МАРАТ ОТАРӘЛИЕВ. МЕН КЕТЕМ ӨМІРДІ ЖАСАРТЫП...

 

*   *   *

Кеудеңде тоғай сөйлеп, бұлақ ағып,

Жылжыды қанша ғасыр, жыл ағарып.

Жасыл жер, тыңда, бүгін жыр оқиды

Төсіңде бір ерке ұлың тұра қалып.

 

Қанатын қағып беріп сан үміттің,

Кеудеңе сіңіп жатыр ағылып күн.

Жасыл жер, жеттің бізге әжімденіп,

Алысып мың бетімен тарихтың.

 

Сол әжім, мұң түнеген, нұр түнеген,

Жарасып жатыр дәуір ғұрпыменен.

Бар әлі асқар тауың, ала бұлтың,

Бар әлі тентек өзен күркіреген.

 

Шулаған сол күйіңде көк ормандар,

Төсіңде жүзіп жүрген мол арман бар.

Бәрі бар, мүмкін, сұлу бұрынғыдан,

Жоқ жалғыз сенен мәңгі жоғалғандар.

 

Жоқ олар! Топыраққа тұншығыпты үн,

Қайтадан жанған шығар бір суық күн.

Біз бармыз сынғаны үшін бір шыбықтың

Алдында жауап берер тіршіліктің!

 

ӨЛЕҢ

Ал жақсы енді жыр оқиын, тыңда сен,

Жанарыңмен сүңги берші нұрға əсем.

Көз алдыңа сүйіктіңді елестет,

Елестетші қандай жанмен сырлас ең.

 

Сенің жүрген іздеріңді гүл басқан,

Қазір онда өзге біреу сырласқан.

Жанарыңа сол күндерді оят сен,

Жетіп келсін жұлдызымен түнгі аспан.

 

Оят бəрін көп арманның сондағы,

Шулап кетсін жүрегіңнің орманы,

Бір нəрсені отырады сағынтып,

Бұл өлеңді тыңдасаң-ақ болғаны.

 

Тентек болсын сенің отты əр денең,

Нəзіктікке тұра алмайды көлденең.

Саған ғана түсінікті тілменен

Өлең болып жапырақтар сөйлеген.

 

Табиғатпен сенде қазір бір тілек,

Аспан ашық, сен отырсың жыр тілеп,

Саған біткен еркебұлан мінезбен

Барлық өзен ағып жатыр күркіреп.

 

Соның бəрі кеудеңе кеп түнеген,

Өйте алмаса жырды қалай сүйер ең?

Соның бəрін сағынтады бұл өлең,

Соның бəрін іздетеді бұл өлең.

 

* * *

Бiттi бәрi. Гүл бағыңды

Ұмытатын кезi келдi.

Саған жазған жырларымды

Оқымаймын өзiңе ендi.

 

Тыңдасаң да сырымды ұдай,

Болмады оның сенiмi түк.

Жақсы ендi, бұрынғыдай

Тоңбаймын ғой сенi күтiп.

 

Осы шығар қателесу,

Көңiлде аяз қыс күнiндей.

Бiттi бәрi. Қатал ашу

Екеуiмiздi қысты бiрдей.

 

Кей мiнездi көтермедiң,

Ендi қайтiп болам ыстық.

Кетем дедiң, кетем дедiң,

Ашу үстi қол алыстық.

 

Жеттi-ау ашу әбiгерi,

Жүректер тұр жылағалы.

Сен сүйесiң әлi менi,

Мен де сенi сүйем әлi.

 

Бұл бiр сәт қой, мақұл делiк,

Ораларсың күмiс үнге.

Ашу артын ақыл жеңiп,

Асығармыз сүйiсуге.

 

УАҚЫТ

Зырлайды, тұрмайды уақыт,

Зырлайды күн мен жыл, ай мына.

Ол мені кей сәтте қуантып,

Кей сәтте жығады қайғыға.

 

Қуандым толысып қалса бақ,

Қайғырдым, кеудемде жасып ән.

Жастықта сын жасап әр сағат,

Биіктеу болуға асығам.

 

Минуттар, минуттар от кілең,

Барасың тағдырға жол артып,

Өмірден көрейін көпті мен,

Шығайын шашымды ағартып.

 

Минутың жоқ болсын басы артық,

Ол болса өмірдің оты не?

Мен кетем өмірді жасартып,

Әжім сал сен менің бетіме.

 

* * *

Кейбiр шақтар тебiренiп жаның мұңға,

Сағындың ба, сен менi сағындың ба?

Сағындың ба жанымның жаз-көктемiн,

Жоғалғанын әп-сәтте назды өкпенiң.

Алатаудың жауратқан түнгi ызғарын,

Алматының самсаған жұлдыздарын,

Жаны жайнап қалатын қыз-жiгiтпен

Көктемдегi бақтарды бiздi күткен,

Менiменен қыдырған қырларыңды,

Саған арнап шығарған жырларымды,

Сол жырлардың жаныңды өрт еткенiн,

Сол жырлардың сүюге серт еткенiн,

Сағындың ба көзiңе елестетiп,

Мiнезiмдi тым ерке тентек менiң?..

 

КӨП НӘРСЕНІ БІЛМЕЙМІЗ МЫНА БІЗДЕР

Өз ақылың қашан да жанға серік,

(Ол болмаса адам да болмас едік)

Адастырып кететін өз толқыным,

Өз толқыным кететін жарға соғып.

 

Толқыным бар кезім жоқ тозған  менің,

Сұлық жатсам орнымнан қозғар ма едің?

Бірде құлап, ал бірде көкке атылып,

Омыраулап келеді өз дәуренім.

 

Достарым көп жақсымды асыратын,

Дұшпан да бар (несі бар жасыратын).

Олар менің аңдиды аяғымнан

Кездерімде толқыным басылатын.

 

Жеңіс, жеңіс мақсат боп тұр әуелі,

Оның жолы сан рет сынап еді.

Мен құласам – жазасы толқынымның,

Басқа ешкімің құлатпас мына мені.

 

* * *

Есiктiң алды дария дейсiң, көл дейсiң,

Алысқа егер аттанып кетсем, шөлдейсiң.

Арманым дейсiң, жан-жарым дейсiң, сен дейсiң,

Осы бiр сәтте жаныма неге келмейсiң?

 

Сағыныш, шiркiн, сезiмдi кейде ұсақтап,

Ұшады алыс сенi iздеп жанның құсы аппақ.

Сен – аспан, ал мен толқынды көлге ұсап қап,

Тұрмайсың неге, тұрмайсың ылғи құшақтап?