* * *
Қоңырауын қағып келді қара күз.
Бір құпия екеуміздің арамыз...
Байқайсың ба, өмір өзі бір бөлек,
Ал біз?
Біз өлеңде ғанамыз.
Құс қатары тізбектелген-жоралғы,
Аспанымның сәні бар-тын...жоғалды.
Жыламсырап Ай батысқа жылжыды,
Сұр төбеде - Сүмбіле. Күз оралды.
Өмірімнің осы шағы - екінді.
Жүрегімде сырлар жатыр не түрлі,
Қараторғай салған әнде мұң ғана,
Ал өлең ше?
Көшіп кеткен секілді.
Сезім мен ой тапқан қашан үйлесім?
Күнбатысқа беттеп көңіл күймесі...
Сағым жыры мөлдіреген сағыныш
Ал сен?
...өлең үшін сүймеші...
Қоңыр өлең.
Сұр Сүмбіле.
Қара күз.
Бір құпия екеуміздің арамыз...
Күннен-күнге жақын болып барамыз.
Күннен-күнге алыс болып барамыз.
Өлең дейсің...
Өмір сүргім келеді.
Ал біз?
Біз өлеңде ғанамыз...
* * *
Сәуірдің күні сәулесін шашып аспаннан,
Сәулелі таңда салтанат әні басталған.
Көк күмбезімде қанатын жайып құс барлық,
Көк пенен жердің арасын жайлап құштарлық,
Көктем оралып келбеті кірген көгімнен,
Көбелектердің мейірім жыры төгілген.
Арадағы ұзақ күндерден қалған қаталап,
Далама қайта оралғандайсың, Махаббат!
Әлемді мына мейірімімен күн шалып,
Кіршіксіз менің сезіміме ұқсап тұмса бұлт,
Қарлығаштардың қанаттарынан әр ұшқан,
Сөзге сыймайтын махаббат жеткен ғарыштан.
Сезімнен осы сезініп ғажап жылылық,
Сеземін көктем,
Сенде екен барлық Ұлылық!
Сағым далада сағыныш барын түйсінем,
Жайқалған сансыз сарғалдақтардың иісінен.
Көктемде, шіркін, көкжиекте ме бар үміт?
Көп үміт те емес,
Көңіл ғой қалған зарығып.
Көктемді сезіп көктеген қырда көп гүлден,
Сағынып сені кеттім мен.
Айтпаған саған сырларымды да көптен бір,
Келсең оқыр ең қарашығымнан мөп-мөлдір.
Сонау жылдарда жоқ іздеп кеткен жолаушым,
Көктем оралды,
Оралшы!?
* * *
Жаңбыр билеп
Жер-сахна таңда мынау,
Төгіп аспан әуенін арда жырау,
Қолшатырын жанымның жоғалтттым да,
Жаурадым-ау...
Сахнаның сап-салқын басып төрін,
Шымылдығын ақырын ашып көріп,
Мөлт-мөлт еткен әуенді қимай тұрмын
Ғашық болып...
Тамшылардың мөп-мөлдір ырғағы шын,
Төгіле түс, тоқтама, жырла құсым!
Баста менің мазасыз жүрегімнің
Мұң вальсін.
Жаңбыр билеп,
Тамшы ойнап мұң күйімді,
Қайғысы көп қабақтай күн түйілді,
Ей, адамдар, аспаннан үйреніңдер –
Шын сүюді.
Әлденеге жер, кейде күн өкпелеп,
Сонда да ыстық махаббат тілеп бөлек...
Қараңдаршы, бұлардай сүю үшін
Жүрек керек...
Жер ғашығын сағынған таң шығар бұл,
Мұңға толы ырғағы тамшылардың.
Жер мен көктің сезімін түсінетін
Мен жалғыз жан шығармын...
* * *
Мен ауылда туғанмын.
Ауылда өскем.
Қырат қуып, қоңырдың жалында өскем.
Жеткізбейтін даланың ақ сағымын,
Аспан мен жер арасын жаным кешкен.
Аспан мен жер арасы...
Жақын едің,
Жайдақ мінген қоңырдың атып ерін
Күндерімде мен талай сол аспанмен
Қара жерде сырласып жатып едім.
Әрбір түскен сәулесі жебе күннің,
Әлем-тірі!
Мен соған сенетінмін.
Үйден, түзден, аспаннан, бар әлемнен,
Бір құпия таңбалар көретінмін.
Бір құпия таңбалар мұра болған,
Түрлі өрнекке толатын жыра, қорған.
Ботамойын, қазтабан, қосдөңгелек,
Дала кезсем үнемі шығады алдан.
Текеметтер құс қанат салынған көп,
Аспан түстес бояуға малынған көк.
Ирек-ирек теңіздің белгісі бар,
Ал етегі қып-қызыл жалыннан боп.
Жүрек болса әр түсті оқи алар,
Өрнекте де сан түрлі құпия бар.
Қошқар мүйіз салынған сырмақты үйге,
Ырыс қонып, төріне құт ұялар.
Кеңістікте өрнектің күші бөлек,
Көмкерілген айшығы, түсі де ерек,
Үркер салған жастықты қыз таңдаған,
Сағынышым кірсе екен түсіме деп.
Жұбын тапқан жүректен жоғалар мұң,
Ақ матаға бір уыс орап арын,
Үміт беріп бойжеткен жігітіне,
Көбелекпен көмкерген орамалын.
Ғажайып қой тартылыс жер күшіндей
Сол өрнекті мың сөзден кем түсінбей,
Орамалды сақтаған ғұмыр бойы,
Махаббаттың тап-таза белгісіндей.
...Білесің ғой
Мен сонау ауылданмын.
Мен далаға өрнек боп салынғанмын.
Тек есімде жоқ екен саған арнап,
Орамалға көбелек салынған күн...
Аспан мен жер арасы өзгеше өрнек.
Мен қанықпын.
Жүргем жоқ сөзге шөлдеп.
Құс қанатын әйнекке ойып тұрмын,
Құс қайтқанда сенімен кездесем деп...
* * *
Жүрегімнен шыққан әнді жел айтар
Сәл күрсінсем
Жетер саған дем болып.
Түн пердесін түріп қойып
мен қайта
Көшелерді кезіп жүрмін сенделіп.
Көкте мүлде көзге ілінер сәуле жоқ
Жерге мұңын шағып тұр ма тағы аспан?
Көше шамы, көлбемеші әуре боп,
Жұбатуға тырыспаңдар, ағаштар.
Күнпарақты жұлып қойдым бір бүктеп
Гүл тәріздес үмітім бар,
Кім бағбан?
Ештеңесі өзгермейтін тірлікте
Махаббаттың бар жоғы да – бір Жалған.
Түн бөлісер,
Тіріден жоқ ешкімім
Аспан атты көк күмбезді панам бар.
Тек ойыма
Вокзалға ұқсас кешқұрым
Келіп жатыр, кетіп жатыр адамдар.
Келіп жатыр, кетіп жатыр
Бара бер!
Келгенін де, кеткенін де сағынам.
Көзің болса көрер едің, қара жер
Талай ізді тағдырымның табынан.
Көкжиектен сығалады жұлдыз-мұң,
Сәулесіне
маңдайымды өптірдім.
Сені ғана сағынатын бір қыздың,
Жер бетінде барын білсін деп тұрмын...
* * *
Ұйқымды ұрлап кетті түн-бозбала,
Жүрегімде он сегіз...
Жаспын ба әлі?
Түн-бозбала өтінем мұң қозғама,
Тып-тыныш жатсын бәрі.
Ұйқымды ұрлап кетті.
Қайтем енді?
Сағатыма, үңілем аспанға бір.
Жалғыз ғана жарық қып ай төбемді,
Жалғыздық...
Жатсам қабір...
Ұйқымды ұрлап кетті.
Кім ұрлайды???
Жүрегімді қорқыныш, үрей билеп.
Құлағыма қара өлең сыбырлайды,
Мен сені сүймеймін деп.
Ұйқымды ұрлап кетті...
Тарамыс бақ.
...Өтінем, көз ілейін, қайтар енді!
Ақ қағазды аштым да, қалам ұстап,
«Сүйем» деп айта бердім...
* * *
Сезім.
Сезім алдамайды ешкімді,
Мәні, бәлкім, ол жалғанның бес күнгі.
Сені күннің сәулесіндей сүйемін...
Бірақ оны кеш білдім.
Өмір, білем,
қателіксіз болмайды,
(Ал, адамдар ұят дейді ондайды)
Ұят - сезім сырын бүгіп
Ішінен
Сағынышын толғайды.
Тәтті сезім...
Тылсым едің не деген!
Теңіз болсаң құрғап қалған сен егер,
Ақ жауын боп сенің арнаң толғанша,
Құяр едім төбеден.
Болмас еді бұл әлемде басқа мұң,
Қалар еді жердің беті жасқанып.
Арнасынан тасығанша бар сулар,
Ашылмас еді аспаның.
Күллі әлемнің тіршілігін тілеген.
Керек болса саған ыстық күн егер,
Күн болмаса
Жылытсын деп жаныңды,
Жүрегімді ілер ем.
Ал жүрегім тұрар болса аспанда,
Басталар еді жер бетінде басқа арна,
Махаббатқа толы қызыл раушандар
Шығар еді тастарға.
Шаршатса егер сені кейде мұң-әлем,
Тылсым түнге айналып ап мына мен,
Тынықсын деп күйбеңінен тірліктің,
Тапжылмастан тұрар ем.
Жоғалар еді сонда мүлде нала, мұң,
Тәтті әлемде ілінер ед жанарың.
Барлық әлем айтар еді бір әнді
Әлдиіндей ананың.
Мүлде,
Мүлде тілемес ем басқаны,
Махаббаттың айтылғанда дастаны
Әппақ-әппақ көбелекке тұнар ед,
Күнбағыстың бастары.
Ұмытқың кеп
Ойыңдағы жоқ-барды,
Суытқың кеп жүректегі оттарды,
Мен аспан боп,
Жазда жауын тілесең,
Жаудырар ем ақ қарды.
Кеңіп әлем,
Кейде бізге тарылған,
Мөлдір дүние ақ мамықпен жабылған,
Менен өзге тіршілікті өшіріп
Тастар еді жадыңнан.
Керек болса күншығыстан жеткен леп,
Сағынышың тілегіңнен өктем боп,
Айналдырып жіберер ем әлемді,
Ғажайыпқа көкпеңбек.
Бұл маңайға
Жетер еді құстар да,
Мен ұларға айналып ап ұшқанда,
Көріп сенде жетер едің соңымнан
Сағынышың қысқанда.
Жетіспесе жаздың саған бір әні,
Айта алатын таудың ғана бұлағы,
Ән салдырып қояр едім сен үшін,
Жүрегіме кінәлі.
Тас төбеңнен сонда жүрек-күн шығып,
Тас әлемнен желден нәзік гүл шығып,,
Менің тасты жібітетін лебіме
Қалар едің тұншығып.
Сенші!
Сені сүйе алмаймын өзгеше,
Мүмкін мұның бәрі қате...
Сезбе сен!
Екінші рет өмір берсе біздерге,
Бірінші боп кездесем...
* * *
Даланың гүлдерін жиып ап,
Ұсынып,
Күлген,
Далалық жанымның толқуын түсініп бірден,
Ұрлана көз салып ,
Үнсіз-ақ ұқтырып бәрін,
Ұялып қалатын, білмеймін,
Қысылып кімнен?
Шақтарды сағынып жүрмін...
Үстімде көк жейде,
Күн лебі бетімнен өбіп,
Күн қаққан бейнемді қоңырлау секілді көріп,
Қызыға қарайтын,
Қос бұрым қой көзділерге
Өзге бір сұлуды өзімнен өтімді көріп
Шақтарды сағынып жүрмін...
Көл беті көктемде
Көңілді бір әнді бастап,
Желісі есіңе түсіріп қыранды –
Қасқа ат.
Белесті бетке алып кеткенде бесіннен кейін
Көрші әжем көз ілер күбірлеп құранды жастап
Шақтарды сағынып жүрмін...
Қыш қоңыр кесеге ақталған тарыны құйып,
Бауырсақ шашатын алдына бәрінің үйіп,
Ақ жеңгем қол созып қою шай ұсынып бізге
Үй-іші тыңдайтын самаурын сарынын ұйып
Шақтарды сағынып жүрмін...
Бояусыз бойжеткен өзінше көркемдеп өңін,
Өлең боп жазылған өзгеше өлкемде менің,
Бақытты адам боп өмірді сүруің үшін,
Білмейтін беймәлім бір аппақ желкен керегін,
Шақтарды сағынып жүрмін.