178

ҚАТИРА ЖӘЛЕНОВА. ...Дәуреніңді қайтіп мен қайтарамын?

ҚҰТТЫҚТАМАДЫҢ

 

Бақ ішін кездім,
Ауыр ойлармен сенделе...
Мұңымды шақтым,
Бұлаққа, самал желге де...
Жылына бір рет
Қуанышым боп оралар,
Туған күніммен
Құттықтамадың сен неге?


Кезімде мынау
Жанымды шаттық кернеген,
Тілеулесім боп
Алдымен жетер сен деп ем.
О, сезесің бе?
Өзіңнен басқа дәл қазір
Дос-жарандарым
Қалмады тіпті келмеген!


Сезіліп бүгін
Достарға керек екенім,
Көңіл күйім де
Ерекше керемет еді.
Құттықтамадың...
Ұмытқаның ба, шынымен,
Бүгінгі күннің
Мен үшін ерек екенін?!


Жүрегім сыздап,
Запыран ойдан у ішем,
Дертіме ешбір
Табылмай қойды дұрыс ем...
Шаттығымды менің
Жартылай еткің келмесе,
Өзгеден бұрын
Сен құттықтауға тиіс ең...


– Жүрсің ғой алыс,
Жөні де жоқ-ау өкпенің, –
Десем де,
Іштей қарсыласады өктем үн.
Ып-ыстық лебіз,
Ақ тілеу алып ұшатын
Телеграмма боп
Сен маған неге жетпедің?..


Жұлдызды шақты
Ұмытқаның ба оп-оңай?
Жанарымызда жанушы еді ғой,
От, арай.
... Жүрегі құрғыр,
Елеңдеп әлі жол жаққа
Боздайды жетім ботадай...

 

ЖҮРЕГІМДЕ – БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ

 

«Жиһазы мол жасауын жиып-теріп,

Тас бауыры тағдырдың иіп келіп,

Біреулерге қимаған қазынасын

Біреулерге береді үйіп-төгіп.

 

Байлығы да,

Абырой-атағы да

Кетіпті асып,

Қарасам қатарыма»,–

Деп күйініп,

Кейбіреу өз-өзінен

Шатылып жүр күншілдік шатағына.

 

Ал, өзім ше?

Бақыттан кенде ме едім,

Өзгелерден демеймін кем келемін.

Өз бақытым жетеді бір басыма,

Шаруам не

Басқа бақ, елде менің?

 

Кереметпін демеймін,

Дарынды едім,

Бағаласа болғаны барымды елім.

Жан азығым

Табылып жақұт жырдан,

Жай табамын...

Осы ғой бағым менің.

 

Нәрлі болса неғұрлым,

Өнбек егін,

Бабын жасап,

Мәпелеп келген едім,

Сезім сөлін сіңіріп тамыр жайған

Жемісін мол береді енді өлеңім.

 

Осы емес пе

Бағымның өрлегені?!

Осы емес пе

Мен үшін ең керегі?!

Бар жүрекке

Асығам жол салуға,

Еңбегімнің жемісін ел көреді.

 

Жасамадым зиянды іс,

Жаным кірлеп,

Жақсылықтың жанынан

Табылдым көп.

Жүрегімде –

Өзімнің бақ жұлдызым,

Басқалардың қайтемін бағын күндеп.

 

Бақ жұлдызы адамның туылсын көп,

Сән-салтанат жерімде құрылсын бек.

Бұл тағдырдан тілеймін:

– Кімнің болсын

Өз бақыты өзіне бұйырсын! – деп!

 

«ҚЫЗЫЛ ҚАЙЫҢ»

 

– Тосып жүрем сағынып, қызым, дәйім,

Келсең, әр кез саған дәм-тұзым дайын,–

Деп сен жақтан

Жеткендей талып бір үн,

Мені өзіңе тартасың, «Қызыл қайың».

 

Әкеткенмен ағызып өмір – ағын,

Мен де өзіңді есіме ап сағынамын!

Келіп едім оралып,

Шықты алдымнан

Баяғыдай жаудырап тағы да құм...

 

Жаралғандай о баста іштен егіз,

Бойымдағы әл-қуат, күшке негіз

Өзің ең ғой...

Бір кезгі жалаң аяқ,

Есіңде ме, құм кешкен кішкене қыз?

 

Сексеуілді,

Жыңғылды жота құмдар,

Ой тереңін мендегі қопарыңдар!

Қопарыңдар, жырымнан от алыңдар,

Балалық шаққа қайта апарыңдар!

 

Ол кездері басқа еді-ау,

Басқа бәрі...

Құмнан есіп тірліктің асқақ әні,

Бауырында дөңгелеп шағын ауыл,

Бақша салып жататын жас та кәрі...

 

Мейірлене қабағын таң ашатын,

Таң нұрымен төгіліп тамаша күн,

Ақ әжелер қақ тіліп, төстік жасап,

Тентектері «тәттіге» таласатын.

 

Көлеңке – ойдан дегендей арылыңдар,

Құюшы еді алтын Күн жарығын бар.

Шағылысып сәулеге түйір-түйір,

Көз қаритын сары алтын – сары құмдар.

 

Осылайша күн ысып, қайнайтын түз,

Бала біткен ойынға тоймай күндіз.

Кеш қарая

Қайтадан шұбырып кеп,

Құм төбеде асыр сап ойнайтынбыз.

 

Соның қазір жоқ бірі!

Тыныш маңай...

Құмда өрмелеп барады құмырсқа жай.

Естелік боп көшесің көз алдымнан,

Бір кездегі ауылым ырысқа бай...

 

Қалайша енді толқымай жай табармын,

Сағыныштың сарқылмас айтам әнін!

Балалығым өткен жер,

Бұрынғыдай

Дәуреніңді қайтіп мен қайтарамын?

 

Қиындықтың төзуші ең қандайына,

Аптап құмның «сыймапсың маңдайына».

Шөл қандырам деп саған келгенімде,

Кермек болып татыдың таңдайыма.

 

Табу керек қайткенде бір амалын,

Құмға естіртіп қайтадан бұлақ әнін,

Толқындары жүгірсін жамырасып,

Тас емшегі иіген Сыр – Ананың.

 

Неге біздер беземіз шөл даладан?

Шөл далаға жан беріп қолдан адам,

Қажет етсе,

Кәдімгі сиқыршыдай

Орната алар әп-сәтте орман оған.

 

Жансыз дала тіріліп жанданар-ау,

Жанданар-ау,

Сірә да, бар ма оған дау?!

Қоныс теуіп сол кезде

Ауыл қайта,

Атар еді жарқырап таңдары алау.

 

Жастар сауық құрар-ау іңір ене,

Құрбым менің жаныма үңіле ме?!

Көз ұшында көлденең көк аттының,

Кішкене қыз алдынан жүгіре ме?!

 

Әрін ашып жал құмның тұнжыраған,

Су жүгірсе қойнына сыңғыраған,

Айналмас па,

Шұрайлы құт-мекенге,

Өрісі өсіп, малы өріп мыңғыраған.

 

Сен дегенде қалай мен қызынбайын,

Сені жырға қосуға қызың дайын.

Ізгі ойларым осынау іске ассын деп,

Үміт артам ертеңге, «Қызыл қайың».

 

Толғандырар мені әркез болашағың,

Туады ертең басыңа жаңаша күн.

Жақсылықтың бәрі кеп орнайды деп,

Алдын ала мен саған бал ашамын.

 

«АҚБАЯНДЫ» АҢСАУ

Мәдина Ерәлиеваға

І

Армандай болған аппағым менің,

Атыңа жүрді-ау мақтанып елің.

Айналып алғаш Сыр сұлуына,

Ақмешітіңнен аттанып едің.

 

Жарқырап жанған жұлдызым менің,

Сағынды-ау сендей Сыр қызын елің.

Өз өрнегіңмен

Өнер бағында

Ән мұнарасын тұрғызып едің.

 

Алысқа барар дабысың бар-ды,

Алар ең жаулап тағы шыңдарды.

Теледидарда – өшпейтін бейнең,

Үнтаспаларда дауысың қалды.

 

Жалғанның дәмін тауыстың да сен,

Ана-а-ау жағаға ауыстың ба сен?

Бексұлтан ағаң Байкенжеевтей

Сазгермен сонда қауыштың ба сен?

 

Ән жаза жүріп аппақ арымен,

Жалғаннан опа таппағанымен,

Көтеріп еді-ау өзін де, сені

Аманат болған «Ақбаянымен».

 

Бастап ең солай ән-ғұмырыңды,

Алладан алып мәңгілік нұрды.

Мәдина-ғұмыр жалғасын табар,

Болса да қысқа тағдырың мұңды...

 

Бойыңды жаздың туған жеріңде,

Құм кешіп, қызық қуған жеріңде.

«Тұлпарың» тулап жазым қылғаны-ай,

Тәуекелге бел буған кезіңде...

 

Аңдығанда ажал қақпан құрғалы,

Сезімің қалай сақтандырмады?

Сағынып жүрміз, жер – бесігіңе

Сыр – ана сені аттандырғалы...

 

ІІ

Айналған сона-а-у

Сағым жылдарға,

«Ақбаяныңды» сағындыңдар ма?

Күрең күзімен қоштасқан сәтте

Қия алмай

Мұңға малындыңдар ма?

 

Алатын баурап кәрі-жасыңды-ай,

Ұласар мәңгі

Әні ғасырға-ай!

Туар ма қайтып ән – падишасы

Елімнің ерке Мәдинасындай?!

Сырымнан ұшқан

Аққуым қайда?

Саз сырнайлатқан

Гәкку-үн қайда?

Жапырақ жайып

Өнер бағында,

Үлбіреп тұрған

Ақ гүлім қайда?

 

Тағы да қайтып

Күрең күз келді,

«Ақбаянды» аңсап жүрерміз енді.

Күрең күзбенен

Тағы бір ғұмыр,

Үзілмесін деп тілерміз енді!

 

СЕНІҢ ӘНІҢ

 

Оралмай жүрген жазым ең,

Таба алмай жүрген сазым ең.

Жолықтың маған ғайыптан,

Бұлбұлым, жарқын наз үнмен.

 

Өзiндiк сиқыр, сыры көп

Дауысың неткен құдiрет!

Жезтаңдай сендей әншiден,

Айналмаймын ба мың рет!

 

Сазымен тербеп тәттi әннiң,

Жүрегiме өшпес от салдың.

Әнiңе ғашық болам деп,

Өзiңе ғашық боп қалдым.

 

Мендегi жылу, шуақты ап,

Кеттiң сен ұшып бiрақ та...

Көңiлiмнiң гүлзар бағында

Қалмадың неге тұрақтап?!

 

Арманым қайда кеттi iзгi,

Iздеумен жүрмiн әлi күн.

Аңсаумен жүрсiн деп бiздi,

Қоспаған шығар тәңiрiм!

 

Кеудемдi тербеп мың сан жыр,

Сырлы саз аңсап тұрсам бiр,

Ынтызар етiп әнiңе,

Табынтып қойған бұл тағдыр.

 

Сырымды қалай естiртем?!

Сағынышымсың тек, бiлсең.

Қуанышым боп келiп ең,

Тәттi мұң сыйлап кеттiң сен.

 

САҒЫНДЫМ

 

Жүрекке әкеп сағыныш дертiн жамайтын,

Өттi ғой, мiне, күрсiнiспенен талай күн.

Отты ұшқын шашқан жанарың қайда,

сағындым,

Шуаққа бөлеп, күлiмдеп дәйiм қарайтын.

 

Келдi ғой көктем құлпыртып гүлзар бағымды,

Алма ағаштары ақ бантик гүлiн тағынды.

Көктемдей жайсаң мінезiң қайда,

сағындым,

Таң самалындай қытықтап өтер жанымды.

 

Жалқындап жанып,

Ұшқындап тұрған алау ем,

Лапылдап жанбай қалайша өшiп қалам мен?!

Тәттi әнiң қайда,

көңiлiм қалды құлазып,

Естiлмей көптен құлаққа таныс сол әуен.

 

Елестен өзге сенен еш белгi қалмапты,

Әнiңдi аңсап,

Ұзақ түн кездiм бау-бақты.

Көп араладым өзiңдi iздеп дамылсыз,

Бiрақ та, әттең, сезiмiм менi алдапты...

 

ҚОШТАСАРДА

 

Қоштасар келдi кез, мiне,

Кетуге келмей тұр әлiм.

Қимайтынымды сездi ме,

Айналып менi жүр әнiң...

 

Тек жүрегiңмен сез менi,

Арманға толы жанарым.

Жылатпасам деп өзгенi,

Амалсыз қиып барамын.

 

Кес-кестей көрме жолымды,

Айтпа да өкпе-наз маған.

Бiздерге бiрге болуды,

Жаным-ау, тағдыр жазбаған.

 

Сондықтан көндiм бел буып,

Айтшы өзiң,

не күш қолда бар?

Сезiмдi ақылға жеңдiрiп,

Осылай еткен жөн болар.

 

Сабырға келiп,

тоқтатам

Көрсетпей көздiң жасын мен.

О, қалай бiрақ қоштасам

Алаудай махаббатыммен?!

 

Өзегiмдi өрт қып жандырып,

Өзiмдi саған жат еттiм.

Бұлбұлым, сенi қалдырып,

Әнiңдi ғана әкеттiм.

 

ТҮСІНСЕҢ ЕТТІ!..

 

Жарқылдап жүрем,

алдыңда дәйiм күлiмдей,

Өңiмнен ешбiр кiрбiңнiң iзi бiлiнбей.

Түсiнсең бiрақ...

қиналам iштей тек үнсiз,

Мұң қарып жанды ызғарлы күздiң күнiндей.

 

Сырымды бүктiм,

Жария еткiм келмедi,

Үрлесең еттi сезiмнiң отын мендегi.

Жеткiзе алмай,

айта алмай жүрген сөзiм көп,

Бiле алмай жүрсiң,

Ұға алмай жүрсiң сен менi...

 

ЖАНАРЫҢ СЕНІҢ

 

Жанарың сенiң...

Шiркiн-ай, осы жанарың!

Көргенде көктiң жұлдызы ма деп қаламын.

Келедi саған жаудырап қайта қарағым,

Келедi сенi жаныма жақын балағым.

 

Қап-қара қасың бояуға малып алғандай,

Кiршiксiз мынау тiстерiң бейне маржандай.

Жалтылдап тұрған көздерiңнен от жанғандай,

Жарқ етiп бiр сәт,

алыстай бердiң армандай...

 

Қоп-қою ұзын кiрпiгiң қандай төгiлген,

тiнтсем де қанша мiн таба алмадым өңiңнен.

Жанары таза, кiршiксiз мына көгiмнен

Айналдым, қалқам, жаудырап тұрған көзiңнен!

 

Көздерiң сенiң...

Шiркiн-ай, осы көздерiң!

Жаутаңдай бердiм, сездiң бе,

әлде сезбедiң?!

Амалым қанша, бақытысың сен өзгенiң,

Қол ұстасып әлемдi бiрге кезбедiң...

 

СҮЙЕСІҢ

 

Өзіңше жасап тіршілік,

Жүрсің ғой маған қырсығып.

Бәрібір мен деп соғады

Жүрегіңдегі дүрсіл, ұқ!

 

Құдіретті өнер, асқақ ән

Біз үшін қымбат басқадан.

Қуанышы бір, мұңы бір

Біздерге ортақ дос-жаран.

 

Мен болған жерге келесің,

Қаламасаң да, көресің.

Кетпегеніме жадыңнан

Амалсыз өзің сенесің.

 

Өткенге қайтып орала,

Сезімге кеудең толады, ә...

Сағынышыңды сыздатқан

Мойындамасқа бола ма?!

 

Жақұт нұр болып шашылып,

Мен жаққа қарай асығып,

Көзіңнен ұшқан ұшқынды

Қоясың қайда жасырып?

 

Тағдырдан алған үлесің,

Сағыныш қана – білесің...

Үйленсең үйлен басқаға,

Бәрібір, мені сүйесің!