ОДАН ДА ЖЫР ОҚЫ, ҚЫЗДАРҒА ГҮЛ АПАР...

***

Білмейміз өлгендерді,
Бір белгі қалмаған соң;
Айтпаймыз сөнгендерді,
Алаулап жанбаған соң.

Сүрінсең таба алмас,
Сірə, мəн бермегендер.
Теңдікті бағаламас
Теперіш көрмегендер.

Егіліп жыламайды
Ешкімді ұқпағандар;
Биіктен құламайды
Биікке шықпағандар.

 

***

 

Жігітке жиырма деп қараған кім?
Жігіт емес бəрі шаш тарағанның.
Туған күні тумайды ер,
Туады ол
Тұңғыш рет жұмысқа жараған күн.

Бір ұғудай ұғып - ақ алғам мұны,
Артық шығар марғаудан малдың құны.
Өлген күні өлмейді ер,
Өледі ол
Қолынан іс келмей бір қалған күні.

Жалқаулыққа жамбасың қайдан шыдар!
Жүйкең шіріп кетпей ме ойдан шұбар?!
Нағыз жаза – жұмысқа салу емес,
Нағыз жаза – жұмыссыз қалған шығар!

Көңілдестер əр түрлі ұлыстан бар,
Керемет қой үндемей ұғысқандар.
Күнде - күнде көруге уақыт болмас,
Күле отырып ішелік, туысқандар!

Саулығыма қуансын туысқандар,
Сана – сезім,
Сендер де тыныстаңдар!
Бір дем алып алайын əйткенменен,
Демалдырмас алда əлі жұмыстар бар.

 

***

 

Маған түк те керек емес – сенсеңіз.
Қызықтырма соғымыңмен ең семіз.
Қора-қора мал ұстауға болады,
Одан бірақ көтерілмес еңсеміз.
Маған түк те керегі жоқ – сенсеңіз.

Маған түк те керек емес — сенсеңіз.
Сарғаяды жапырағың, келсе күз.
Артық нәрсе ала алмайсыз өмірден,
Адалдықтың ақ уызын емсеңіз.
Маған түк те керегі жоқ— сенсеңіз.

Маған түк те керегі жоқ — сенсеңіз,
Жақсы жандар — жалғыз болмай — болса егіз.
Жоқты-барды жинай беріп қайтемін,
Бәрі қалар, бәрі қалар, өлсеңіз.
Маған түк те керегі жоқ — сенсеңіз.

Маған түк те керегі жоқ — сенсеңіз,
Өзге жарық көмектеспес — сөнсеңіз.
Асылыңнан, алтыныңнан не пайда,
Енді қайтып оралмайды он сегіз!
Маған түк те керек емес — сенсеңіз!

 

ШЫҒАР


Құздағы қар кетті дейміз,
Ол – көктем келгені шығар.
Нажағай жарқ етті дейміз,
Ол — оның өлгені шығар.

Жаңбыр сәл сіркіреді дейміз,
Ол — бұлттың исінгені шығар.
Күн қатты күркіреді дейміз,
Ол — оның күрсінгені шығар.

Жігерім қайнады дейміз,
Ол — жырдың ұнағаны шығар.
Бұлбұлды сайрады дейміз,
Ол — оның жылағаны шығар
.

 

***

 

Шаштағы бүкіл əрекет
Сиреуменен бітеді.
Патшалық деген бəлекет
Күйреумен барып бітеді.

Достық дегенің, мархабат
Есеппен барып бітеді.
Махаббат деген, махаббат
Төсекпен барып бітеді.

Төсек деген де пəле бір,
Төліңмен барып бітеді.
Өмір дейміз ғой,
Сол өмір
Өліммен барып бітеді.

 

***

Айналайын!

Көп нəрседен қорқамын:

Көң боп жатқан,

Тоң боп жатқан сор қалың.

Есек шықпай кім шығады қодықтан?!

Өгіз болмай не болады торпағың?!

Сонда, досым, кім ойлайды ел қамын?!

Сонда, досым кім ойлайды жер қамын?!

Бірер сомға кітап алмай,

Жас ұрпақ

Шарап алып қайтама деп қорқамын!

Əсері көп айналаның.

Ортаның.

Сары майдан артық несі тортаның!

Домбыраға қимағанын

Дəлдүріш

Дабыраға шашама деп қорқамын!

Жарыта ма ойлап тегі шорқағың?

Заманы өткен барқыт пенен торқаның.

Бабалар жатқан жерді тегістеп,

Би алаңы жасайма деп қорқамын!

Толық емес,

Мұның өзі орта мұң.

Шындық керек,

Керегі жоқ жортаның!

Ақиқатты алдап - сулап,

Өтірік

Тағы қайтып келе ме деп қорқамын!

Бір ойласам,

Ойлайтыным сен,

Елім!

Орны бөлек арманыңдай көнемін.

Бабалардың даналығы

Ұрпаққа

Бір айналып соғады - ау деп сенемін!

 

***

 

Өмірдің өзі жұмбақ бір,

өмірдің өзі қызық-ақ,

Жап - жақсы жырды кейде біз

түзеумен жүрміз бұзып ап.

 

Өмірдің өзі жұмбақ бір,

өмірдің өзі қызық-ақ,

Біреуді сынап адам ғып,

мақтаумен жүрміз бұзып ап.

 

Өмірдің өзі жұмбақ бір,

өмірдің өзі қызық-ақ,

Жүйкеге бола дəрі ішіп,

бауырды жүрміз бұзып ап.

 

Өмірдің өзі жұмбақ бір,

өмірдің өзі қызық-ақ,

Аштықпен емдеп ауруды,

тоқтықпен жүрміз бұзып ап.

 

Өмірдің өзі жұмбақ бір,

өмірдің өзі қызық- ақ!..

 

БАСТАУ

 

Талантыңды сақта сен.

Мұздап жүрек, мұздап іш,

Талант біткен жерден-ақ басталады қызғаныш.

 

Күдіктенбе ертеңге,

Күдік деген кәрі қу.

Үміт біткен жерден-ақ басталады торығу.

 

Ұят бізге берілу,

Ұят бізге шегіну.

Сенім біткен жерден-ақ басталады жеңілу.

 

Ерлігіңді тастама,

Ез болуға тудық па?

Ерлік біткен жерден-ақ басталады қулық та!

 

***

 

Қоңырқайлау тірлігімде,

Қырауы көп түрлі күнде

Бу мен судың арасында

Бүйрек, шіркін, бұрды кімге?!

 

Жастық шақтың баһарында

Сездім өмір қаһарын да.

Айқастарда жүрдім ылғи

Азшылықтың қатарында.

 

Толмай жатып солғаның бар,

Туысқандар,

Толғаныңдар!

Жеңуде емес –

Ең бастысы –

Кім жағында болғаныңда!

 

Жайсаңдарды дос көріңдер,

Жақсыларға дес беріңдер.

Адалдардың

Қай кезде де

Аз екенін ескеріңдер!

 

Үйренейін,

Көнігейін.

Ел түсінер мені кейін.

Жеңілсем де,

Жақсылардың

Жасағында жеңілейін!

 

Тұрар жерде тұрыстық па?

Алыстық па?

Жұлыстық па?

Жақсылардың күш-қуаты

Көптікте емес –

Дұрыстықта!

 

***

 

Жаман ба, жақсы ма біздерде сүйдік қой!
Сүйдікте көп сырды көңілге түйдік қой,

Бозбала өзіңде ұғасың мұны әлі
Сүйгенді ешқашан деме сен кінәлі,

Одан да жыр оқы, қыздарға гүл апар,
Жас адам сүймеген күні үшін күнәһар!

 

ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИ