АБАЙ ОРАЗ. НЕГЕ ҚАЖАЙ БЕРЕМІЗ САҒЫНЫШТЫ...

 

 

М.ӘУЕЗОВ  «КӨКСЕРЕК»

 

Қыс дегенің – мал-жанға сынақ ауыр,

Есік алды қар күреп кіл аға жүр.

Ауызғы үйде шошайып екеу қалдық,

Мен және апам еститін құлағы ауыр.

 

Апам кітап оқы деп:

-Өмір сенің – 

көрер жарық дүниең!

менің сөзім

іске алғысыз қалады ертең кетсем.

-Олай неге айтасың, көңілшегім?!

 

Ұқпасақ та тереңдеп ештеңені,

Қолға алынар Мұқаңның «Көксерегі».

-Құрмаш бала бөлтірік асырапты!

Не болды екен, – дейді апам,– көксегені?

 

Кәріге ермек қайғыға қайғы жамай

күн өткізу, көңілден жай құлады-ай.

Кемсең қағып иегіжылайды апам:

-Сенім бар ма ит-құсқа әй, құдай-ай!

 

ДӨҢ БАСЫНДА

 

Жалғыз аяқ созылған жолға асыға,

Көз байлана шал шықты дөң басына.

Жалғыз атын тұсатпас тірі жанға,

Бір есептен дұрыс-ау ол да, сірә?!

 

Қашық емес ауылдан бетеге қыр.

Шалы құрғыр қайдалап шешем отыр.

Сыртқа беттеп мен шықтым түнді тінте,

Тұра қояр байқалмай көкеде түр.

 

Көзге түртсе көргісіз түн. Айдала.

-Бұ қай бала? – біздің шал тұр ойлана.

-Шешем отыр зарығып, жүрсең үйге!

Көп мақұлық ұшады шыр айнала.

 

Көк қайыстан өрілген таспаланып,

Қамшыдай боп жол жатыр соқталанып.

Мына дөңде бабамыз жатыр дейді,

Күбірлейді сосын ол тоқтап алып.

 

Көп бейбақтың көргенде көмілгенін,

көрмеген боп алдаймын өзімді-өзім,

Тарс жұмсам да көзімді, тас бүркеніп,

Қорқыныштан дөңбекшіп көз ілмедім!

 

 ЫМЫРТТА

 

 

Көктем кеші. Зауза-мамыр. Іңір. Бақ.

Кектенбеші, ұғысайық cыр (ымдап).

Біз екеуміз жүре бердік ақырын,

«Желсіз түнде жарық айды» ыңылдап.

 

Екеумізге сонда кешкен күй мәлім,

Сондай шақтан естеліктің жи бәрін.

Алаулаған жүрегіммен бақ іші,

Қолыңды ұстап ақ раушан сыйладым.

 

Көйлегіңді жел ырғады күлгін көк,

Үркер аумай... ауды ма екен... күлдің кеп.

Нәзік қана саусағыңмен раушанның,

Күлтешесін жұлдың сосын бір-бірлеп.

 

Мүлгуіндей ұзақ қоңыр бесіннің,

көз алдымда есінейді есіл күн.

Мен ұсынған ақ раушанның сол сәтте,

аз ғана өмір сүргеніне өкіндім.

 

Саған қарай жолдасам да хатқа өлең,

Екеумізге қонбай ұшты бақ деген.

Екеумізде махаббат та аз болды,

Дәл сол күнгі ақ раушандай, әттеген!

 

***

 

Жаным ақық,

Хат алысқан кездердің бәрі – бақыт.

Қол ұстаса жүгірдік аспан асты,

Жұлдыздарды жып-жылы жамыратып.

 

Дарияның бойында лайланбаған

сені күттім, шақ еді ол – қайғы алмаған.

Есіңде ме сол күндер, еңлік қыз,

жағаласып шешеңе шай қамдаған.

 

Арқандалған аттай боп сені айналам,

Сені ұмыту дейсің-ау оңай маған.

Өзімді емес, әуелі сені көрем,

Өзің ұмыт қалдырған қолайнадан.

 

Ғашық жігіт сүйгенге гүл үзеді,

Кеш жолыға беремізбіз үнемі.

Дария-көл лайланды көп ұзамай,

Көңіліміз лайланды, тұнық еді.

 

***

Айтылмаған не қалды – бәрі айтылды,

Жолығыса жамылдық арай түнді.

Қараңғыда тұтаттық шырағданды,

Сүю жайлы әңгіме тағы айтылды.

 

Айтылмаған не қалды – бәрі бітті,

Неге қажай береміз сағынышты.

Ән – «Көзімнің қарасы»

ол да айтылды,

Жылап алдық дедік те бәрі күшті.

 

Айтылмаған не қалды – бәрі-бәрі:

сезім, көзің, махаббат мағыналы.

Сен қырсыға бермеші, өтінемін,

Кездескенде әңгіме табылады.