ҰЛЫҚБЕК БЕКҰЗАҚҰЛЫ. МЕН ҚИМАҒАН БАРАДЫ ЖАЗ ДА КЕТІП...

*  *  *

Өзіңді білсең бағалай,

Шендесе алмас саған ай.

Тырнатып ескі жараны-ай,

Ғашық боп қалған обал-ай,

Ағаңның көңліне қарамай -

Сағынған жоқпын дей салшы...

 

Бақ пен сор қатар тапқандай.

Сырымды толық ақтармай.

Тау көшіп іште жатқандай...

Мінезіңменен мақпалдай,

Реніштерден сақтанбай -

Сағынған жоқпын дей салшы...

 

Жанымды ұғар жан қалмай,

Еш нәрсеге де таңғалмай.

Болардың бәрі болғандай...

Қасымда тұрып аңғармай

Тисе де сол сөз қанжардай -

Сағынған жоқпын дей салшы...

 

Бір шаттық бар деп түбінде,

Тіл қатқан жүрек күбірге.

Үміт бар ғажап үніңде.

Сағынған болсаң, мұның не???

 

*  *  *

Жолықпадық аяулым, неге ертерек?

Өмір - қатал, ал енді, көр еркелеп.

 

Сергелдеңмен аяусыз сенделген біз,

Бір дерт жамап, бір дерттен емделгенбіз.

 

Беу, адалдық, мұнараң қалды жайрап,

Екеумізді қосқан күн тағдыр айдап.

 

Күлімсіреп қарсы алдық таңды бірге,

Әттеңі сол, болмаймыз мәңгі бірге.

 

Өзіңе тән әдемі күлкіңменен,

Бесігінде шабыттың бұлқынды өлең.

 

Көңілінің айнасы сүртілмеген,

Жайнап шыға келдім рас бір күнде мен.

 

Қосыла алмай үздіккен сағыныштан,

Қос жүректі демейік жаңылысқан.

 

Саған ғана жарасар назды әкетіп,

Мен қимаған барады жаз да кетіп.

 

Айтарымыз көп еді біздің әлі,

Жетіп келген ескертпей күз кінәлі...

 

*  *  *

Сергелдең сезім кешіп,

Ойыңды көп айнытпа.

Тұнбасын көзіңде шық,

Жігерді олай жықпа.

Кетіп ек тез үндесіп,

Әлі кеш жолайрыққа...

 

Тағдыр ма жақындатқан,

Ғашықпын бар білерім.

Тұнжырап ғапыл жатқан,

Таптың-ау жанның емін.

Кеудемнің отын жаққан,

Беу, менің Ақжүрегім!

 

Мұңымды жер көтеріп,

Түсінер жанымды аспан.

Сезімді тербетелік,

Аяулым, бауыр басқан.

Жүрекке төрле келіп,

Жүргенше сағынбастан.

 

Көзіңе жан арбалса,

Жүрегім жанар сонша.

Үздіккен біздің сезім,

Соқтырар самал қанша?

Ойша ен құшағыма,

Көңілің алаң болса.

Өртіңмен бөліс, қалқам,

Бір өзің оранғанша...

 

*  *  *

Көңілімді басты мұң дедім,

Сағынышым ашты гүлдерін.

Ақылымды сезім жеңіп,

Аяулым-ау өзің болып -

Қол бұлғайды жастығым менің.

 

Күннен сұлу, көріктім айдан,

Тағдырыма жолықтың қайдан?

Ғажабыңнан емделемін,

Азабыңнан сенделемін -

Жүрегімде болып мың майдан.

Жаздай жарқын жамалың қандай,

Мөлдіреген жанарың қандай?

Жанға салма жара дейсің,

Қиылып бір «аға» дейсің -

Өртенемін амалым қалмай.

 

*  *  *

Өзің жоқ қаланың қабағы тым суық,

Даладай кеудемде сағыныш тұншығып.

Жолыңа қарайды жан-жүрек үздігіп,

Көңілде бүр жарып нәп-нәзік мұң-шыбық.

 

Жанартау жанымның үдетпей жалынын,

Тезірек жүрекке оралшы, Жарығым...

Түнектей мұңымды сейілтші Өзің кеп,

Жарқырап Ақ жұлдыз секілді анығым.

 

*  *  *

Бір жазу сенсің пешенемдегі,

Тағдырдың мынау кесе келгені.

Бір сәттік сезім еселер нені?

Бұл сөзім үшін кеше гөр мені,

Жүрегің, айтшы, неше бөлмелі?

 

Жазбағым жаным, осы өлең бе еді,

Көк шаң ғой көңіл-көше мендегі..

Ұлғайып мұңның өсе бергені,

Ойлантты мені кешеден бері...

Жүрегің, айтшы, неше бөлмелі?

 

Сезімің жанның десем ермегі,

Жолыңа жырым төселер ме еді?

Көңілге түскен кесел өлмеді...

Нәп-нәзік емес тас емен бе еді?

Жүрегің, айтшы, неше бөлмелі?

 

Дәл келді өмір есеп-өрнегі,

Оңынан бізге шешер ол нені?

Басылып әбден өсек елдегі,

Не пайда сөздің кеш еленгені.

Жүрегің, айтшы, неше бөлмелі?

 

*  *  *

Шын сезімнің білмейміз біз бағасын,

Отқа орандық жанымыз мұздағасын.

Ғашық болғым келмейді дейсің бірақ,

Қызғанамын, өзің де қызғанасың.

 

Мұң түбіне бір күні батып жаның,

Қаламайсың жүректің аһ ұрғанын.

Білемісің сен бірақ мына ағаңның,

Айна алдында жыр жазып отырғанын.

 

Сен келгелі шуақты, арайлымын,

Төкті маған ару күн, жаңа ай нұрын.

Он сегізге оралтып алып мені,

Қоштассам ба дегенің қалай, күнім?

 

*  *  *

Ай-күннен жаңылардай,

Сені аңсап, сағынардай.

Жаныңның не ғажабы,

Бар еді тағы қандай?

 

Сезімнен арыла алмай,

Ақылға бағына алмай.

Мұң кешкен көңілімнің,

Табылмас жоғы бардай.

 

Өзіңмен толығардай,

Тірліктің мәні қалмай.

Шарам да, шамам да жоқ,

Тәңірге шағынардай.

 

Сені тек мен ұғардай,

Мені тек сен ұғардай.

Жолыңа қарайлаймын,

Жанымның жаны қалмай.

 

Жүрекке сәруардай,

Өзіңнен жалығардай.

Жөнім жоқ...

Жүрміз ғой тек,

Екеуміз жолыға алмай.

 

Реніштің табы бардай,

Үніңмен жаным, арбай.

Ән салдың әудем жерден,

Отырмын тағы бармай. 

Бұл сезім не қып ондай???