ЖАНДОС ЖҮСІПБЕК. МЕН, ШАМАСЫ, ӨЛЕҢ БОЛҒАН ШЫҒАРМЫН!..

ИТҮРГЕН

 

Бәрі «жұлдыз» -

Өңкей әртіс,

Кіл әнші.

Болмай қайткен – соларға көп ұраншы.

...Ақын жұрты сақасына өкпелі,

Мың иіріп, түсіре алмай бір алшы.

 

«Тайғақ кешіп», жүгі жолда мың ауып,

Теңселеді ақын жұрты, сын ауық төбеге ұрса...

Сыбағасы сонда алар:

«Шеттеріңнен қияли һәм жылауық!»

 

Жылауық па?

(Күйдіруін қарашы!)

Бәлкім, рас (хақын айтты ол шамасы).

Жүрегінде сыздаса оның көрер ем,

Науқас қоғам өзегінің жарасы.

 

Мият таппай ар ісінің ғұрпымен,

Мұзбалақтар тышқаншылап жүр кілең.

Мандымаған мансабының лажы үшін

Мүшәйра іздеп, газет-журнал тінтіген...

 

Әдебиет бағы бүгін –

Құс үркек...

Туындылар – сия соры үшін тек.

...Әншілердің альбомы тұр саудада,

Ақындардың кітаптарын мүсіркеп...

 

ГҮЛ СЫЙЛАҒАМ

 

- ...Мынау саған!

- Рахмет... Бұл не?- дедің.

Уысыңда қалдырдым.

Үндемедім.

Сен де үнсізсің.

Иіскеп тұрдың бірақ

сұлу-сұлу гүлдердің... мүрделерін.

 

Тәтті иіске боп шықтың, тәттім, бейім!

...Мен де сонда солған сол ақ гүлдейін

"сыйлармын,- деп, - саған бақ" жұбанған ем,

Жүрегімнен мың өлік таптың кейін...

 

Сезім, Реніш, Шаттық, Мұң, Үміт, Күдік —

бә-әрін уақыт сүртуде (ұмыттырып).

Саған бекер сыйладым сол гүлдерді,

тірілмесін қайтадан біліп тұрып! 

 

ПАНДЕМИЯ

 

...Жоқ, сен емес әкеп салған қақпанға,
Алдымызда, өтінемін, ақталма:
Терең-терең тыныстап ал, Жер-ана,
Біз әзірге байлаулы боп жатқанда.

 

Жоқ, сен емес шалған бізді құрбанға,
Адам үшін, өтінемін, мұңданба:
Жүз ғасырға жасарып ал, Жер-ана,
Біз әзірге бұғаулаулы тұрғанда.

 

Жоқ, сен емес зар қақсатқан бір демде,
Адам үшін, өтінемін, күңіренбе:
Сырқатыңнан айығып ал, Жер-ана,
Біз әзірге сырқаттанып жүргенде.

 

Жоқ, сен емес арқалаған лағнет,
Уайымдама, өтінемін, сабыр ет:
Сен адасың күнәдан,
Сенің ғана жағыңда әркез әділет!

Біз (әзірге) тәубеге кеп отырмыз...

 

АМАЛЗАЯ

 

Намысы бар – сөзде ғана,

Тілегі бар – көп күмәні.

Кеудесі бар – «көзден» ада,

Зердесі бар – жоқ «құлағы».

 

Ұстаным бар – сасық менмен,

Жең ұшымен – талан біткен.

Нәжіс кешіп нәсіп терген,

Ауа жұтқан арамдықпен.

 

Дарыны жоқ – жүлдеқұмар,

Тілі – орақ, ісі – дөкір.

Ұяты жоқ – құрметі бар,

Жүзі – жылтыр, іші – қотыр.

 

Адалсымақ:

жүрегінде

сенімі жоқ мінәжат бар...

...Бақ боп оған мына өмірде

көрінеді, ә,

бұл азаптар?!

 

СЕКУНД

 

Бір секунд:

Ғұмырың ілгері сәл басты,

Таусылды немесе жалғасты.

Бұл секунд – біреуге ең соңғы,

Біреуге алғашқы.

 

Бір секунд:

Әлдекім оқыстан аспандап,

Әлдекім шыңырауға тасталмақ,

Біреудің алдынан тап болып,

Біреудің басынан қашқан бақ.

 

Шықылдап,

Бағуға төздірмес әр запы үн

байқатпай жасайтын бар зақым.

Уыстан сусыған секундтан

алдағы ғасырлар жап-жақын.

 

Секундтар...

Түбі – мұң, беті – үміт...

Ғұмырым мүжіліп, кетіліп,

уақыт ұстатпай барады,

секундтан-секундқа секіріп.

 

Ілбіген сайын мен ілгері,

сезерім,

есімді білгелі –

бір секунд – жазмыштың жендеті

атуға оқталып тұр мені.

 

ҚАЙДА?

 

Баз да кешіп кеткен бір кезімде елден,

Мәңгі жарым болуға сөзін берген;

Жүрегімнің айнасы тақылетті

менің қарашығымнан өзін көрген;

 

Секілді бір қанатсыз ақ періштем,

«Қанаты» бар пақырға нақ келіскен;

«Ол түсінген бақытың осы екен» деп,

Ішімдегі мұңымды қақ бөліскен;

 

Болмаса да ғажабы тұрған асып,

Тек мен ғана тудырған жырға ғашық;

Тек мен ғана бастайтын жолды кешіп,

кетуге дап-даяр бірге адасып;

 

Аңғал-саңғалдығым да жасқантпаған,

Досқа артпаған мысқал мін, қасқа артпаған;

Күресінге мен түскен бірге құлап,

Мен ұшынған удан да бас тартпаған;

 

Періштемдей жүретін қорғап мені,

Жұбымды мен жоғалттым жолда, әттеңі.

Жұбымды мен жоғалттым.

Қайда кетті ол?

Жүр еді ғой қасымда...

...Жоқ, әлде болмап па еді?

 

* * *

 

Білем, мама,

сағынсаң түсіңе енем,

құлын болып аулақта кісінеген.

Байқатпайын десем де сезесің-ау

ашитынын ұлыңның іші неден.

 

"Хәлге душар болдың, - деп, - тағы нендей?"

Әр сөйлессек, бастайсың әбігерлей.

Қалай айтам құлынның жүргендігін

Бәйгесіне өмірдің бабы келмей.

 

Тынып іштен, жүрсем де мейлі өкініп,

"Жақсымын ғой" дей салам кейде өтірік.

Кешір, мама,

Бәйге алып келе алмадым,

Тақымыңды қыссаң да үйде отырып.

 

Болмаса да жортқанда жолым үнем,

Үмітіңді үзбессің толығымен.

Кетсін, мейлі, күллі әлем кері айналып,

Сен сенесің ұлыңа,

Соны білем!

 

Жә, тағдыр да татырар тамашасын –

Босқа бурыл тартпасын қара шашың.

Білем, мама, біреуін құр жібермей,

Түйсігіңмен түсіңе бал ашасың.

 

Білем, мама,

Сағынсаң түс көресің...

Бейсаналық сенесің күшке несін?

Түс те дәру болмайды, уайым дәру,

Құдай өзі солай ғып істегесін.

 

Қойшы, тәйір...

Тағдыры делбелеген,

Бірде дімкәс, бірде сау пенде деген.

"Бүгін жайсыз түс көрдім" дейсің ылғи,

Білесің бе? –

Сол түсті мен де көрем...

 

КІМ БОЛДЫМ? 

 

Қайран өмір...

Келерміз де кетерміз...

...Бірақ соған налимыз-ау бекер біз:

қысықкөз ел аңызына сенсеңіз,

қайта-қайта туа береді екенбіз.

 

Қолда дәлел болмаса да нақты, анық,

Көрген жөн ғой бұл аңызды хақ танып.

Сөйтіп, біздер туа береді екенбіз,

болмысымыз сол қалпында сақталып.

 

Рухымыз тәннен-тәнге жолданып,

бір болмыспен, бәлкім, мың рөл сомдадық!

…"Бұған дейін сен әдемі көбелек

болдың"  деп ем,

шықты бір қыз долданып.

 

Неше түрлі адамдардан, бәсе, мен

еректіктер байқайтынмын, рас, ерен...

Бақылдауық басекемнің бақабас

Дүниеқоңыз қатыны бар, мәселен.

 

Күлмейтінге күлкің келсе — күл, мейлі,

Бұл аңызың бір шындықты үндейді.

Мысалы, анау қожайыны пәтердің

сипаған... жоқ, сыйлағанды білмейді!

 

Жыртқыштарды көріп жүрміз "ұр да жық",

Кездеседі және небір гүл нәзік...

Ал, мен кіммін?

Кім болды екем?

Қарашы —

өмірім бос өтіп жатыр... жыр жазып.

 

"Дімкәс басын діңкелеткен мұнар-мұң,

бұл қияли адам ба?" деп жүр әркім.

Бір мұңлықтың жүрегінде тұншыққан,

Тірісінде жарық көрмей қырсыққан,

Өлерінде рухыменен бір шыққан

мен, шамасы, өлең болған шығармын!

 

Қайран өмір!

Кетерміз де келерміз…