Тамыздың алғашқы онкүндігі хакім Абайдың туғанына180 жыл толуына орай әдебиет мерекесі болып ресми түрде жарияланғалы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жоспарлаған іс-шаралар біртіндеп өтіп жатыр. 1 тамыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Абай – тұтас бір әлем» атты кітап көрмесі ашылды. Кітапхана директоры Күміс Қарсақбайқызы Сейітова жиналған жұртшылыққа көрмені таныстыру сәтінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Черногория мемлекетінде Абай орталығын ашуға қатысып қайтқанын, Абай мұрасына байланысты бірқатар маңызды шаралар өткізуге өзі басқарып отырған кітапхана ұжымы ат салысып жатқанын айтты. Черногориядағы Абай орталығына ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қоры және Семей республикалық «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени қорық-музейінен алынған жүздеген құжаттар, экпонаттар, кітаптар қойылған. Кез келген зайырлы мемлекеттің ұстанымына лайық іс – Қазақстан Республикасының елдік имиджі тұлғатану саласы арқылы дүниежүзіне кеңінен таныла бермегі заңды құбылыс.
Көрменің ашылуынан соң ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының үлкен залында Абай-Мұхтар рухани дүниесін кейінгі ұрпаққа бейнелі суреттеп роман жанрында жеткізген Абай елінің абыз жазушысы Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» атты үш томдық кітабын сарапқа салды. Дөңгелек үстелді ақын, ҚР ҰАК-ның директорының орынбасары Аслан Ғафуров жүргізіп отырды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы үздіксіз болып жатқан әдеби процесстерді дамытып отыратын зерттеу алаңына айналған.
«Фолиант» баспасынан жарыққа шыққан қомақты трилогияны оқырманға көрсетудің мерейлі мезетіне әдебиет және өнер адамдары, оқырман қауымы және жазушының ұрпақтары қатысты. Алаштанушы, абайтанушы филолог-ғалым, жазушы, ғылым докторы Тұрсын Жұртбаев қазақ әдебиетінде тұлғалық романға жол салған Мұхтар дәстүрін жалғаған жазушы Кәмен Оразалин туралы: «Тамырын елден үзбеген, осы отырғандардың көбінің ұстазы Кәмен Оразалиннің трилогиясы Астана төрінде елге ұсынылып жатқаны жазушының өз тұлғасынан бөлек Абай, Мұхтар дара туған Абай еліне құрмет. Ол менің алғаш көрген жазушым. Кәмен ағаның деректер жинап жүргенін Шағанға келгенде білдім. «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы талқыланып жүретін. Кәмен ағамен жеке әңгімелесудің реті 1968 жылы келді, ол кісі Қарауылда жалғыз бәйтерек, алыстан көрінсе бірден танисың. Көшеде тіп-тік болып кетіп бара жататын. Жазушының «Абай ауылына саяхат» атты алғашқы кітабы маған үлгі, жол көрсеткіш болды. «Абайдан соңғы арыстар» кітабында өз заманының көзқарастары байыпты жазылған. Кәмен Оразалиннің «ең нашар» деген шәкірттері Жәнібек Кәрменов, Төлеген Жанғалиев, Баян Сағымбаева болатын».
Абай және Пушкинге арналған поэзия кешінде Абай әндерін сахнада үзбей бір жарым сағат жанды дауыспен салған белгілі әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кенжеғали Мыржықбаев: «Ағамыздың аруағын сыйлап келдім. Ұлы Мұхаңның сөзін тастамай, елде біреу қалу керек деген соң әдеби орта іздеп алыс кетпеген, туған жерінен аумаған Кәмен Оразалиннің шығармашылық мұрасы Астанадан бастау алғаны сүйінішті. Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол»» деген аталы сөз бар. Абай еліне келетін сыйлы қонақтар тегіс жазушы Кәмен Оразалиннің үйіне түсетін», – деді.
Осыдан кейн сөз алған әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов роман туралы терең пайымдауын жеткізіп, бұл кітапты оқуға жұртшылықты қызықтырып қойды: «Мен бұл трилогияны тегіс оқып шықтым. Үш кітап 1784 бет, осындай дүние тудыру өте күрделі шаруа. Психологиялық-философиялық шығарма. «Фолиант» баспасы бұл үш томдықты бір әрпі, үтір, нүктесі емле қатесіз, мүлтіксіз етіп шығарғаны тамаша. Алаш үкіметі Орынбордан Шаған бойына көшіп келеді. Әлихан, Көкбай, Жүсіпбек, Шәкерім, Қаныш, Мұхтар, Әлкей, кілең сөздің төресін білетін игі жақсылар мәжіліс құрып отыр. Дастарқан басында «Қазақ елінің патшасы» деп басты Әлиханға береді. Ұлттық дәстүрде бас тарту философиясын Сәтбаев айтқан. Трилогияда «Абай» журналын шығару мәселесі, Абайдың ұлылығы алаш қайраткерлері-тарихи кейіпкерлердің аузымен айтылып отырады. Кәмен аға Мұхтар туралы романда Абайдың өмір тарихын араластырып суреттейді. Романның тілін тексерсеңіз, ешкім қолданбаған сөз тіркестері кездеседі. Тілі көркем іргелі шығармада диалогтар, драматургияға сұранып тұрған жанды көріністер, айшықты образдар мол екеніне қайран қалдым».
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ның ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Бәтташұлы Сыдықов: «Бәріміз Кәмен ағаның шәкіртіміз, өмірде жетістігіміз болса сол ұстазымыздың арқасы. Біздің ауылда кәсіби жазушы бар екеніне қуанатын едік. Ұстазым әр сөздің түбіріне, мән-мағынасы үңілуді үйретті», – деді.
Белгілі ақын, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық Зерттеулер орталығының директоры Қалқаман Сарин: «Атамекеннің суын ішіп, топырағын басып өскен ұрпақ ретінде айтарым, Абай еліне қызығушылықты Кәмен ағаның жазуы ұлғайта түсті. Кітаптан жеті атамның атын оқып, аң-таң боп, мақтанып жүрдім, қасиетті жыр әлемі баурап алды», – деді.
ҚР Жазушылар Одағының Астана филиалының басшысы, ақын Бауыржан Бабажанұлы: «Мұхтар Әуезов заманы тар болып, көп нәрсені ашық айта алмай кетті. «Ер қамын жеген ерлердің сөз білген жанда қақы бар» дейді. Сол қақын Кәмен Оразалин орындады ғой деп ойлаймын. Серік ағаның романды талдап берген әр сөзі дап-даяр мақала екен, қағазға түсіріп берсе «Түркістан» газетіне жариялаймын», – деп айтты.
Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к. Жандос Әубәкіров Кәмен Оразалиннің Мұхтар Әуезовтың сенімінен шығып, елде қалуы осындай қазынаға кенелткеніне ризашылық білдірді.
Абай облысы, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов мырза құттықтау жіберді. Абай елінде ұзақ жылдар басшылық қызметте болған Қонысбай Қойшыбайұлы Төлеубеков кітап жаршысы болып табылатын осы басқосуға Алматыдан арнайы келіп, өзі қызмет еткен уақытта Қарауылда дарынды оқушылар үшін қазір де белгілі ақын Төлеген Жанғалиев шәкірт баулып отырған Абайдың ақындық мектебін ашуға мұрындық болғанын; Кәмен ағаның үйінен үзілмейтін меймандарды жазушының келіні, Елдардың келіншегі Қарлыға қазақы болмысымен қабақ шытпай күтетінін айтып өтті. Қарауылдағы ақындық мектептің алғашқы шәкірттерінің бірі, 1992 жылы Ырысхан Мұсаұлымен бірге «Абай» журналын қайта шығарған ақын Мұратбек Оспанов болатын.
Жазушы Айгүл Кемелбаева сол елде Абайдың әдеби дәстүрін, өнер алды қызыл тіл қасиетін заман озған сайын жаңғыртуға айрықша ат салысқан Кәмен Оразалин, Нысанбек Омашев, Ырысхан Мұсалы, Сұлтан Оразалин аталас кісілер екеніне, «Абайдан соңғы арыстар» кітабында этнографиялық, шежірелік деректер ел мен жер тарихы әрі Абай мен Мұхтар қатар кейіпкер екеніне тоқталды. Және «Мұхтардың жастық шағы» атты киносценарий жазу барысында Кәмен ағаның «Абайдан соң» романынан деректер алғанын айтып өтті.
«Ер Төстік» балалар бақшасының директоры Әсел Мұхамеджанова баланың бойына Абай өсиетін құндылық қылып сіңіруде, соның айғағын Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңін мүдірмей жатқа оқып тұрағн алты жасар баладан көрдік. Бантигі желбіреген қыз бала Кәмен ағаның кенже ұлы, ізбасары Елдар Оразалиннің бір өлеңін жатқа оқыды.
Кәмен Оразалин жазушылығымен қатар Қарауылдан қанаттанып ұшқан мыңдаған шәкірттің Абай мен Мұхтар әлемін, қазақ әдебиетінің біртуар тұлғаларын өшпестей етіп жадына құйған сүйікті ұстазы болатын. Олардың ішінен небір таланттар өсіп шықты. Кәмен аға Алматыға, әдеби ортаға баруды қалап, ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовке бұл ойын айтса Мұхтар Омарханұлы: «Сен Абай туған жерде отырсың, данышпан іздесең жаныңда Абай жатқан жоқ па? Бар жақсы қасиетті дүние елде емес пе, сен елде отырып жазатын бол», – дейді. Сөзге тоқтаудың, қазақ асқан Мұхаңның даналық ақылына ұий білудің бір жемісі эпикалық проза көшін жалғаған жазушының қаламынан туған үш томдық «Абайдан соңғы арыстар» романы екенін даусыз.
Жазушы Абай ауданының «Құрметті азаматы» атанды, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», III дәрежелі «Даңқ», «Парасат» ордендерінің, көптеген медалдармен, Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Ғұмыр бойы Дон жағасынан қоныс аудармаған Михаил Шолохов сияқты туған жері Шыңғыстауды арқа тұтқан Кәмен Оразалиннің адал еңбегіне, жазушылық қажыр-қайратына, пір тұтқан асылдарға адалдығына айтулы жазушылар тәнті болды. Тыңдаушы жұрт оның ауызша шешендігіне дән риза болатын. Мұхтар Әуезов баласы Мұратты елге жібергендегі Кәменге жазған хаты бауырмалдықтың нышаны, шын жақынына жазған ақтық сөзі болып шықты. Кәмен Оразалиннің алғашқы шығармасы «Жексен» атты повесі 1950 жылы Мұхтар Әуезовтың қолдауымен жарыққа шыққан болатын. Мұхтар Омарханұлы өмірден озғанда елден аза тұтып, күңіреніп барған, сүйек күзеткен топ ішінде Кәмен аға болды. Шыңғыстау тарихына терең бойлайтын әкесі Оразалы «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу процесінде Мұхтар Әуезовке ата ел мен жер туралы мол дерек берген еді. Кәмен ағаның азан шақырып қойған есімі Кәмәли екен.
Биыл туғанына 105 жыл толған Кәмен Оразалиннің (1920-2008) шығармашылығы туралы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Медеу Сәрсекеев, Әбіш Кекілбаев, Әзілхан Нұршайықов, Зейнолла Қабдолов, Қайым Мұхамедханов, Қалижан Бекқожин тәрізді кесек тұлғалар оң пікірлер жазып қалдырып, әдебиетке қосқан үлес-салмағын лайықты бағалады.
«Абай» журналының №5.2017 жылғы санында жазушының немере інісі Сұлтан Оразалиннің «Менің бәйтерегім» атты портреттік естелік-эссесі жарық көрді. Эсседе Кәмен ағаның кісілік келбеті, елжандылығы, творчестволық болмыс-бітімі, әулеттік деректер қанық суреттелген.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жоғары деңгейде өткізген құнды трилогияны жұртшылыққа таныстыру рәсімі барды бағалай білуге бастайды. Бұрынғы өткен үлкен жазушыларды ардақ тұту арқылы елдік негізіміз расымен нығая бермек.
Айгүл Кемелбаева
3-4.08.2025.