ЖАСТАР ЖАЗА БЕРСІН! ЖАСТАР ЖАСАЙ БЕРСІН!

Бүгінде поэзия тек кітапта, газет-журналда ғана емес, оның таралу ауқымы әлдеқайда кеңіп, қазақ өлеңі әлеуметтік желілерде, порталдар мен сайттарда, жалпы интернет кеңістікте кең қанат жайып келеді. Түрлі платформалардың молайғаны бір жағынан оқырман үшін тиімді болса, екінші жағынан оның шексіз ауқымының өзі шолу жасауда біршама қиындықтар туғызатыны тағы бар. Біраз жас ақындардың шығармашылығы шолу барысында қамтылмай қалып жатса, оның осындай өзіндік себептері болғанын еске салғым келеді.

Осылайша, бүгінгі әңгіме барысында қолымызға түскен жаңа жинақтармен, газет-журналдағы топтамалармен ғана шектелмей, заман талабына сай ғаламтор алаңында өткен жылдан бері жарық көрген өлеңдерді де біршама қамтуға тырыстық.

Алдымен бір басын ашып алатын мәселе, бүгінде қырық деген қырқадан асып, бел ортасына табан тіреген, ордалы орта буынға айналып, алдыңғы аға буынның өкшесін басып келе жатқан ақындар легін жастар қатарына қосудың ендігі жерде қисынсыз екенін атап өту керек. Бағдат Мүбәрак, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым сияқты көптеген қатарлас қаламгерлердің осы баяндама барысында қамтылмаған себебі де сол. Олардың шығармашылығы жастардың қатарында емес, қазақ әдебиетінің төрт аяғын тең басқан төл өкілі ретінде талдануы керек деп ойлаймын.

Жастардың аяқ алысына келсек, олар ширақ шабыспен өз тұрғыластары арасында иықтасып қатар келе жатқан тегеурінді топ. Әрине, әдебиетте ақынның деңгейі биологиялық жаспен өлшенбейді. Оны жас та болса, жарқырап шыққан бірқатар ақындардың қарым-қарқынынан анық аңғаруға болады. Расында, алдыңғы буынды кейде тамсантып, кейде күмәннің бұлтына орап, ойлантып қоятын олардың шығармашылық ізденістері де бөлекше.

Ербол Алшынбайдың «Тарымшы» поэмасын 2022 жылдың олжасы деуге болады. Ол арғықазақ пен бүгінгі қазақты ортақ кеңістікке тоғыстырған шығарма.

Кемсеңде жұртым, кемсеңде,

Аранға түскен тарланым.

Басымды қоса берсем де,

Бағыңды ұстай алмадым!!!», - дейді жылан патшасы. Расында шығармада қазіргі қазақ қауымының осы заманға келіп маңдай тіреген рухани хал-ахуалы мифтік уақыт аясында өзінің бар себеп-салдарлық қатпарларымен ашылады. Фольклорды қанып ішкен, ұлттық құнармен әбден нәрленген, эпикалық тынысы кең ақынның көлемі де, көркемдігі де келісті туындысының көтерер жүгі ауыр. Елдік мақсат-мүдделер, түп-негізге оралу, қазақ дүниетанымының даралығы өлеңде қасаң моральмен емес, дәл осындай қыртысы қалың дүниелермен өрілсе керек. 

Жанат Жаңқашұлы - өр мінезі, күрескер рухы өлеңінің өн бойынан есіп тұратын ақын. Ол заманға үнемі үн қатып отырады.

Құйрығын құйын ұстап қалыпты шығарда,

Жалына жалын тиіпті мұнар-мұнарда.

Бостандық дейтін боз жорға ғана жалғыз-ақ,

Барымыз осы, қақы жоқ оның құларға, - дейді Жанат ел тәуелсіздігі жөнінде. Оның өткен жылы жарық көрген, заманның запыранын айтқан «Екінші әлем. Уақыттың екінші тоғысында» сияқты толғамды шығармалары ақынның құлашын әлі де кеңге сермей түсетінін көрсетеді.

Ал Мирас Асанның алаштың ардақтысы Ақселеу Сейдімбекұлына жазған арнауына назар салыңызшы.  

Уақыт – оның ішінде,

Дала – оның жадында,

Намысы – алмас көк сүңгі найзасының сабында!

Кеңістікке сүйеген алып басы – алып төр,

Алып төрдің алдына аласармай барып көр», - дейді ақын. Дәл осы сәт Ақселеу абыздың образының қалқасынан қазақтың бүкіл қадірлілерінің тұлғасы қатар-қатар иық тіресіп тұрғандай көрінеді. Ғұмырдың мәні ар алдында аласармау, сол алыптардың аманатына адал болу екенін тағы бір мәрте түйсінесің. Рухыңды оятып, жігеріңді жанитын Мирастың осындай қуатты өлеңдері қазақ поэзиясын байыта түсетіні сөзсіз. 

Сол Мирас ақын «Менің әдеби ортам» өлеңінде «Мен шығысты Батырханша сүйемін» дейтіні бар. Иә, өткен жылы Батырхан Сәрсенханның «Жұмбақ арал» атты поэмасы «Айбоз» сыйлығына лайық деп танылды.

Үлкен болу – міз бақпау қайғылыға,

... жылынуды сезінбеу ай нұрына.

... Қатып, семіп қалар ма осынша жан,

суалғандай сезімдер, жасушалар, - деп жырлаған ақын тазалық ескен бейкүнә балалық болмысқа, саф әлемге деген талпынысын есіліп жазады. Жалпы Батырханның өлеңдерінде ерекше тартылыс күш бар. Оны оқығанда жұмсақ толқындар легі өз ырғағымен келіп жан дүниеңе жанасып жатқандай сезінесің.

«Қалалық құстар» кітабының авторы Еділбек Дүйсеннің қалам сілтесі бөлек.

«Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады Күн – көк еркесі,

Жерді тұтас жапсам дейді жапырақтың көлеңкесі». Ақынның осы бір өлең жолдарынан табиғат кейпіндегі адамзаттың шектен тыс амбициясы аңғарылады.

Бесігінен аунап кетіп боранның...

Құлап түскем нәжісіне қоғамның.

О, Боз жусан!

Қырауыңнан сілкініп,

Құшағыңа алшы мені,

Оралдым!

Бұл өлеңдегі Жусан шөптің өзі ғана десек қателесеміз. Мұндағы Жусан бойына ілкі дәстүр туралы терең дүниетанымды сыйғызған рәміз кейпінде көрінеді.

Ал Ұмтыл Зарықхан болса:

Байжігіттің «Бөкен жарғағын» тыңдаймын кейде

өзімді жоғалтып алмауым үшін

өзімді өзім ұмыт қалдырмау үшін пәниге.

Қарашығымнан үгіліп

алақанымнан уылжып тұратын сонда

тұтас бір дүние, - дейді.

Өлеңдерінің өн бойы осындай түйдектеліп келетін туындыларында ақындардың тазалықты түп-негізден іздеуіне сүйсінесің, және теңіздей буырқанған өлеңдерді оқи түскің келеді.

Ақындар қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Ол өзі тыныстаған саяси ахуалдың, маңайына жаппай жайылған мінез-мерездердің, шаншудай қадалған шерлі оқиғалардың арасында жүреді. Оның үстіне сырттай сезінуші ғана емес, өзі бел ортасында жүріп бастан кешуші болса әңгіме тіптен бөлек.

Өткен жылдағы қанды Қаңтар оқиғасы бірқатар жас ақындардың жүрегіне жүк түсірді, талай шерлі, ширығысты өлеңдер жазылды, әлі де жазыла берері кәдік. Соның ішінде Файзулла Төлтайдың «Көккөңбек керегелері» сол күндерде түрмелердегі жүгенсіз жәбірлеулер мен аяусыз азаптауларды көзімен көрген, сүйегімен сезінген өлең. Бұдан бөлек ақынның былтыр жариялаған басқа да бірнеше туындыларын нысанаға алдық. Жалпы оның тарихи-рухани мұралардан бойына қотарған қалың қоры қай өлеңінің болсын мазмұнын барған сайын қоюландыра түскен. Ол аядай шығармасының ішіне алапат ойларды сыйғыза салатынымен тәнті етеді. Әрине, формасына көп адам үрке қарағанымен, шығарма бейне бір прозаның үзіндісі сияқты көрінгенімен, өлең оның ішкі мазмұнында жатқанын ұғынасың. Оның өлеңдері бас-аяғы біріккен шеңберлік жүйеден шығып, түйісер нүктелері екі тарапқа еркін жайылған толқындық қасиет ие. Ақ өлең формасына жоғарыда есімін атап өткен Еділбек Дүйсен, сонымен қатар Тілек Ырысбек, Абзал Сүлеймен, Қарлығаш Қабай, Асылан Қуанышұлы, Ақжан Аманжол, Жұлдыз Молдағалиева т. б. көптеген жастар өндіре жазып жүр. Ақ өлеңнің ауылына бет бұрған жастар қатары барған сайын артып келеді. Бірақ одан қорқудың, өлеңнің ертеңіне күмәндана қараудың қажеті жоқ. Себебі өлең бар, өлең өлген жоқ, қайта қазақ поэзиясында ақ өлеңнің алдын аршып-ашып берген аға буынның соқпағын олар үлкен даңғылға айналдыруға талпыныс жасап келеді. Жаңа көркемдік кеңістікке деген жаппай ұмтылыс, өлеңдерде пәлсапалық-психологиялық контекстердің молырақ қылаң беруі – жас ақындардың шығармашылығына тән ортақ белгілер. Бұл өнер түрі ретінде өлеңнің әлемдік үрдістердің ықпалынан шет қалмағанын да көрсетсе керек. Дегенмен қазақ поэзиясында мүмкін бірнеше буын алмасқаннан кейін қара өлеңге қайтатындар қатары аз болмас деп топшылаймын.  

Жыл қорытындысы үшін жинақталған кітаптардың арасында Санжар Келекенің «Мұң мен мехнат» және Ержан Тоқтардың «Қақпа алдындағы қараөлең» атты кітаптары да бар.

Бәрі-бәрі себеппен,

Бәрі-бәрі салдармен.

Жүріп келем, тек әттең

Шындық іздеп жалғанмен. Бұл – Санжардың торығуы мен тәубесі, ширығысы мен шуағы түгелдей тоғысқан кітап екен. Санжардың алда еркін көсіліп, құлашын соза түсетіндей ерек потенциалы аңғырылып-ақ тұр.

Ержанның өлеңдері - үлкен жолдан үмітті жайдары жастық жырлары. Оның шығармашылығына қатысты сүбелі сөз болашақтың еншісінде. 

Алпамыc Файзолланың «Тұранның соңғы шерісі» балладасы мен арнаулары, Ақерке Асанның «Әйелдің жеті кереметі» циклді балладасы да назарымызды аудартты. Алпамыстың тарих пен тұлғаларға қатысты, Ақеркенің әйелдің табиғаты мен сыр-сипаттарын ашудағы көркемдік ізденістері олардың бағытының оң екенін көрсетіп, алда әлі де тереңдей түседі деген сенімге жетелейді. 

Жәнібек Әлиманның Ахмет Байтұрсынұлының рухына арналған топтамасы да өткен жылғы бәйгеде озық шыққан туындылар қатарында. Одан бөлек әлеуметтік желіде де жиі қалам тербеп жүр.

Оқиды, түсінеді, тасынады,

Өмірдің сыры сөйтіп ашылады:

Бір жолды келесіге жалғайтынын

Бір ауыз сөздің ғана тасымалы...

Бір әріп бір әріпті жетелерін,

Жетелеп бір ұғымды әкелерін,

Сол ұғым басқа сөзге байланарын,

Байланып қалдырарын ойға қалың.

Ахаңның тіл біліміне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін ерек ойымен осылай сипаттайтын Жәнібек үнемі сенімді, сергек жырлайды.

Әсел Кәрібайда ортақ стандарттарға тәуелсіз өз ережесімен жүруге деген ұмтылыс бар. Жыл айналып соғатын көктемге кіріптар болмай-ақ, сол көктемді өз ішінен табатынына деген сенімділік бар.  

Кеудеме көк сеңгір тауларды көшіріп,

Көзіме көк барқыт теңізді көшіріп,

Басымнан қарағай өсіп шығардай,

Ернімнен бөртегүл өсіп шығардай

Өзім де көктемге айналармын, - дейді ақын қыз.

 

Әлеуметтік желіде өлеңін белсенді ұсынып отыратын жастардың бірі – Азамат Нұрмұхан.

Қайғысы - шекер, мұңы - бал,

Ақынмын өлең-жыры бар.

Отан! - деп, жүрек соқпаса,

Кеудемнен оны жұлып ал! - дейді Азамат. Оның өлеңдері тік мінезді, астарлаудан гөрі айтарын ашып беруге бейім. 

Жас ақындар Арайлым Мұраталиева мен Айгерім Тұрлығожаның аяқалысына да сүйсініп отырамын.

Қоңыр десе түседі анам еске,

Ол айтатын ертегі және кеште.

Түседі кезеңдерім балаң еске,

Әйтпесе, басқа да түс бар емес пе!

Арайлымның шынайылығы, жырға жылтырақ қоспай, күңгірттікке ұрынбай, табиғи болмысын сақтап, өлеңімен бірге өсіп келе жатқаны қуантады. Онда көп адам елей бермейтін детальдарды дәлдеп, дәмдеп бере алатын байқампаздық бар. 

«Сенсіз өмір сүрмейтіндей біртүрлі...

Көмейімде сәруәр сөз іркілді.

Көктөбеге алып шықтым мұңымды,

Алматыға сыйлап кеттім күлкімді», - дейді Айгерім. Оның аз, саз жазатын табиғатында шымырлық, ширақтық бар, дегенмен мұңының барған сайын қоюланғанын емес, жібектей жеңілдегенін қалар едік.

Ақындар Хамит Есаман, Мерей Қарт, Рауан Қабидолдин, Қуаныш Өмірбек, Олжас Қасым, Қуаныш Жазай, Мерген Тоқсанбай, Дүйсенәлі Әлімақын, Асылбек Жаңбырбай, Әділет Шопен, Бекзат Смадияр, Айнұр Төлеу, Жадыра Байбұланова, Айжан Тәбәрак, Әлия Іңкәрбек, Ақжол Түменбай, Асыл Сұлтанғазы, Мұхтар Күмісбек, Айзада Рақымжанова, Айдана Сегізбаева, Ажар  Ерболған сияқты екпіні арынды жас ақындардың қатары едәуір. Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Олардың қай-қайсысы да ізденістен қол үзбей, жыл өткен сайын сыр мен сезімін, мінез бен машығын байытып келе жатқаны аңғарылады.      

Жалпы жастардың бойында өзіне үңілу, бүкіл сұрақтың жауабын өз тереңінен іздеуге деген талпыныс ерекше. Тіпті қоғамның мұңын да өз мені арқылы жеткізеді. Осы ішкі еркіндікке деген құштарлық сыртқы формада да көрініс беріп отыр.

Оның үстіне қазір ғаламтордың мүмкіндігін тиімді пайдалана білген адамға ізденістің шексіз жолы ашылды. Шет тілдерін еркін меңгеру, шетел ақындарының өлеңдерін түпнұсқадан оқу, өнер тарихымен кеңінен танысу т.б. мүмкіндіктер қазір мол. Соның бәрі бүгінгі жастардың шығармашылығына ерекше әсер етіп отырғаны қуантады.

Осы шолуда жас ақындардың жекелеген жолдарынан қасаңдық, ойларынан осалдық, ұйқастарынан мін іздеуді мақсат етпедім. Барынша жастарды оқығандағы өзімнің шынайы не сезінгенімді жеткіздім. Және бұл толғамдар тек бірер өлеңдерді оқи салғандағы асығыс айтылымдар емес, бұған дейін де көңілге тоқып, ойға түйіп жүргендерімнің бір парасы.

Жалпы жастар әдебиеті жоқ жерден, өздігінен бүгін пайда бола салған жоқ. Бүгінге дейін жастардың дәл осы деңгейде ойлай білуі үшін, дәл осы қалыпта жаза алуы үшін, дәл осылай жырлауы үшін қаншама буын еңбек етті, оларды алып иықтарына көтеріп, биікке баспалдақ жасап берді.  

Көрнекті ақын Әбу Сәрсенбаев:

Жалғасы бар әрбір ғажап ақ таңның,

Ұшары бар сен ту тіккен асқардың.

Алымды ұрпақ, айға қонсаң сен бүгін,

Мен баспалдақ болдым деп-ақ мақтандым! – дейтін бар еді «Баспалдақтар, биіктер» өлеңінде.

Жастар жаза берсін! Жастар жасай берсін!

 

Сағыныш Намазшамова,

ақын.