ӘДЕБИ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ.МАҒИРА ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ БАЯНДАМАСЫ – 1

2021 жыл: Көркем шығармалардың жаңғырығы

 

«Күйем, сүйем дегенінің бәрі өтірік»

 

Бақыт Мерекенованың әңгімелері, эсселері топтастырылған «Замандастар» атты жинағы «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС-нан 2021 жылы жарық көрді. Кейіпкерлерін іс, әрекет жағдайында психологиялық барлау арқылы зерттейді. «Күдік» әңгімесінде бұл нәзік иіріммен жалғасады. Қойларының арасында жалғыз қоңыр қозының жоқ екенін байқап, іздеп шыққан Батиха ауылға сыйлы Үлкен апаның «еңселі үйіне» жақындап, имене тіл қатқанда, «дағарадай ақ жаулығы көзге бірден шалынып, ірі денелі еңселі кемпір» жоғалған қозының құлағының тілігі жаңа ғана қарақотырланып, сол аяғын сылтып басатынын, аздап ақсаңдайтынын, тіпті басындағы шөкімдей ғана ақ төбеліне шейін білетін боп шықты. Автормен қоса біз де қуанып, осында екен ғой, ендеше тұра берсін деп те үлгермейміз: «Әй, қатын, сен өзі күмілжуіңе қарағанда менен күдіктеніп тұрғаннан саумысың?! Немене, байқамай қалатын су қараңғы соқыр деп пе едің?! Құдайға шүкір, жердің түбіндегіні көретін көзім бар, ол қай сасқаның, шырағым!? Немене, мен мына аппақ шашыммен, алпыстан асқан жасыммен, пайғамбар жасына келіп қартай­ғанда өтірік айтады деп пе едің?! Осы жасқа келгенше көлденең жатқан көк таяқты олжа көрген жан емеспін, біреудің ала жібін аттамаған адаммын, ал сен, не бықсытып тұрсың, менен күдіктеніп тұрсың ба, пәтшағар!?». Сонда қалай? Жағдайдың мәнісін ұққанға дейін кейіпкердің де, оқырманның да көкейіндегі күдік бір сәт те сейілмейді. Басынан соңына шейін диалогқа құрылған әңгіменің күлкілі тұстары да жетерлік, жеңіл юмор, зілсіз сатира бар. Ең бастысы шынайы өмір бар, сондықтан да жеңіл оқылады.

«Менің күшігім Ақтөс, және қызыл тракторым» - жасөспірімдердің мөп-мөлдір жан дүниесін тұма бұлақтың сылдырындай жайып салады. «Сүйкімді күшіктің емес, бүкіл әлемнің билеушісіндей маңғазданатын» Ерухан балақайдың балдай тәтті бейнесі өзі құрпылас достарымен қарым-қатынасында, апасы екеуінің арасындағы өкпе, назында жан-жақты ашылады. Автор балалардың тілін, психологиясын жақсы біледі, қандай да әрекет, қылықтары нанымды, титтей жасандылық жоқ. Апасының «алыс түкпірдегі шағын ауылдан» қонаққа келген туыстары, өзімен жасты Сейіттің алғаш келгенде күшігін, кейін қып-қызыл ойыншық тракторын бұның рұқсатынсыз алып кеткені әңгіменің мазмұнын құрайды. Мазмұнымен қатар Еруханның балаң жасына сай өзгерістер, арман, қиялы, мұңы, өкініші сондай бір сүйкімділік ұялатып, Шерхан досының мінез, қылықтарына шейін жаныңды жадыратады. 

«Күмістің әңгімесі» - анасынан он жасында айырылғаннан былайғы тірлігінің азапқа толы тағдырынан сыр шертеді. Неткен безбүйректік: «- Әй, қу жетім! Шелекті даңғырлатпа, менің қыздарымның ұйқысын бұзасың, жайлап құй! - Әй, қу жетім, самаурын қой, балалар оянды, дастархан жайып шай қой. ...Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, топ-толық тығыршықтай қараторы қыз үш жылдың ішінде ап-арық қатқан қара қыз болдым. Үй жұмысынан бас көтермейтін болғандықтан оқу үлгерімім де нашарлап кетті. Менің осы қиын жағдайымды анамның бұрынғы досы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марпия апай байқап жүрген». Небір қиындықтан осы кісі құтқарады. Күмістің «енді ғана бақытты отбасы болдық» дегенін естіп, оған деген құрметі арта түскен автордың: «Алла ауыр сынақты сүйген құлына ғана береді, сен Жаратқанның сүйген құлысың, – деп Күмістің ашық-жарқын жүзіне қызыға қарағанындай», оқырман да оптимистік сезімге бөленеді.

Бақыт Мерекенова әңгімелерінің тақырып аясы кең екенін «Ең соңғы қоштасудан» да аңғарамыз. «Жазылмайтын ауруға шалдыққан» алпыс төрт жастағы «Анардың жаны нұр сәуленің арасында тоқтаусыз ұшып бара» жатқанына дейінгі кешкен арпалыс сәттері ешкімді бейжай қалдырмайды, мұңға батырып, тәубеге келтіреді, өмірдің ащы шындығымен беттестіреді.

Соңғы курста оқып, диплом қорғауға дайындалып жүрген, күйеуінен ажырасқан, емшектегі сәбиі бар, «Жасанды махаббаттағы» Сара кешкен жағдай талай қыз, келіншекке таныс шығар. Әйелі қайтыс болған, алпысқа жақындаған профессор, жетекшісі Ринат Байболатовтың ой, өресі әңгіменің ең соңында ғана  белгілі болады. Әңгіменің шарықтау шегі: «...Сәлден соң көлдей орамал жабылып, Сараның төсегіне жақындады. Алдымен басындағы паригін шешті, шашының ортасы таз екен. Сара көрпеден сығалап көріп, шошып кетті. Сонан соң алмалы-салмалы тістерін алып, стақандағы суға салып, Сараның жанындағы төсекке жақындады. Сара улы жылан жақындағандай орнынан атып тұрды». Кемсеңдеген тіссіз кемиегі, тақыр басының әр жеріндегі селеу шаштары қандай біртүрлі еді, жә, бұл де ештеңе емес, кешірім сұрап, Сара түн ортасында жатақханасына кетті, душтан жаңа шыққанын сылтауратып, шығарып сала алмайтынын айтып қала берген жетекшісі. Дипломын қорғау кезінде «басқалар құптағанмен, Ринат ағайы қарсы болып, жұмысын қабылдамай тастады. Сыртқа жылап шыққан Сара құрбысы Алияға қыстыға сыбырлады. – Мен сені күйем, сүйем дегенінің бәрі өтірік. Жасанды тіс, жасанды парик сияқты бұл кісінің маған деген махаббаты да жасанды махаббат!». Мойындамасқа шара жоқ, еркектік өресінің жеткен жері...

Тілі жатық, оқиғалары тартымды, оқырмандарын тәнті етіп, бірден баурап алатын кітаптағы әңгімелерінің басым көпшілігі диалогқа құрылған. Оқиға желісін шымыр да шебер дамыту мен көркемдік көкжиегін кеңейтіп тұрған да осы диалогтар. Репликаларының алмасуы кейде автордың ойларымен үндесіп, түрлі сезім, көңіл күй сәттерін табиғи да нанымды жеткізуіне, кейіпкерлерінің бір-бірін ұғынуына ықпал етеді. Бақыт Мерекенова жоқтан бар жасауға тырыспайды, адам баласына тән қарапайым жәйттерді қазақтың қоңыр әуеніндей биіктетіп, өзінің қаламгерлік деңгейінде шырқап келеді. Оның туындыларына әр жылдары халқымыздың белгiлi жазушылары Сафуан Шаймерденов, Оралхан Бөкеев, Әзiлхан Нұршайықов, сыншы Сағат Әшiмбаев, ақын Мұхтар Шаханов, ұстазы Әбiлфайыз Ыдырысов, Ілияс Жансүгіровтың ұлы Саят ағамыз назар аударып, жоғары бара берген.

 

«Қуанышы кем, қалтасы тоқ тіршілік»

 

Детектив жанрына қалам тартушы, жазушы, журналист Зияш Телеуованың «Тірі өлік» атты романы «Дәуір» баспасынан 2021 жылы жарық көрді. Шытырман оқиғалы хикаяттары оқырман назарын жақсы мағынада дереу тұтқындап, баурай жөнеледі. «...Бес жүз орындық залдың іші гу ете қалды. Не болды  екен деп, солай бұрылғанда, тойхананың қабырғасы тұтас ашылып,  тұрқы ұп-ұзын лимузин сырғып келеді екен. Ол үйленгенде мынадай көлік болмаған болар-ау. Әйтпесе, байлықтың ортасында отырған банкир қызынан несін аясын. Демек, ол атасынан да асып түсті. Әне, желегі желбіреген қалыңдығын құшағына қысып, мәз-мәйрам Мерейі келеді. Жан- жақтан от шашу шалды, тойшылар гу-гу». Алайда Мерейдің әкесі, қаладағы екінші дәрежелі банктің бас банкирі Бағлан Құттыбаевичтің қабағы ашылар емес, «көл- көсір  дүниенің ортасында жүрсе де, жанын жеген жалғыздықтан, өзін түсінетін бір пенденің жоқтығынан шеттеп қала беретін. Осы кезге дейін ешкіммен ақтарыла, ағынан жарыла сырласып та көрмепті. Сонда бұл қандай тірілік?! Қуанышы  кем, қалтасы тоқ тіршілік». Оқиға асқан жылдамдықпен дамиды. Бас банкир көпірден ұшып, мерт болады. Жығылғанға жұдырық дегендей, көп ұзамай банктің бөлім меңгерушісін саяжайында атып кете ме, атылып өле ме, өлі күйде табылады. Жаман хабар жерде жата ма, қала іші ию-қию, ың-жың. Қылмысты аяқ асты аша салуға құқық қорғау органдары да дәрменсіз.

Шығармада түрлі құйтырқы оқиғаларының  қыртысын ақтарып, қиындығын кешіп жүрген тергеушілер қызметінің қыры мен сыры нанымды суреттеледі. Автордың бұл саланы өте жақсы білетінінен болуы керек, тарау-тарауға бөлінген оқиғалар тізбегі титтей де жалықтырмай, кәдімгі кино лентасындай қызықтырып, енді не болар екен дегендей есіңді кетіре еліктіреді. Зияш Телеуованың жазушылық жаңалығы да осы төңіректе, шытырман оқиға құрудың түрлі тосын тәсілдерін шеберлікпен ұсыну барысында айқындалады. Бұған қоса автордың детектив жазуының өзегінде шым-шытырық жәйттерді тізіп шығу емес, қылмыскер, тергеуші, куәгер ме... солардың сұлбасындағы адам тағдырының қатпар-қатпар жолдары мен соқпақтарының ізі сайрап жатады. Оқыс оқиғалар барысында тағдыр талқысына түскен өмір қисындары, қанша жыл өтсе де сөнбеген сезімдерінің сергелдеңге салуы, туындыны оқыған оқырманды елең еткізіп, ерекше толғандыратыны сөзсіз. Өзекті өртейтін өкініші, мұңы, арман, тілегі, қуанышы, сенімі бар әр кейіпкерінің, сондықтан да өміршең Зияш Телеуованың кезекті кітабы.

 

«Бәрін де шетінен қағып тастап...»

 

Детектив жанрында талмай еңбектеніп келе жатқан Бағдат Қалаубайдың «Үшінші сүріну» повесі «Нұрлы әлем» баспасынан 2021 жылы жарық көрді. Автор алдымен оқырман сауалдарына аз-кем жауап беріп, «оқиғаларына сенесіз бе, шығармам қызық па әлде қызық емес пе?» деп, пікір бөлісуге шақырады. Аннотацияда атап өтілгендей, кейіпкерлері таныс, бұрын шыққан «Үзіктер» повесінің заңды жалғасы. Оқырман сондағы тергеуші Наурызхан Шораев, қылмыс ұясының басқарушысы Қияқ Қиқымовпен, басқа да кейіпкерлермен қайтадан ұшырасқанымен, оқиғалары тартымды өріліп, шынымен де қызықтыра алға жетелейді: «Отызында орда бұзғанына»  сенген басты кейіпкер Қияс «найзағайы ойнаған бұлтты күркіреген, дауылды да жауынды екпінімен қырық жасында қыр асқанына да күдіксіз иланған. Сол өрекпіген көңілін ешкім баса алмастай тасынған ол жолына көлденеңдегендердің бәрін де шетінен қағып тастап, кеуделей қақ жарып келе жатыр еді». Кенеттен Құйын атанған тұлпарынан айырылып, достық пен қастық, қызғаныш, сатқындық, жауыздықтың бірі екіншісінен өткен сұмдықтары белең алады. Бір қылмыс екінші, үшіншісін... балалатып, сандарынан жаңылыстырады.

Шиеленіске құрылған шытырман жәйттер сюжетінің шымырлықпен табиғи өрбуіне ықпал еткендей. Оқырманын жалықтырмайды. Баяндауы диалогтарымен үндесе қиюласып, оқиғалар бір-бірін толықтыра жалғаса береді. Қылмыстардың анатомиясы, ашылу сырларының арасында кейіпкерлерінің аянышқа толы тірлік тыныстары шынайылықпен бейнеленген.  

 

«Аспантау асырып, сатып жібергілеріңіз келеді»

 

Белгілі жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби және Қазақ ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты Қуаныш Жиенбайдың «Бөгет бұзылған күн» жинағына («Дәуір» баспасы, 2021 ж.) әңгімелері мен романы топтастырылған. Шығармалардың өзегі - өзіміз күнде мидай араласып жүрген замандастарымыздың жан дүниелеріндегі арпалыс сезімдері, психологиялық пайымы, қысқасы күрделі уақыт шеңберінде өмір сүріп жатқан кейіпкер әлемінің қам-қарекеті. Әңгімелерінде ситуацияны құрып, сюжетті дамытуы анық та қанық, ұзақсонар баяндау жоқ.  «Айыпкердегі» Тойбазар мен Нөкербек те солардың қатарында. «Мына қызықты көрген кім бар, кім бар-ау?!», ойпырай, ә, дегеніңше, айналасындағылармен бірге таңғалғаның сап тиылып, бірінің екіншісіне жасаған ұсынысынан тірліктері өзгеріп жүре береді. Кімнің кімге қатігездік жасағаны белгілі ғой десек те, автордың кейіпкерлер қақтығысын көлденеңдете бермей емеурінмен нәзік жеткізуі «Айыпкер» белгілі болғанда, айыпталушы кім, зардап шегуші ме, айыпкерден оның қандай айырмасы бар, кім өзі дегендей тосын сауал, міне, әңгіменің түйіні. Оқырман көкейінде қандай жағдай кешсек, соған лайықпыз-ау, кінәні өзгеден емес, өзіңнен ізде дегендей пікір ұялайтындай ма, қалай өзі...

 «Бөгет бұзылған күн» әңгімесіндегі қарт капитан Әбдіғаппар Жұмасұлтанов ғасыр қасыретін, тартылған теңіздің өкініш, мұңын арқалаған жан. Адалдықтың, әділдіктің, қайтпас қайсарлықтың, өзінен кейінгілерде мүлдем жоғалуға айналған қадыр, қасиет иесі. Осындай мінез, қылығымен төңірегіне ұдайы ыңғайсыздық туғызады да жүреді. Ішкі азаттығы алапат, ешкімге иілмейді, бүгежектемейді. Ұлы Жасұлан, келіні Клара, «түйетауықтың ғана бұрыш қосылған сорпасын ішуге» келген қонақтар, шетелдік бизнесмен, тағы-тағылардың «Кіші Арал» көтерілсе теңізге қайта шығуға» жасау-жабдығы дайын, «тірі адамның тырнағын тигізбеген» «Авангардтың» капитаны Әбдіғаппармен қарым-қатынастарынан өрбіген оқиға желісі шырқауға шығандап, кілт аяқталады. «Тартылған теңізден қалған жалғыз ескерткіш-экспонат – Авангард кемесі еді» дейсіздер. Ал ыңғайы келсе, оның өзін бөлшектеп, аспантау асырып, сатып жібергілеріңіз келеді. Менің түсінігімдегі экспонат, әне, Жасұланның әкесі – «Авангардтың» қарт капитаны!». Дюссельдорф металлургия комбинатының менеджері Рехард Гейдельбергтың Көнебөгенге «барғанда тапқан басты пайдасы» осы екен! Бірақ мұны түсінер біреу табыла қояр ма екен біздің ортамызда?! Ал «Арал өңірінде бұрын-соңды болмаған секундына отыз метр жылдамдықпен тәулік бойы қара дауыл соқты. «Кіші теңіз» ұлтанына жиналған ағын су құдіреттің күшімен Көкарал бөгетін жырып өтіпті. Қарт капитан содан бері төсек тартып, жатып қалыпты деседі...».

Осындай драматизмге тұнған әңгімелерінің тілі жатық, қолдан қиюластырылған жасандылық жоқ, кейіпкерлері де өзгеше сыр сипатта сомдалып, Қуаныш Жиенбайдың дарияның толқынындай тербеле әбден айқындалып үлгерген қолтаңбасына деген ілтипатымызды «Ол сапардан оралмасын білген-ді» романы одан әрі арттыра түскендей. Ең алдымен жаңалығымен, тақырыбының өзектілігімен құнды. Панорамалық кеңдік, эпикалық мазмұн, танымдық-ғылыми мән, трагедиялық қалың астар бар. Мұны үзінділер келтіре отырып, жан-жақты талдауға болар еді сыншыларға. Темір жол рельстеріне шейін жаны бар сияқты елеңдетіп, қашан аяқталғанша жұмбағы мол космодром аймағының тылсымы бұған дейін айтылып жазылмаған сирек үлгіде сананы оятып, сезімді тербейді. Қысқаша қайырсақ, «Бөгет бұзылған күн» - ұлттық рухани сұранысқа жауап беретіндей қауқары мықты, қанатын алысқа сермейтін, ауқымы кең кітап.

 

«Жердің астында нең бар?..»

 

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Жер жүрегі» әңгімелер мен хикаяттар жинағы («Әдебиет» баспа үйі, 2021) Әңгімелері тартымды, тақырыбы сан алуан. Аңызға құрылған «Алтынның буы мен уы» Қарғабайды бүкіл тірлігінен, бала-шағасынан, төңірегінен алыстатып, ақыл есінен адастыра адам танымастай өзгертіп, бір түйірін бермеймін деп аласұрғанда, «екі оқжылан атылып келіп екі көзіне ұп-ұзын қып-қызыл екі айыр тілін оқтай қадап, сора жөнелгенде жаны үзіліп кетеді». Тәрбиелік және танымдық мәні оқырманын қалың ойға батырады. «Алтындертке ұшыраған екен ғой» деген сөздің астарындағы қауіп, қатерді тереңірек ұғынып, дүниеқоңыздық пен тойымсыздықтың өзіміз куә боп кешіп келе жатқан кешегі, бүгінгі көріністерінің нәтижесіне алаңдайсың. «Елес» әңгімесі де шынайылығымен, авторлық оқыс шешімімен баурайды. Курстасы Миятханның «қыз-қырқынға өтімділігінің» нендей жағдайға ұшыратып, бұдан Нариман досының қалай құтқарғаны, тіпті дуаны қайтаруына шейін нанымды іс, әрекет үстінде суреттелген. 

Тілі жеңіл, қызықты оқиғалардан тұратын шығармаларының ішінде  «Жер жүрегі» повесінің жүгі ауыр, оқиғасы шымыр, сюжеті тартысқа, қым-қуыт қайшылыққа толы. Бас кейіпкердің «әкесі есін білер-білместе дүние салды. Жасынан оқуға құмар әкесі ұлы туғанда қауынша жарылып, болашақта баласы асқан ғалым болса деп атын «Ғалымжан» деп қойыпты. ...Алатаудан елу шақырым жердегі шойын жол станциясында оқып, ержетті. Шешесі қайтып күйеуге тимеді, жалғыз ұлға сиынып, тіршілігін істеп жүре берді». Ұлы «диплом алып келгенде қуанғанын айтпа. Екі жыл қазақ жерінің тау-тасын кезіп, геологиялық партияда жүрді. «Қаңғыбас жүліктермен жүріп, бұзылып кетесің» деп шешесі зарлап жүріп Алматыға алдыртты. ...Геология-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер» болды. «Бекітіп алғанмен қорғай алмай жүрген диссертациялық тақырыбы: «Алтай өңірінің кен-қазба байлығы». Оны бекіттіргенде институт директоры шойын қара бастығына оқытқан.- Сен бала басқа тақырып таппадың ба? Жердің астында нең бар, үстін зерттеп алсаң да жетпеді ме? – деп жақтырмай зіркілдеген». Иә, не көрмеді Ғалымжан жас кезінде, бірақ қалағаны орындалып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еді ғой! Сөйтсе...

«Үш ай ғана өмірі» қалғанын естігенде, «жүрегі тастөбесіне шығып, өңі қураған шөптей қуарып, сылқ ете түскен» Ғалымжан Жартыбаев небәрі қырық бес жаста. «Екі адым жер жүре алмай, тіпті арқаны жастыққа тіреп отыра алмай, қақайып, серейіп кепкен теректей қатып-семіп жатқаннан артық қорлық жоқ шығар?». Өмірін ұзарту үшін «қанша десе де төлеуге» дайын, «дүние-пұлы жетеді». Көлгөсір байлыққа  политехникалық университеттің түлегі, қарапайым геолог қалай ие болып еді? «Совет Одағы кезінде біздің елді мәскеуліктер зерттеп, қай жерде уран кені бар тауып, кейін оны көміп, жауып тастап, картаға түсіріп алып кеткен. СССР тарады, ал ол карта жоқ...», міне, қайда, шығарма өзегінің түйткілі, әлгі картаны іздеп табу Ғалымжанның маңдайына бүйырады. Мұның өзі ұзақ тарих, небір күрделі ситуацияларды басынан өткеріп, бір кездегі Совет Одағының уран іздеп «бармаған түкпірі қалмаған» әйгілі ғалым, академик Василий Иванович Бобровтан небір таңғажайып әңгімелерге қанығады. Қазақтарды ерекше жақсы көргендіктен Ғалымжанға көмектесіп, құпиясымен бөліседі, себебі оның уран кенін ашуына тікелей себеп болған қазақ ауылының бір шалы екен. Тірі жүргенімен, өлілердің қатарына өз еркімен қосылған Бобровтың тағдыры шығарманың көркемдік, психологиялық астарын қоюлатып тұр. Жинаққа енген «Көлеңке», «Қара жердің құшыры», «Миллионер» әңгімелері мен шытырман оқиғалы қылмыс хикаясы «Көз» де оқырманын тың идеяларымен, тақырып өзектілігімен баурап, әдебиет, мәдениет саласында қажымай талмай еңбек етіп келе жатқан Нағашыбек Қапалбекұлының іздену, өсу жолының жемісті, табысты екенін айғақтайды.

 

«Түндей тұңғиық жанары...»

 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,танымал жазушы Сабырбек Олжабайдың «Ақілгек» атты прозалық жинағына бес повесі, бірнеше әңгімелері енген. «Ақілгек», «Ақсақ Темірдің алмас қылышы», «Сұңғыла», «Олар-атасының бабалары»» «Бетбақдала балладасы» повестері замана тынысын, адамдардың сан қилы тағдырын, тарихтың терең қойнауында жатқан ел жадынан шыға бастаған елеулі оқиғаларды қамтиды. Автор қай шығармасында да адам психологиясын, сезім тербелістерін, ішкі жан дүниесін жан-жақты ашып көрсете алатынымен ерекшеледі. Ойды қазақы нақышпен астарлы да көркем жеткізе білетіндігімен де таңырқатады. Қандай да бір шығарма болсын, ол ең әуелі адам тағдыры, арман-аңсары, алға қойған мақсаты, қоғамда алар орны жайлы сыр толғаса керек. Міне, Сабырбектің қай шығармасынан да оқырман осы мақсатты табады.

Кітаптағы  «Бетбақдала балладасы» повесінің   өзіндік айтар сыры бар. Бүгінде бедірейіп жатқан Бетбақдаланың да ішке бүккен сыры көп. Кезінде қалың қазақтың иен жайлауына, құтты қонысына айналған сары даланың сағымға сіңген тарихы көп. Автор жүк артып, осы ұланғайыр даланы кесіп өткен екі жүргізушінің басынан өткен оқиғаларын қозғай отырып, олардың әр жерден өткен сайын сол өңірдің тарихын бірінің ауызына бірі салуы арқылы қозғап, неше түрлі қызықты хикаяларды сыр етіп өреді. Бетбақдаланы мекен еткен Уанас бай, оның әулие-әмбиелерді аралап жүріп зарығып көрген қызы Гүлжамалдың қайғылы махаббатына, туған жер атауларына (Қыземшек, Қотантас, Қатынның ұңғысы, Кескентеректің төбесі, Уанас тақыры, Өлке жазығы, Текей датқа-Текей асуы) бір сөзбен айтқанда шежірелі мекен-Созақтың киелі жер атауларының тарихы суреткердің шұрайлы тілімен көркем баяндалады. Хикаяттағы екі жолаушы-жүргізушінің диалогында бірқатар шындықтың астары ашылады.

«Ақсақ Темірдің алмас қылышы» атты повесі тарихи оқиғаларға негізделіп жазылғанымен, қаламгер Көрегенді басқа қырынан, яғни оның адами бейнесін сомдауға, қаншама елді алмас қылышының жарқылымен шошындырған тарихи тұлғаның сезім арпалыстарын, жүрегінің нәзік қылын тап басып, өзіндік өрнекпен сомдауға талпынады.

«Ақілгек», «Сұңғыла» повестері мәңгілік жыр-махаббат тақырыбына арналған. Жастардың сүйіспеншіліктері өзінше бір өрнекті дүние. Оларды оқи отырып, жастық шақ деген жағалауға жақындай түсесіз. Ал, өскелең ұрпақ өз заманының геройларымен қауышады, сырласады. Әрине, өмір бар жерде зұлымдық та, жауыздық та, қастандық та қабаттасып жүреді. Осы оқиғалардың барлығын қабыстыра келе қаламгер оқырмандар алдына қадау-қадау сұрақтар тастайды. Ойландырады.

Ал «Олар-атасының балалары» атты хикаяты балалар тақырыбына арналған. Мұнда атасының ауырып қалғанын білген Жолдас пен Мирастың  шөптерді қайнатып беріп, атасын аурудан аман алып қаламыз деп тауға ұрланып кетіп, бастарынан кешкен таңғажайып оқиғалар суреттеледі. Қаршадай балалар тауда үш күн бойы адасып жүреді. Терең шатқалда аюмен де кездеседі. Жолдастың інісі Мирасты шатқал үстіне арқалап алып қашуы- бауырмалдық. Мұндай сезімді қаршадай бала да жақсы біледі. Оның үш күн бойы өзі аш болса да тапқанын інісінің ауызына тығуы, түнде інісін қорғаштап жатуы, үстіне тоңып қалмасын деп өз киімін жабуы іш уілжітеді. Соңында төтенше жағдай департаменті, ауыл адамдары болып құз басында әлсіреп, ұйықтап жатқан ағалы-інілі екеуді табады. Бала жүрегінің мөлдірлігін сезіне отырып, өзіңізше ой түйесіз.

Сабырбек Олжабайдың бұл жинағында қазіргі нарықтық қатынастарға негізделген қоғам өмірінің түрлі қабаттары жан-жақты көрінеді. Жазушы кейіпкерлерінің әрекет-әдептерін, философиясын саралағанда бүгінгі күннің тірлік-тынысы күрделі өзгерістерге түскенімен, ежелден келе жатқан адамгершілік, ар-ождан, имандылық, кісіліктің мәселесін қаузайтын әлеуметтік бағдары ұлттық өнердің күретамыры үзілмегенін дәлелдейді. Қаламгер қарапайым кейіпкерлері арқылы бүгінгі қоғам үдерісіне сай адамдардың психологиясында болып жатқан өзгерістерді шынайы жеткізе біледі. Өмірдің сан тарау соқпақтарына түскен қилы тағдыр иелері, өзекті өкініш пен мұңға толтырар адамның өтпелі ғұмыры, адасулар мен асулары—бәрі-бәрі қаламгердің шұрайлы тіл, қарапайым сөз өрнегімен жеткізіліп, оқырманды қарапайым бір оқиғадан үлкен ой түюге жетелейді. Сондай әңгімелердің ендігі бір парасы—дәурені өтіп, еңбектің зейнетін көрер шақта жалғыздық дертіне шалдыққан Тасқынбай («Ешқайда бастамайтын сүрлеу») образынан, ессіз есірік сезім билеген аңғалдығынан ұлы мен әйелінен қапыда айырылып, қайғысынан есінен алжасқан Қарғабай («Қатерлі өткел»), жұмысты отбасынан жоғары қойып, бағын ұшырып алған әйел тағдыры («Жезде»), тұрмыстың ауыр салмағынан бала мен күйеуінен айырылған Күлпаш («Күлпаш») бейнелерінен табылады. Сондай-ақ балалар өмірінен алынған «Қаскөй» әңгімесінің де тағлымы мол.

«Ешқайда бастамайтын сүрлеу». Тақырыбы да тосындау. Шынында, бұл қай сүрлеу болды деген таңырқанысты сұрақ көкейде оянатыны рас. Әңгімеде кезінде дәурені жүріп, басшылық қызметте болған Тасқынбайдың бүгінгі бейнетінің зейнетін көрер шағында бір шаңырақта жападан жалғыз қалған шарасыз халі суреттеледі. Әңгімеде жалғыздық сарыны басты желі болып жүреді. Суреткердің көктемнің сәт сайын құбылған табиғат күйі мен адам өмірі, тіршіліктің тұрақсыздығын, тал күбідей айнығыштық мінезін де салыстыра өрнектейді. Тіпті әңгіме басын жаңарып-жасару тән табиғаттың  осынау таңғажайып көркем мезгілінен бастауы ішкі жан әлемін ауыр мұң торлаған кейіпкердің қарттық кезеңінен өткен өміріне шегініс жасау үшін де автор тарапынан сәтті таңдалған көркемдік амалдың бірі.

Жинақтағы «Дәнібектің дарағы» әңгімесі еңбекқорлыққа баулыса, «Қызы жоқ кемпір» атынан да көрініп тұрғандай, қызы жоқ кемпірдің жан тебіреністерін көрсетеді. «Бетперде», «Кермек дәм», «Маған махаббат туралы айтпаңыз» әңгімелері сырлы сезімге бай. Бұларда да махаббат мәселесі қозғалғанымен, адамгершілік, адалдық, сенім мен серт астаса өріліп жатады. «Төркіндеп қайтқан келіншек», «Жанардағы жұмбақ мұң», «Көрші», «Қасірет қақпаны», «Елес кезген еңселі үй» әңгімелерінің көтерер жүгі ауыр. Олардың барлығы да оқырманды бей-жай қалдырмайды. «Жұмақтан қашқан періште» де сондай әсерлі әңгіменің бірі. Шерлі де мұңлы, кейіпкерлерінің сезімінде титтей жасандылық жоқ: «Түндей тұңғиық жанары жасқа толды. Өзекті өртеген өксікті сыртқа шығарғысы келмей, еріндерін қымқырып тістеп алды. Өне бойы шоқ болып ысыған соң көрпесін серпіп тастады. Терезеден төгілген ай сәулесімен жұп-жұмыр балтыры жарқ ете қалды. Кеудесіндегі қос алма көріктей бір көтеріліп, бір басылды».

Жазушы Сабырбек Олжабайдың суреткерлік ерекшелігі де өзіне тән, өзіндік бояулардан құрылған. Кез келген әдеби шығарма мінезден тұратын болса,  қаламгерде шымбайға батқан шындықты осып айтар мінез атойлап көрініп тұрады. Әрине, бүгінгі қоғамға осып айту жетіспей жатыр. Жазушы жазу мәдениетін сақтай отырып, бүгінгі заманның қойыртпақтарын аямай сынайды. Бұл аталмыш «Ақілгек» повесінде де, «Ханай-Ханеке», «Күлпаш», «Көрші» әңгімелерінде көрініс беріп, сананы сансыратқан сауалдар мен шешімін таппаған мәселелерге жауап іздейді.

Жалпы, қаламгердің шығармалары адамдардың ой-түйсігіне, сана-сезіміне, парасат-құлқына, іс-әрекетіне ықпал ету арқылы тіршілікке, айналаға хал-қадерінше өзгеріс енгізгісі келетіні жаңа жинақтың өн бойынан байқалады. Әрине, жазушының асыл мұратынан туындайтын биік көркемдік меже болса керек. Жинақта алыста қалған балалық, жастық дәуірден басталған өрелі өмірдің сыры мен жыры, өшпес белгісі бар. Қорыта айтқанда, ұлт, қоғам, бүгінгі ұрпақтың тағдыр-талайына енжар қарай алмайтын сарабдал суреткер Сабырбек Олжабайдың авторлық позициясын осы жинағы арқылы жаңа қырынан танимыз.

(жалғасы бар)