Жанерке Ғинаят. Менің қарашығымның егізі едің...

ЖАРЫҚ

 

Қай сезім мені жұтарын қала тұр бағып,

мойнымнан батпан ой орап,

айтылмай кеткен сөздердің қанатындағы

қауырсындарды аялап,

келемін жолсыз мекенде,

бұйыра ма бақ?

Ақша бұлтқа аян күй, зарым..

Қоштаспай кеткен күзге анау қиыла қарап

барады өтіп мизамым.

Қиыла қарап жандарға* мезгіл ұшырған,

төбеге ұзақ қарғыдым.

Құс көрсем - сізді көрем де, көздің ұшында

сусылдайтындай тағдыры.

Жарықтан жанымды еліткен адасып қалып,

Өртендім.

Жану - неткен шер?!..

..Азабы ауыр тамшының қарашықтағы

жалғанға тамып кеткенше..

Қауышу үшін етейін жанымды құрбан,

Күйреді ғалам, мұң үдеп.

..Маңдайын оның жазмышы таңулы тұрған

иіскейінші бір рет..

Бір рет.

 

ДӘРУ

 

Мен аспаннан сені көргем,

аспан - сенің көзіңде еді,

Сен кеткен соң көз алдымда - бір аспанның езілгені.

 

Көз алдымда бір көк теңіз айдыны - сор, жағасы - мұң,

ең сорақы аңғалдығым, ең бейкүнә адасуым.

 

Ессіз, ерсі елесі көп тереземді түн қамады,

Жанарымнан тамбаған жас кірпігімді жұлмалады.

 

Белгісіздеу алдымызда не күтері, кім күтері,

Тас төбемде ойнақ салған өз ойларым үркітеді.

 

Сен басқан жер топырағы тілгіледі табанымды,

Сен бар сөзден жан ауырды,

Сенсіз тағы жан ауырды.

 

Жылап тұрған тағдырымнан тамып жатыр өлі әлемім.

...Менің шерлі ғұмырыма енбесең де болар еді...

...Менің шерлі ғасырымда тумасаң да болар еді...

 

* * *

Күн ұзаққа...

Жәутеңдейді сен жаққа жесір жаным,

Сенсіз кешкен күнімнің есіл бәрі.

 

Сенсіз атқан таңның да бәрі күрең,

Сенсіз төккен жастың да қадірі кем.

 

Көтеріп ап жалғанның мұңын небір,

Тәңіріме

Сені алмаса екен деп күбірледім.

 

Сен өйткені,

Менің қарашығымның егізі едің...

Тағдыр егіз жолдарды неге үзеді?

 

Анау жақта...

Өлең жаяу барады жасын ертіп,

Көзден кетпей қойғаның - қасіретім.

 

* * *

Өмір ме айыпты?

Жоқ, артпа кінә.

Жан ба әлде көнген құрып амалы?

Жоқтау айта алмай жоғалтқанына

Түн кермек жасын сығып алады.

 

Сезінулердің жасыр өртінен,

Маңдайда - тағдыр.

Иықта - күмән.

Шақырымдардың қасіретіне

Шаhарлар күлер миықтарынан.

 

Жұбату таппай шерін күрмерге,

Жаздың аян ба ед(і) бұлайша өлері?

Жалғыздықтары жеріндіргендер

Іңір қайғысын жылай шегеді.

 

Ол жаққа...

Мұңның мөрі басылған

Жолдар жаутаңдар жаза көтеріп,

- Сорлы жапырақ,

Сен ұғасың ба,

Сағына алмаудың тозақ екенін?

  

* * *

Есім жиылмай шалдыққан шаxарда мұңнан

көзімді шелмен сүртемін.

Жазылмай қалған жолдардың жаxаннамында

ғұмырым жатыр бүркеніп.

Жалғаннан бездім бітпейтін нала таңылған

сертім алдында тосылып,

алақаныңа ұмтылмас алақанымнан

түннің жүрегі шошыды.

Көктемге асыққан жанымның қанаттарына

аяз суретін салып жүр.

Сағынбайтұғын жерідім сағаттарымнан

Сағындыр мені, сағындыр...

Өңімнің xалін күйреуік түс ауырсынды,

сорым жүр үрден жыр сауып,

бауырына мені басады құшағың сынды

қараңғылықтың құрсауы.

Көбелектерін көңілдің жиі ұшырғанда

кеудеге қонар күй қалың.

Өлермен шақта өмірді иісің қалған

саусақтарыммен сипадым.