ЖАСҰЛАН СЕРІК. ХАТ КҮТЕМІН СЕБЕПСІЗ СЕНЕН ӘР КҮН

 МЕЛАНХОЛИЯ - 1

 

Деміне тұншыққан уақыттың,
Үміттің естілді әуені.
Жұбатқан әлдиі бақыттың,
Не деген керемет, әдемі.

 

Кезегін күтіп тұр қанша арман,
Кезегін күтіп тұр қанша үміт.
Өмірге тәп-тәттті ән салған,
Өлімнің амалы таусылып.

 

Біреу жүр санасы сенделген,
Біреу жүр қолында жүрегі.
Біреу жүр көңілі шерленген.
Біреу жүр тірілу тілегі.

 

Барады біреулер адасып,
Барады біреулер, жетер ме?
Барады біреулер таласып,
Жалғыздық дейтұғын мекенге.

 

Келеді біреулер қайғы алып,
Келеді біреулер сыйлап бақ.
Қап-қара сияға айналып,
Ақ парақ тағдырды шимақтап.

 

Кетеді біреулер ерте тым,
Кетеді біреулер кештетіп.
Сәттердің сағына жететін,
Өтерін тағы да ескертіп.

 

Бұл өмір қамығу, торығу,
Сүріну, жүгіру, құлшыну.
Бұл өмір жай ғана жолығу,
Содан соң...
Қоштасу...
Күрсіну...

Солай...

 

 

АҒА...


(Қалқаман Саринге)

 

Қалқаш, аға, қалайсыз, бәрі аман ба?
Інісі үшін тең болған қара нарға.
...Құлшынып кеп кірістім сіз айтатын,
Тіршілік деп аталар аламанға.

 

Мен кеткелі ол жақтан бес жыл өтті,
Ұлып алам еске алып "ескі жұртты".
Біздің жағдай сырт көзге тым керемет,
Бұл ініңді қу тірлік - көш жүдетті.

 

Өлең бе, аға?
Жағдайы қансыраған,
Кейде келіп үміті хәл сұраған.
Боқ дүниеге көмілген шабытымды,
Елесімен өткеннің аршып алам.

 

Құт тілейтін қадам мен қаламыма,
Сіз секілді жандар аз, аға, мұнда.
Кейде ойлаймын, тәтті түс көріп жатып,
Оянып кеттім бе деп таң алдында.

 

Арманыма жол бастар бұрын көңіл,
Шыр айналған қазығын құлын-ғұмыр.
Ағасына мұң шағар анда-санда,
Жігерсіз деп ойлама ініңді бұл.

 

Баяғы емес, ақыл да кемел, аға,
Жастан өттім айтатын серенада.
Астанаға түбінде бір қайтармын,
Басқаларға сәлем айт менен, аға...

 

***


Мен ешқашан періштемін дегем жоқ,
Дей алмаймын, деуіме де себеп жоқ.
Өлең болып келіп едім өмірге,
Арманым жоқ кетсем егер өлең боп.

 

Мен ешкімге жалынғым да келмейді,
Байлық іздеп сабылғым да келмейді,
Өлеңімді елім сүйіп оқыса,
Елі сүйген ақын мәңгі өлмейді.

 

Мен ешкімді жек көрген де емеспін,
Мен ешкімге кектенген де емеспін.
Жалғызбын деп жасығам жоқ ешқашан,
Қатарымнан қалғаным жоқ, тең өстім.

 

Мен ешкімді өкпелете алмаспын,
Заманымның етегіне жармастым.
Қадамымнан жаңыламын кей-кейде,
Азғырғанда сайтан дейтін албастым.

 

Мен ешкімнен артық едім демеймін,
Өзім жайлы енді басқа не деймін?
Бар байлығым ӨЛЕҢ ғана, қысқасы,
...кедеймін...

 

 

***


Сезімім өлген сенделіп кетіп,
Санамды улап қанша мұң.
Емдеші, қане, сен келіп кетіп,
Шаршадым, Муза, шаршадым.

 

Жазылмай өмір аппақ парағы,
Өлімші жанның сүлдесіндемін.
Жүрегім қашан тоқтап қалады,
Деген күдікпен күн кешудемін.

 

Артымнан өксіп қалғандар жылап,
Кебінім көз боп сол кештен қалды.
Кім білер мүмкін жалғаннан жырақ,
Кетіп қаламын келмеске мәңгі.

 

Дүние маған ән айтар мұңды,
Жалықтым дейді менен де мүлде.
Жүрегімдегі бар айтарымды,
Сыйғызып кетем өлеңдеріме.

 

ЕРКІНДІК

 

Бабамның қаны мен,
Анамның көз жасы бұлаған,
Сәбидің үніндей түйенің қомында жылаған.
Дұғасы сен едің,
Жайнамаз үстінде шәһид боп,
Тәңірден баһадүр құлының сұраған.
Еркіндік!

 

Жайлаған Орхон мен,
Бозоқтың боз жусан даласын.
Дұшпаны жыртса да жығалы жағасын,
Арманы сен едің,
Еркіндік!
Көк Түркі бабамның
Бөрідей ұлыған,
Жалаумен жазатын жарасын.

 

Жолыңда үзіліп үміттер,
Бағыты бедерсіз болғанда арманның,
Өтеуі кешегі кер заман өксіген таңдардың,
Еркіндік!
Сен келдің!
Ақ туы астына,
Елім деп еміреніп,
Жұртым деп тебіренген,
Керей мен Жәнібек хандардың!

 

Бағы асып айбынды,
Жорықта жан берген батырдың.
Жауымның көбесін қақ жарып,
Жебе боп атылдың.
Еркіндік!
Қол созым қалғанда,
Сағымға айналдың,
Содан соң...
Хан Кене секілді аһ ұрдым.

 

Алты алаш жиылып,
Бодандық қамыттан босанар күнді ойлап.
Он екі қанатты ордаға ту байлап.
Кеңестік дәуірдің кесімі,
Әлихан «ұлтшыл» боп,
Мұстафа «түрікшіл» боп,
Айдауға кеткенде,
Басыңа қонбастай көрінген мұндай бақ!

 

Шүкір!
Сындарда сан талай,
Морт сынбай шыдармыз,
Әлемнің алдында,
Ешкімнен жасқанбай сөз сөйлеп тұрармыз.
Желтоқсан.
Танытқан жастарым шыдам-күш.
Дәл бүгін
Бес батпан сорыңа,
Жүз батпан бақ берген Құдайға мың алғас!

 

Қадіріңді білмеген,
Кеше гөр наданды, киелім,
Елімнің ертеңі, бабаңның сыздатпа сүйегін.
Өзіңе аманат,
Өзіңнен басқадай ие кім?
Жаным да жолыңда садақа...
Еркіндік!
Мен сені сүйемін!
Мен сені сүйемін!

 

НЕГЕ?..

 

Мен қайдан келдім белгісіз,
Баратын жерім бұлыңғыр.
Сенімдерім де сенгісіз,
Сезімім алмас тыным бір.

 

Өлер ме екенмін, кім білсін,
Тірілемін бе қайтадан?
Жалғанның соңы – бұлдыр шын,
Арманның соңы – шайпау ән.

 

Сұрақтарым көп жауапсыз,
Іздеген жандар көп мүлдем.
Асығамын деп тағатсыз,
Адасып бәлкім кеттім мен.

 

Мәңгі емес мәнді ғұмыр да,
Болса да қанша мың айлаң.
Әлемнің кілті ғылымда,
Ғылымның кілті Құдайдан.

 

Адамбыз дейсің барлығың,
Ал адам өзі кім екен?
Маңдайға жазған тағдырын,
Құбыладағы Құдекең.

 

Өмірге терең үңілдік,
Таппадық жанға нәсіп түк.
Тәңірге қарай жүгірдік,
Қабірге қарай асықтық...

Неге?..

 

 

ЖАСТЫҒЫМДЫ ҰРЛАП КЕТТІ КЕШЕ КҮЗ...

 

Жастығымды ұрлап кетті кеше күз,
Мастығымды тарқата алмай жүргенде.
Өмір – жұмбақ, оны қашан шешеміз?
Оңай шығар білгенге.

 

Көрге барып топырақта ал тыным,
Тірлік деген – тек ілесу сағымға.
Жастық деген – жасау екен, жарқыным,
Қуат-күштің барында.

 

Амалсыздан ауыр ойға тұншығу,
(Желісінен жақын маңда құлын жүр).
Содан кейін қалған жұмыс – күрсіну,
Арғы жағы бұлыңғыр.

 

Біздің бақыт бедерлеу ме өткенді?
Қайта келу мүмкін емес сірә да.
Өткеніңнен қалып қойса көп белгі,
Еске алуды сұрама.

 

Сағыну ма, сонда тапқан ермегің?
Жастығыңды қадірлей біл, қадірлім.
Ол өткен соң қалған ғұмыр – сенделу,
Бұйыртқаны Тәңірдің.

 

ТҮКІРДІМ...

 

Таңырқаймын көргенде кей көкені,
Темір-терсек қажет пе екен, не тегі?
Қамшыдайын мына қысқа ғұмырда,
Үш атаққа лайық болсам жетеді.

 

Алтынға да теңгермеймін бағасын,
Дұғасымен қолдап жүрер баласын.
"Ақ сүтімді ақтаған ұл!" дейтұғын,
Арманым жоқ медаль тақса Анашым!

 

Қу тірлікте құны қанша пенденің,
Не тындырдым? Не іс жасап ерледім?
"Құрмет" емес "Құрметтім!" деп кеудеме,
Келіншегім тағып берсе орденін.

 

Тәй бастырып, бағып-қаққан жетелеп,
Ержеткізіп, бойжеткізіп мәпелеп.
Ұл мен қызым тақса деймін төс белгі,
"Әлемдегі ең керемет әке!" деп!

 

Қадіріне жетер болсаң шүкірдің,
Дей көрмеңіз тірлікте бұл ұтылдым.
Осы үшеуін тағар болсам кеудеме,
Қалған атақ-дәрежеңе түкірдім!

 

 БҮГІН СЕНІ КӨРМЕДІМ...

 

Бүгін сені көрмедім...
Жүзім сынық,
Қайғы салған қабақта мұзым сынып.
«Жалғай алмай қалам ба?!», - деп қорқамын,
Арадағы жібектей үзілсе үміт!

 

Бүгін сені көрмедім...
Күнім, неге?
Арман – теңіз боп алды мұңым – кеме.
Жанарыма нұр тарат, ең болмаса,
Қарсы алдымнан шыға кеп күлімде де!

 

Бүгін сені көрмедім...
Құр(ы)сын бәрі,
Жүрегімнің тоқтардай дүрсілді әні.
Таусылмасын, Тәңір-ай, бар тілегім –
(Сезімімнің балдайын тылсым дәмі!)

 

Бүгін сені көрмедім...
Әлем - өлік!
Үмітімнің қойғаны-ай дәмелі қып.
Енді ұғындым, өзіңсіз бекер екен,
Суым құрып тамсанған әдемілік!

 

Бүгін сені көрмедім...
Имандым-ау,
Шыда, кеуде, сәл ғана, қиналдың-ау.
Саған орын табылмас деп пе ең, жаным,
Жүрегімнен күллі әлем сыйған мынау!!!

 

МӨЛТ...

 

Мөлдір ең, жаным, мөлт еткен,
Шықтайын тұнған жанардан.
Жеті айналсам да жер-көктен,
Сендей аруды таба алман.

 

Өзің ең тәтті арманым,
Іздеген безіп бес күннен.
Алтыннан қымбат ардағым,
Қадірін бірақ кеш білген.

 

Жанымның тапқан мың емін,
Шуағын шашқан шұғылам.
Жаралы қасқыр жүрегім,
Өзіңе қарап ұлыған.

 

Өзіңдей болар қыз деген,
Анасын көріп бата алған.
Сені көрсем деп іздегем,
Бұ жалған дейтін шаһардан.

 

Жерде де, мейлі көкте де,
Жалғызым сен ең жаны нұр.
Жек көргін мейлі, өкпеле,
Мен сені сүйем бәрібір!

 

 

КЕШ...

 

Кездерім болса күрсінткен,
Сағынып мені еске алған.
Жанардан жас пен мұң сүрткен,
Сәттерің үшін кеш, қарғам.

 

Жүрмін бе әсте сезінбей,
Білмеймін, бәлкім өксідің.
Атырған таңды көз ілмей,
Сәттерің үшін кеш, күнім.

 

Десең де:
маған керексіз,
Махаббат деген көш бөтен.
Ойлаған мені себепсіз,
Сәттерің үшін кеш, көкем.

 

Дертімді менің сен емдер,
Келгенді қолдан жасайын.
Жолыма қарап елеңдер,
Сәттерің үшін кеш, айым.

 

Төзімді тезге алғыздық,
Өткен күн өлмес естегі.
Жаныңа сыйлар жалғыздық,
Сәттерің үшін кеш мені!..

 

***


Махаббат-Тақсыр, көтер еңсені,
Бақыт вальсін билеймін.
Күтпеуім үшін күтемін Сені,
Сүюім үшін сүймеймін!

 

Ұялап бір мұң жаныма шерлі,
Дауылды күрең күздеймін.
Сағынбау үшін сағынам Сені,
Іздемеу үшін іздеймін!

 

Кінәлай көрме өйтіп, Қарағым,
Күндерің алда қуанар.
Оралу үшін кетіп барамын,
Жыламау үшін жылап ал!

 

Жарай ма?!

 

***


Хат күтемін себепсіз сенен әр күн,
Жағдай сұрап бақытқа бөле, жаным.
Суретіңді көргенге хәлім мынау,
Келбетіңді көргенде не боламын?

 

Қойғандаймыз әйтеуір бәрін шешіп,
Жүрмесек те жарығым, жаным десіп.
Кездеспей-ақ ұнаттым, сенесің бе?
Кездескенде, білмеймін, хәлім нешік?

 

(Махаббаттан сәт күткен арайланар),
Біздің жағдай мәселе көп ойланар.
Тілдеспей-ақ жаныңды түсінемін,
Тілдескенде, белгісіз, қалай болар?

 

Тәңір берген тәп-тәтті сыйымды арай.
Дейді ме жұрт ұнату, сүюді оңай.
Сырласпай-ақ ұғамын жүрегіңді,
Сырласқанда болады күйім қалай?

 

Сен мен үшін басқадан артық едің,
Жүрегімнің гүлі едің, алтын едің.
Сор-қайғыға кеудемді толтырғанша,
Маңдайыма бақыт бол, бар тілегім!

 

СОЛАЙ...

 

Сені ойлау. Сені аңсау тағы да,
Шаршаған емеспін күтуден.
Жалғыздық сыйлаған жаныма,
Өзіңсіз күндерге түкіргем.

 

Күбірлі өлеңді жел тыңдар,
Ессіз деп аяйды айналам.
Арымның алдында Сертім бар,
Тәңірдің Дұғасы байлаған.

 

Сен жайлы түс көрем түнімен,
Күнімен ойлаймын, о, несі.
Сөздерің дуалы Ұлы Дем,
Көздерің Жұмақтың Елесі.

 

Уланып қиялға ми – сана,
Ескіріп естелік жылдары.
Уақытты аяймын бейшара,
Тым ауыр ойлардың құрбаны.

 

Төзімдер мендегі боркемік,
Сезімдер, неліктен, жылауық?
Өлемін отыңа өртеніп,
...Молама келіп кет дұға қып.

 

***


Білетін үлкенді сыйлауды,
Тәлім мен өнеге жиғаны.
Қазақтың қызысың иманды,
Ұялшық, именшек, ибалы.

 

Қалжыңмен құрбыны шымшып сәл,
Сөзінде жататын өрлігі.
Мінезі сәл ғана қырсықтау,
Еркелеу, әрине, белгілі.

 

Бақыттан құралған болмысы,
Жарық қып ғұмырдың түнегін.
Біз емес ғашықтың соңғысы,
Біз емес алғашқы, білемін.

 

Қателік - өткенмен тілдесу,
Жолымыз жүретін шиырлау.
Ақынның жары боп күн кешу,
Көңілін табу да қиындау.

 

Сөзіңнен төгіліп кіл маржан,
Ақтаршы жаным деп сырыңды.
Көңілді жібітіп мұз болған,
Шашасың күлкіңмен нұрыңды.

 

Жазғырма, жарығым, өтініш,
Мүмкін бе ғұмырда құламау?
Мендегі үнсіздік өкініш,
Сендегі үнсіздік кінәлау...

 

***

 

Білемін, қалқам, жаның жаралы,
Жүрекке арттың қайғы-мұң.
...Арманым қашан орындалады?
Өтпей де қойды-ау ай-күнім.

 

Аллаға емес, ажалға нәлет,
Жақыныңды алған жаныңа.
Сен үшін ғазал жазарға себеп,
Қайғы емес, сезім, налыма.

 

Ессіздік емес, ақылым еді,
Сүйдірген сені сертпенен.
Басқа емес, ботам, ақын өледі,
Ғашықтық дейтін дертпенен.

 

Дертімді емдер дәрігерімсің,
Сезім мен сөзі дуалы.
Сендегі бардың бәрі мен үшін,
Кеудемнің жарық шырағы.

 

...Көнемін, жаным, қаншама сына,
Төзімі берік текті ұлдың.
Орамал бұлғап қарсы аласың ба?
Мен өміріңе кеп тұрмын...

 

МЕНІ ДЕ АҢСА...

 

Сүрініп кетіп құлағанымда,
Өмірге налып жылағанымда.
Қалып қойғанда мұң аралында,
Сені аңсағанмын.

 

Сағым боп арман самсағанында,
Қамалған сәтте қаншама мұңға.
Қалжырап, құлап шаршағанымда,
Сені аңсағанмын.

 

Өмірден түңіліп безінгенімде,
Шерменде күйде көз ілгенімде.
Фәнидің жалғанын сезінгенімде,
Сені аңсағанмын.

 

Аяқты шынжыр тұсаулағанында,
Құс болып көкке ұша алмағанымда.
Үр қызын өңімде құша алмағанымда,
Сені аңсағанмын.

 

Уайымнан моншақ тағынғаныңда,
Құлықсыз күйге салынғаныңда.
Сарылып күтіп сағынғаныңда,
Мені де аңса...

 

НЕ ЕТЕСІҢ?..

 

Шығара алмай есімнен сені гүлім,
Жанарымда жәудіреп мұң – шық тұрды.
Саған деген сезімді өлі мұңым,
Жүрегімнің түбінде тұншықтырды.

 

Сен сезбедің мендегі хәлді неге?
Ал жүрегің темірден жаралған ба?
Құлақ аспай мен айтқан әңгімеге,
Тіл қатасың тым өзге адамдарға.

 

Ызғар шашып тәніме шемен күй кеп,
Қабағың тоңдырады-ау мұз қарысқан.
Түк сезбейсің, отырам өлердей боп,
Бар кеудемді шарпыған қызғаныштан.

 

Жан дүниеме нұр берер тылсым аппақ,
Жанарыма қонған кеп үр мұңым ең.
Жауапсыз сезіміме тұншығып қап,
Өліп кетсем не етесің бір күні мен...

 

Не етесің?..