АЛМА АҚЫЛБАЙҚЫЗЫ. ЖҮРЕГІМ ӘЛДЕНЕНІ ТҰРАДЫ АҢСАП...

 

КӨКТЕМГЕ ХАТ

 

Ойланып болған шығар,

Емес ол сертке опасыз алдамшы да!

Келе жатыр,

…Бір көктем

Бүршік атты,

Құмды ауылды қорғаған қорғаушылар..

 

Бұл көңіл күй дейсің бе бізде ғана?

Жапырағы құлаған күзге бола…

Жылап едің,

Жұбатып құста келді,

Қайғыңды қарашадан іздеме аға.

 

Бұл қай кез?

Жанға жылу сұраған шақ.

Жүрегім әлде нені тұрады аңсап.

Зілмауыр ойды сілкіп миыңдағы,

Сәуір жайлы жыр оқып, жылап алсақ.

 

Бастайды жаңа күнге жолдар бүгін,

Қауашақ қайта ашады солған гүлін.

Сырласып шаршайықшы жұлдыздармен,

Қызықтап аспанда айдың толған күнін..

 

Өз аңсарын әр кеуде аңсап алар,

Мезгіл осы жарыңдай осынша адал.

Санап жатыр құстардың тізбектерін,

Қарап жатыр көктемге қанша жанар..

 

Кеткен жылдың болсада кермек дәмі

Туған жердің ыстық қой шөл батпағы.

Салем бер қарылғашқа қайта оралған,

Қимасын тастай салып ол жақтағы..

 

Салем бер,

Сүйер сені гүл - көбелек,

Күндей мейір біздерге күнде керек.

Жүз арманмен толқиды жүрек солай,

Жыл сайын болады мың керемет...

 

Ойланып болған шығар,

Емес ол сертке опасыз алдамшы да..

Жайна жасыл дүние,

Жан дүние…

Жайна жасыл ормандар… қорғаушылар...

 

БҰЛТТАР

 

Енді әңгіме айтылмайды қыс жайлы,

Көз алдыңнан қар ұшқыны ұшпайды.

Абыр-сабыр көшкен бұлттар ұйқасқан,

Шымыр-шымыр өлеңдерге ұқсайды.

 

Аттап көшіп келген қонақ көп елден,

Бұлттар сенде шегара жоқ.. сенем мен !

Сауғаң болса сила бізге салмақтым,

Шашуыңды аямай шаш төбемнен.

 

Салмағы бар, сағыныштан шаршаған,

Бұл өлкеде сені ертерек аңсаған.

Іздеп бару ойымда бар.. бірақта,

Жер бетінен жасалмапты жол саған!

 

Тауды көріп, көз суарып мүсінге,

Тауға мінген бұлттар көрем түсімде.

Самалға еріп бара жатам ауылға,

Жанға жайлы дымқыл ауа ішінде.

 

Бұдан бұрын ақ қағазға түспеген,

Бірге оралып уәдеге опа...құспенен.

Бұлттар көшіп келді біздің далаға,

бұлттар, бұлттар, шымыр, шымыр, күшті өлең!

 

БІР УЫС ГҮЛ БАР ҚАУЛАҒАН

 

Белгісіз

жауады лайсаң сап-сары...

Сазарған кіршіл әйнекке,

Соғылған топырақ шаң ұшып.

Мазалап өлген шыбынның

Мүрдесі қалған жабысып.

 

Көнерген пәтер ішінде,

Үнсіздік жайлап тұратын.

Бір уыс  гүл бар қаулаған,

Жырлайды соны бір ақын.

 

Табиғат жездең емес қой,

Қалжыңдап сені мақтаған.

Бұл жақта құмның ауылы,

Ұлытауда аяз — ақ боран!

 

Келеді көктем қамықпан,

Шығады жүздер нұрланып.

Тұрады сонда диханның,

Жеміс ағашы бүр жарып...

 

ШАБЫС

 

Ат шабады баурына ерін алып,

Денесінің ап-ашшы терін алып.

 

Өзен шабар ағыны жағаны үріп,

Көлшіктермен көлдерді таба қылып.

 

Бұлт шабады тауды асып, қырқа бұзып,

Бұйрат құмның ерніне су тамызып.

 

Жел шабады жер беті сағымданып,

Даланың даңғаза бір шаңын қағып.

 

Уақыт шабар, болмайды соңғы нүкте,

Айналып бүгінгісі мәңгілікке.

 

Ал, адамдар, ұмытып соның бәрін,

Сендердікі не шабыс, ненің қамы?!

 

ЕСІМІҢДІ КҮБІРЛЕЙДІ БҰЛАҚТАР

 

Ескен желден,  ұшқан құстан,  уақыттан

Бұрын жету үшін саған асыққам.

Сенен өзге дүниені көрмеймін,

Менің басым айналады бақыттан!

 

Мен өзіңді бір көргеннен ұнатқам,

Оған куә Ай мен Жұлдыз, құрақ, тал.

Сен жайлы өлең оқиды ауа, сел, жаңбыр,

Есіміңді күбірлейді бұлақтар...

 

Бір күніме ұқсамайды бір күнім,

Күннің сүйем көктемдегі күркірін.

Сені аңсасам омырауымда гүл аңқып,

Түніменен айқаспайды кірпігім...

 

Тек тезірек атса екен деп жаһұт таң,

Асыққанмын, саған қарай асыққам!

Сені көру қандай ләззат жақыннан,

Сені ойлау қандай бақыт қашықтан!

 

Сен бар жерде мен бір нәзік гүл едім,

Тыныш, мұңсыз жүрегім!

Сені маған жолықтырған Тәңірге,

Мың мінәжат қылып күнде жүремін!..

 

СЕН МЕНІ ІЗДЕМЕ

 

Мен бүгін қаламымды көк сияға малмаймын,

өлең де жазбаймын,  

Темекі тартамын, көк түтін болып көк әлемге енемін,

бар запыранымды қара құрдымға төгемін...

Бар әлемнің қасіретін бойына жиған жұлдыздай амалсыз сөнемін...

Ешкіммен тілдеспей, балбал тасындай көненің,

Жанарымды ен далада жауынға жудырып,

Сенің алақандай жүрегіңде

Жарқ еткен ғаламат найзағай тудырып,

найзағайлардан жебе будырып,

Мен сенің жанарыңда өлемін - ең соңғы нұр болып,

Ең соңғы тым нәзік гүл болып,

Айы солғын тартқан түн болып,

Аһ, ұрып тұрып... аяқталмаған жыр болып...

Менің моламда тұрады,

Қырық шілтен сенің жұпарыңдағы жырды оқып,

Аңызақ дала сенің көздеріңнен сыр тоқып,

қапасыма сәуле түседі жылт етіп...

О, сол сәтте оянам да қайтадан,

Мен елес болып иен даланы кеземін,

Жүрегімді Сенің жанарыңдағы ең соңғы тамшы іреп,

Сүйегімді кірпігің құлатқан жаншып от...

Ең соңғы жаршы боп,

сахарадағы баялышқа жан бітіретін

Алақандай тамшы боп...

неткен қасірет -

Мені жылыта алмайды

Алып күннің ыстық жалыны,

Шопеннің  ғаламат сарыны.

Мен өлемін дір еткен жапырақтай -

Ең соңғы нұр күткен,

ең соңғы жыр күткен...

ессіз желдің қуыршағы болып,

Иесіз далада есінен адасып,

айрылып тірліктен,

Ең соңғы қауқарсыз гүл болып,

қырықаяқтың сүйкімсіз еріндеріне

Аппақ күлтелерімді сүйдіріп,

аптаптың алауына қауыз-қанаттарымды күйдіріп.  

Мен өлемін жалғанның қамалында,

жолдардың торабында,

Сенің табаныңда

ең соңғы

Тамшы боп,

Қауқарсыз тамшы боп...

Ал менің сөнген жанарымда

Найзағайлар аспанды осқылап жатады қамшы боп!..

Сен мені іздеме...

 

АҚЫН

 

Ақын қайда жүр деп ем?

Бұлт айтты: ол жаңбырда деп

Шөл айтты: ол тандырда деп

Кедей айтты: ол тағдырда деп.

 

Ақын қайда жүр деп ем?

Тау айтты: ол құлап жүр деп

Өмір айтты: ол шыдап жүр деп

Махаббат айтты: ол жылап жүр деп.

 

Ақын қайда жүр деп ем?

Сөз айтты: шындыққа қосып жүрмін

Өтірік айтты: жолын кесіп жүрмін

Өлім айтты: көп болды тосып жүрмін...