Бастауын Мұғалжар тауынан алатын қарт Сағыздың екі жағалауында екі мазар бар. Жұрт оны Алып Ана мен Түкті Ата мазары деп атайды... Адам оғланы мен пері қызының некелесуі – біздің аңыздардағы тұрақты оқиға. Бұл мазарлар да сол некелі болған жандардан қалған белгі деседі. Аңыздың шындығы алыс дәуірлерде қалды. Біз өзімізше жырлап көрелік...
1
Мұңдасы Мұғалжардың – кәрі Сағыз...
Ағады толқынымен жарыса аңыз,
Көненің қоңырауын бір қозғасақ
Қауышып, сол аңызбен табысамыз...
Көнеден бізге жеткен көп белгі бар,
Жанына кетпестей боп шөккен мұнар.
Өткеннің өзегіне сіңем бе деп,
Бір уыс әппақ шуақ көктен құлар.
Бір білсе ақиқатты Сағыз білер,
Жағалап жүрген талай жаны ізгілер.
Шындықтан жөргегінен аңыз түлеп,
Айтады кереметін абыздың ел...
Абыздар туралы аңыздың дүрі – Баба Түкті Шашты Әзіз туралы десек болар. Ол хикаяны еске ала отырып, мына қиссаны алға тартайық.
Сонымен... Перілер мекенінен пенделер еліне жалғыз аққу ұшып келеді. Көздегені – бір бұлақ еді.
Таң алды.. Пенделер елі қалың ұйқының таңда көрер тәтті түстің құшағында. Тек ақ киімді Абыз ғана ояу...
Ғайыптан үзілетін ғазал ұнап,
Тулайтын арнасында таза бұлақ.
Бұлаққа көз тігетін Абыз күнде
Табанда тіршіліктің базары қап...
Көк аспан көкірегіне бұлт ілгенде
Бүлк етер еріксізден шіркін кеуде...
Бұлаққа бұлт боп қонды жалғыз аққу –
Қона сап қызға айналды сілкінгенде...
Ару бұл, нәсілі – әйел, пері – заты,
Абызға ерекше ұнар тегі, нәті...
Байлайтын бір күш бар-ды осы аруға
Ол күштің сойы – тағдыр, сенім – аты.
Аңшыбай – арғы баба бұл Абызға,
Анамен тектес болар мына қыз да...
Пенде ұлы пері қызын жұбай еткен
Қараса ой жіберіп Ұлы аңызға...
Тылсымын кім түйсінер тастағы іздің,
(Айта алар сөзіміз жоқ басқа біздің).
Баба ізін басып келіп, іркіледі
Нәсілі Баба Түкті Шашты Әзіздің...
Жалғыз аққу кейпіндегі Пері қызы бұлаққа арнайы келетін. Ол өз нәсілдестерінің адамзатқа жар болғанымен, тұрақтап қала алмағанын жақсы білетін еді. Пенде деген пенде ғой, айтқан сөздерінде тұрмай, қойылған шартты бұзып ала береді де...
Пері қызының жадында – анасы жасаған болжам, тағдыр болжамы. Маңдайдағы жазуы.
Бұлақта аққудай боп қыз жүзеді,
Бал құрақ суға қарап үздігеді.
Көз тіккен бір пендені аңдап қалып,
Арудың ерір ме екен мұз жүрегі...
Арудың мекені алыс, тұрағы жат,
Арбаған бір сиқырмен мына бұлақ...
Күлкісін күміс етіп шашар еді –
Жат жанға жүзін бұру күнә бірақ...
Бұлаққа тұншығады бұла сезім,
Байлап ап ұятына «күнә» сөзін.
Пері-зат жүзеді кеп дегендей-ақ:
«Жайымды жақын келіп сұрашы өзің...»
Абыз тұр танып қыздың парасатын,
Кіршіксіз болмысына жарасатын.
Ақша таң кездестірсе екі жанды
Бөлетін екі араны қараша түн...
Жүректе бір жат сезім белең ала,
Бұлаққа көңілі ауды неге ғана?!
«Перілер елі саған болмас тұрақ
Пендемен некең болар» деген ана...
Кім екен ол пендесі – оны да айтты,
Сонан соң... болар істің соңын айтты.
«Абыз ол, абыройлы ел-жұртына»
Дей тұрып, кездесудің жолын айтты.
Пері-зат, пендені іздеп содан бері
Бұлақ боп жүрген еді қонар жері.
Айдынға келген сайын арзу айтты:
«Жолықтыр, Тәңір-ием, соған мені»
Түн келе қыз ұшады құсқа айналып,
Абыздың ізі қалған тұсты айналып...
...Бір күні...
Дүр сілкінді қалың құрақ
Шамасы, аспан жерге түсті айналып...
Бұлт кезді бұлақ үстін ары-бері
Пері қыз аққу болып ұшпай қалып...
2
Аққу келіп қонады,
Сілкінсе –ару болады...
Айналасын шолады,
Бәлкім, елес... әлде ару –
Мөлдір бұлақ қонағы...
Іздеп келген жазмышын
Көре алмай жүр ол әлі...
Қыз шомылар бұлаққа –
Пейіл ауған бұ жаққа.
Көңілі алаң бірақ та.
Құрақ жауап бермейді
«Қайда?» деген сұраққа...
Бұлақ та түк демеді,
Ай сипатты арудың
Желбіреп тұр желегі
Абыз оны көреді...
Абыз жайын сұрсаң
Ата сойы – ер еді,
Ана сойы – пері еді...
Пері қызын білер ол,
Сәтін күтіп жүр еді ол.
Абыз жайын айталық –
Лебізіне тас балқып,
Қабағынан нұр өнер
Қадамынан гүл өнер
Жай бір пенде емесін
Осыдан-ақ біле бер...
Ата сойы ер еді,
Ана сойы пері еді.
Артық туған атасы
«Анаң тастап біздерді
Ғайып болған» деп еді...
Арғы атасы Аңшыбай
Қуылғанда жерінен
Безінгенде елінен
Көлге қонған қос аққу –
Перінің қос аруы,
Қос жұбай боп жазумен
Еліне әкеп теліген...
Қол созымда – тағдыры,
Ол да ізеп жүр дәл мұны...
Хор сипатты арудың
Перілігі – бар міні...
Заты пері демесең
Тұла бойы – ізгілік,
Кеудесі – ақыл сандығы...
Солай болсын, десе де
Жүрегінде Абыздың
Жасырынған бар мұңы...
3
Атасы айтатын...
Осы Құмкенттің осы Жылыбұлағының жағасында анаңды кездестірдім деп. Үйлестік, отандастық. Алайда қойған шартын орындай алмадым... Келген жағына аққу болып ұшып кетті... Келер жылда сені әкеліп тастап кетті... дейтін...
Абыз да күндердің күнінде пері қызы мекеніне кетіп қалса не болатынын ойлап іркілетін... Алайда, жазмыштан озмыш жоғын да біледі...
– Уа, перизат, армысың!
Арманға жүзген сәтте жалғасып ән
Адамзат үні шықты дәл қасынан,
Селт етті үркек ару,
Құрақ шошып,
Шыққандай бұлақ ыршып арнасынан.
– Армысыз!
– Кімсіз?!
Жүрсіз мұнда неғып?!
–Бақылап өзіңізді тұрған едік...
Пері-зат үркектейді, түр-бейнесі
Көзіне үрей тұнып тұрған елік
«Пері-зат неге мұнша шошыды екен?!»
«Абызы адамзаттың осы ма екен?!»
«Сипаты кәдімгі адам, заты пері»
«Бұл пенде, тірлігінің көші бөтен»
Сан сұрақ саналарда алмасады,
Сұрақсыз қауышудың бар ма сәні...
Үміт кеп бір қапталдан демей берсе,
Күдігі бір қапталдан жармасады.
Бір сұрақ тамып түсті таңдайдағы:
– Сенбісің Пері заты шалғайдағы?!
– Сіз бе Абыз мына біздің маңдайдағы?!
(Білмедік, қайсы жанның қандай бағы)
...Осылай табысты олар...
Бұлақ куә...
Куә деп айта аламыз шуақты да.
Білмейміз, жүрек шіркін дір етті ме,
Білмейміз, жанда сезім гүл атты ма...
– Шартым бар...
– Үшеуін де білем оның...
– Ендеше болар деймін тілегенім...
Айнымай, айтқан сертте тұра алсаңыз,
Өлгенше бірге ғұмыр сүрер едім...
... Күн өтті, ай жылыстап, жылжыды жыл,
Алаңсыз қалыпқа енді нұрлы ғұмыр.
«Екеуі екі айрылар» деген елдің
Үні өшіп амалсыздан, тынды күбір...
Пері-зат бек разы тірлігіне
Тағдыры адамзатпен бірлігіне...
Ұмытып төркін жұртын кеткен сынды,
Күтіп жүр перзент сүйер күнді, міне...
4
Тізіліп,тізбектеліп өтті күндер,
Күндердің сипап қалды шоқтығын жел.
Күледі күміс бұлақ –
Күлкісі оның
Тірліктің тыныштығы деп біліңдер...
Бұлаққа шуақ шомып таң біліне,
Тамшының ән арнайды әрбіріне.
Бал құрақ жағадағы есі шығып
Самалдың шырматылып қалды үніне...
Бұлаққа... үйрек ұшып, қаз қонады,
Қанатын толқын сүйіп, мәз болады.
Күтеді кейде алаңдап... аққу-қызды –
Келеді кербез басып әз қонағы...
Бір күні...
Шомылды ару бұлаққа кеп,
Абыз да тап боп қалды сынаққа дөп...
Жүр еді жалбарынып күні-түні
Құдайым, тап қылма бұл сынаққа деп...
Жұбайы...
Айналасы жасыл желек
Бұлаққа салып қойған басын бөлек.
Қолтықтан шығып тұрған қос қанаты
Ұстап тұр қара жібек шашын демеп...
Аяғы...
Адам емес, құс тәрізді,
Көргені өңі де емес, түс тәрізді.
Бір кезде серт беріп ед қарамасқа,
Қаратқан тылсымдағы күш тәрізді...
Ол серті дәл осы жер ұмыт қалды,
Еріксіз есі шыға тұрып қалды...
Көргені түк емес қой,
Перизаттан
Амалсыз айрыларын шын ұққан-ды...
Осылай жұмбақ сырды бұлақ ашты,
Куә етіп, жасыл шалғын, гүл, ағашты.
Пенденің ту сыртынан қадалғанын
Пері қыз сезіп қалып, тұра қашты...
Перінің қызы – Абыздың жары қапелімде не істерін де білмей, қанатын қағуға да үлгермей бұлақтан шыға қаша береді... «Шашымды жуғанда – басыма, денемді жуғанда – қолтығыма, аяғымды жуғанда – башпайыма қарама» деп қойылған үш шарттың үшеуі де бір-ақ күнде, бір-ақ мезетте бұзылғаны күллі арманын, тілек-ықыласын астан-кестен еткендей...
Жарынан айрыларын жан-жүрегімен күйзеле сезінген Абыз да соңынан ере береді...
Пері қызы желмен жарысып келеді. Апақ-сапақта жол-жөнекей жолыққан перілер көшінің тұсынан да құйындатып өте берді...
Пері қызының құлағына перілер көшінен бір әуен жетеді.
Перілер әні
Таудан түскен көшіміз
Суға жетер қонаға,
Сайран салар кешіміз
Келер болсаң – сол ара...
Қара жолдың жонында
Кез болады топ шеңгел
Қара тасты қорымға
Топ шеңгелден өтсең кел...
Қара тасты паналап
Көш қонады іңірде..
Қара суды жағалап
Өкпеңді алып жүгірме...
Өкпең өшіп бара ма,
Өкшелеген пенде кім?
Кеткен жаққа кідіріп
Қарайлайтын сен бе едің?!
Таудан түскен көшіміз
Тас қорымға тірелер.
Тігіледі қосымыз –
Тәуекел деп кіре гөр!
Соо-наау Құмкентттің Жылыбұлағынан қаша шыққан Пері қызын өкшелеген Абыз Сарыдаланың сағымын, құла дүздің мұнарын, қарашаның тұманын артта қалдырып, бірі – қашқан, бірі – қуған екеу Сағыздың бойына жеткен екен...
Жарының адымын еркін аштырмай, қадамын ұзатпай, қалыспай келе жатқан Абыздың көкейінен туып, көмейінен төгілген жыр екен бұл:
Жанды беріп, жан алған,
Жаратушы жан Аллам!!!
Бір тілекке тати ма
Пендедегі бар арман?!
Жазмышыңнан озмыш жоқ,
Әрбір ісім саналған,
Пендең едім, қолыңмен
Топырақтан жаралған.
Пешенеме жазғаның –
Аспанда емес, жерде емес
Пері болды, пенде емес...
Жазуыңды өзгертер
Ерік тағы менде емес...
Шырқыратып кеудемді
Жаным кетіп барады,
Өзің әкеп теліген
Жарым кетіп барады,
Медеу тұтқан көңілге
Барым кетіп барады,
Құрсағында бір түйір
Қаным кетіп барады...
Тірліктегі тірегім –
Күнім де сол, айым да,
Барар жерін білмеймін,
Бара алмағам қайынға[1],
Тоқтата гөр жарымды –
Алғанымнан айырма,
Салма мені уайымға!!!
Арғы бабам – Аңшыбай,
Ықылас қыл тамшыдай!
Пері текті әз-әжем,
Пері-затты жарымның
Қашар жолын тұман ғып,
Қайтар жолын аршығай!!!
Баба Түкті Шашты Әзіз –
Перзентіңе жәрдем қып,
Жақсылыққа бастаңыз.
Анам кеткен ескі жол –
Жарыма оны ашпаңыз!
Өзен кез қып өткелсіз,
Жартас қойып тасаңыз!
Жәрдеміңмен өзіңнің
Ұзамасын қашқан із!!!
Демей көрші балаңды
Баба Түкті шашты Әзіз!
Сағыз бойына жеткенде Перінің қызы аялдайды...
Осы тоқтағаны тоқтаған екен... Өткелсіз өзен, асусыз тау алдынан шыққандай...Мұғалжар тауы алыстан мұңайып қарайтындай... Сағыз өзені мұңайып ағатындай... Тоқтамай кете берсе адамдар әлемінде бір қимасы мен бар қазынасы қалатындай... Көз алды – көк мұнар. Көк мұнардың ішінен қылаң берген ақ жаулықты қарт пері-әйел «кері қайт» деп ымдайтындай. «Мен татқан сағыныш пен уайымның зарын сен татпа» дейтіндей... «Адамзат елінде перзентім қалып еді. Сол перзентімнің пешенесіне де пері-затын жар ету жазылыпты. Перзентім жарынан айрылып жабықпасын» деп жалынатындай...
Абыздың тілегі қабыл, кінәсі кешірімді болады-ау... Ғайыптан үзілген бір тамшы мөлдіреп пері-қыздың қанатына іркілді. Абыздың пері текті анасының көз жасы...
Пері-затты жарынан кешірім сұрап, өтініп тұрған Абыздың сөзі:
– Қанатыңды көрген көзім көр болсыншы, Пері-зат,
Шартты бұзып тартқан жазам сол болсыншы, Пері-зат!
Сертті бұзған мендей жанның күні түнге айналып,
Маңдайыма біткен бағым сор болсыншы, Пері-зат!
Тыңдай көрші тілегімді, тілдесейік, Пері-зат,
Жағалаумен Сағыз бойын, күн кешейік, Пері-зат!
Ұрпағымыз ортамызда мейірімге шомылып,
Бұл жалғаннан екеуіміз бір көшейік, Пері-зат!
Жар тілегін жерге тастап, желге ұшырма, Пері-зат,
Дей алмаспын өзің жайлы нәсіл бөлек, тегі жат.
Көз алдымда қосың тұрсын кірмесең де ордама,
Қол созымда отырайын, кете көрме сен ұзап!!!
Перінің қызы сөйлейді:
– Кеткісі келген мен бе екем?!
Адамзатқа жар болдым,
Енді маған пері дейтін ел бөтен...
Лебізіңе мың құлдық,
Қайрылмай кетсем – қалған ғұмырды шерлі етем...
Көзіңнің нұры кетпесін,
Сорға айналмасын бағыңыз.
Адыра қалсын шарттарым –
Кеудемізден бірге шықсын жанымыз,
Шындығым осы,
Осы ықылас Сізге білдірер барымыз...
Алайда, бізді бір сынақ күтер тағы алдан,
Сіз бенен бізде бір бүтін болу – бар арман...
Тегіміз бөлек, моламыз түбі бір болмас,
Осылай бізге жазыпты жазу Жан Аллам...
– Жазмыштан озмыш жоқ дейді... оған көнеміз,
Ажалды қазір ауызға аламыз неге біз?!
Тірлік бар кешер, сәби бар өсер, бұйырса,
Қалғанын сосын көреміз...
5
Дүниеге ұл келді...
Алтын айдар шашы бар,
Би ұлынан бағы артық –
Хан ұлына бәсі бар...
Қарсы алдына жау келсе
Қаһарымен қашырар...
Ерлігі мен өрлігі
Алашының атағын
Асқар таудан асырар...
Ата сойы ер еді,
Ана сойы пері еді...
Алашының бағына
Алтын Орда тағына
Бақ дарытқан сол еді...
Алып дейді ел анасын,
Әулие дер бабасын...
Ерек туған Едіге –
Хан біледі бағасын...
Туған жерін іздесең
Сағыз бойын жағалап
Алып-Ана – Түкті Ата
Тұрағына барасың...
___________
[1] Қайын жұрт