ФАЙЗУЛЛА ТӨЛТАЙ. КҮНӘЛАРЫМЫЗҒА ДА АДАЛ БОЛҒАНМЫН, ЖАНЫМ...

…je ne sais pas si ça tiend 

“Nec sine te, nec tecum vivere possum”

Publius Ovidius Nasō

 

КӨКҚҰШАҒЫ

 

Таңға жуық мұнда жаңбыр жауды;

жаңбырдан соң Галата мен Қыз мұнарасының ортасынан көкқұшағы шықты;

көкқұшағы –

                   екеуін жалғаған көпір;

мен сонда қызғандым көпірдің үстінде қауышқан жұпты;

ол жұпқа ортақ мұң сыйлаған неткен мейірімді десеңші, Тәңір;

бейне бір жерді қос қолымен көтеріп тұрған аспанның махаббатындай тұнық.

 

Шіркін-ай, сен де көрсең ғой мұны –

бүгін де теңіз құстарына айналып кетер ме екен, сені іздеп жүріп,

Стамбул вапурларының тағы бір күні,

онсызда өзіңсіз өткен әр сәтімнің белгісідей болып  ұшып жүр олар;

о,Тәңір, осы ма – сағыныш деген –

...сол құстар енді  сенің көгіңде қалықтау үшін сен жақта жауған жаңбырға құмар

мен жақтан күн қашан шығады екен?

 

SAUDADE

 

Кім ойлаған,

өткеніміз асығып

болашағымыз кешігіп қалған осы бір күзде

сағынамын деп сені...

 

Есімде әлі:

...кеш батса болды, тасбақа пішіндес әлемнің сыртынан бізге

қара аспан – теңіз,

ай – теңіздегі інжу,

бұлттар – інжуді жасырған қабыршақ болып көрінетін еді;

оларды көрген сайын белгісіз бақытқа бөлейтін бір күй –

ол күймен жаңылыс басуға қорқатын тұста

сезім – ұшқан құс,

ақыл – сол құстың алған ауасы дейтінбіз ылғи;

содан соң, жер кейпіндегі жүрегімізді ұстап,

одан тек аспаннан інжуді алып берсе деп тілейтінбіз бізге.

 

Бірақ, күндердің бір күні ол құстың қанатын қайырып алғаннан кейін,

амалсыз қалдырып кетіп ек теңіз жағалауындағы күзге,

оны енді еске алудың өзі де қиын...

ЖОЛ ҚАРАУ

 

Шағаланың қос қанатындай

қос құрлық махаббатының куәсі болған Босфор көпірінің маңы –

жасырынатын мекені ғашықтар менен жырдың;

...бұл маңда сенсіз тек мен ғана иесіз гүлдердің әлі

денесін көтеріп жүрмін:

аяз сүйген бетіңді алақаныммен жылытқан шақтарды жадында сақтап

айқай мен шудан алысқа алып кеткенімен жолым;

менің көз жасым секілді – мөлдір,

сенің көңілің секілді – аппақ

күнәларымызға да адал болғанмын, жаным...

 

Жалынын күн тараған жылқыдай

жағалау тастарын тұяғымен езген толқындарға құштар

біз жақтың қытық қысқан күлегеш келіншектердей өзен мен көлі;

оларға бұғазда бас қосқан ғашықтар жайлы айтыңдаршы құстар,

махаббатымыз жайлы шырқаңдаршы, теңіздің желі:

мен болсам ол жанның жолын қос құрлық құшағында жүрейін тосып;

сағынышымның көзінде қан ойнап тұрғанын естісе егер,

әр басқан ізімізді күнә деп санайтын әлемнен қашып

армандарымыздың соңынан мені іздеп келер.

Бірақ ол келемін дегенше күллі әлем өзгеріп кетер...

 2018жыл. Күз. Стамбул.