САРЫ ЖАПЫРАҚ
Қыстыгүнi тереземе
Сары жапырақ кеп жабысты.
Жарықтық өзi елегiзе ме
Сағыныш құсап сары жұртындай алыстың.
Әлде...
Хаты ма екен, бауырлар,
Жүрiп келген неше күн
Қалың қар басқан қияндағы ауылда
Сарғайған әке-шешемнiң...
ҚОЛШАТЫР
Шайдай ашық көк аспан –
Қолшатыры ғаламның.
Көк аспанға жол ашқан,
Бәсiн қара шамаңның...
Қолшатырдың шегi жоқ,
Тiреуi жоқ, тiреуi!
Жарық барда көбiрек
Шайдай ашық нұр өңi.
Нұрлы өңiнiң сынына
Зорға жүр-ау жан шыдап...
Күннiң қарашығынан
Жарық үндер тамшылап.
...Ай ұшырып тағынан,
Күндi суға батырды.
Қараңғы түн,
Жалынам,
Жинамашы шатырды...
АЙҚҰЛАҒАН
– Қаланың кварталдары
Қызыққа құмартады әлi...
– Қайдағы-ы!
Жанғанда неон шамдары
Қамығып сүрен салмады
Ай дағы...
Түннiң мөрi – мөңiреген Ай,
Мөңiремей ендi бола ма,
Жұлдызды тiзiп желiге былай,
Жұтынып тұрды қалаға.
Iшiнен боздап жарық шыққанда
Терезе бiткен шыңғырып.
Қала кварталдары талықсып қанда,
Жүйкеге шапты қым-қуыт.
Неон-жарнама қалаға қаптап,
Ниетке қарай дескенi,
Прожекторлар ғана тықақтап,
Ал мөрi түннiң... Өшкенi!
Кiм жыламайды кеткенде қадiр,
Қара аспаның да қайғырат...
Шаһарға түнде жеткенде дамыл
...Дүңк ете түстi Ай құлап!
Асфальт алаңға Ай құлағаны...
Тағдыры сол ма, не дерсiң.
Қала кварталдары қайғырады әлi,
Қайғырады әлi,
Көрерсiң...
* * *
...Дыбыс қалғып, маң бозарып,
Солық басып көлеңке,
Сап тыйылып даңғазалық,
Сабыр тапты кең өлке.
Ай аспанның сырға құсап
Әшекейлеп өңiрiн.
Балқығанда күнбатыс жақ
Байыз таппас көңiлiм...
Мұң түсiрiп қызылiңiр,
Мұрсат бермей жалғанға...
Дүниенiң қызығы мың
Бiр сәт тынып қалғанда,
Қызыл нұрға боялғанда
Күн сәулесi әлсiреп,
Селк етiп жан оянғанда
Ұмсынбай ма сау тiлек!..
Беу, iңiрiм, сенен өзге
Берер ме екен сабыр, мұң,
Құйылшы бiр дәл со кезде
Тереңiне жанымның.
Қу жанымның жұтын бiлген
Ал не дейсiң сезiмге...
Өзiңдемiн бүтiннiң мен,
Бүтiн менiң өзiмде!..
Жойылудың дәмiн татып,
Жолығуға билетшi,
Тыныш кешпен дамылдатып,
Тыныстауға үйретшi.
Көңiлiмдi өткен сұз қып
Сiлкiп тастап ауырды,
Дүниемен кеткен мызғып
Араластыр жанымды...
* * *
Кiрпiк тiреп кеудеме мұңлы қыз...
(Кiреуке көз үмiттiң үнi нығыз)
Мұңлы қыз, тығылмақ бүгiнiмiз,
Ұғыныңыз...
Жiбiтiп жер сүйегiн,
Көк төрiнде керiлiп кекжиер күн.
Бұлдыр сағым бұлт етiп ала қашты,
Қиып алып көңiлдiң көкжиегiн.
Малта тастай көл бетiн жалап өткен
Ұшқыр уақыт сезiмдi ала кеткен.
Үлек-сезiм кеттi ғой,
Үңiле қал
Үр көңiлге жабуды талап еткен.
Тың жатқан танабымда таң сiбiрлеп,
Бәйшешек-жыр, сәуiрде жаршы гүлдеп.
Мамыра шақ маңдайдан сипап өттi
Шипа лептi қарсы алсын жан шығы деп.
Бәдәуи бұлт бәрiне билiк айтар,
Бөлек кеткен бөктерлеп үйдi қайтар.
Үйдi қайтар: үй толы қамсыз күнiм,
Түрi жоқ-ау қу көңiл күй тоғайтар...
Көңiлiме құрт ойлар тағы түсiп,
Қыңсылайды сарыуайым – сары күшiк.
Мың әуезi мұңлы қыз дiр еткiзiп
Мұнар көкке кетпесiн алып ұшып.
Мұң кернеген қорқамын мың пернеден,
Шағырмақ күн суырған сым кермеден.
Менiң ойым – ағысы бастау судың,
Мендiк дүние – бақ iшi күн көрмеген.
...Кiрпiк тiреп кеудеме мұңлы қыз...
(Кiреуке көз үмiттiң үнi нығыз)
Мұңлы қыз, тығылмақ бүгiнiмiз,
Ұғыныңыз...
МӨЛДІР ТАҢ
Көзiм суретке түсiрдi
Жазғы таңның мөлдiрiн.
...Көңiлдегi құсымды
Үркiттi де келдi кiм...
Кiм келдi екен, қарашы,
Нұр ма, жыр ма,
Желiк пе...
Сезiмiмнiң жарасын
Емдеймiн деп келiп пе...
Таң – ғаламат адал-ау!
Түсiнбеймiз,
Әй, бекер...
Таңы таза адам-ау,
Жан тазасы қайда екен?...
...Жарық келдi тығылмай.
Күн жарықтық ол да асық:
Балға батқан шыбындай
Кiрпiктерiн зорға ашып.
Күншығыс жақ түрiлiп,
Мамыражай үн тұрды.
Жаным соны ұғынып
Жас сәбише ұмтылды.
Ендi жетем дегенде
Қанат жайып желкенi,
Күн өрмелеп төбеге! –
...Мөлдiр таңның өлгенi...
АҚ КӨБIК ТОЛҚЫН
...Ақ көбiк толқын, қай жерде тудың,
Тереңiнде ме теңiздiң?..
Елжiреп жатқан жағаны жудың
Елесiн таппай көп iздiң.
Жалғызсыраған жағаны жоқтап,
Толқыным менiң, алыстың.
Үздiге шыққан қаралы топтан
Үнiңде жатыр таныс мұң.
Қорғасын түстi теңiзден шауып,
Шағалаларды шулатып,
Шарқ ұрып келдiң жанымды тауып...
...Қайтесiң оны жылатып.
Ақ көбiк толқын, жартасты соғып,
Жартасты соғып өксiдiң.
Қараша күздiң ажары солып,
Қайғырып соған дертсiдiң?..
Жоқтадың ба әлде жастық шағымды,
Жастық шағымды, қалқам-ай,
Булыққан жасты, бастыққан мұңды
Ояттың тағы байқамай.
...Ап қашып едiң теңiзден шығып
Ноқтаға сыймас басыңды.
Мейiрiмi жоқ жартасты ұрып
Тас-талқан болып шашылдың!..