
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Mecenat.kz әдеби байқауының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті, оған Freedom Holding Corp. компаниясының еншілес компаниялары демеушілік көрсетті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Байқау төртінші рет өткізіліп жатыр. Оған қатысуға 21 қолжазба берілді, оның 9-ы қазақ тілінде, 12-сі орыс тілінде болды.
Жеңімпазды таңдау mecenat.kz. сайтында қорғалған халықтық дауыс беруі арқылы жүзеге асырылды. Осы маусымда 1738 дауыс қабылданды.

Үздік деп танылған Дидар Амантайдың «Махаббат жыры (Ғашықтар)», Әлихан Жақсылықтың «Тургенов көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды», Есенғали Садырбаевтың «Повелитель хищник птиц», Жағыпар Егізбаевтың «Күздің 14 сәті», Нұрайна Сәтбаеваның «Мухит идет за светом», Сейітжан Спановтың «Свадьба младшего брата» романдары ақтық сынға шықты.
Байқаудың 4-маусымының жеңімпазы болып Ақтөбе қаласының жас жазушысы Әлихан Нұрбергенұлы Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты романы танылды.
Жазушыға қазақстандық «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясының 500 АҚШ доллары мөлшерінде (төлем сәтінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша теңгемен) өмір бойы ай сайынғы ерікті аннуитеттік сақтандыру полисі табыс етілді.

Жобаның меценаты — белгілі қазақстандық кәсіпкер әрі филантроп, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Жобаның негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков «Mecenat.kz» жобасының мақсаты - қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, халық арасында оқуға деген қызығушылықты арттыру, жазушылардың кәсіби тұрғыдан өсуін қолдау және олардың шығармаларын халықаралық кітап нарығына жылжыту екенін айтып өтті.
Алдыңғы жылдары бұл марапаттың иегерлері:
2022 жылы - «Күлпет» романымен Шархан Қазығұл,
2023 жылы - «Өлгендер қайтып келеді» романымен Тұрысбек Саукетаев,
2024 жылы - «Өмір бәйтерегі» романымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан болды.