ҚҰНДЫЗ ЖҰБАЕВА. САҒЫНЫШПЕН ЖАЗАЛАР ТӘҢІР БАРЫН...

 

 

https://qalamger.kz/storage/literature-article/December2019/IMG_20181230_124346_170 (1).jpg

 

 "Қызғанам" дейсiң?!

жыласам ба екен,

Күлсем бе?!

Кiм сенген?!

Қызғанбасыңа...

Сағынышыңа тұншығып қалып жүрсiң бе?!

Опа жоқ бiзге арбасудан.

Ортаймас дейсiң бе?

Шарадағы мұң...

(Қалар-ау бұл күн...)

Жалғыз-ақ... Сен күрсiнбе!

Менде күлсем бе?!

Бақыты орамалдының,

Оралмасыңды бiлсем де...

«...алмастырып қойдың» – деушi ең ғой ,

қара Жер, алып Көктi."

Үнсiздiк жеңдi...

бiздi енді.

Сен бiр сәт

налып кеттің.

Артық та болар сөз басы...

Ол басы – тағы дерттің.

Кешiккен жылдарымның көз жасы,

Кеудеңе тамып кетті.

***

Мен жалғай алмай әлекпiн Күндер мен Түн арасын.

Сен Көктен қалап әлексiң Сағыныш мұнарасын.

Мұнара басын мұң шалды...

Қалайын кiммен кiнәласып?!

Моншақтай мөлтек бағымды,

Қол жайып өзге сұрағасын.

Салтанат құрған сезiмнiң-

құшқанда барып күлi көк.

Өмiрдiң өлең емесiн ұққандай болдым;

Құдiрет?!

Өмiрдiң өлең емесiн ұққандай болдым;

Бiр рет...

Қызғаныш қалды кеудемде;

Тамыры бар да, Гүлi жоқ.

Мен содан санамадым...

Күндер мен Түн арасын.

Тек қана мекен еттім

Сағыныш мұнарасын.

Мұнара басын мұң шалды...

Базары тарқаған бақ-бақ гүл,

басында жылағасын.

Сол гүлдiң көз жасыменен,

Сен өзге бақты суарасың...

Мұңың да тәттi... дегенмен,

Сен ұсынған.

Тек оны ешкім сұрамасын...

***

Неткен төзім, неткен төзім шынар түп,

Бiр үміттi күткен болып күн арты,

Сiздi қимай,

Тағы алданам Өзiме,

«...Ол да Мұңнан қашық емес шығар...» – деп.

Мен сүйiнген Сөздi бiреу ұғар деп,

Жанарыңыз бiреудi өртеп тынар деп,

Мұң үрлеген қырық құрақ көңілге,

Қызғаныштан қырық атан жүк артып,

Сiздi ақтаймын...

Тағы алданып Өзiме,

«Сағыныштан қашық емес шығар деп...»

Жер де орнында,

Сiз барда Аспан, мынау- Көк...

Тас басында таудай сезім мұнартып,

Тебiренсе...

«...қырық құрақ көңілден,

Қауызына көбелектің қанатын,

Қондырмастан солып кеткен гүл артық»

– дей алмаған,

Осы хұсни жүрекпен,

Сiздi ақтаймын,

«Сүйсе... сүйген шығар» деп...

***

Жаным ада-
Жазғырудан, кектен де,
(Жарамды осып кетсе-дағы көп пенде...)
Сырты- бүтін, іші- дүлей бүлік боп,
Қала берем...
Сабыр дейтін серт менде.

Бар шаттығын төксең де үйіп ғаламның, 
Бір Үмітті жалғай алмай Көктемге- 
Кейде бар ғой...
амал таппай қаламын-
Жалғыздықта,
Жан ауырып кеткенде...

***

Бүгінде
Сергелдең еткен сезім де ермек,
күй ермек,
Жалғаны жаттың жанымды осып күлер кеп,
Жарым деп сенген,
Жарасын тырнап салса да,
Шаттықтан басым айналып тұрып соншама,
Өмірден артық, өзімнен артық сүйем деп...

Айтқаным есте,
Демеймін сөзден жирендім...
Шылбырында қап
Күйкі-күн, тірлік- күйбеңнің.
Отқа да шоққа тəнімді төсеп үйрендім...

Арылып болмас жайым бар осы күйден мен,
Жабырқау жүзім, құлпыртып қызыл кигенмен,
жараспады ол да...
Жанымды тұрған сыздатып
Жарам бар еді...таңуға келмес жейдеңмен.

Ал, айтыңызшы, не таптым сонда мен Сізді,
Өмірден артық, өзімнен артық сүйгеннен...

***

Түп-түзу жол көрсетіп,
Тұйықта Ес алдайды.
Бұл менің жолым емес,
Жүрмеймін, баса алмаймын.

Бұл жолда болу керек,
Құлаған іздерім де.
Құрбылар жүру керек,
Мұңы бар көздерінде.

Қуанған кезім қайда,
Кеудеңнен көкке ұшардай.
Өртенген өзім қайда?
Құлаштап от құшардай.

Бұл менің жолым емес,
Бар еді белесі оның.
Əй, ақыл, көрсетпейсің,
Көзіме неге соны.

Белес
- ол, асу қиын,
Арыңды белден басып.
Қай тасқа соғылмады,
Өзіңсіз жүрген басым.

Бұл менің жолым емес,
Қалайша сынағаның?!
Төгілген жасым қайда,
Төгілген күнəларым.

Түп-түзу жол көрсетіп,
Тұйықта Ес алдайды.
Бұл менің жолым емес,
Жүрмеймін, баса алмаймын.

 ***

Дәл осынша ақымақ болады адам,
Жолы өзгеге жөн еді қарамаған...
Тамырым-өрт, сөнді ме, сөндірдім бе?
Өртең болып қалғаным шамалы одан.

Түсініңіз...
Сіздей жан табылмауын,
Сағынышпен жазалар Тәңір барын...
Мендік ұят жетеді, мендік сезім
Тағы қайта бастауға...
Бәрін...бәрін...

Бәрі өткесін, қала ма жылап Арым,
Ол жайында түк деме... сұрамағын!
Сіз оқыған жырларға шала мас боп,
Алдыңызда әйтеуір тұра аламын...

***

...Сыйы  аздау тәлейiме
Сыймады нелер тағы?!
Өзiмнен көрейiн бе?
«Сезім
» деп Сенi аңсадым.

Кiнәлi Құдай десем,
Мұңыма, мұнар-сағым.
Қарғаса қанша құлы,
Қайғыдан өлер шағы

жетті ғой...
Өзiм-батыр;
Өзiмдi жеңем шығар...
Жер емес, табанымда,
Бұл - менiң Өлеңшарым

***

...Қайырмасына қосылып сан ұққан әннің,
Сағаттай соғып тұрам да, тынып қаламын.
Сүюдің тілін білгенше өкініш, қайғы,
Көбелектейін құштары-ай Жарыққа жанның.

Тұнығына тас лақтырып алып Ғаламның,
Біреудің көрсем Тірліктен қамыққан жанын.
Егіліп қайтем?!
жаумай-ақ тарқап кететін,
Көңілшек бұлттай келеді қалыпқа бәрі
.

***

Кім депті түбі тұрақты?!

Май шамдай кінәмшіл ғой Бақ

Маздатса кеше шырақты

Мейірімге бөлеп тұрмайды-ақ.  

 

Үмітім шағылған жолда,

Тәкаппар құлады басым.

Тәуекел байлаған сорға

Бір досым жұлады шашын.

 

Күндейміз... Сүймейді, НЕГЕ?!

Сол жанға сүйкімсіз болдық.

Қыз жолы жіңішке дей ме?!

Бүйтеміз, сүйтеміз... Қулық!

 

Көргісі келмеген Оны,

Кінәлап жылайды құрбым.

Мұңымды емдемеп едім

Еңіреп... Жұбатып тұрмын.  

 

 Сүйілмей қалайық...

Мейлі,

 Махаббат - күресі көптің.

«Балгерге барайық », - дейді

Құрбыма ілесіп кеттім...  

***

Не деу керек мұндайда?!
Сұрақ? 
Жауап?
...еш білмен.
Сөйлемеуге болмай ма?
Сөз күтпеймін ешкімнен.
Қара жерге тіл бітсін, 
Құшағында көп қауым-
Елең қылмай жатыр-ау,
Жер үстінің жоқтауын. 
Көк аспанға тіл бітсін,
Көргенінен танбасын.
Кері тартып жүрген кім?!
Тіршіліктің арбасын?!
Не деу керек мұндайда?!
Сұрақ?
Жауап?
...еш білмен.
Білмеген соң ақыры,
Үнсіздікке көштім мен.

 

                                                               ***
Сізге апарар Жол таусылды...
таусылды...
Көктегі-Күн, мұндар Ай-
Жұтып қойып даусымды,
Мені-мылқау, Сізді-керең қылғаны-ай.

Өзіңізге жетпей қалған даусымды
Соза түссем-
жартас құлап, жар сынды.
Сізге ғана беймәлім боп жай-күйім,
Ал, кейін...
Ел аузынан естіп қалған сыбырдан,
Шошындыңыз...
қайтейін?!

***

 ...Жерiне бергенге жат болмақ досы да;
Жатбауыр жалғанға несiне күйiнедi екем?!
Мен ылғи Көздер мен Сөздердiң қасынан,
Жанымды өксiтiп...
жымиып өтем. 
Өте шық...
Қаласаң өзiмшiл бол тағы; 
Күлiп өт, 
көлденең Жандарға ол да Сын.
Онсыз-ақ бiлемiз;
Құдайға күнәлi-
Сезімнiң...
Адамға аяулы болмасын...