САНДУҒАШ СЕРІКҚЫЗЫ. КІНӘЛІ – БЕЙКҮНӘ КӨКТЕМ

 

   *  *  *


Біздерге
... көкте – Күн
... жерде – Топырақ 
Қарусыз кең құшақ қарауыл.
Оларсыз қу тақыр Пенде тоқырап,
қирайды Қала – бұл!

О, Қала!
Есіне!
Көз ілме бірақ!
Қи маған бір мезет Ұйқыңды.
Тарқатсын Бойжеткен өзіңде жылап...
қиялын – Сиқырлы.

Өткеннің бүтіндей Күн жұтқан мұңын
Қақалып тастайды Түн құсып...
Қыз үні жаңғырар жым-жырт таң – Бүгін
... сүйгенше гүлді Шық:

"Көктемнің тамбаса Ой тамшылары –
шылқытып, есіме менің.
Реніштің тұтанбай – Сайтан шырағы,
еех, кешірер едім!"

Қала ояу,
Мен – әлсіз,
Бұлақ қайғының
Таң атып, үні Қарлыққан,
Көктемнің күндізін Ұнатпайтыным –
Сондықтан!

    *  *  *

Мен үшін
кінәлі – бейкүнә Көктем
Мейлі, жайсын аңқау құлашын...
Кірпіктерінен де ұйқыға кеткен 

Мін іздеп тұрасың?!


Қадірсіз!
Қисынсыз...
Күн өтіп бастан,
Қайғымның умаждап әр талын,
Қойнына жатса да түнетіп Аспан

Мың кінә артамын?!

Бәрінде әлемнің – жасанды Қайғы,
Қайтейін...
нағызы – Ақында!
Көктің де, Көптің де басы ауырмайды
Әлі ұйықтап жатыр ма?!

Ерте бойжетіп-ап, кеш білді өлі ес
Түнді кезіп, күнде түнеуді...
Күтеді Сыр қызы ешкімді емес – 
(өз әлемінен)

Біреуді!


22.04.15ж, 01:55

 

    *  *  *

Тағы кеш...

Тыңдар шақ Түннің дүрсілін,

Тілінен Тілсіздің үн ұрлап...

Ғаламда – сезбеген күллің Тылсымын

ойларым қыдырмақ...

 

Көз жасындай Айдың сорғалап тамған –

Жаны жұмбақтау бір Қыз бар...

Сол әр тамшыларды  қорғамақ болған –

ағады Жұлдыздар...

 

Ағады...

Ақ бұлтқа шекесін ұрып!

Жалғыздығым үшін күйеді.

Сезімімнің жырын неге сіміріп

өзгерді жиі Өңі?!

 

Түндегі...

Қалыпты тыныштықтардан 

Тіл қатар Үнсіздік жар салып,

– Сыр шертіп жанармен, ұғыстық Қарғам,

білістік қаншалық?!

 

Жалғызға

...дауыс – Шу

... түнек – Қара түн,

Жатпайды Құрғырың жанды ұғып.

Үнсіздік – үн емес!

Жүрек жаратын –

Ең ұлы Жаңғырық!

 

Түн түсінбеген соң,

Көңілсіз – Дала,

Ұғар Жан таппай аһ ұрды!

Мен ұғыну үшін тек үнсіз ғана,

Сүйгім келеді Ақынды...

 

*   *  *

Жаңылып барамын күрсініп естен,
Таба алмай түйір бойдан мін.
Мен тең жарымында тіршілік кешсем,
Сіз ойланбаған ойлардың...

Серік қып үмітке төзімді әрдайым, 
Болмай-ақ қоям Күлше қыз!
Мен Білдіртпеген боп өзімді алдайын,
Сіз Білмегенсіп жүрсеңіз...

Үйренген көңіл күндер-нөсерге –
Үйрене алмады мұны түк.
Мен әлі Ұнатып үлгермесем де,
Сіз үлгеріпсіз Ұмытып...

Туылмай жатып-ақ шетінеді жүз,
"Біз" жайлы қанша Текті өлең.
Қарс айырылса да көкірегіңіз –
(Өлеңмен сүйген боп келем)
Ал іштей, шыным, жек көрем!

Сөзім мен сезімім отыр ұштасып,
Күнәдан бүгін таза кім?!
Мен көрінбеу үшін Өтірік ғашық,
Өтірік өлең жазамын!


Түсініп көріңіз енді...

 

20.02.2015ж, 19:40

 *  *  *

...Күз үрлеп,
ағаштар таранды Бұрым,
Саудырай түсіп – шаштары...
Сіміріп түннің Қараңғылығын,
Тілініп жатыр – Аспаны!

Ол – Қыздың үні ғой...
Есті, Жарқыным! 
Жапырақ мұңның дыбысын.
Алқымды ауыртқан өксік – әр Түнім,
Кім үшін, жүрек тынысым?!

Мен –  Сүюді білгем!
Білмеппін бірақ,
Қуаныш – қайғы боларын...
Жанарда – жасым, жүрек тұнжырап,
Өртенбеген соң, Тоңамын! 

...Тек Өлеңмен ғана өбеді демім,
Оқылған сөздің үні – Мұң...
Өртеніп өлгім келеді менің –
Өртенбеген соң, Тірімін!

Ұйқысыздығымен келген ұры түн!
Дамылдама еш!
Кұрақ(ғ) ұш!
Ал менің жалғыз сенген Үмітім
Әр Қайғы соңы – қуаныш...

Тау Түймедағынан Сіз аялаған 
Үнсіз "С...." деп үзілдім...
Мен - Жапырағымын Сіз аямаған 
Он сегізінші Күзімнің...

30.10.15ж. 22:40

  *   *   * 

"Жаз" демеңіздерші!
Жазылады əлі...
Қар гүлі өссе Гүлзарға,
Тағдыры лайланған қазына бары –
Жаңбыры сіңген құмдарда.

"Аспандай көгілдір Көзіңмен суар!
Лас емес ол Гүл, тап-таза!
Бұл, бəлкім, Бейкүнə сезімнен шығар...
Қап-қара ойлар қаптаса.

Сен сақташы тек, көңіл сырларын,
Сенімнің аппақ жүзіндей.
Көзтұмарымдай өмір сүр, Жаным!
Моншақ боп Көзден үзілмей...

Суытып салдық Күзді де, міне...
Суынған солай кешегім,
Мен сенің қардай Мұз жүрегіңе 
Қар гүлі болып өсемін!.."

"Жаз" демесе де,
Жазамын бүгін!
Жазылмас дертім үшін де!
Естіңдер Ақынның азалы үнін
Жаңғырған Өлең ішінде...

тек "Жаз" демеңіздерші...


*   *   * 


Көктемде бір гүл жоқ
Қар гүлі дейтін... 
Жаңбырың оған жат, тіптен! 
Теңіз Жанарыңда жан жібімейтін 
Үзіліп жатыр Пəктікпен... 

Ақ күлтелері – паң Алатаудай, 
Жəутең қағады, 
Көріңіз! 
Жанына жатты паналата алмай, 
Қар гүлі – Өлі... 
Өлі – Күз... 

Алдында арымның
Тəңірі куə! 
Беріктігіме серт еткем...
Көктемнің көңілсіз Сəуірі куə! 
Көзінің жасы мөлт еткен... 

Мен солай... 
Рас! 
Жұбатқым келді –
Өзімді жəне Құрбыны, 
 тамұқ Түндерді 
Ұмыту үшін бір күні. 

Жұбана алмадым... 
Жасырдым бірақ, 
Сағынышымды – Көзіңнен... 
Масайған ессіз Ғасыр құлдырап, 
Жеңілдім тағы Өзімнен... 

Жазғырған мезгілді... 
Мың күмəн – ішім, 
Қыз жанын ұқпас, сірə, бақ... 
Көктемді – қимаған бір қуанышын, 
Қанша Қыз қалды кінəлап?! 

11. 05.16ж., 02:50 

 

*   *  *

Таң шығын бояп күмісті Нұрға 
Ол кетті...
Мен қалғам көрінбей,
Ең шулы кеуденің Тыныштығында
Ең ұзын шаштарым өрілмей...

Тəңірдің есімі күнəмнің күлін
Ұшырды көкке Дұғаммен.
Періште болып жыладым бүгін - 
Пенделік еткен Кінəммен: 

"Фəни дүниенің қала шамына
Жаға алмай Аюб (с.а.у) сабырын,
Сыймаған əлемім алақаныма
Алақаныңда, Тəңірім!

Тірі жандарды тіршілігі жоқ
Əл-Басирым білер əмме шын!
Тəубесі аздау, құлшылығы көп,
Əл-Ғафурым кешсін Пендесін!"

Жұпары аңқиды Пейіш гүлінің
Аяттарында Құранның - 
Күбір де күбір...
Мейіз шырынын
Сіміріп жатқан шығармын...

Естіледі Азанның алыста-а-ан үні,
Ішімнен тындым...
Ол - СЕН ғой!
Əзірейіліммен қауышқан күні
"Расул Алламды" көрсем ғой...
Шіркін...


ЖЕРУАНИ

 

Жұмақ - сенің жан-дүниеңде...

Жұмақ - менің тәрбиемде...

жасайды өмір,

сүріп жатыр.

Біз нені аңсап, неге ұмтылдық?

Біз күтетін Мәңгіден де...

Бізді күтіп,

Құбыла тұр!..

 

Жерде - сенің бар Ғұмырың...

Жерде - менің Мәңгілігім...

жазылады,

жазып жатыр.

Біз жазбаған Жазмыштың,

Біз білмейтін әр күнінің,

Біз ұмытқан әрбір сәті

Бізді күтіп,

Алдымда тұр!..

 

Топырақта - татқан дәмің...

Топырақта - ақтарғаным...

бүр атады,

нұрдан - Гүлі.

Бізге арналған Бақтар барын,

Біз кешетін Шақтар барын

Білсінші деп...

Бізді күтіп,

Жүр барлығы!..

 

Сен білместен - Мендік шерді?

Мен білместен - Сендік шерді?

айттық арыз,

кімге баян?..

Тым бейкүнә Жаратылған,

Тым тәкаппар Жерліктерді

Жұмақ күтіп

жүргені - аян!..

 

Мен жете алмай - жоқ күттім бе?!

Сен жете алсаң - көп күттірме...

Нұрға толсын мәңгі кеуде

Мендегі.

Жұмақ - сенің жан-дүниеңде...

Жұмақ - менің Тәрбиемде...

Жердегі...

 

22.11. 2019ж