АВТОПОРТРЕТ
Мен өзімді
Күл-талқан болып қираған
Жасыта беріп жалған мың,
Жанды өртеп жүріп жинаған
Арманнан құрап алғанмын…
Жалғанның жұтып бар уын
Тіршілік үшін тазарған,
Адасқақ әлем аруы
Ажалды күттім ажардан.
Табынбас тарпаң заманға
Тірлігім, бәлкім, тек елес.
…Абай бол арман-адамға,
Бұл – менмін әрі…
Мен емес…
* * *
...Бозмұнар көшкен далада
Бұлың да бұлың бел жатыр.
Сағыныш ескен санада
Сақтарсың нені, сен ғапыл?!
Жалғанды ойлап жүдесең,
Жазмыштан жалғыз жанға үкім:
Жеруани бақыт тілесең –
Жер беті болар жәннатың.
«Тілегім – дидар тек» десең,
Жақсылық күтпе жерде көп.
Сертіне рухтың жетпесең,
Сүйсінер ғұмыр сенде жоқ!
Пәни мен бақи арасын
Пейілмен пенде жалғаған.
Нәпсі ме, рух па, аласың –
Екінің бірін таңда, адам!
Пейіштен қалған адасып
Періште дәурен көшкен күн,
Күнәһар адам баласы,
Күнәсіз жерге қош келдің!!!
* * *
Тағдырым тауқыметтей ғалам күткен,
Арылмай азалайды санам жүктен.
Тозғанша темір тағат тұралатқан
Азаптың арманы жоқ маған біткен.
Қалса да келте ғұмыр қас-қағымдай,
Пенделік парыз көшпес бастан ұдай:
Өтермін мұң арқалап, қайғы теңдеп,
Бір тамшы ақыретке жас қалдырмай...
* * *
Зар құштырып зырлайды зауалдай күн,
Қан құстырмай қыңбайды қарау қайғың.
Үміт зая, серт зая, сының зая –
Мен ешкімнен Өзіңді таба алмаймын...
Тозған тілек тұғырын табардай бір,
Ойлыға да ойсызға алаңдаймын.
Ғұмыр зая, мұң зая, жырым зая –
Мен ешкімнен өзімді таба алмаймын...
* * *
Ен жалғанның естелігі мұнша тар:
«Жағасына жайнай біткен тұмса тал,
Албыраған ару Жайық бойында
Болған екен ертегідей бір шаһар.
Бір өзіне бұйырған соң бар айшық,
Көзіктірген көп қадалған талай сұқ».
…Үнсіз жатыр үй орнындай үйінді,
Бізге жеткен бұл – бүгінгі Сарайшық…
Қалқымайды бұрынғыдай қаз-қу да,
Жар құлайды жайрай түсіп тасқынға.
…Өткенімнің орнын сипап мен тұрмын,
Қу бас жатыр аяғымның астында…
Тарихымнан тамтық қалмай таланды,
Сазбен бірге су шаюда санамды.
…Құлазыған сені көріп, Сарайшық,
Мың дертіме тағы бір дерт жамалды…