* * *
Келер жерге еркін келіп бір демде,
Шөл көркіңнен толқын көріп күлгенде,
сеніміме серпін беріп жүргенде,
мезгіл ауып кетіпті.
Боз шабыт та келген шақта кемелге,
құс әніне жыр жазамын дегенде,
сол әуенге атыңды енді берерде,
бұлбұл ұшып кетіпті.
Бал рахатты кешейін деп жалғанда,
бар жұмбақты шешейін деп қалғанда,
сен де, мен де жүрген кезде армандап,
сезім үркіп кетіпті...
ДИЦЕНТРА
Талықсытып тау самалы бір өпкен,
Құшырланып қыр самалы бір өпкен.
Ресейліктер "жаралы гүл" десе де,
Құлпырасың сол жаралы жүрекпен.
Бәрібір де таңғажайып жамалың,
Хош иісті ханшайымы даланың.
Оһ, Дицентра!
Сені неге поляктар,
Туфлиі дейді Құдай ананың?
Паң Париждің жырмен тербеп бесігін,
Ақындары ғаламға ашқан есігін.
Француздың бір шайыры өзіңе,
Жаннеттаның берген бәлкім есімін?
Ал, немістер "жүрек гүлі" дейді екен,
(Жүрек мұңын айтар ма едің сөйлесең?)
Мендельсонның құдіретті сазының,
Кейіпкері сен шығар деп ой кешем.
Әркімдердің қолы жетпес тау-шыңда,
Бүр жарасың сәуір менен маусымда.
Ох, Дицентра!
Жалғыз өзің – гүлзарсың,
Жалғыз өзің баусың да .
Тәкаппарлау тал бойыңды Түн құшқан,
Жауыннан соң бұлтты жарып, Күн құшқан...
Жыр арнаған алғашқы ақын болсам ғой,
Болмасам да сені көрген тұңғыш жан.
Жүрегімнің жатқан терең түбінде,
Бір есім бар гүлім де өзі, күнім де.
Сол бір жанның құрметіне атыңды,
"Айжүрек" -деп қойдым қазақ тілінде...
* * *
Үңіліп сағынышымның тереңіне,
Ұғуға тырысқан көп жан-нәзікті.
Мен саған арнаған бір өлеңіме,
Сандуғаш ән жазыпты.
Көңілдің сол көркем саз гүлін тербеп ,
Аққуын арманымның мамырлатты.
Қанатын барлық құстан бұрын сермеп,
Бір бұлбұл орындапты .
Сен соны тыңдамадың жүрек назы,
Түсінбедің мұғжиза сәтте мені.
Сезімнің желбіреді жібек сазы...
Алайда ол - ән емес, әттең еді.
* * *
Түн. Күзгі бақ. Ағаштардан әр тайған,
Көне шамдар - нұр сәулесі қартайған.
Тозған жолдың жиегінде бос орындық,
Ескірген соң шалқайған.
Бұлбұлдар жоқ жан тербейтін әндермен,
Қарға да жоқ қарқылдайтын әр жерден.
Жапырақ та үзіліпті ең соңғы,
Сәл де болса сән берген.
Жемістер де тездеп үсіп кетіпті,
Мен келмеген кезде пісіп кетіпті.
Ай-жұлдыздар ақ жауыннан құралған,
Көлге түсіп кетіпті.
Ғашықтар да бұдан былай сол маңда,
Серуен құрып, құшыспайтын болған ба?
Арасынан адам түгіл қарайған,
Құс ұшпайтын болған ба?
Тыр жалаңаш ақ қайыңдар шырайлы,
Бір-бірінің құшағына құлайды.
Жарасымды салтыменен күзгі бақ,
Дәл осындай қалпыменен ұнайды...
* * *
Әкемді жұрт деуші еді "момын кісі"
(Момын кіс болатын орынды ісі)
Сонда да ол кететін арқаланып,
Құйқылжыған кездерде көңіл құсы.
Бір жақсылар: "жемісті күз" деуші еді,
Сол жомарт күз етті ғой бізді еңселі.
Қайран әкем бір олжа тауып алса,
Қуанбастан иесін іздеуші еді.
Тату еді жекжатпен, жұрағатпен,
Кештеу білдім қадірін, бірақ әттең...
Серілігін көрген ем шабан тойда,
Айылсыз көкпар тартқан күрең атпен.
Айтатын бір достары шымырлығын,
Айтатын құрдастары қыңырлығын.
Әлі есімде бір күні анама арнап,
Жинағаны таулардың қызыл гүлін.
Адам сырын бір көріп түсінетін,
Жақсы ініге үлкен боп кішіретін.
Ассалаумағалейкүм десе біреу,
"Қонақ бол"- деп атынан түсіретін.
Әкемді жұрт деуші еді " момын кісі,
(Момын кісі болатын орынды ісі)
Ай туғанда ақ бата беруші еді,
Маған өлең жаздырған соның күші...
* * *
Мен Тәңірді сүйдім,
тағдырыңа сыйлайтын шапағат мың.
Өмірді сүйдім,
өлімі бар соңында қатал-ақ тым.
Мен арды сүйдім,
ақ жүректің қалауын қате демес.
Мен жанды сүйдім,
сертін берген жолында махаббаттың.
Мен досқа сендім,
түсінікпен көңілге қарайлайтын.
Мен жасқа сендім,
ертеңіне елінің алаңдайтын.
Жақынға сендім,
жан қиналса жаныңнан табылатын.
Батырға сендім,
ұлттың ұлы рухы боп алаулайтын.
Сөзіме сендім,
жүрек сырын жеткізген, жанның датын.
Өзіме сендім,
өлең еткен өмірдің әрбір сәтін.
Мен елге сендім,
жөнге салар, күш берер өрге шабар.
Өлеңге сендім,
өліп кетсең атыңды жаңғыртатын ...
* * *
Ең алғаш ынтызары ауған жандай,
Ең алғаш сұлулыққа арбалғандай.
Отырмын қараңғыда арлы ойменен ,
Түсі аппақ қарашада жауған қардай.
Түсі аппақ ең алғашқы жауған қардай,
(Құшақтап, келбетіңе таң қалғандай)
Отырмын оңашада - қарашада,
Қызарып, әлденеден арланғандай.
Түсіме күз айлары жиі кірген -
Ақ бұлттар ақ жібектей иірілген.
Мен жүрмін сол бұлттарға балап сені,
Сен жүрсің аласармай биігіңнен.
Жырымның оқыған сәт ең жаңасын,
Көңілдің сейілтесің шер-наласын.
Қисапсыз мазаңды алған жан емес ем,
Рұқсатсыз түске енетін сен ғанасың...
ҰМЫТШАҚПЫН
Белінен аспай жатып жігіт шақтың,
Кей кезде ұмытшақпын.
Қызық пен кешегі өткен сайран шақтар,
Еске де түсер емес дұрыстап тым.
Тұратын Талдықорған шығысында,
Ойымда - елдегі дос, туысым да,
Ойымда "Асылөзек", бір сұлу қыз,
Тек қана біз барған сай...
Тіл ұшында.
Біреулер "ұмытшақ" деп күліп тұрды,
Мен бірақ ұмытпаппын қылықтымды.
Есімін талай қыздың сақтаған ем,
Ех, соның бəрін бір жан ұмыттырды.
Есімнен шыққандарға кешір дедім,
(О, қайран, қабілетім есіл менің)
Олар да мені ұмытып кетті ме екен,
Жырымнан іздей ме əлде есімдерін ?
Кездессек танып мүмкін қарайды олар,
Əлі де ғашығына балай қарар.
Ұмыту деген нəрсе жақсы емес-ау,
Ұмытса мені бір жан қалай болар?!
* * *
Өткен жылғы сағатымды,
Тақпаймын да, теңшемеймін.
Тауысқан соң тағатымды,
Уақытты енді өлшемеймін.
Төзімді де жоғалттым бар,
Сезімсіздер ұғар нені?
Шаттығынан жомарт жылдар,
Қалдырмайтын шығар мені.
Келер күндер сыбағасын,
Ұсынар деп екшеледім.
Мына дәуір, мына ғасыр,
Бақ сыйлайды, бек сенемін.