«Болашақ» бағдарламасы бойынша Калифорния Дэвис университетіндегі тағылымдамамыздың кезекті ғылыми экспедициясы – ертегінің атасы, шығармалары әлем тілдеріне аударылған, балалар жазушысы Ганс Христиан Андерсен мұражайына бағытталды. Көзі тірісінде алып құрлық Америкаға аяғы тимеген жазушының бұл жақта осындай мұражайының болуы біздің қызығушылығымызды оятты.
Ганс Христиан Андерсен (1805-1875) – әлем балалар әдебиетіндегі орны ерекше тұлғалардың бірі. Ол Данияның Оденсе қаласында қарапайым кедей отбасында дүниеге келіп, балалық шағында көп қиыншылық көргенімен, өзінің қиял-ғажайып әлемі арқылы әлем әдебиетіне үлкен жол тапқан жазушы. Шығармалары XIX ғасырдың ортасынан бастап әлем тілдеріне аударылып, Еуропа мен Азия халықтарының балаларына ғана емес, алып құрлық Америкаға да жеткен. Оның ертегілері жай ғана балаларға арналған жеңіл хикая емес, өмірлік философия, адамгершілік, ізгілік, үміт пен арман бейнеленген күрделі туынды десек те болады. Ертегілеріне әлемнің атақты суретшілері иллюстрациялар жасап, кейіпкерлері сөзбен ғана емес Диснейдің қаһармандарына айналған. Америкалық баспалар мен педагогтер Андерсен ертегілерін балаларға адамгершілікті, қиял-ғажайыпты және шығармашылық ойды дамытуға арналған құнды құрал деп қабылдап, әлем әдебиетінің ортақ қазынасына айналдырған.
Жазушының Америкада танылуының тағы бір себебі 1952 жылы Голливуд түсірген Hans Christian Andersen атты мюзикл-кино (басты рөлде Дэнни Кей) болды. Одан кейін Уолт Дисней студиясы түсірген анимациялық фильмдер оның кейіпкерлерін әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне айналдырып жіберді. Тіпті қазірдің өзінде, ХХІ ғасырдың ең табысты анимациялық фильмдерінің бірі – Frozen мультфильмі жазушының «Қар ханшайымы» ертегісінің желісімен түсірілгенін көпшілігіміз білеміз.
Андерсеннің шығармаларының Дисней сахнасынан көрінуіне актер әрі аудармашы Жан Гершолттың (Jean Hersholt 1886-1956) ықпалы зор болды. Ол Дания мемлекетінде туған, бірақ кейін Америкаға көшіп, Голливудтың танымал актеріне айналған. 1949 жылы Андерсеннің 168 ертегісін ағылшын тіліне аударып, «The Complete Andersen» деген атпен жарыққа шығарады. Жан Гершолттың тағы бір ерекше атап өтетін еңбегі, ол Андерсеннің қолжазбалары мен сирек кітаптарынан коллекция жинаған. Кейінірек ол АҚШтың Конгресс кітапханасы (Library of Congress) қорына өткізіліп, қазіргі таңда Андерсен архивтерінің әлемдегі ең ірі қоры болып саналады.
Ганс Христиан Андерсен мұражайы АҚШтың Калифорния шататының орталығындағы Солванг қаласында орналасқан. Бұл қала ХХ ғасырдың басында дат иммигранттарының қоныс аударуымен қалыптасқан. 1911 жылы Даниядан көшірілген бір топ дінтанушылар мен мұғалімдер ауылшаруашылығына қолайлы жер деп осы өңірді таңдап, қоныстанады. Ауылшаруашылығымен ғана айналысып қоймай, бірте-бірте дат архитектурасын, ұлттық дәстүрін, тағам мәдениетін, халықтық мерекелерін ендіре бастайды. Уақыт өте келе Солванг қаласы «Кішкентай Дания» («Little Denmark») аталып кетеді. Шын мәнінде осы қалаға келуші туристер Американың емес, Скандинавия рухын жаңғыртқандай сезімде болады.
Дат халқы бұл жерге орнығып, өз архитектурасын тұрғызып қана қоймай, Данияның әдеби-мәдени мұрасын да насихаттауды қолға ала бастайды. Бұл жолда, әрине, Дания әдебиетінің, мәдениетінің символына айналған Андерсеннің шығармалары Америкада дат ұлтының бейнесін нығайтудың табиғи жолы болды.
1970 жылдарға таман Солванг қаласы өзінің архитектуралық ерекшелігімен туристік қалаға айнала бастайды. Туристерді тек еуропалық үлгідегі ғимараттармен ғана емес, дат халқының мәдениеті мен әдебиетімен де таныстыру мақсатында ерлі-зайыпты Кети мен Гэри Муллинстер өздерінің шағын кітап дүкенінің екінші қабатын Андерсеннің мұрасын дәріптейтін арнайы орынға айналдырады. Олар бұл бастаманы «халыққа арналған махаббат» жобасы деп атайды. Себебі мұражай коммерциялық емес, мәдени-ағартушылық миссияда құрылады. Қазірдің өзінде мұражайға кіру тегін. Мұражай ретінде ресми түрде 1976 жылы ашылып, Андерсеннің өмірі мен шығармашылығына арналған көптеген экспонаттар мен экспозициялар жинақтала бастайды. Қазіргі таңда мұражайдан: Андерсен ертегілерінің сирек басылымдарын, шығармаларының иллюстрациялары мен көркем суреттерін, кейбір жеке заттары мен көшірмелерін, бірнеше мүсінін көруге болады. Тіпті балаларға ертегі оқуға арналған кітап оқу бұрышы бар. Мұны туристер мен әдебиет сүйер қауымға арналған дәрістер, көрмелер, ертегі оқу сағаттарын өткізетін орын деп қана емес, Андерсен шығармашылығын тірі күйінде насихаттайтын білім беру кеңістігі деп те атасақ болады.
Солвангтағы мұражайдан бөлек, АҚШ кітапханаларында жыл сайын Андерсен күндері мен ертегі оқу фестивальдері ұйымдастырылып тұрады. Андерсен шығармалары Америка мектептерінде бала тәрбиелеу, оқыту әдістемесінде жиі қолданылады. Педагогтер мен психологтар оның ертегілеріндегі символдық бейнелерді бала бойындағы адамгершілік қасиеттері қалыптастыру мен бала қиялын дамыту құралы ретінде пайдаланатынын да байқадық.
Солвангтағы Андерсен мұражайы – Еуропадан тыс құрлықтағы жазушы мұрасының ең ірі орталықтарының бірі. Өзі өмірінде көрмеген елде шығармаларының дәріптелуі, кейіпкерлерінің тәрбие құралына айналуы, мәдениеті, тілі бөлек жерде ертегілерінің жалпыадамзаттық рухани күш ретінде сіңіп кетуі әдебиеттің белгілі бір қалыпқа сыймайтындығының, шекараға бағынбайтынының дәлелі. Андерсеннің өзі болмаған құрлықтағы іздері – оның шығармаларының шекарадан биік екендігін, бір ғана жазушы бір ұлттық айнасы бола алатындығының жарқын көрінісі.
Жаңагүл Саметова,
PhD доктор,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты,
Калифорния университеті, Девис, АҚШ