ЖАСҰЛАН СЕРІК. ҚАЙДА БАСТАП АПАРАДЫ ЖОЛ МЫНАУ?

 

*  *  *

Келеді түбі бір өлім,

Себебін менен сұрама.

Күллі әлем сыйған жүрегім,

Табытқа сыймас, сірә да.

 

Қайғыға бастап нала-мұң,

Жылыстап өткен күндермен.

Түсімде өліп қаламын,

Өңімде тірі жүргенмен.

 

Өмірдің өзі алдамшы,

Көңілдің қайтем тоқтығын.

Жалғанның соңы – заңғар шың,

Ал оған шыққан жоқ бүгін.

 

Өткеніме еш өкпем жоқ,

Келер күн аян Аллаға.

Қуанышым жетер көктем боп,

Жұбанышым да сол ғана.

 

Жанымның сырын шертем де,

(Бақыттың қайда бал дәмі?)

Өзімді қойшы, ертеңге,

Өлеңім жетсе болғаны!..

 

ӘЛДИ

Өзегімде өзеурейді неге түн?

Сол түніме арбалады қарашық.

Көзмоншақтар сәтін сезіп өлетін,

Кірпігіме жармасады таласып.

 

Ай қарайды аңтарылып төбемнен,

Бара алмаймын шақырғанмен жұлдыздар.

Себебі сол, аппақ нұрға бөленген,

Жер бетінде мені күткен бір қыз бар.

 

Үміт тіктеп көтереді еңсені,

Куәсі ме келер күннің бұлыңғыр?

Сол қыз еді ғұмырымның өлшемі,

Құрсағында тербетіліп ұлым жүр.

 

Әлди!

Әлди, құлыным!

 

АҒА...

(Қалқаман Саринге) 

Қалқаш, аға, қалайсыз, бәрі аман ба?

Інісі үшін тең болған қара нарға.

...Құлшынып кеп кірістім сіз айтатын,

Тіршілік деп аталар аламанға.

 

Мен кеткелі ол жақтан бес жыл өтті,

Ұлып алам еске алып "ескі жұртты".

Біздің жағдай сырт көзге тым керемет,

Бұл ініңді қу тірлік - көш жүдетті.

 

Өлең бе, аға?

Жағдайы қансыраған,

Кейде келіп үміті хәл сұраған.

Боқ дүниеге көмілген шабытымды,

Елесімен өткеннің аршып алам.

 

Құт тілейтін қадам мен қаламыма,

Сіз секілді жандар аз, аға, мұнда.

Кейде ойлаймын, тәтті түс көріп жатып,

Оянып кеттім бе деп таң алдында.

 

Арманыма жол бастар бұрын көңіл,

Шыр айналған қазығын құлын-ғұмыр.

Ағасына мұң шағар анда-санда,

Жігерсіз деп ойлама ініңді бұл.

 

Баяғы емес, ақыл да кемел, аға,

Жастан өттім айтатын серенада.

Астанаға түбінде бір қайтармын,

Басқаларға сәлем айт менен, аға...

 

АҚҚЫРТАУ

Аққыртау, аппақ қырқа сайын далам,

Құдайы ырзығынан айырмаған.

Жусаныңа жұпарлы аунап өскен,

Шаңырағыңа бас иді шайыр балаң.

 

Аққыртау, аппақ өлке адыр мекен,

Маңдайыңа бақ жазған Тәңір бекем.

Ата сақал аузында шалдар түгіл,

Алты жасар ұлың да қадірлі екен.

 

Аққыртау, сырларың көп ақтармаған,

Қойныңда дұшпан жатқан аттандаған.

Топырағыңда Күреңін кісінетіп,

Жотаңда жауға қарай жортқан бабам.

 

Аққыртау, құлаш құшақ киелі аймақ,

Майлыөзек ақ жағаңды сүйеді ойнап.

Сабадан сарқа ішкен сары қымыз,

Абадан бабаларым бие байлап.

 

Аққыртау, Жалғызтөбе, шағыл құмдар,

Шағыл құмды шөктірді сағым жылдар.

Биіктегі сексеуіл кешкен ғасыр,

Бейіттегі шалдарды сағындыңдар...

 

Беу, Аққыртау...

 

МЕЛАНХОЛИЯ - 2

Мен Құдайды көп іздедім сенделіп,

Мына басты тасқа соғып сор басқан.

Кеудемдегі АДАМдық пен ПЕНДЕлік,

Жеңе алмай жүр бірін-бірі, арбасқан...

 

Құдай өзі қарай ма екен жағдайға?

Қайда бастап апарады жол мынау?

Туыла сап жазып қойған маңдайға,

Саған қатты өкпелімін, тағдыр-ау...

 

Жиған-терген боқ дүниеден шаршадым,

Айналамда құлдары көп құлқынның.

Мен ақындық шын болмысты аңсадым,

Жалғыздығы жанға батты рухымның...

 

Аңғал көңіл сенген жұртқа шүбәсіз,

Өтіріктен жиіркенетін болмашы.

Менің күллі арманымның күнәсіз,

Өткен күнде қалып қойған таңбасы...

 

Жүрегімнің сиясымен жазылған,

Бір шумаққа ғұмырым да садаға...

Анау кімнің қабірі екен қазылған?

Көз ілдірсем бола ма?..

 

Шаршадым...

 

№188 көше

Кімдерді жоқтайды бағандар,

Кезіккен меңіреу алдыңда әр.

Бір жерге асыққан адамдар,

Тротуар үстінде тағдырлар,

 

Содан соң зулаған көліктер,

Шулаған жастардың дабыры.

...Сарғайған жапырақ  -  "өліктер",

Аяқтың астында "қабірі".

 

Мінетін жолаушы үлгерген.

Автобус уақыты анық дәл.

...Өмірдің жолында тұрмын мен,

Он сегіз жасыма алып бар...

 

Еңселі сарайлар артында,

Кедейдің қолымен құралған.

Ақшасы несиеден артылған,

Жер үйлер ішінде жүр арман.

 

Адамға мұң сыйлар ең Ұлы,

Айтпақшы, күз еді ол шақта.

Босайтын аспанның көңілі,

Жанарын толтырып моншаққа.

 

Көзді арбап шамдары жымыңдар,

"Сайқалдың" сөзіндей не түрлі.

Шашылған, шаршаған ғұмырлар,

Темекі тұқылы секілді...

 

*  *  *

Ойланбай жазылған хаттардан,

Ойланбай айтылған сөздерден.

Сырлардан ойланбай ақтарған,

Талайдың тағдыры өзгерген.

 

Ойланбай терілген нөмірден,

Ойланбай түйіскен жанардан.

Сүйілген ойланбай еріннен,

Талайдың сенімі жоғалған.

 

Ойланбай қадамнан басылған,

Ойланбай ұсынған ақшаңнан,

Есіктен ойланбай ашылған,

Талайлар арына дақ салған.

 

Ойланбай сұралған сауалдан,

Ойланбай берілген жауаптан.

Уәдеден ойланбай қол алған,

Талайлар жақынын жоғалтқан.

 

Ойланбай жолдардан қосылған,

Ойланбай қадамнан аттаған.

Тетіктен ойланбай басылған,

Талайлар жалғызын жоқтаған...

 

Түйсеңіз сөзімді көңілге,

Жарайды-ау кәдеге өлеңім.

Талайлар сүрінген өмірде,

Ойланып жүрсе екен деп едім.

 

СОЛ СЕН ШЫҒАРСЫҢ...

Өмір жолында сүрініп сан ақтарылғам,

Сабақ алып ем сенделткен ағаттарымнан.

Қолымды жайып бет бұрып құбыла жаққа,

Бармақтай бақыт сұрағам Жаратқанымнан.

Сол сен шығарсың...

 

Сендермен өтсе тәп-тәтті шырын күндерім,

Бақыт дегеннің не екенін ұғындым дедім.

Омырауынан бұрқырап Жәннаттың иісі,

Бесік таянып емізер ұлымды менің.

Сол сен шығарсың...

 

Қылығыменен сейілтер уайымды тұнған,

Еріне адал болуға дәйім ұмтылған.

Келіндік жолда қадірі таудан биік боп,

Ақ алғыс алар ене мен қайынжұртынан.

Сол сен шығарсың...

 

Кеудеде тұнған, жаралған назыңнан әлгі,

Сағыныш дейтін тербетсе сазым ғаламды.

Таңдайымдағы тілекке Жаратқан берген,

Маңдайымдағы бақыт боп жазылған мәңгі.

Сол сен шығарсың...

 

Өзің жоқ болсаң жүрегі аласұрған-ды,

Әлемнен таппай дәл сендей жанашыр жанды.

Мойыныма келіп «Әке» деп асылатұғын,

Құлындарымның сүйетін Анасын мәңгі.

Сол мен шығармын!

 

Жүректен сөзім төгіліп жақұт боп шашыл,

Кедергі емес, бәрібір, уақыт тоқтасын.

Адалдықтары үлгі боп барша ғаламға,

Қол ұстасып кеп ашатын Бақыт қақпасын.

Ол біз екеуміз!

 

ЖАПОНДЫҚ ҚҰРМЕТ

немесе жапон қызы Танака туралы баллада

Аялдама. Көлік күткен қанша адам,

Автобустың тез келуін "аңсаған".

Бәрі үнсіз, тірлік қамы үйдегі,

Жұмыс соңы, жұрт қажыған, шаршаған.

 

Анау ағай бір отырып-тұрады,

Байқағаным, таусылған-ау шыдамы.

...Сәл иіліп, жанына кеп бір сұлу,

Кітапхана мекен-жайын сұрады.

 

Жақтырмаған кейіп жасап бар адам,

Әлгі қызға ала көзбен қараған.

" Жол сілте!" деп сауал қойған аруға,

Қату қабақ "Мен білмеймін!" деді ағам.

 

Ойрандайтын ашуымен жан-жағын,

Ойланбайтын ағам үшін арландым.

Ал қарындас кінәлі жан секілді,

Қайта-қайта басын иді, таңқалдым.

 

Ұзақ күтіп түскен шақта еңсеміз,

Көптен күткен келе қалды "18".

Дедім қызға:"Дәл алдынан түсесіз,

Мен мінетін автобусқа мінсеңіз".

 

Жымиысы шуақ шашқан ғаламға,

Парыз көрген құрмет қылу адамға.

Ол бұл жолы алғыс айтты алғаусыз,

Көмек қылған басын иіп маған да.

 

Жүзімде бар әр ісіне таңдану,

Атын білдім әңгіме айтып жолда бір.

Жапониядан бізге оқуға келіпті.

"Танака!" деп қол ұсынған әлгі ару.

 

Ермегі емес сауық-сайран, сергелдең,

Оқу іздеп талай ел мен жер көрген.

Жапон қызы таңқалдырды тағы да,

Қазақ тілін алты-ақ айда меңгерген.

 

Мейірімнің жаққандайын шырағын,

(Қылығына артты ме екен құмарым?)

Жекіп жауап қайтаратын адамға,

Неге иіліп жымиғанын сұрадым.

 

Деді сонда: "Бабам салған жол мұнда,

Қызығы көп қалыптасқан заңның да.

Жапондықтар иіледі барынша,

Ел тұтқасы имперотар алдында.

 

Сенбесеңіз біздің елге келіңіз,

Салт-дәстүрін көзіңізбен көріңіз.

Бар адамды басыңды иіп құрметтеу,

Жазылмаған жапон заңы!" деді қыз.

 

...Ойға шомып санама нұр құйылып,

Ақылынан тентек біткен тыйылып.

Біздің елде келіндердің барлығы,

Ата-әжеге сәлем қылар иіліп.

 

Құлағына құйып өскен жөргектен,

Ұлттық дәстүр қалыптасқан бір мектеп.

Жасы кіші қолын қойып кеудеге,

Басын иер үлкендерді құрметтеп.

 

Үнсіз қалып, түсіп кеткен мұң күйге,

Маған қарап дегендейін сенбей ме?

...Ханға басын имейтұғын батырлар,

Анасының табанынан сүймей ме?

 

Мен осылай ой қатпарын ақтардым,

Іштей қазақ болғаныма мақтандым.

Тұрмысы да, болмысы да ұқсайтын,

Жапондарды қазақ шығар деп қалдым.

 

Қыран құстай түзде болған несібең,

Түлеп ұшқан сайын дала төсінен.

Иә, жапондар қазақ шығар бір кезде,

Уақыттың түсіп қалған көшінен...

 

...Бұл әлемде ұлт болғанмен көп түрлі,

Жапон қызы біраз нәрсе ұқтырды.

...Автобустан шығып бара жатты да,

Басын иіп, көп рахмет деп күлді!