АБЫЛАЙХАН МАҚСҰТОВ. БІЗДІҢ ЖАҚҚА КӨКМОЙЫН ҚҰС ОРАЛДЫ...

*  *  *

Сейілмеді-ау сұр тұман!

Маңған бұлттар су бүркеді ұртынан.

Бейуақта аспан ебіл-дебіл жылауды,

Үйренген бе Қазақстан жұртынан?!

 

Шошынған жан секілденіп түсінен,

Елегізем, еңсемді де түсірем.

Үңілемін,  ту көтеріп бір адам

Шыға ма? - деп қалың тұман ішінен.

 

Кекіре мұң кеудемді қыжылдатып.

Арманым да өлген-ді.

"Жаңа Қазақстан" деп даурығады көп тобыр,

Қасіретіңді, қайғыңды кім өңгерді?

 

Тағдыр бізге ақ мылтығың кезенген,

Ерінімді тістеп тұрып кезерген.

Біздің жаққа көкмойын құс оралды,

Көп кешікпей көктем келед, сезем Мен.

 

*  *  *

Бұлт-жылқы, қайырған жел-жылқышы,

Көктем келді, сен де енді кел жыл құсы.

Көктемде де тоң-көңілі жібімеген,

Мен бір бейбақ жан едім кем күлкісі.

 

Бипаз көктем келдің бе гүл жасауы,

Жер сызады желіні мырза саулық.

Ат қорада торы құнан кісінейді,

Тебінеді азынап қырда сəурік.

 

Ырдуан жел құтырып кешкі іңірде,

(Ақсақал қыс біз жақтан көшті мүлде.)

Анам отыр ескіше жыл қайырып,

Бала мысық ойнайды пеш түбінде.

 

Паң көк терек,тораңғы,қайың да асқақ,

Кеудемде өксік,ал жүзім уайым басқан.

Дүниеден өтті атам көөп жыл бұрын,

Кебенегін кебінге айырбастап.

 

Қырат, адыр көгеріп төбелері,

"Жасарады дүние, көгереді."

Мен атамның көзі едім ауылдағы,

Үстінде қырық-жамау кебенегі.

 

БӨРІСЫРҒАҚ

Долы боран. Толарсақтан сірі қар,

Қырда көкжал ұлиды.

Ұли берсін...

ей, жарықтық ұлып ал.

 

Күн райы әуліккен...

Көпек иттер даурығады дау күткен.

Мендік көңіл құлазыған қауқарсыз,

Бір кездері тасты уатып, тауды үккен.

Әжем байғұс оқтын-оқтын сұрайды,

"Жақсы нышан байқалмай ма, әлгі Үттен?!".

 

Тереземнің саңылауынан күшік жел,

Қыңсылайды тұрып ап.

Тырнайды кеп менің ескі жарамды,

Бабатайдан шығып ап.

 

Ауыш жандай менің тапал елібім,

Буыршындық бойымда жоқ бұла күш.

Менің нәзік жанымды,

Жігерлі әрі қажырлы,

Тентіретіп жіберіпті-ау, мына қыс!

 

*  *  *

Жалғыздықтан жабығатын сәтің көп,

Қырық жамау жүрегім.

Сөге көрме мені есалаң ақын деп,

Жұрт айтады білемін.

 

Күн кірпігі ілінгенде іңірде,

Менің сорлы мұңдарым...

Жаныма кеп жайғасады күбірлеп,

Есі ауысқан жындарым.

 

Неге тыным бермейсіңдер жаныма,

Дөңбекшимін түн жарым.

Қайта айналып келмейсің-ау тағы да,

Беу, алғаусыз жылдарым!

 

Беу, жылдарым бұрымдыға бұрылған,

Сол аруды аңсадым.

Шарабыңнан, шақшадан да, шылымнан,

Шыны керек қаусадым.

 

Ақын. Түн. Шабытты шақ жалқы ұдай,

Ғұмыр кешем түнекте.

Дәуірімнің жүгін артшы о, Құдай,

Мендік мұңлық жүрекке,

Мендік мұңлық жүрекке!