ЖАНАТ ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ. АРМАНДАРЫН ІЗДЕП ЖҮРГЕН ӨМІРМІЗ...

*  *  *

Мен жоқ жерде сен жүрсің.

Жүргенің жөн.

Мен адастым керемет күндерімнен.

Ақ тұманның ішіне сіңіп кеттім,

Ол әлемге келе алмас кім көрінген.

 

Мен жоқ жерде сен барсың.

Неге бұлай?!

Күдік неге үмітті жеңеді ұдай?!

Ақ тұманға..соңымнан қалмай келіп

Өзің жайлы оқиды өлеңін Ай.

 

Мен жоқ жерде сайрандар сенің үнің,

"Іздер болсаң сондамын" - деді мұңым.

Ақ тұманның ішінен тапты дағы

Әппақ Айым кетті алып мені бүгін.

 

Мен жоқ жерде жүре бер... Жүргін аман.

Жібермеші ана бір мұңды маған!

Мен бар жерде кім екен сен жайлы айтқан?!

Жауап қатпай, жабырқап тұрды ғалам...

 

*  *  *

 

ҚАЗҰУ-дің 1980-жылдардағы түлектері – ақтөбелік Сақып-Жамал, Жанатқа

 

Ақтөбенің көшесінде қоңыр күз...

Қоңыр күзді кешіп жүрген өмірміз,

Алматыны еске аламыз үшеуміз –

Сағынамыз қалашықтың* төрін біз.

 

Алатауды бөктерлеген кез қандай!

Сол шақтарды мадақтайтын сөз қалмай

Естеліктің ақтара алмай сандығын,

Іркілеміз... тәтті елеске көз қанбай.

 

Бойжеткеннің бұла күні – бір дастан,

Арман қайда адасты екен шыңды асқан?!

Кеудемізден ыршып түскен сезім-ай,

Соны аяумен өңі қашып тұрды аспан.

 

Ақтөбенің көшесінде – қоңыр күз,

Қоңыр күздің жылытайық өңін біз.

Өткен шақты өзегіне сіңіріп,

Армандарын іздеп жүрген өмірміз...

*ҚазҰУ

 

                                           ЛОНДОН ЖӘНЕ СЕН ТУРАЛЫ...

Темза ағады,
тереңінде - өткен шақ,
Жағасында сұр қала.
Өткенді іздеп, жүйрік жетпес жоқты аңсап,
Жел соғады бұлдана...
Аспанында бұл қаланың тұр үнсіз,
Қату қабақ сұрша бұлт.
Тіршілік жүр бұлт астында тынымсыз,
Сұрғылт өңін ара-тұра күн шалып...
Жаһандағы жалғыздай-ақ тұрысы
Тым тәкаппар, тым асқақ.
Әр көшесі, әр бұрылыс, бұрышы
Бұл болмысын растап...
Қала сұп-сұр.
Көңіл де тұр сұрланып,
Жабырқайды жан мынау.
Кеуде тұста бір шөкім бұлт жүр налып,
Керек боп тұр сәл жылау...
Асқақ қала аласарып қалардай
Сәл жылытса реңін...
...Сен алыста...
дәтке қуат таба алмай,
Өксіп жатыр жүрегім...

 

АРҒАНАТЫ ӘПСАНАСЫ

Сәуір шуақ төсіне тақса күліп,

Сағым-сыры қойнынан жатса ағылып,

Баяулап кеп үлбіреп қонақтайды

Арғанаты-кеудеге ақша бұлт.

 

Жабырқатып тағдырдың жегі күзі,

Содан солып қалған-ау тегі, жүзі,

Қары кете үйіріліп бұлт боп қонып, 

Жұбатады беймәлім пері қызы.

 

Жел аластар асығыс желіп келіп,

Арғанаты тұрады ерік беріп,

Көкке қарай серпілген жұмбақ ару

Жібереді көз жасын төгіп-төгіп.

 

Әлдеқайда сонан соң жөнеледі,

Жаны мүлде шаттықтан бөлек еді.

Кермек, мөлдір көз жасын сіміріп қап,

Арғанаты сонымен көгереді.

 

Жерді жара, ұмсынып көкке мөлдір,

Арыла алмай өксікті өкпеден бір,     

Тегін іздеп жүдейді телмірумен

Пері-қыздың жасынан көктеген гүл.

 

Қара тастың сия алмай ұғымына,          

Риза болмай тентек жел қылығына,      

Үні шықпай жылайды бейкүнә гүл,

Нала болып бір сәттік ғұмырына.

 

Арғанаты қалады...көп қонағы,

Қонақтары мұң тастап аттанады.          

Ақша бұлт - пері қыз секілденіп,                             

Налалы гүл бір күні жоқ болады.

 

Ұлпа тәні үлбіреп мамық қанат,

Бұлт бүркеген дидарын тамұқ қамап,   

Айналып кеп пері қыз тамшы үзеді,     

Қарт жотаға күрсіне, налып қарап...

 

*  *  *

Мен де келдім бұл түнге...

Сен де келдің.

Біздер жайлы аңызға сенбеген кім?..

Тағдыр шығар... қаракөк толқынында

Сен туралы өлең боп тербелермін.

 

Сенің демің толқынға тіл бітірер,

Менің демім тулаумен түнді тілер...

Жағалау бар алыста-а-а-а жарық деген,

Екеумізді сол жақта тұр күтіп ел...

 

Көлеңкеміз жүр неғып... есі кетіп,

Қараңғыны кетпек пе кешіп өтіп?!

Түн айтады оларға өткен шақты -

Екеуінің түспейді-ау есіне түк...

 

Ұласпай ма Жалғанның таңға түні,

Толқын тынар, соғылып жарға түбі...

Жағалауға жете алмай жүрміз әлі,

Мына түннің, құдай-ау, бар ма ақыры?!

 

ЕДІЛДІ ТАСТАП КЕТКЕН КҮН...

Еділді тастап кеткен күн,

Сені жан-жүрегіммен жек көрдім!

Азасы маған аз ба еді

Анау Алтайда қалған бөктердің!

Аспанды сүйген сол тауға

Ақша бұлт болып шөккенмін,

Алтайдың шыңын егілтіп

Одан да ауып кеткенмін.

Асқар таудан көш түзеп,

Ұлы дарияға жеткенмін...

Еңіреп аққан Еділге

Еге боламын деп келдім!

 

Қайран да менің Еділім –

Көңілде қалған көне жұрт,

Ол шақта ер ек, өр едік.

Ен тоғай еншім болғанда,

Ел-жұртты xанға теңедік.

Қорғалап жүрген қорқақ кеп

Үстемдік қылар демедік,

Асқақтап жүрген шақ еді ол

Атақ пен даңққа кенеліп.

 

Еділім менің Еділім!

Есімде қалған ескі жұрт,

Алшаңдап едім дұшпанға

Ғұн атымменен сес қылып.

Уақыттың сартап жадында

Көне күн  қалды ескіріп.

Шошып оянам, түсімде

Баба жұрт даусы естіліп...

 

Өзіңді тастап кеткен күн –

Өкініші еді өткеннің.

Сағыныш зарын көп таттым,

Сабылысты да көп көрдім.

Еділім, сенен амалсыз

Еңкілдей жылап кеткенмін.

Жусаны жұпар боз дала –

Одан да көктей өткенмін.

Шалғыны бітік көк белдің

Тұсына бір күн жеткенмін.

 

Еділден неге кеттім деп,

Жасымды, сірә, төктім көп,

Түсімде неге шақырдың

Қайрылып, қайта жеткін деп?!

Көк сүңгіні алып қолыма,

Күлікті мініп жолыма

Еділім, сені бетке алсам,

Өткеліңнен өткім кеп!

...Еділді тастап кеткен күн,

Сені...

жан-жүрегіммен жек көрдім!

 

*  *  *

Терезем...

Өзің болып үңіледі.

Пердемен тұмшаладым бүгін оны.

Жанымды дегеніне көндіре алмай,

Сезімім ары-бері жүгіреді.

Кұртады осы сезім түбі мені...

 

Терезем...

Тыңдамаймын, сөйлемегін!

(Кырсығым ұстайды өстіп кейде менің)

Жүрегім неге саған ұмтылады

Тыңдамай ақылымның «қой» дегенін?!

 

Кой, жүрек, қойшы, жүрек, сабыр, жүрек!

Мұңайсаң қалар көңіл-бағым жүдеп.

Қайтесің еске салып, сені азаптап

Сенделіп сағым кешкен шағымды көп...

 

Күбірін естіп қалып Жаралы Айдың,

Қалықтап соған қарай барады-ай мұң.

Кете бер, кең дүниені жел боп кезiп,

Мен енді тереземе қарамаймын...