерт екенін адамзат әлі де мойындауға құлықсыз. Осыны ескерткендей автор ғаламторға телмірген жастардың еншісіне бұйырғалы тұрған қайғы, қасіреттен сақтандырады: «Компьютерге тәуелділер – сол шектен асып кеткенін аңғармай қалған байғұстар. Күні-түні осы бір «сиқырлы қобдишаға» шұқшиған олар монитордың ар жағындағы көзге көрінбес айдаһардың өздерін ашқарақтана жұтып бара жатқанын сезбейді де. Бірте-бірте бұларға ғаламтордағы сол «ғажайып әлем» айналадағы нақты өмірден де қызықты һәм артық көрінеді. Олар әлеуметтік желілерде әлдекімдермен пікірлеседі, кейбірімен табысады, қайсыбірімен ұрсысады... Дәлелденген жайт: компьютерге тәуелділіктен адамның жүйкесіне көп салмақ түседі, тез шаршайды, ашушаң, дөрекі бола бастайды. Сөйтіп, басқаша ойлайтындарды барынша келемеждеу, кемсіту, тіпті қоқан-лоққы жасау қалыпты әдетке айналады. Біреуді балағаттаған былапыт сөз жазып, жанына... смайлик қойып, жынына тиеді. Мұндай оспадарлығы үшін оларға ешкім ештеңе істей алмайтынын жақсы біледі, сондықтан да одан сайын құтырады. Егер әлгі «виртуалды түрде жәбірлеген» адамы нақты өмірде, кәдімгі көшеде кездесіп қалсыншы – бұлар қоқиланбақ түгілі, қарсы сөз де айта алмас еді. Әне, осындай «интернет батырлары» шықты бүгінде! Олар үшін ең қауіпсіз де тиімді мекен – компьютер үстелі!».

Сәкен Сыбанбай өмірдің шуағын, тірлік тынысының ашық бояуларын көрсетуге бейім. «Сен қандай тәтті едің, өмір!» - ХХ ғасырда елдің басынан қаншама қасірет өтті, соның бәрінің көзі тірі куәгерінің, «Балаң болса – бағаң өседі, қызың болса – қадірің артады, немере көрсең – несібең молаяды»  деп отыратын Зияда әже ұрпақтарының көңілге қуаныш ұялатып, жаныңды жадыратар сәттерінен жайдарман сыр-күй шертеді. Жүректі тілгілеген қарттар үйін «Үміт үйіне» айналдыруға тырысып, тағдыр тәлейі бір-біріне ұқсамағанымен, еріктерінен тыс осында өзара табысуға мәжбүр кәрі құртаңның «сыртқы қақпа ашылған сайын оған үмітпен телміретін мұңлы көздерге қарауға дәті шыдамас» ешкімнің де. Сонда «Бақытты адам» кім? Дүрыс айтады, «шын бақытты адамның өмірін киноға айналдырса, оны ешкім де көрмес еді. ...Өйткені, шиеленіскен шым-шытырық тағдыр жоқ, іш пыстырады. Нағыз бақытты адамның ғұмыры – сырт көз үшін емес, оның өзі үшін ғана қызық болады. Себебі, шын бақытты өмір – барша рахаты мен ләззаты сол өмірді сүруші адамдарға ғана сезіліп, дала өзені секілді беті ғана шымырлай, тыншып ағады...».

С.Сыбанбайдың «Сенім», «Бесінші палата», «Өмір өтіп барады», «Мәдениетті кісі», «Керемет күн», «Ақырзаман», «Ұры» әңгімелері мен «Рамазан мен Жұлдызай», «Бір шәугім шай» хикаяттары да өмірдің өзіндей шынайылығымен, ащы ақиқатымен баурайды. Бір қарағанда түсінікті де қарапайым жәйттердің астарынан әрдайым бүгінгі заманның небір күрделі түйткілі айқындалып отырады. Және мұны автор күңіреніп емес, әзіл оспақ, ойнақы, жеңіл тілмен зілсіз суреттегенде, күрсіну, алаңдау, мұңаюды оқырманның еншісіне қалдырады. Қаламгерлік озық идеяларын осылай батыл да ашық көтеріп, ішкі позициясын асқан нәзіктікпен, «күй шерткендей күмбірлеп» жеткізеді.

Сәкенді «Ақ желкен» журналында Фариза Оңғарсынова апайдың қарамағында жұмыс істеген шағынан білемін. Сауатты, білімді, сезімтал, спорт па, философия, кино, театр... жоғарыда айтқанымдай, қандай саланы болсын, тереңнен толғап, суда жүзген балықтай еркін меңгеріп, рухани сілкініс жасаған қаламгер ретінде қалыптасқанына қуанып жүретін едім. «Ғаламтордағы махаббат» әңгімелер мен хикаяттар жинағы сол қуанышымды еселей түсті. Қазақ прозасын келешекте Сәкен Сыбанбайдың осы кітаптағы саф ауадай тап-таза, жеп-жеңіл тыныс лебімен толықтыра беретініне сенімдімін.

 

«Сіз де бір...»

 

Көрнекті жазушы Қуандық Түменбайдың «Саябақтағы классикалық әуен» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы «Әдебиет» баспа үйінен жарық көрді. Кітап сүйер қауымға жол тартқан бұл туындыда автор тәуелсіздік кезеңіндегі ұлт мінез-құлқының өзгеруі мен олардың жаңаша тұрмыс-тіршілігін көркем тілмен қызықты баяндайды. Сондай-ақ, Ауған соғысы мен БАМ-ға  барған қазақ жастарының өмірі, желтоқсаншылар тағдырын да қамти отырып, шығармаларындағы кейіпкерлердің жан-дүниесіне барынша бойлап, қоғам шындығын терең суреттейді. Кітап болашақ ұрпақ үшін құнды тарихи дүние болып табылады және оқырманның игілігіне айналары сөзсіз.

Дәл Қуандықтай жүйелі түрде өндіре жазып, қазақ прозасына кәсіби адалдықпен қызмет етіп жүргендер көп емес. Және сол жанкешті еңбегінің лайықты еленіп, тиісті талдау жасалып жатқаны да шамалы. Бұған өзі де пәлендей мән бермейтін сыңайлы. Десек те Қуандықтың әрбір жаңа шығармасы елең еткізіп, қалың оқырманының қызығушылығын тудыратыны анық. Өйткені қаламының сананы сілкіндіре сергітетіндей сиқыры бар әуелден.

Жаңа кітабы «Дүрбі» хикаятымен ашылған. Ешкімге есесін жібермейтін, білгір, тиянақты, ең бастысы, өз ісінің дұрыстығына өзгенің көңілін жеткізе білетін Жолдыбайдың тірлік тынысынан тұтастай бір дәуірдің мазмұнымен танысамыз. Оқиға желісі графикалық сурет сұлбасында әр тұстан шашырай қылаңдағанымен, өзегі ортақ, түйіні мықты, сызығы анық-қанық. Жолдыбай дөрекілеу, басқаша болатындай себебі де жоқ емес, «өзінде балалық шақ деген тәтті кезең болған емес. Әкеден іште қалды, шешесі бас-сирақ пен жеміс-жидек сатып, жалғызын жеткізем деп жүргенде ауырып, көз жұмды. Әдіқұлыққа жетпей тас жетім атанды. Ауыл жұрты он үшке жетпеген баланы ақылдаса кеп мектеп-интернатқа өткізді. Он үштен асқасын жетімхана қабылдап алды. Жарым көңілдердің мекенін төрт жыл үй қылып, он үш пен он жетінің арасындағы бал дәурен балалық шағы социалистік қоғамның ыстық құшағында өтті. Ол жерде көп нәрсеге көзі жетті. Шылым шегуді үйренді, жасы үлкендер жерде жатқан темекі тұқылын тергізіп, «еңбегің бар ғой» деп зорлап езуіне қыстырып, мұрыннан түтін ытқытудың мәнісін түсіндірді. Көкала түтінге көңіл де, көкірек те үйренді, көкіректегі ащы ыза шылым шеккенде жеңілдейтін де сияқты. Біреулер насыбай атты. Олар анда-санда кездесіп қалғанда күлген кезде сексеуіл күлінің табымен  қаптаған күрек тістері сап-сары боп өткен күндерді еске сап тұрады».

Жолдыбайдың намысқойлығы қандай, өздерін «бараны» деген сары орыстың тұмсығына жұдырығы түйіліп, сарт ете қалды.» - Как меня зовут?! - Ты, Джолдыбай... - Не Джолдыбай, а Жолдыбай. Убери букву «Д». ... Әскерде жүргенде, Қиыр Шығыста аса қауіпті қылмыскерлерді күзетті. Сонда бір жыл қолына дүрбі ұстады. Онда көретінің тек бір сурет – тормен қоршалған казарма, сықыр-сықыр еткен темір есік, қолына автомат ұстаған солдат, қасында шоқиып отырған иісшіл ит. Одан әрі қалтасына статья жазылған қара киімді адамдар. Топ-топ боп, аяқтарын бірдей алып сап түзеп бара жатқан тұтқындар. Өмір бойына жазаға кесілген ала киімді адамдар бөлек жүреді. Ала киімділерге бәрібір секілді, оларды өмір қызықтырмайды. Қолдарына кісен сап жұмысқа әкеліп, кісен сап алып қайтады. Осы да өмір ме?». Әскерден Алматыға оралған Жолдыбай да өз өмірі туралы ойлайды, үйленсем ғой дейді, төңірегіне базардан арнайы сатып алған дүрбімен қарай бастады:  «Әне, қара, ана қыз тыр жалаңаш тұр, емшек тартқышын қос анарына абайлап апарып, қолын арқасына тигізіп, түртінектеп түймесін салды. Қос алмасы қандай дөп-дөңгелек. Онан кейін үстіне ақ көйлегін ілді. Әдемі, сәнді-ақ. Жігіт алыстан сұлулыққа көзі тоймай қарай берді. Жиырма бестегі жігіт жасының аржағында құмарлықтың шөлі бар. Ол – еркекке табиғат сыйлаған тағатсыз іңкәр көңіл еді. Ол қызды бетпе-бет көргісі кеп кетті. «Бірақ, кімді?.. Бойым да ортадан төмен, қыздар сұңғақ бойлыларға ынтық, дейді. Терең ойлыларды кім керек қылсың». Жігіт нәпсі мен құмарлық құшағында балбырап тұрғанда әлгі қыз есіктен шығып кетті. «Театрға кеткен болар. Жігіті шақырған шығар. Бүгін күн – жексенбі. Біз қашан еркек боп ұрғашыны биге шақырар екенбіз?» Қыз шығып кеткен бөлмені дүрбімен аралап көрді. Төрт кереует тұр, демек төрт қыз. Төртеуі де қазақ па екен? Алматы мақта-мата комбинатының тең жартысы ауылдан келген қыздар, дейді. Сонда бәрі қалаға қашса... Егінді кім егіп, сиырды кім сауады? Баланы кім туады?».

«Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Түгелбаев Жолдыбай жүйткіген уақыттың куәгері. Желтоқсан көтерілісі, жабылған мақта-мата комбинаты, сатылған жатақхана, дүрбі арқылы ғана көріп сырттай білетін, бір кездегі АХБК-ның жұмысшысы, орденмен марапатталған Жидегүлді Сайын көшесінің бойынан ұшыратып, алғаш рет жүздесіп табысуымен аяқталған шағын хикаят ел, жұртымызға сынақ боп келген түрлі өзгерістен хабар береді. Жолдыбайдың кез-келген әрекеті нанымды, бойында титтей жасандылық жоқ, өзін қорғауы – ұлтын қорғауымен астасып жатады. Тосын да сансыз жаңалықтардың, сатқындық, қатігездіктің, достық, қайырымдылықтың,  эпикалық оқиғалардың бір ғана кейіпкер арқылы жинақталуы сөз жоқ, шеберліктің арқасы.

Бір де бір кейіпкерінен идеал жасамайтыны «соғыстан қой айдап келген Сағындықтың» өткен ғасырдың  ортасында кешкен өмірін өзек еткен «Белдік сатқан» хикаятынан да байқалады. Сағындық «Бүкшеңдеп, әредік еңбектеп келе жатып, талай өлікті көрді. Мына қара, немістің обер-лейтенанты етбетінен түсіп жатыр. Погонын жұлып тастап, көкпеңбек шинелді үстінен сыпырып ап, төрт бүктеп қапшыққа тықты. Қайыс белдікті де қалдырмай шиыршықтап ап, қапшықтың аузын буды, крөшкесі мен темір қасық салынған көне қапшық тырсиып шыға келді. «Тірі қалғаным қалған, енді бөлімшемді тапсам» деп шарқ ұрды. Немістің қолына түсіп қалмай, өзімізге тірі жетсем деп қара жердің бетінде бүкшеңдеп, арқасы көрініп келе жатты. Қапшығында екі шинель мен бір құрым етік. Адам жанкешті, адам қу дүниенің құлы, одан ешқашан құтыла алмайды. Сағындық күн-түн жүріп, өз әскеріне қосылды. Бірақ, бұның аты-жөні өлілердің тізімінде штабқа кеткен еді. Екі күннен кейін тірі қазақты көргенде жаңа командир адам келді-ау деп амандаспады да, аты-жөні қайта тіркеліп, тірі өлік боп қатарда тұра берді». Соғыстың былайғылар біле бермейтін көріністері басында келтіргендей графикалық суреттер тәрізді нақтылығымен көкейде сақталып қалады өшпестей. «Адам өліп, жер құшып жатқан алапатта аман келгеніне «тәубә» деп, армансыз алға шапты. Жігіт басын жаралаған ызаның табы тағы бар. Намыс пен ызаның қайтымы қайта-қайта атқа мініп, өмірге қарсы шабу, әйел жанына ләззат сыйлап, өз жарасын өзі жалау болды. Жігіт жолай Аралға түскенін жұртқа ашып айтпады. Басқалар бас шайқап, «өлді» деп беттерін сыйпаған әруақтың тірі кеп, өзі айдап келген қара қойдың етіне тойғызып жіберген жұртын көз алдына әкелгенде, өмір мені мазақ етсе, мен де білгенімді істедім деп қасарысып қарсы тұрды» белдік сатқан атанып кеткен Сағындық Байболов. Жеңістен кейінгі сүреңсіз жылдары да жүзі жарқын жүрді, «кәкірейтіп үш бөлмелі үй тұрғызып алды. Ауылдағы төбесі алыстан көрініп, «менмұндалап» тұрған жалғыз «шипр там» да осы. Тіпті, колхоз бастық Шегебайдың үйі де отызыншы жылы жаппай соғылған тоқал тамның бірі. Әр кірпішті санап құйып, төртбұрышын тең ғып қалап, қара сылағы мен құм сылағын да өзі ұрды. Бала емізіп болғасын Тікенгүл бар күшін салып кірпіш лақтырып тұрды. Бұл иіліп қағып ап, қиуын келтіріп, қабырғаны қалады».

Қуандықтың туындыларын үзбей қадағалап келе жатқан оқырман бұл жинағының да өзіне тән жаңа үлгіде жазылғанын байқар еді. «Саябақтағы классикалық әуен», «Еркек», «Тақия», «Ашылып жабылған есік», «Жер мен көктің арасы», «Өмір ғой», «Қоңсы», «Көңілдес», «Сыраның қалдығы», «Сиырдың бөлмесі», «Жазушының тұрағы», «Дойбы ойнаған екі әйел», «Жөйіт берген сарымсақ», «Әйел дәрігерінің әңгімесі», «Мылтығы жоқ мерген», «Күзгі сын», «Социализмнің сыбағасы», «Бесіктен бейітке дейін», «Қаралы митинг», «Атуға бұйырылған адам», «Арқа», «Жынды Гүлзада», «Кесел», «Шеге», «Аяз би, Құмырсқа және «Дайдидау», «Тілі ащы әйел», «Иттің тісін жұлған күн», «Шемішке», «Тоқал тамның төбесі», «Темір аяқ», «Қаңғыбас», «Волейболшы әйелдің ақ сүті», «Арқандаулы адам», «Тату жолдас», «Ұлтуар апаның қара орны» әңгімелерінің құлаққа біртүрлі оғаштау естілетін аттарының өзі еліктіріп әкетеді ең алдымен. Әрбір кейіпкерінің жан дүниесіне барынша терең бойлау арқылы қоғам шындығын аяусыз ашып, тас-талқанын шығарады. Жалпы Қуандықтың қаламы сезім сергелдеңі ме, көңіл күйдің құбылмалы сәттері, мінез-құлық түрлері ме, қандай да жәйт, жай-жапсарды түбін түсіре әшкерелеуге бейім. «Көңілдестегі» Ләззат «Жалпақ жауырыннан көз алмай түрып: «Осыны қайдан таптым екен?- деп өкінді. – өзім ғой, мені ешкім зорлаған жоқ». Ештеңеден хабары жоқ күйеуінен туған екі қызы бар, бәрінің алдында зыр-зыр жүгіріп, күн сайын дәмді тамақ пісіреді. «Еркегі көгілдір экрандағы әншілермен көз алдап отыр. Әйелі дүйсенбіні күтіп дөңбекшіп жатыр», көңілдесін ойлап.

Айналсоқтап, алыстан тербеп тергемейді, әңгімелерінің басы, ортасы, соңы – бәрі кульминация. Сірә, сондықтан шығар, оқиға желісі мен кейіпкер әрекеттерінің еш жалықтырмайтыны. Жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырлардың тұтастай панорамасы құрайды әңгіме, хикаяттарының мән, мазмұнын. Заман тынысы, өлшемі, әлде бейнесі дейміз бе, аштық, жоқтық, соғыс өрті ме, тәуелсізбіз деп ұрандатқан соңғы отыз жыл ма... бір жарым ғасырда халқымыз жүріп өткен соқтықпалы, соқпақты, бірде тар, бірде даңғыл, сан тараулы жолдардың іздері ап-анық сайрап жатыр Қуандықтың шығармаларында. Уақыт қойнауында тұншыққан қазаққа қатысты қандай да деректен суыртпақтай сыр шерткенде, жүз, әлде елу жыл бұрынғы ма, бүгінгі күннің бе, нақты көрінісін соншалықты нанымды жеткізеді. Суреттеген кейіпкерлері өмір сүрген барлық кезеңде өзі де бірге өмір сүргендей әсерге бөлейді.

Ал, бүгінгі жай-жапсарымызға үңілгенде, көркем дүниелерінің астарынан ащы шындық шырылдап, қоғамның бүкіл түйткілі ашылады. «Зейнеткер Сұрағанның күндегі дағдысы осы. Көп қабатты үйдің үшінші қабатынан шығып, таяқ тастам жердегі саябаққа келеді. Таңғы шәйін ішіп болысымен қос қолын айқастырып артына ұстап, шырша мен аққайың өскен алаңқайға қарай аяңдайды. Бұрын кемпірін ертіп, «екі жарты, бір бүтін» боп қолтықтасып жүретін. Қазір жалғыз өзі, кемпірін Кеңсайға қоныстандырғалы да үшінші жыл. Бір ұл, бір қыз өз бетімен кетті, сексеннен асқан шал үйге қараған күзетші секілді». Екі немересін іші шымырлап сағынғанымен, олар алыста, атасын іздеп келуді білмейді. «Шәмші сазгердің аяғын айқастырып отырған ескерткіші ашылғалы» мұнда жиі келеді. Сұрағанның көңілі кілт ете қалды. «Оу, мыналар... – деп тіксіне қарады, – Шәмшінің жез мүсіні де індет жұқтырады деді ме екен? Ескерткіш-Шәмшінің аузы-мұрнына біреу тұмылдырық тағып кетіпті. – Балдардың тірлігі ғой. Балдар деп кімді кінәлаймыз? Атасы өзіміз. Олар интернеттен көргенін істейді». Ескерткіш-адамның тұмылдырығын жұлып ап, әудем жердегі қоқыс салғышқа тастап келді. «Мәссаған, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің». Көзім де бұлдырап, бірден көре қоймайды...». Шәмшінің айқасқан тізесінің үстіндегі сидам саусақтарының арасына темекі тұқылын қыстырып кетіпті. «Бұл да балдардың тірлігі ме? Бала да, ересек те бұл әрекеттен құр қалмайды. Жат пиғылдар да қазақ десе тісін қайрап тұрады. Солардың да үлесі бар». Түбіне дейін сорылған темекі тұқылын саусақ арасынан алып, тағы да қоқыс салғышқа тастап келді».

 «Жіп-жіңішке, жібектей есілген» мына «Саябақтағы классикалық әуенді» жұбайы сондай жақсы көруші еді. «Мынау «Смуглянка» ғой. Мына қара, бәрі қаз-қатар сап түзеп алып, ұртын толтыра үрлеп тұр. Міне, үрмелі аспаптар оркестрі. Бәрі қосыла үрлегенде адам жанын толқытар әсем әуен төгілді. Бұлар неге саябаққа келіп ойнап тұр екен?» Себебін «қасынан қараңдап өте берген тапал көршісі Баязит» түсіндірді. Үш күннен кейін қала күні екен, сонда өтетін концертке осы бақта дүңкілдетіп екі күн репетиция жасамақ, негізгі  концерт Абай ескерткіші артындағы ашық алаңда өтпек. «Оркестр енді «Славянкаға» салды. «Прощание славянки». Осы әуенді тыңдаса жүрегі шымырлайды. Соғыс біткесін он жетіге енді іліккен түбіт мұрттарды әскерге алып, бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге жіберді. Әскерше киіндіріп, Киев пен Минскіге апарар көкірегін көмірмен өртеген қара айғыр паровоз сүйреген қызыл вагонға отырғызды. Пұшпақтай жерде тығылысып, қара паровоздың дөңгелек белтемірі қара көмірдің күшімен ырбаң-ырбаң етіп алға жылжығанда бекетте «Славянка» шырқалсын кеп. Донбаста танысқан татар қызы Рәсиманы Алматы вокзалынан күтіп алғанда, «бөлекше киінген бір топ адам пойыздан түскенде үрмелі аспаптар оркестрі осы бір жан толқытар әуенді ойнап тұрды. Құрметті кісілерді гүлмен емес, әуенмен қарсы алу – соғыстан қажып шыққан елдің көңілін көтерген бір дағды еді. Сонда шырқалған «Славянка» теріні түртіп жазу жазған инедей тұлабойын шымырлатып, есінде ұмытылмастай боп қалып қойған». «Ал мыналардың тұрысы» өзіне ұнап тұрған жоқ. «Әнебір жігіт қорбаңдап, жұпар шашып жайқалып тұрған гүл қоршауын қопарып алып тастап жатыр. ...Гүлді қоршаған тарам-тарам темірді тағы бір қарулы қара жігіт бұзып алып, жүргінші жолына қарай лақтырып жатыр. Сол сәт артынан таныс дауыс естілді. Шалт бұрылып еді, әлгінде көрген, Шәмші ескерткішінің қасындағы қоқыс жинап жүрген жігіт екен». Сөйтсе осы жерге концерт тыңдауға келетін әкімнің мамандығы саксофонист екен, бәрі соның бұйрығымен...

 «Шал бұрылып кетті де, биікке қарай өрледі. Тарам-тарам баспалдақты басып, Республика сарайының алдындағы алаңқайға шыққанда көргені – тізе бүгіп еңкейіп, ағаш балғамен алақандай мрамор еден төсеніштерін абайлап ұстап, тық-тық ұрған біреу. Өздері құстың балапанындай шүпірлеп отырып алыпты. «Не болды екен бұл жерге? Еш мүкісі жоқ еді. Онан да анау Абай ескерткішінің тұғырына белесебедпен зырғып кеп айналып түсіп, жаттығу жасап жатқандарға тиым салмай ма? О, тоба-ай! Қос тізесі бүгіліп, жып-жылтыр төртбұрыш плиткаларды қиюластыра алмай ағаш балғамен абайлап ұрған жігіттің қасына кеп үңіле қарады». Іші удай ашып, жүрегі шаншыды зейнеткердің. «Мынау екінші сортты плитка ғой. Бұндай жерге жоғары сортты плитка төселу керек. Цементі де тым сұйық боп кетіпті. Бұрынғы плиткалардың пайдалану мерзімі әлі біткен жоқ еді...».

 Сұраған «құрылыстың майын ішкен кәнігі өзі еді. Осы Республика сарайы біткенде Орталық Комитет құрылыс бөлімінің меңгерушісі болатын. Бірінші басшы құрылыс біткенше ай сайын алып нысанды көзімен көріп, көңілін тоғайтып, көмегін аямай жүрді. Өзі болса, мынау табан тиер мрамор еденді ағаш балғамен тық-тық ұрып, диаметрін сызғышпен өлшеп, өкшесін қайта-қайта қатты тигізіп, бітер істің баянды болуы үшін жанын шүберекке түйді. Сол кезде бірінші басшы, жарықтық, кадр біткенді бақайшағына дейін тексеріп, кімнің қолынан не келетініне көз жеткізіп барып креслоға отырғызушы еді. Осы алып нысан біткесін тірлігі мен тиянақтылығы ұнап, ұйымдастыру бөліміне меңгеруші етіп ауыстырды. Зейнетке де сол жерден шықты, енді естелік айтып, саябақты айналып жүрісі мынау. Шал дегбірі кетіп, алаңды бір айналып, жігіттің қасына қайта келді». Бұл жердің едені әлі он бес жылға шыдайтынын, бұл – СССР-дегі ең сапалы плитка болғанын, қиюынан бит жорғалап өте алмайтынын қанша айтқанымен, «Біздің прораб секілдісіз. Сонан енді құтылғанда... ақыл айтқыңыз кеп тұр ма? «Бұз» дейді бұзамыз, «соқ» дейді соғамыз. Жаңа әкімнің бұйрығы. Бұл жерге ертең концерт қойғанда жаңа әкім кеп жаңа еденді басу керек. Аяқ киімі де жаңа болу керек».- дей ме, ештеңе түсіне алар емес.

Мұның бәрін бәлкім өзі «культуролог» деп ат қойған замандас әріптесі түсінетін шығар,-деп сыр тарта сауал қояды:-Трамвай жолы алынды. Ол біздің дәуірдің көркі еді. Сол қара рельс, төртбұрыш вагон қаланың тарихындай боп жүйткіп жүретін. Мәскеу мен Санк-Петербургтың көркін бұзбай-ақ жүр ғой сол кәрі трамвайлар.  - Сарай алдына төселген плитканы қала әкімі қайта алдыртып тастапты. Қала күнін жаңа еден, жаңа табанмен басамыз, күн-түн демей бітіріңдер, депті. Консерватория бітірген саксофонист. Флейтада да ойнайды» дейді әкімді. Ондайды консерваторияға, мәдениет саласына жібермей ме?

 «- Сіз де бір, қайдағыны айтатын қияли боп кетіпсіз. Ол рельстеріңіз қаш-шан металлом болып сатылып кеткен. Кәрі, кәрі дегенге сіз де бір... -Сіз де бір, орготдел екеніңізді білдіресіз де жүресіз.. Өмір бойына заворг болам деп ойладыңыз ба? Қазіргі әкімнің бәрі социолог, саясаттану ғылымының докторы, адам факторын білсе болды да. Сіз де бір... осылай өткеніңіз өткен ғой. - дейді ол.  Ең соңында - Мен кеттім, әйелім күтіп отыр. Шәй суып қалатын болды. Ертеңге дейін.- деп, бір-ақ қайырды культуролог. Соңғы сөз Сұраған Қасымовичтің «көкірегіне инедей қадалды. Сым тікендер жүрек тұсына кірш-кірш ете қалды. Сол сәт саябақ ортасынан оркестрдің үсті-үстіне аккорд беріп бастаған тәтті әуені естілді де, тұла бойы елжіреп қоя берді. «Мынау «В городском саду» ғой. Матвей Блантердің вальсі. Классикалық әуен». Ол көкірегіне үшкір ине шаншылған күйі селт тұрып қалды. Ұзын бойы сәл иіліп, қос тізесі бүгіліп кетті. «На скамейке где сидишь ты, нет свободных мест» деген Әлібектің даусы құлағына естілді. Сұраған әткеншек жанындағы көлденең тұрған жалғыз орындыққа қарады. Бос жер жоқ. Бірінің үстіне бірі шығып, жастар иін тіресіп отыр. Түбіт мұрт шалқалап, көкірегі түртиген қыз етбеттеп, шөп-шөп сүйісуде. Қастарындағы қыз темекі түтініне қақалып, жөтел қысса, тағы бір түбіт мұрт қалта телефонмен аузына келгенін айтып, орысша боқтаудан шаппай бәйге алып отыр. Шал жүрек тұсына оң қолын қойып, не де болса орындыққа қарай кібіртіктеп аяқ басты. Саябақтағы үрмелі аспаптар оркестрі әуенді қайырып-қайырып тастап, төбе құйқаны шымырлатса, «На скамейке где сидишь ты, нет свободных мест, В городском саду играет духовой оркестр» деген сөздер көкірегін құрт боп шұқып жеп барады. Орындықта бос орын жоқ. Бұрын ымырт жабыла, қайтар жолда дәл осы орындықта жанжары екеуі дем басып, бүгінгі қыдырыстарының қалай өткенін бағамдап, саябақта өскен тал-терек пен жапыраққа сүйсіне көз салып, орындарынан тұратын. Жұбайы отырған жерде әнебір қаракөз қыз иіліп, бүгулі тізесіне сүйір иегін тақап, барынша талтайып, қып-қызыл қарлығаш-лыпасын жарқыратып отыр. «Ең болмаса, аяғын жиып отырмай ма?» Сұраған көз алды тұманданып, орындыққа қарай тағы бір аттады. Оның бар арманы – бүгін қыдырыстап қайтқанын, көп нәрсе көргенін, саябақтан классикалық музыка тыңдағанын жайбарақат отырып іштей тіл қатып, жанжарының рухына жеткізу еді. Орындықтан бір тұтам жер тисе жаны рахатқа бөленер еді. «Енді қашан, енді... Ешкім орнынан тұрмады. Шал шалқалап құлай берді...». - «Саябақтағы классикалық әуен» бір деммен жеңіл оқылады. Трагедия, сатира, лирика, элегия – бәрі бар мұнда. Соншалықты шынайы, түсінікті, өйткені бұл – біздің күн сайын, жыл сайын кешіп келе жатқан тірлігіміздің түрі, аға ұрпақ өкілдерінің «бұлқынып, ноқталарын сыпыра алмай жүрген»  сипаты, «өкінішке орай, бұл аптада ешкім індеттен көз жұмған жоқ, - деп қасқайып тұрып коронавирус індетінен кісі өлімі болмағандығына күйінетіндей сөйлейтін тележурналистердің, жастарымыздың «бір ауыз сөзді он ауыз ғып сауатсыз сөйлемдермен зықыңды шығаратын» интернетке телмірген...оның, сенің, менің, бәріміздің бет-бейнеміз және мінсіз, «сапалы төселген плитканы» басқаны да...  алдырып тастап, орнына «екінші сортты плитка» төсеуге мәжбүрлеген әкімнің де ұсқыны. (Қызық, көзалдыма күні кеше Алматыдағы Атакент көрме орталығының қақ алдында орнатылған 12 метрлік мүсін келді. Тұсаукесерін өткізіп, «Біз оны құрастыру үшін 7 тонна металл, 3,5-4 тонна ағаш жұмсадық. Сондай-ақ, дәл осы мөлшерде сабан кетті. Бұрандама, торлар барлығы 12- 13 тоннаны құрайды, 23 миллион теңге жұмсалды...» десті). Қуандық небір қиын түйткілдерді уақыт өлшемі мен адамның ішкі жан сырына бағындырып, ауыр дертке шалдыққан биліктің, қоғамның шындығын ашады. Халықтың, үкіметтің қаржысын оңды-солды шашып, ойларына не келсе, соны істеген ақылсыз, мисыз әкім қара деп, шыр-пыр болмайды біз сияқты, түрлі-түсті майлы бояудың құпиясын меңгерген суретшідей реалистік кескіндеме ұсынады. Әлдеқашан қалыптасып, пісіп жетілген қаламгерлік қолтаңбасымен проза жанрына өзгеріс енгізген Қуандықша жазудың үлгісі жаңа кітабынан да байқалады. «Сіз де бір, қайдағыны айтатын қияли боп кетіпсіз»» деп таңырқай ренжіген кейіпкеріндей біз де бір... Қуандық Түменбайдың әңгіме, хикаят, романдарын әлдеқайда тереңірек талдауға болар еді.

 

(жалғасы бар)