ӨЛЕҢ
Қанша таңым алдымнан атты ағарып,
Қанша күнім қызарып батпақ әлі?
Мен келем көше бойлап, дүниені
Қырымен шалбарымның қаққа жарып.
Ақ өлең, қара өлең, күрең өлең,
Өлең деп өлеміз-ау жүре бере,
Біз осы дүниеге келген кезде,
Шешеміз ақын бол деп тілемеген.
Жыр да өлең, өлең де өлең, дастан да өлең,
Өлеңім – жарға жығып қашқан дөнен,
Аспан деген мұң дейді-ау анау ақын,
Жаңғақ қосқан шоколад аспан деген.
Мұңды өлең, рухты өлең, көңілді өлең,
Түйіндеп қояр екем соңын немен?
Өмір – абсурд деп біреу ойбайлайды,
Сондай, сондай деймін мен өмір деген.
Алыстай береді екен арман ұзап,
Өмірдің басымызға салғаны заң,
Өгіздің мүйізінде біздің ғұмыр
Өлеңнің ғұмырынан сәл ғана ұзақ.
ПАТШАЙЫМ
Патшайымы өзіңсің көк пен жердің,
Шаһадатым бұл менің көптен бергі,
Біраз үнсіз тұрдың да «Көктем» дедің,
Содан соң көктем келді.
Сенен өзге құбыла бар ма маған,
Жырым қайда өзіңе арнамаған,
«Алматыға барайық!» дедің кенет,
Содан кейін күз келді қарға қанат.
Айтар дұғам сен болдың, тыңдар әнім,
Тағдырымды жазады түн қаламың,
«Қарашада жанымды ал!» дедім,
Сосын...
«Қараша іңгәлады».
ҚОШТАСУ
Сен бара бер...
Бара бер, ақылың бар...
Үнсіз жатсын арада шақырымдар!
Қарағым, мендік өмір – мәнсіз өлең,
Сұр үйлердің бүрлеген жатырында.
Сен бара бер, үйіме мен де барам,
Көз алдымда бұлдырап пенде қала,
Лмон қосып ішем де өткен күнді,
Түсініксіз тұмауды емдеп алам.
Тереземді перделеп таңда қырау,
Тәнде қуат қалмайды, жанда құмар,
Мен жоғалам Көкшетау көшесінде,
Ал сен...
Бара бер...
Алматыңа.
MOOD
Сен де кеттің,
Мұң жұтты бөлмені бұл,
Көлеңкем тұр сүйкеніп қабырғаға,
Мұңбатыста қансырап өлген іңір,
Мұнарасы мешіттің сағымдаған.
Терезенің ар жағы: сәуір айы,
Құдайы өліп сандалған жетімек ел,
Өлең оқып тұрмын мен өрмекшіге
Өрмегінің бір жібі сетінеген.
Марқа қоңыр түтінді жұта бердім,
Кімге керек мұңайып, өкінгенім...
Бекер болды бірақ та ойларымның
Бесінші қабатынан секіргенім.
№ 6 пәтер
Шатырында үйімнің
Көгершінде уілі,
Мен ешкімді сағынбаймын,
Күтпеймін.
Мылқау сәуір демінен
Мұнар шалған терезем,
Ештеңені ойлағым да келмейді.
Іңір өлген бөлменің
Өшірем де жарығын,
Бүгін түнде ештеңеге айналам.
***
Жә-жә, жарар!
Қанша сөз шығындадым.
Ұлпа қарға айналды бүгін бәрі,
Мен құдайға түсіндім не керегін,
Жалғыз сенің мұңыңды ұғынбадым.
Ауысатын сияқты бүгін дәуір,
Себеп?!
Сендік жүректі ұғынбадым.
Ақпан!
Ақпан?
Ай аты емес мүлде,
Ол менің жүрегім ғой құбылмалы.
Күнәлімін...
(Онсыз да аз ба күнә?),
Бәлкім, мына ғаламның азғанына,
Сен өкпелеп жүрсің-ау, Хаят бегім,
Өлім жайлы өлеңдер жазғаныма.
Мен өртендім...
Айналды денем күлге,
Олең!
Өлең?
Ал, басқа сенем кімге?
Ол менің жалғыз досым ақыреттік...
...құрып кетсін!
Керегі жоқ өлеңнің де.
Қыстың соңғы айына еніп қалдық,
Биі қандай керемет елік қардың!
Сен мені сүйесің ғой!
Сүйесің ғой?!
Ыммм, жарайды...
Автобус келіп қалды.
Мен де кеттім мәжнүннің күйін кешіп,
Себеп?
Менің құсалы ділімдесің...
Түн суық болады ғой бүгін тағы.
Мен сүйемін!
Сүйгенмін...
Бұр...
Бүгін.
Кешір!
***
Кешіп өтіп кешпейтін шекараны,
Бұлт жастанып бір күні демаламын,
Шым-шытырық түсімдей бұл өмірден,
Бір қызығы, есімде не қалады?!
Бәлкім, ащы мұң ұрттап, ой кешкенім,
Ағалардың адам бол, қой дескені,
Бір музейдің есігін қиратқаным,
Айнадағы өзіммен сөйлескенім.
Ақындардан жүргенім көш ілгері,
Соным үшін мақтанып есіргенім,
Бір аруға түнімен жыр жазғаным,
Таң біліне сол жырды өшіргенім.
Қолым созып қол жетпес асылыма,
Сезімімді күш таппай жасыруға,
Қорап толы мандарин сыйлағаным,
Мандарин деп атайтын ғашығыма.
Ей, адамдар, ақсың ба, қарасың ба,
Бәрің-бәрің есімде қаласыңдар,
Кетемін де бір күліп бұл жалғаннан,
Жымыңдаймын жұлдыздар арасында.
Түңілмеген ханнан да, қарадан да,
Көп құмарта қоймайтын аламанға,
Өмір сүре білген деп еске алыңдар
Анау ақын біздерге қарағанда.