ЕСЕНБЕК ЖҰМАҒАЛИЕВ. ЖАҢБЫРДА БІР ТАЗАЛЫҚ БАР...

ТҮНДЕ ЖАҢБЫР ЖАУЫПТЫ...

Ақтарылып аспаннан ақ тегене,

Кім білді от төге ме, бақ төге ме?

Мен әйтеуір сені ойлап көз ілгенмін.

Түнде жаңбыр жауыпты Ақтөбеге...

 

Өкпелеп кеткен ару болмашыға,

Сағынудан асқан шер бар ма сірә?

Жүрегіңнің көз жасын сығып алып,

Түнде жаңбыр жауыпты Алматыға...

 

Қатыгездік тән шығар тасқа ғана,

Жаңбырмен араласып жас тама ма?

Қос жүректің аңсарын толтырып ап,

Төгіп кеткен шығар бұлт қос қалаға.

 

Көңілімнен күй болып тамдың ба екен?

Сезіміңді ұғар тек жаңбыр ма екен?

Ақ нөсерден қорғайтын құшақ таппай,

Жауын асты қалшылдап қалдың ба екен?

 

Мен әйтеуір сені ойлап көз ілгенде,

Ерік беріп егілген сезімдерге,

Қылп етті ме жүрегің, өксік толып?

Көз бояуың жаңбырға езілгенде.

 

Арамызды бөлгенде сан шақырым,

Айтылды ма жауынға барша сырың?

Жоқ әлде...

Жауын асты би билеп жүрдің бе екен?

Өзге жанның қалқалап қолшатырын...

 

Аспан анау, түнеріп кеңкілдеген,

Ақ жауында өмір бар мөлтілдеген.

Тамшыларда сезім бар ең аяулы,

Махаббат бар кеудеңді өлтірмеген.

 

Ағыл- тегіл төгілген таңды атыра,

Өліп өшкен сезімде бар ма кінә?

Түнде жаңбыр жауыпты Ақтөбеге,

Және жаңбыр жауыпты Алматыға...

 

КЕЗІГІП ҚАЛАЙЫҚ

Жарқ етер сәттері аз жалғанда,

Үміттің күлтесі солғанда,

Мен де...

Сен де Алматы барғанда,

Оңаша кезігіп қалшы сен,

Лифтте...

Жо- жоқ... Тар жолда...

Сөніп бір қалсайшы сол сәтте,

Бағана басынан шамдар да...

 

Сендегі алқызыл, гүл ерін,

Сезімге шөлдеумен кезерсін.

Мен сені құшақтап сүйемін,

Сонда сен...

Әдейі ырқыма көнбессің...

О, бәлкім әдейі көнерсің...

Содан соң...

Сен сенгің келмеген мендегі,

Ғаламат сезімге сенерсің.

Көрерсің...

 

Куә жоқ. Тек қана екеуміз,

Тар жолда кезігіп қалайық?

Өтеусіз...

Өтер жаз, өтер күз...

Қараңғы көшеде ып- ыстық,

Құшаққа жылынып алайық?

Тар жолда...

 

ЖАҢБЫРДА БІР ТАЗАЛЫҚ БАР МЕН БІЛГЕН...

Қу тірліктің құлқыны ұрып, мастанған,

Адамдардың пейілімен ластанған.

Әз қалаға тәңір нұрын себелеп,

Мөлдір моншақ құлап жатыр аспаннан.

 

Көк аспанның тылсымына сендірген,

Жаңбырда бір тазалық бар мен білген.

Сәні кірген қор қызындай, жұпарлы,

Гүл мәз-мейрам, сырғаланып мөлдірден.

 

Бұл әлемді бай-бағылан мен жалшы көп,

Ит тірліктің илеуінен аршып ап,

Делдалы боп тіршілік пен тәңірдің,

Құлап түскім келді жерге тамшы боп.

 

Айналдырған уақыт- көштің ұршығын,

Сәл ұмыттым минуттардың тырсылын.

Барлық әлем қарбаласта, жалғыз мен,

Ақ жауыннан тыңдап тұрдым тылсым үн.

 

Аспан мен жер хат алысты достасып,

Тілін тапсаң сыр айтады тас та ашық.

Серуендеп жүр жүректері елегзіп,

Құшақтасып қолшатырлы қос ғашық.

 

Тамшы сұрап, аспанға үнсіз телмірген,

Ақ жауынсыз сырласады көл кіммен?

Құбылмалы көңілімдей ойнақшып,

Бір көлшіктің толқынғанын көрдім мен.

Жаңбырда бір тазалық бар мен білген...

 

КҮЗГІ РУХТЫҢ АРЫЗЫ (абстракт)

Сурет салып көңілсіздеу бейнелі,

Қала тағы киді сары жейдені.

"Өмір әнін" шырқап тұрып қоңыр күз,

Жапырақтар "өлім биін" биледі.

 

Сұп- суық, һәм тас қараңғы әлемде

Отырғанда зәру боп бір өлеңге.

Түнгі аспан да қатігез ғой. Аяусыз

Бір жұлдызды тастай салды тереңге.

 

Мен де сондай жұлдыз болып көрем де,

Аспан мені зар болған соң өлеңге,

Құмарланып құшсыншы деп сол қызды,

Тастай салған шығар бәлкім төменге.

 

Ағып түстім адам болып ЖҮРЕКТІ,

О, қараңғы түн де сонда дір етті.

Пенде рухын киіп жүрген жұлдызбын,

Жарығыммен тіліп өткен түнекті.

 

Жапырақтың "өлім биі" тоңдырып,

Қоңыр күзге "өмір әнін" салдырып,

Аспан жаққа қарап тұрмын мен үнсіз,

Кетсем бе деп тұңғиыққа мәңгілік...

 

Айтып барам сонда жердің жан мұңын,

Айтып барсам хәлін бай мен жарлының,

Бақытты емес екендігін айтар ем,

Төмендегі адамдардың барлығын.

 

Сонда ақыры...

Ескерткішім жер бетінде қашалған,

Бәлкім қола, бәлкім тастан жасалған.

Ақ мүсінім "өлім биін" үркітіп,

Менің рухым...

Менің рухым шырқап тұрар қаһарлы ән.

 

Өлең жазып көңілсіздеу бейнелі,

Мен де кидім сол күз киген жейдені.

Елер ме екен бір ақынды тым құрса?

Сыр бермеген орамалды сүйгені.

(Қала тағы киді сары жейдені...)

 

МЕН ОНЫ СҮЙЕТІН ШЫҒАРМЫН...

Мен олсыз бір мұңмен сыңармын,

Неге оның жанына құмармын?

Сездірмей аймалап көзіммен,

Білмеймін...

...Мен оны сүйетін шығармын...

 

Кім білсін, бір күні...

... Кеш батып, көкжиек қылаң нұр,

Мен оны бақытты қылармын.

Неліктен аңсарым ауады?

Мен оны сүйетін шығармын...

 

Бір күні мен оның жанында,

Кеудеме гүл тағып тұрармын.

"Алдамайды армандар"- дейді ғой,

Әзірге бәріне шыдармын.

Мен оны сүйетін шығармын...

 

Ішінде ақ сағым мұнардың,

Тек үнсіз ішімнен тынармын.

Кешегі бозбала шағымдай,

Шынымен...

...Мен оны сүйетін шығармын.

 

Аршып ап ішінен тұманның,

Елітті ырғағы бір әннің...

Дәл осы симфония саз сынды

Мен оны сүйетін шығармын.

 

Серттессек қайтеді онымен?

Сөзіндей айнымас құранның.

Мендегі тылсымды ұғар кім?

Бір ғана серт берсе болғаны...

Мен оны сүйетін шығармын...

 

Бұлттардай аспанда сейілген,

Ғайыпқа сіңбесін шырайлым.

Ақ ұлпа мамықтай сезіммен,

Мен оны сүйетін шығармын.

Расымен сүйетін шығармын...

 

АҚЫРҒЫ СӨЗ...

Санамда титтей сәуле қалмады,

Сансыз ойларға шырмалған.

Тағы да үнсіз ауа қармады,

Сенделген кезбе түнгі арман.

Жалыққан шығармыз бір-біріміздің

Үнсіздігімізді тыңдаудан,

"Мінсіздігімізді" жырлаудан.

 

Сезімді құрсап тас қамалдарға,

Бөлек кетуден басқа амал бар ма?

Ғашық боп сен де өлең жазарсың,

Ғашық боп мен де өлең жазармын.

Өлең жазармыз басқа адамдарға...

 

Аспандап ұшқан алып қыранның,

Құстан бейхабар тордағы...

Мен біреуді жолықтырармын,

Сен де біреуді жолықтырарсың.

Бақытты болсақ болғаны...

 

Әр таяды әлі жастық өңіңнен,

Қартаяр бәрі, күрсінбе...

Мен де өтермін тасқын өмірден,

Сен де өтерсің тасқын өмірден.

Өзгермейді әлем бізсіз де...

 

Сосын...

... Асқақ боп мәрмәр кесенелері,

Қадірлеп атын биік ұстайтын,

Сенің атыңа көше береді,

Менің атыма көше береді.

Көше береді қиылыспайтын...

 

Сенің артыңда кітап қалады,

Менің артымда кітап қалады.

Мекендеп сосын қала бермекпіз,

Екеуміз екі кітапхананы.

Сол үшін көңіл жұтап қалады...