* * *
Мен туғанда-ақ өлім жазасына кесілгем,
Есейе келе шығып кетіпті есімнен.
Жаным шырылдап, тəнім тұншығып жатқанда
Есіме қайта сен салып едің, есіл-дем!
Мен туғанда-ақ нұрлы ауаға ніл сіңіп,
Түннің бетін өткен екен мұң сызып.
Содан, бəлкім, Айға қарап кей сəтте
Ұлып-ұлып қоятыным күрсініп.
Мен туғанда-ақ тарылып кеткен құт-іргем.
Жазмыш солай ғой.. солай жазып бітірген.
«Ең соңғы арман-тəтті!» дейді.
Амал не?..
Сəл ащылау, ең алғашқы үкімнен.
Ей, еңіреу күткен есіл-дем,
Мен туғанда-ақ, өлім жазасына кесілгем.
Меңіреу біткен мына дүниеде
Сен соны шығарып алмашы, есіңнен,
Жарай ма?!.
* * *
Досым бар ма, білмеймін, жауым бар ма?
Тамырымнан бүгілем дауылдарда.
Бауырымды жегізіп « ит пен құсқа»,
Ақыл айтам, сосын кеп, бауырларға.
Қырам дей ме, біреулер жоям дей ме?
Киіп алып үстіне Ноян-жейде.
... өз үйімді таба алмай жүрсем дағы,
Адасқанға жөн сілтеп қоям кейде.
...Ұмытпайтын нəрсені ұмыт қылам,
Қалыңдайды содан соң күдік-тұман.
Күдік-тұман ішінде келе жатып,
Бірдеңені білгішсіп былықтырам.
«Өмір деген өксік қой!..» деймін кейде.
«Өксіп жүріп өстік қой!..» деймін кейде.
Сорға мінем, солқылдап жолда жүрем,
Соған менің көңілім меймілдей ме?..
Ай мен күннің бəрі бір шуағын құй,
Жетім бұзау секілді мына бір күй.
Жан өрбіткен жарымды сағынсам да,
Үйден гөрі түзді аңсап тұрам ылғи.
Басым таз боп қалардай бақтан кілең,
Азаппенен қарсы алам ақ таңды мен.
Көңілімнің қайғысын өзім ішіп,
Қуанышын біреуге сақтап жүрем.
...Біліп тұрып істеймін барлығын да,
Мінезім бе, білмеймін, тағдырым ба?
Əкел, досым, тартайық «ащы балдан»
Қосып ішкен тəтті ғой зарды мұңға.
* * *
Алматым – ару қалам-ау,
Жаныма дәру бола ма-ау, бұл көркің?
Аңқылдап кетсең, аспаннан түспей тұр бөркің...
Қиялымдағы періште қалпың ұрланып,
Іргең сөгілсе,
төріңді жайлап жын да еркін.
...Арман боп алдап, ажалы тұрса алдында,
Жасыра алады ей, кім дертін?!.
Алатау – абыз-данам-ау,
Осылай жалғыз қалам-ау, күрсініп,
Көшелеріңнен көңіліме қара ніл сіңіп.
Пәруәнә түгіл пәруәрдігерің мұндағы
Жанына, және..,
нанына еткен құлшылық .
Бақытын тілеп, шамдары сөнбес шаһардың
Заһар-уынан жұтамын сосын тұншығып.
Нән шаһар – тымырсық әлі,
Түнімен ыңырсығаны тынышыңды ап,
Дөңбекшіп бірге жатасың уайым, мұң шырмап.
Зәулім үйлердің сай-сүйектерін сыздатып,
Таң бозарғанша ұлып шығады у-шу бақ.
Самайыңа кеп сайтанның үні қадалап,
Санаңа сіңіп кетеді сосын шым-шымдап.
...Зарлайсың ғұмыр-әніңді,
Сүйретіп сірі жаныңды өлмейтін.
Сұлу қаланың суретіндей боп сол кейпің?
Таусылған шақта тау жаққа қарап қоясың,
Медеу ғып жанға жалғыз үмітті сөнбейтін.
Ауылын аңсап мөлт етсе мұңлы жанарлар
Менің де жаным мейірге сол бір шөлдейтін.
Шаһарға бір тыныстаған,
Ұлтымның рухын ұстаған әкемнің
әңгімесінің ащылығынан екі өлдім.
Өркен-ниеттің өп-өткір иісі мүңкіген
Алды-артын сезбес не деген қауып-қатермін;
Соқыр көздерім жынды көбелек боп ұшса,
Көшелерінде Жұмағали мен Сәкеннің...
Алматым – ару қалам-ау,
Шындыққа тағы зәру болам-ау ...шақта – бұл,
Сенің жаның боп нұрланып әр кез жатты ауыл.
...Ауырған шақта жаныңды ұғар деймісің
Ішіңе кіріп, жақын боп кеткен жат бауыр...
Ауылың барда сен ауырмашы, Алматы,
Жат болып кеткен жақының ем ғой, Һаққа құл.?!
* * *
Ей, менің жүрегімнің
шақырылмаған қонағы,
Кел, төрлет!
Құтты қонақ үш-ақ күндік болады,
Көңілімді көркемді ет!
Сен дəме еткен қажеттінің бəрі бар,
Дəм тат, кел!
Сағынбаған, аңсамаған жалығар,
Сағынып кел, аңсап кел!
...Жүрегімде жалғыз қонақ күтіп ем,
Баяғыда... мəңгілікке ол қап кетті.
Өрісімен, ырысымен, құтымен
Бір басымды бақты етті.
Оның жөні бір бөлек қой, əрине,
Жүрегім де соныкі.
Сол қарайды қарағандай сəбиге,
Түнімді де күзететін сол – Үкі...
Əй, менің жүрегімнің
шақырылмаған қонағы,
Кеп тұр солай... жолың боп.
Жолай соғып кеп тұруға болады,
Ал, қонуға орын жоқ!
* * *
Дос көп кезде жалғыздықты жазғырдық,
Дос жоқ кезде азаптандық, наз қылдық.
Мені ешқашан сатпаймын деп жылайды,
Жалғандағы жалғыз досым – жалғыздық.
Басымызды сан сарсаңға салғызды ой.
Сонда дағы бақыттымыз – бармыз ғой.
Бəрі де бар – дос та, бауыр, туыс та
Бірақ, менің жалғыздығым, жалғыз ғой...
* * *
Тоқмейілденіп тобырға сеніп,
...тоңмойын басты тоқпақтап.
Қамкөңілденіп, қабырға сөгіп,
Бар боп жүреміз жоқты оттап.
– Ит өмір! – дейміз. Ырылдасамыз,
Итпенен ит боп үреміз.
– Ит-ырыс! – дейміз,
Жымыңдасамыз,
жып-жылы ғана күлеміз.
Жаһаннаманың «жар-жырын» айтып,
...құшына жанға құштыртып.
Жалғыз арманды жалғадың қайтып,
Бəлен-Түленге түшкіртіп.
Ғазиз қарт-ойлар жап-жас уақыттың
Өртіне жанып күл болса,
Ошағындай боп жанбас бақыттың,
Өмір сүреді кім, қанша?!.
ӨКІНІШ
...Аспанды жылатқаным-ай,
...Асқарды құлатқаным-ай,
...Бұлақты суалтқаным-ай,
...Құрақты қуартқаным-ай,
Қабырғам сөгілгенін-ай,
Бауырдан езілгенім-ай,
Уайымның кеміргенін-ай,Айымның көмілгенін-ай,
Жұлдыздың төгілгенін-ай!..
Намысты қамшылар сөздің
өсектен өрілгенін-ай...
Шер-мұңның шегелеп тамып,
жүрекке төгілген уы-ай!..
...Аспанды жылатқаным-ай,
...Асқарды құлатқаным-ай,
Қойшы, мен көтеремін ғой
Тозақты жұмақтағыдай.
Енді, сен, ешкімді жылатпашы Құдай,
Жылатсаң,
Жұбатпашы бұлай...