ТЫРНАЛАРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Әуені-ай, неткен ащы тырналардың,
Жапырақ төгіп жатыр зырлаған күн.
Құдай-ау, мынау қай үн, қай күрсініс,
Көкірегін иіткен тыңдағанның?!.
Жаз деген жадыраңқы өтті елесің,
Тырналар тізіп жатыр көкте көшін.
Мен бүгін тырналардың жасын іштім,
Білесің жастың дәмі тәтті емесін.
Уақыт жүрісінен жалықпайды,
Ақ мамық аспан шарлап қалықтайды.
Тырналар-ау, қай жаққа бастадыңдар,
Қанатымның астынан тамып қайғы?
Күрсінісін құстардың сезінгендей,
Көк аспан, бауырмалсың, өзің мендей.
Буырқанып, булығып босадың-ау,
Бура бұлтың боздады-ау бозінгендей.
Жаз деген жадыраңқы өтті елесің,
Тырналар тізіп жатыр көкте көшін.
Мен бүгін тырналардың жасын іштім,
Білесің жастың дәмі тәтті емесін…
* * *
Өзімнің тағдырымды жазып жүрмін…
Жүрек қылын шертетін көңіл күйшім,
Алақанға сап кейде шоқ үрлейсің.
Өзіңді кінәламай қайғырғанда
Ай, өмір, өмір дейсің…
Көктемнің сағынғанда жаңбырлы иісін,
Шеріңді тарқататын ән білмейсің.
Басыңды тасқа соқсаң, тауға соқсаң,
Тағдыр-ай, тағдыр дейсің…
Тағдырлар кезіккенде нешелеген,
Өксігің кетпейді екен кешеменен.
Көрімдігін тартпаса алдан өмір
Көреміз пешенеден…
Көктеміңнің айналса күзге кеші
Өзімізден көрмейміз біздер осы.
Жылытуға ішіңнен от таппайсың,
Тағдырдың мұз денесін…
Сәттерім-ай, сәттерім, шоқ үрлеген,
Тоз-тоз болып барасың тобырменен.
Өзімнің тағдырымды жазып жүрмін,
Өзімнің жолымменен…
Бәрібір ол не деді, ел не деді,
Талай жүріп табаным терлеп еді.
Ей, тағдырым, мен сені жазғырмаймын,
Жазғырма сен де мені!
ҚҰДІРЕТ СЕЗГЕМ АНАМНАН
(Анамның рухына)
Арманым неткен аппақ ең,
Ақ ұлпа нұрдан жаралған.
Кішкентай бала шақта мен,
Құдірет сезгем анамнан.
Кеудесі күйіп, өрт болып,
Бесігін тербеп салды әнін.
Ұйқысын түнгі төрт бөліп,
Иіткен түнде омырауын.
Табанына сап жұмағын,
Тәңір де бермес бекерден.
Өнердің зәм-зәм бұлағын,
Өзіңнен емген екем мен.
Анасын сүймес, бірақ, кім?
Арманшыл болды арттағы ұл.
Табанындағы жұмақтың,
Тек төрін берсін һақ Тәңір.
Оңаша қалам кеш ауа,
Ойларым қажап көңілде.
Мен сыймай жүрмін, кеш, ана,
Сен сыйлап кеткен өмірге.
Жан анам, қайтем, тектім-ау,
Жаратқан ғұмыр кем берсе.
Өмірден озып кеттің-ау,
Омырауыңды қанып емгенше.
Көшеді, толқын көшеді,
Көшеді бәрі іңірде.
Ақымақ ұлың кешегі,
Ақын боп кетті бүгінде.
Табанына сап жұмағын,
Тәңір де бермес бекерден.
Өнердің зәм-зәм бұлағын,
О, бастан емген екем мен.
Өзіңнен емген екем мен…
* * *
Өткенмен əрбір өлеңмен əн қылып кешін,
Өмірді кімдер өткінші мәңгілік десін .
Өмірім жайлы жазғанда шумақ ақырғы,
Өлеңімнің мен қоямын соңғы нүктесін.
Сөйлеу де қиын көсемсіп сан ақыннан соң,
Өмірімді қайтем ,өлеңнен жаратылған соң?!.
Үздіксіз ой мен қиялым алып ұшқанда,
Үміттің көгі, көтерші қанатымнан сен.
Қаншама қайғы басыма тимесе бұлай,
Қара басымды саған да имес ем құдай.
Өлеңмен емдеп жазбасаң жарасын жанның,
Өмірім, сені риясыз сүймес ем құлай...
Өмірге титтей өкпесіз туған ақынды,
Өгейсітсе егер өр мінез болды күтпесін.
Өмірім жайлы жазармын шумақ ақырғы,
өлеңімнің де коярмын соңғы нүктесін !!!
ТІРШІЛІК МУЗЫКАСЫ
Сусып түсіп жұлдыз жаққан өлкеден,
Жердің бетін аралап жүр ерке өлең.
Нұрдан нәзік дауысымен торғайлар,
Тіршілікті оятады ертемен.
Түрленеді сосын шексіз әлемім,
Дүниеге арай берген ән едің.
Бар бөбектің жалғайды екен іңгәсі,
Бір жүректің әлдиінің әуенін.
Күзде қимай жылы ұясын әр жылы,
Құс қайтады әнге қосып тағдырын.
Сол әуенге тамшылардың дауысымен,
Жылайды аспан…
Жылатады барлығын.
Қиялында қиылыспай екі әлем,
Үмітінің жылтыраған оты әрең.
Одан бөлек ақындардың әні бар,
Шырқалатын сегізінші нотамен.
Өз кеудеңнің тоқтағанша үн-демі,
Өмір – тәтті өлең екен тілдегі.
Мен өмірді оқымаймын кітаптан,
Мына ғалам жырлап жатыр күнде оны.
Мәңгілігін бұл тұрақсыз Бақыттың,
Іздеп кеткен тіршілікті қатып түн.
Дәл осындай ең керемет әуенмен,
Ұйықтатады күйтабағы уақыттың…
АРМАНДАР ҮРКІТІП ЖҮР ЕДІ...
Армандар үркітіп жүр еді,
Мүлгіген өмірді мұндағы.
Екеуіміз бір тілек тіледік,
Елеңдеп жұлдыздар тыңдады…
Жарылып кетуге шақ қалдық,
Жарысып, жазысып қанатты…
Екеуіміз армандар ақтардық,
Сыбырлап теректер таратты.
Сенімсіз сезімдер қас-қағым,
Сезімсіз өмірің бос тағы.
Күбірлеп әңгіме бастадық,
Дүбірлеп дүние қостады.
Екі жас бір-бірін өпкенін,
Сығалап Ай тұрды көктегі…
Түн ауа жатуға беттедік,
Жалғыз Ай төбеден кетпеді.
Жастықтың дертіне шалындық,
Түндерде ұйқысыз жауратқан.
Екеуіміз ақ көрпе жамылдық,
Ақ шәлі таң атты тау жақтан…