* * *
Мөлтілдеген мен осы,
Сезім едім.
Өгей тартып барамын өзіме-өзім
Өзімді-өзім естелік сезінемін.
Көлбең қағып көшеге шыға қалсам,
Өтіп кеткен өмірге кезігемін.
Бәрі болған оқиға, бәрі де өткен,
Өткен шақты көремін төңіректен.
Сағынасың баяғы жас шағыңды,
Қиянаттар жаныңды еңіреткен.
Тартып алып біреулер сүйгеніңді,
Еске аласың жазықсыз күйгеніңді.
Еске аласың содан соң өзің де осы,
Айналаға қырғидай тигеніңді.
Қанатымды қайырған қараулардан,
Кездерім-ай, әрең бір аман қалған.
Қатарымнан оздым ба, кім біледі?
Осы өмірді үйреніп жамандардан.
Таппай жүр ғой бәрібір жан қанағат,
Кейде тіпті жүремін жар жағалап.
Жамау-жамау жалауын тағдырымның,
Ұстап алып жүгірем желге қарап.
СЫЗ. НӨСЕР. КҮЗ...
Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.
Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қорытынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз...
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.
КЕЛЕР КҮНГЕ ҚАЛДЫРДЫМ...
Көрмегенді жүре-жүре көз көрді,
Сөлі шығып, айта-айта сөз де өлді.
Қара бастың күйін күйттей бергенше,
Күй табақты ауыстырар кез келді.
Тіршілігін істей бермей әркімнің,
Қажетіне жарасамшы халқымның.
Батыс жаққа батқан сайын алтын күн
Суға батып баратқандай алқындым.
Көп тобырға кеттім ұқсап неге осы,
Өз тағдыры болад деуші ед әркімнің.
Мен бір ерлік жасардай ем, Келесі,
Келер күнге оны тағы қалдырдым...
БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар –ақиқат пен шындық сөздің жебесі.
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.
Осы жұрттан бақ пен Қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі.
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің сырттаны,
Кешегі өткен ақындар мен батырлардың ұрпағы.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Өз елінің ұлтаны мен өз елінің сұлтаны.
Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер.
АЛДАЙ-АУ
Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбі балдай-ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау.
Үри-ай, дәурен, үри-ай,
Үмітпен өткен дүние-ай.
Теректей басым теңселіп,
Терең бір ойлар еңсеріп.
Ұйқы да тұйқы сең соғып,
Ұйқысыз өткен түнім-ай.
Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның,
Білдірмей біреу жұлып жүр.
Өмірдің өгей пендесі-ай,
Өлеңнің шертіп қылын бір,
Өзіңді-өзің жылындыр.
Өткені-ай, бәрі өткен-ай,
Өмірдің жаз бен көктемі-ай.
Сары ала қаздар саңқылдап,
Сары ала күздің жеткені-ай.
Біреуге өзім ынтызар,
Біреулер маған өкпелі-ай.
Өткінші мынау өмірде,
Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.
«Аға» - деп барсаң ағаңа,
Ағаның көңілі көкте жүр.
«Бауыр» деп барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір.
Туысқанға - туа жат,
Жолдасыңа - жүре жат,
Менен де осы өтті өмір.
Қара тас сенен қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Қара жер сенен қорықпаймын,
Саған да жазда шөп шығар.
Айналайын ағайын!
Сендермен жерді бір басқан,
Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан.
Өмірі өлең жыр-дастан,
Менде де арман жоқ шығар.
ӨМІР СҮРУ КЕРЕК ЕДІ ӨЗІМШЕ
Өмір сүру керек еді өзімше,
Өмірді адам ылғи біздей сезінсе.
Қамсыз-мұңсыз жүріп алғың келеді
Қарбаласқан ел мен жұрттың көзінше.
Қаңғып-қаңғып келесің де түнімен,
Айтатының «аналармен жүріп ем».
Ұяласың бажырайған баладан,
Ұяласың аға тұрмақ ініден.
Өтетұғын өмір болды әйтеуір,
Өзге жұрттың ақылымен, тілімен.
Қайда небір өтті тойлар өзімсіз,
Қайран өмір өтіп кетті-ау шынымен.
Айым туып кетер еді солымнан,
Күнім туып кетер еді оңымнан.
Келген істі істемедім қолымнан.
Бар да, жоқ та күй кешемін балықтай,
Балықшының түрткішіне соғылған.
Бұл өмірде бір ақылды болсашы
«Бар, қаңғып қайт», – қалма дейтін, – жолыңнан».
Бір қылығым ұнамады сірә оған,
Білгеніңді істе дейді дүр ағам.
Білгенімді істер болсам ұнаған,
Бүгінгідей болмас едім кір адам.
Нұрлы өмірге жетелеген бізді ылғи
Бір амалын табар мүмкін Нұр-ағам.
Өмір сүру керек еді керемет,
Өз дегенім болмады ғой, не керек.
Өлкетану музейіне тапсырған,
«Өлкемізде болды бұл» деп жапсырған
Секілдімін коллекция көбелек.