ЖАЛҒЫЗДЫҚ ПƏЛСАПАСЫ
Жолға қарап жанарың талыққанда,
Сүйрелейсің өзіңді жарық таңға.
Жалғыздықты құшақтап алғың келер,
Жақыныңнан көңіл қап жабыққанда.
Түсінетін жаныңды өлең ізгі,
Сия толы мұңымнан кеме жүзді.
Жалғыздықты жек көрем деген сайын,
Жақсы көре береді неге бізді?!
Көңіл салқын, сенім де шытынаған,
Өзі тілеп қашырар құтын адам...
Қандай күйде жүрсеңде бір қалмайтын,
Жалғыздық бар өмірде, шүкір оған.
Ішіңдегі нала-лай, құса-құла,
Суық сөздер тағдырдың пышағы ма?
Жалғыздық та шаршаған күні, сірə,
Өлім бізді алады құшағына.
* * *
Уақыттың жалынына өртенген,
Қыркүйектің кеудесінде күз аунап.
Сағынышым сорғалайды желкемнен,
Қар жауғанда қылаулап...
Алғашқы қар – ережесіз сағыныш,
Жүрегімнен төгілетін нәп-нәзік.
Ақ мамықтың іздерінде жарылыс,
Бедерімен жатыр саған хат жазып.
Р\S
Алғашқы қар –ережесіз сағыныш!!!
СУЫҚ
Алақанға Айдың мұңын жұқтырып,
Жұлдыз ағар өмір мəнін ұқтырып.
Түн келгенде қаламымды қинаймын,
Ой көшіріп өзегінен сұп-суық...
Түн де суық,
Гүл де суық бақтағы,
Суып біткен жаратылыс оттары.
Жылуыңды берген сайын суытар,
Қандай ғажап дүниенің қатпары?!
Əлем салқын, ішім тоңып жүдеген,
Күндерімде салқындыр бар үдеген.
Айнадағы өз бейнемді танымай,
"Неткен суық"- деп айғайлап жіберем.
Ғасыр дерті тоңазыған ауыр мұң,
Көкжиектен сырғанайды дауыл-күн.
Жан қарыған суық сөздер демінен,
Жүрегіме салқын тиіп ауырдым.
Сызға оранып атар тағы жуық таң,
Қалай-қалай төгіледі уытты əн...
Мен о, баста ыстық едім негізі,
Сөздерменен көздер шығар суытқан.
УАҚЫТ ФОРМУЛАСЫ
Үзілген шық - уақыт, өңді көктем,
Жаз жұлады балақтан жеңді сөккен.
Күннің демі маңдайын ең жиі өпкен,
Күміс өлең үркеді Көкжиектен.
Ертең ессіз күз келер... Күз келеді.
Жапырақтың тағдыры селдір еткен.
Теңсіздікке налыған әппақ жаңбар,
Жерге сіңіп барады сең жүрекпен.
Балғын көктем бал дәмі таңдайда ағып,
Жаңбыр кетер жүрегі қарға айналып,
Кеудесінен сұп-суық жел үрлесе...
Ай жылайды төбемнен шалғай барып.
Қаздың соңғы қаңқылы аспан тесер,
Көл жүзіне мұң сіңген ән байланып.
Болашаққа батады жылан жолдар,
Жазу оқимын қолыма маңдайды алып!!!
***
Қаныма құныққан уақыт...
Алыстап барады, түндерге із жұққан,
Біз ертең жапырақ жамылып жолдарда жатамыз.
Көңілім аспанды жылатып.
Ғұмырлар екпеттеп құлайды күзді ұққан,
Өткеннен оралған сұп-сұры парақта хат – аңыз...
Кешегі көктемнің гүлдері...
Солды ма, ешкімнен сұраудың керегі жоқ мүлде?!
Құстардың зарлы үні тозады алыстап.
Аспанның бұрқырап мұң демі.
Ай сора жылайды жабысып көк түнге,
Ақ жалын өксігін бүркеді ғарыш жақ.
Дөңгелек шеңбердің ішінде...
Төртбұрыш өлеңнің балбалын қашап мен,
Күз жайлы жырлаймын даланы жастана.
Бақтардың еті өлген пішінде...
Үнсіздік бояған жаныңның нүктесін ғажап-ты өң...
Жапырақ мүлгиді көзінде жас ғана.
Бұл күндер өңім бе, түсім бе?
***
Ой ішінде от тұтатып сыз демі,
Көше кезіп кетті жанның ізгі өңі...
Жосып барады қара жолдың бойымен,
Құшаққа алып Күз мені.
Күз.
Ол - менің жалғыздығым жабыққан,
Ұмтылатын түн қойнынан жарыққа əм.
Қала ішінде адам төзбес суреттер,
Көз тайдырып, жанарым да қарыққан.
Қою бұлтқа шөгіп алып зілдей Күн,
Күздің ащы дауысынан гүлейді үн...
Жапырақты таптап келем кінəсіз,
Күнə ма екен бұл қылығым, білмеймін?!
Білмеймін!
***
Құшағында даланың сәні налып,
Аунап түсті уақыт күз жағына.
Таңғы шықты табанға жанып алып,
Салқын жаққа ұшамыз біз тағыда.
Сағыныштың бейнесі жасын сынды,
Жүрегіңді шымшиды жаңбыр ұдай.
Адамдағы ең нәзік асыл мұңды,
Бір түсінсе, түсінер Арлы Құдай!
Нұрландырар ЖАН ішін жасыл бақыт -
Сені аңсаймын шоқтығым күжірейіп.
Ауыр түстен ояндым, басым шаншып,
Ішімдегі бос орын үңірейіп...
Мұның заңды атауы - сағыныш па,
Күлкі арыған мендегі ұйқы жүдеп.
Кеудедегі тынымсыз жарылысқа,
Ғашықтық деп ат қойды БІР ТҮЙІР ЕТ.
-Қалай өзі...
ТАМЫЗ➡КҮЗ
Күздің түсін жорып жатыр күрең қыр,
Бұлақ суы уақыттай қысқарған.
Шөп ернінде ескірген мың рең жүр,
Торы белдің шоқтығы һәм ысталған.
Көктем сұлба, тапталғанда аяусыз,
Көкжиектен жұлқынады аңызғақ.
Толым айдың тамағына таяу күз,
Сілкілейді бауырына тамызды ап.
Тамыз деген жабағы тай кекілді,
Тамырында күздің қаны ойнаған.
Арша исі – шу бір асау секілді,
Шоқтығына қырдың демін байлаған.
Шаңырақтан төне қалсаң аспанға,
Тізбектелген қаздың ізі нұрлы өлең.
Ермен исі желмен ере қашқанда,
Ақжусандар қытықтайды іргеден.
P/S
-Бұл неден?
***
Оты сөнген адамдардың жанары,
Ыстап бітті қаланы...
Есінейді ұйқылы-ояу көшелер,
Шаң-шаң болып ағаштардың балағы.
Ажыратпай өңіңді әлде түсіңді,
Ой түтеді ішіңді...
Қып-қызыл боп құлағанда күн тағы,
Шықырлатып отырасың тісіңді.
Сәттер сапар шегеді де келмеске,
Дамылдаусыз тігіледі жол – кесте.
Дуалдарға басын сүйеп жылаған,
Уақытты көреме екен ел кешке?...
Еш елеусіз өтіп жатыр кеш мүлдем,
Байқамадық жүзімізді ескірген...
Көктем келіп сұлулығын бұлдайды,
Жүрегіне күз көтерген кескінмен.
Ойнамашы Бес Күнмен!!!
***
Жер бетіне төгетін күйген сүтті,
Айдың нұрын ұзақ түн сүйгем...
Бітті.
Жұлдыз ағар мен өлсем...
(-Жә, жарайды...)
Бұл ғаламда мұндайлар үйреншікті.
Жұлдыз ағар көк жүзін сызып ғана,
Таңданасың несіне, бұзық дала?!
Тағдыр – жұлдыз ағуға жаралыпты,
Алмаймыз-ау ешқашан біз құтқара.
P\S
Жұлдыз ағар мен өлсем...
(-Жә, жарайды...)