***
Сенің исің – кітабыңның иісі,
Менің исім – құшағыңның иісі...
Ғапыл қалсам ғашық жардан ғұмырда-ай,
Сағынарым, салар әнім «Сұлубай!»
Жерден-көктен жеті тозақ кешкендей
Көзің жұтып сөзім қалды-ау ұғылмай.
Жеті азабын кешіргендей жер-көктің,
Көзімдегі сөзімді алмас енді ешкім.
Кітабымның иісінде сен қалып,
Құшағыңның иісінде мен кеттім.
Жанарларға жылитұғын жиі іші –
Салған әнім, сенген ойым, сүйісім...
Құрығыңда ғұмырымның қиысы,
Бұрымымда шылымыңның иісі.
Жалғыздыққа арман да әдет, ой да әдет,
Күпті өлеңнен, күтпегеннен пайда жоқ.
Салған әнім сағынышын сездірмес,
Іздемесең қалған құрбым қайда деп.
Көзімнің мөлдір шығындай,
Сен салған әнім «Сұлубай!»
ВИСКИ
Қайда едің, қайғыда ең.
Қайда едім, қайғыда ең...
Есіңде у бар ма біз ішкен шайкүрең?
Əкете алғам жоқ, кешірші, кешқұрым,
Əпере алғам жоқ ағытып айды мен!
Айыңнан тамшылап дұғаңдай ойларың,
Өзіңді, кінəм-ау, қайда əкеп байладың?
Қазығың қайғың ба, байланған өзің бе?
- Тағы бір айналым!
- Тағы бір айналым?
Күн шықты содан соң... жоқ енді ойда мұң.
Күніңнен тамшылап күнəңдай ойларың
Жайнамаз үстінде жайнадың.
Құтқара алмаған қайғыңнан мен ғана,
Құтқарған жалғыз-ақ дұғамдай ойларым.
Біз осы сөйлесіп үлгерген жоқ та едік,
Біз осы кездесіп үлгерген жоқ та едік,
Сонда өзің қайдасың?
Сонда өзім қайдамын...
Сөзің-ақ, сөзім-ақ айтылмай шет қалған.
Дұғадай ойлар ғой құшуға оқталған.
Сөз бізден жеңілді, құштарлық құлпырды
Құтпанда біз ойша оқыған хаттардан...
Қазығым ойым ғой, бұрымнан байладым...
"Тағы бір айналым!"
"Тағы бір айналым!"
Таң алды, түс іші, ұйқыда жатқанда
Үнсіз кеп сүйеді дұғаңдай ойларың.
Құрандай ойларың!
Біздің сол ойымыз бақытты біздерден,
Сен сонда қайдасың?
Мен сонда қайдамын...
БЕЙКҮНƏ ҒАДАУАТ!
Бейкүнə ғадауат...
Жасыңды сүртейін қолұмнан келгенше,
Жаныңда болайын қолұмнан келгенше.
Ай туұп келеді ақ;
Күн батып барады ақ.
Бейкүнə ғадауат!
Мен енді келмейін,
Мен енді көрмейін...
Сенбейін қисапсыз адалдық бар десе ел.
Ақылым жетері - күтүп тұр жер-қойұн,
Жетпесе тағдырмын əумесер! Тек қана
Ренжігім келгені жаман-ақ.
Бейкүнə ғадауат!
Ей, сыңар ғадауат!
Сезімнен қош кеттің, ақылға қош келдің!
Сенімі осұ енді сайамның.
Жылама, əйтеуүр, бəрін ал өткеннің.
Кеткеннің. Əйтпесе, ақталып қойармын...
Ай туұп келеді ақ;
Күн батып барады ақ.
Бейуақ ренжігім келгені жаман-ақ.
Көзүңнен сүйөйүн, отұңа күйөйүн,
Тек қана жылама,
Жылама, Ғадауат!
Бейкүнəм. Ғадауат...
Ақымақ аңғалдық ақылыңа аманат.
Ей, сыңар Ғадауат!
***
Сіз де мені сұрайсыз ба Тәңірден?
(«Ей, күйік-ай!»
Не тіршілік мынауым?)
Мынау неткен хабарсыз түн, алаңсыз
Алқам-салқам ажалдайын ажармен,
Сонша кербез көрінесіз маған сіз!
(Сонша неге таусылды екен шыдамым)
Ғасырымсыз ғарыш жанар, ғазал дем.
Асығымсыз...
(Әлдилесеңші әніңмен)
Сіз де мені сұрайсыз ба Тәңірден?
(«Өй, күйік-ай!»
Не өксікке тығылдым?)
Аймалайтын ойдың өзін аяндай,
Айға жуық аяңдадым, ой Алда-ай!
Төзімге бір келіңізші деп тұрып,
Сезіміме сеніңізші дей алмай
Жанар алды жабырқаппын жасықтау...
(Мақұлмын-ау)
Ақылдым-ау, (қинамай
Сен де мені сұрасаңшы Тәңірден)
Сіз де мені сұраңызшы Тәңірден?!
«(Ей, күйік-ай!)»
(«Ой, күйік-ай!»)
(Өй...)
***
Басымның кеш жастанғаны білегім емес,
Жастығыма мастанғаны жүрегім емес.
Жастық жайлы жауапсыз жырымды оқысаң,
Бұлдырайды санамның сілемінде елес.
«Жастық деген бой бермес заманның жолы,
Болмаса от басып күйген табанның соры...»
Кесір жайлап кеш батса көшемді жайлы,
Қамап ұстайды үйде. Қош енді, қайғы!
Байқамасаң басқалар бүйтіп кетет деп
Басымда жоқ қайғыға шешем жылайды.
«Жастық, ол – жағымпаздықтың ұшында зарлау;
Күнәсіздігіңді шешеңе де түсіндіре алмау...»
Арамдықтан үйреніп адамдықты анық,
Ғадауат тауып алғанда ғаламды ақтарып,
Жақсылық іздеп, жамандық жасырып қайту
Әлдебіреуді байқамай «ағам» деп барып.
«Жастық дегенің алдамшы ағаларыңнан қашу,
Болмаса адал арманыңнан қашу...»
Сол!