Жетісу топырағында Ақын Сараның ізін басып, киелі өнердің бесігіне бөленген ерекше дарын иелері көп. Солардың қатарында Қанипа Бұғыбаева мен Зайда Елғондинованың орны бөлек.
Қазақ поэзиясына Жетісудың қос өзені Ақсу мен Көксудың мөлдір суындай жарқырап, өр рухпен арқырап, қос бұрымдай қатар өріліп, өздеріне тән өрнекпен із қалдырды.
Мен Қанипа апайды көрмедім, бірақ ол кісінің ақындық таланты мен дарыны туралы көп естідім. Ақын Әбу Сәрсенбаевтың әкелік қамқорлық жасағанын, қызындай көріп, мейірім шуағын төккенін оқып білдім. Зайда апай да өзіне Хамит Ерғалиевтей біртуар тұлғаның «рухани әке» болып, шығармашылығына қолдау көрсеткенін үнемі айтып отырады.
Осы орайда, мен Зайда ақынның – Жетісу жеріндегі жас ақын қыздардың жанашыры, рухани досы екендігін айтқым келеді. «Алуа» атты тұңғыш жыр жинағым туралы өз пікірін «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап, қазақтың небір марғасқалары дәм татқан қасиетті шаңырағына шақырып, ақ батасын бергені – мен үшін үлкен бақыт, зор мәртебе.
Зайда апайым сол уақыттан бері менің шығармашылығыма үлкен жанашырлықпен қарап, үнемі бағыт беріп келеді. Алдыңғы буыннан көрген жақсылығын бізге дарытып, мейірім-шуағына бөлеуінен – үлкен жүректі Зайда ақынның болмысын көремін.
ГҮЛБАҚЫТ ҚАСЕН
ЗАЙДА АҚЫНМЕН СЫРЛАСУ
(циклды жырлар)
Жылдарым қайда, жастығым қайда, мұң қайда?
Зайда Елғондинова
Сіз Көксуды,
Мен Ілемді сағынып...
Жыр жазамыз жабыңқы ойдан арылып.
Балалық пен жастықты аңсар уақыт бұл –
Қайтайықшы,
мүмкін өткен ғасырдан
қалар, апай, «бақытты сәт» табылып...
Жүреміз бе тас қалаға таңылып?
Толқындары естеліктен құралған,
Әлдилеген мың Үміт пен бір Арман.
Сіздің сұлу Көксуыңыз сол қалпы –
Тек қызының еркелігін аңсайды,
Жағаға кеп жырын оқып, жылаған...
Тағдыр айтпай, талай мәрте сынаған.
Кербезденіп, шын қуанып, күлетін...
Өмірді де Өлең үшін сүретін...
Жыр парағын тамшысына толтырып,
Көңіл төрін ән-күйімен көмкерген –
Ару қыздың сағынғанын білетін...
Керім Көксу Зайда ақынын сүйетін!
Жылдарыңыз, жастығыңыз өшпеген,
Күндер аз ба мұң мен шерді кешпеген?..
Аңқау, әрі «пионер қыз», адал дос
Мейіріммен ғашық жарды сүйгенсіз...
Одан бері өзгермеген ештеңе –
Естеліктер Алматыға көшпеген...
...Менің Ілем қол бұлғайды алыстан,
Айдарлының құмдарында табысқам.
Сурет салғам жағасында тамсанып,
Қатты екпіні тас жаратын гүрілдеп,
Ақ желкенді қайық салып жарысқам –
Мен өмірдің ағысынан қалыспан...
...Сіз Көксуды,
мен Ілемді сағынып,
Жүрміз, апай, жырдан моншақ тағынып...
***
Нәзіксің, сыршыл, сұлу ақ қайыңдай...
Зайда Елғондинова
«Нәзіксің, сыршыл, сұлу
ақ қайыңдай»...
Торғын жыр төгілер ме жатқа мұндай?
Жеті өзен бір жүректе бұлқынады –
Тұра алмас арқырамай, ақтарылмай.
Жырыңыз нәр құяды тамырыма,
Боялдым сұлу мамыр таң нұрына.
Аллаға, Өлең, Жырға бас иемін,
Сіздей жан тап келтірген тағдырыма.
Жетісу – қасиетті ел, мекеніңіз,
Мақтаныш біздің Зайда екеніңіз.
Атыңыз алты Алашқа кеткен тарап,
Айналған ақ кемеге желкеніңіз.
Қызы бар қазағымның – Сіздей Ақын,
Жақсының жауһар жырын, іздейді атын.
Сағыныш – жыр тамшысы тамып түсер
Дос бар ма, айтыңызшы, біздей жақын.
***
Қыздар-ау, өткен өмір өкіндіріп,
Кеткен-ді жүрегімнің шетін жұлып.
Арманым Батыс жаққа бұрылған-ды,
Жақсылар сыйлаған соң, бетін бұрып!
Зайда Елғондинова
Аяздай қарыды сөз... Ақын мұңы,
Отырмын жеңдіре алмай ақылымды.
Айдыннан аққу құсым ұшпаса екен –
Қалайша жатқа қиям жақынымды!
Жақсының жаттығы жоқ еш пендеге,
Өкініш. Жұрнағы жоқ, өшкен мүлде.
Елеусіз бір кездері Талдықорған –
Шақ қалды-ау айналуға «көшпендіге»...
Салқыны тиген болар сол сәттердің,
Бүгінде бір ұяда болсақ дедім...
Тауларым алыстады...
биіктеді –
Жетісу айдына жол сап келдім.
Ақынсыз қағысы адал жүрегінің,
Намыспен түйреледі сүбелі мұң.
Бата алған абыздардан,
кие қонған –
Қызысыз Жеті өзеннің, Жыр елінің.
Жетісу сағынады Асылын шын:
Көксудай буырқанып тасыңызшы!
Алатау шыңдарынан асыңызшы!
Зайданың сіңлілері келеді өсіп –
Бауырға балапандай басыңызшы!
«Бұл өмір тіршілікте шайырға сын,
Тұлпар жыр, шабытыңның қайыр басын».
Зайда ақын – бүкіл қазақ мақтанышы,
Өр қызын Туған жерден айырмасын!
***
"Бәрі де ойлап тұрсам бақ талайдан"...
дейсіз бе: сыр сандықты ақтар, айнам.
Ақ жауын - Сіздің лағыл жыр құйылды,
Жеті өзен, жерұйыққа нұр бұйырды.
Жаңбыр да, жаныңыз да қандай ғажап,
Бергендей бал-шырынды таңдайға сап.
Айналдым, аспандаған ақ көңілден,
Өлеңге құт қонақтап, бақ төгілген.
Алатау шыңдарынан Сізді көрем –
Өшпейтін алтын ғасыр ізді көрем.
***
Жырыңды іздеп сағыныш толы көктемнен...
Зайда Елғондинова
...Жырымды іздеп сағыныш толы көктемнен,
Сырымды іздеп қызғалдақ толы көкбелден.
Алаңдап маған үн қатқан жанашырлықпен,
Жалынды жігер,
жүрекке сөнбес от берген –
Менің Рухани- жан анам.
Сағындым дейсіз, досымды. Жырын жазбаған.
Қарбалас істі желеу етпейін аздаған...
Ақ тілек аршыл арманға қанат байлаған,
Сөзіңіз қамшы.
Шабыт, ой шоқ боп маздаған –
Менің Рухани- жан анам.
***
Кіл жауһардайын жүректен төгілген өлең,
Ақ жүзіңізден мен Сіздің мейірім көрем.
Сіз...Сіз – ғажайып ақынсыз,
Шын айтам, апа,
Қалауымен Алланың өмірге келген...
Әрбір жылдардың шуағы, төгелген арай,
Беу, армандар-ай, толқынға көмілген талай...
Өлең-жырыңыз – ерек тым, өрнегі басқа
Ұқсамайды ешкімге –
Өрілген қалай?..
Баладай көңіл – патшадай, парасат кені,
Шығарар Сізді төріне болашақ елі...
Тасқыны қатты тағдырды бағындыра алған –
дәл Сіздей шын ақын бола алсақ, кәне?!
Пәк жүрегіңіз сөйлесе – «махаббат мұңсыз»...
Әлемді сұлу сезіммен аралап жүрсіз.
Табиғаттың да бәлкім, тартуы бөлек,
Ғаламшардағы ақын – жарық бір Күнсіз...
Ерекше Еңлікгүлсіз!
***
Алматы-Өлең.
Сағынып тұрам Сіз бар деп,
Қарыған сәтте
жанымды аяз, ызғар леп.
Мейірім тұнған
жамалы жаздай
Зайда апам -
бойында дара
ақындық мінез,
ізгі әдеп.
Бауырға басып
Аналық жүрек, жыр құшақ.
Төгілген күймен
әуелеп ән-құс бірге ұшад(ы).
Арайлы нұр бар,
шуақ бар Сізде
сөнбейтін -
Жүреміз аңсап
ұмтылған Күнге
гүл құсап...
ЕҢЛІКГҮЛ
Францияда еңлікгүлді альпі жұлдызы деп, ал Италияда - күміс жартас гүлі деп
атайды. Таулы ел тұрғындары еңлікгүлді бақыт пен махаббат гүлі деп санайды.
1.
Өзің жайлы ертегі бар, аңыз бар –
Әлі талай жазылар жыр, аңыздар.
... Екі ғашық құлап өлген жартаста –
Тамыр алған сезім гүлі, мәңгі із бар.
Сертке берік, сезімге адал қос ғашық,
Ерлігіне дұшпан тәнті, дос ғашық.
Мәңгілікке бір болудың жолы деп –
Бұл жалғанмен кете барған қоштасып...
Е,е, тағдыр-ай, жас жүректі жылатқан,
Оққа байлап, жар мен құздан құлатқан...
Аянышты һәм аяулы аңызда –
Тасты жауып, гүлдер өсіп, бүр атқан.
Сол әдемі, жұпар, нәзік – сен едің,
Сүйіктісің, сүйгендерді жебедің.
Биік болмыс, бар салтанат-сәніңді ел –
Махаббат пен бақ гүліне теңеді.
Ей, еңлікгүл, сен – өмірдің гүлісің,
Ей, еңлікгүл, сен – өмірдің үнісің.
Ғашықтардың жүрегіне тағылған
Тұмаргүлсің,
Таусылмайтын жырысың .
2.
Ақын жайлы аңыз емес, шын жыр бар,
Нағыз өлең күміс үнмен сыңғырлар.
Тектілігің тамырыңда, тереңде –
Сұлулығың сынын бермес мың жылдар.
Еңлікгүлі – ақын қызы Алаштың,
Жыр тұлпарың Алатаудан ары асты.
Боларсың деп «Еңлікгүлі өлеңнің» -
Даналықпен Мұқағали «бал ашты»...
Сыр төгілер, тарих-толғау сақтардан,
Тұмар болып рухты жырды ақтарған.
Жетісудың жарқыраған жауһары –
Әппақ гүлсің нәр алатын ақ қардан.
Нәзік гүлдің батырлығын үлгі етем,
Ең аяулы сезімдерін гүлге тең.
Өлең еді табыстырған киелі –
Қарап тұрсам, тағдырымыз бір екен...
Атың да ерен,
затың да ерен, қастерлім,
Жанарымнан ел көрмеген жас көрдің...
Неткен жүрек, мейірімнен жаралған –
Құлатса да, тілемеген тасқа өлім.
Тау пен тастың,
Көк пен жердің арасын,
Жырмен емдеп ғашықтардың жарасын.
Еңлікгүлі, нәзік гүлі Өлеңнің –
Жүрегіме сенім отын жағасың.
Еңлікгүлі,
қайсар гүлі өнердің –
Маған қамқор, рухани дос,
Анасың.
3.
Зайда ақын, Зайда ғұмыр – ертегі,
Ертегі өмір жүрек қылын шертеді.
Жырға адалдық – сыр ұрлаған жұлдыздың,
Ай мен Күннің,
мың бір түннің серті еді.
Зайда ақын, Зайда ғұмыр – жыр дастан,
Жыр дастанмен талай жандар сырласқан.
Жүрегінің түгі бар қыз сілкенсе –
бір-ақ сәтте ашылатын мұңды аспан.
Зайда ақын, Зайда ғұмыр – өр өлең,
Өр өлеңді өрем жетсе төгер ем.
Екіленіп екі бүктеп қамшысын –
арқаланса құдіретін көрер ең...
Зайда ақын, Зайда ғұмыр – ән әлем,
Ән әлемнен ғашық жандар табар ем.
Жыр тұнады жанарында ақынның –
құлпырады алақанда бар әлем.
Зайда ақын, Зайда ғұмыр – дара әлем...