* * *
Бөкен таудың бөктерінде безгек мұң,
Қою түнмен жан қайғымды езбек кім?
Бөкендерің қайда ауып кетті екен,
Тастандысың сен де мендей, сезбеппін...
Қуанышы ауып кеткен ертеден,
Сенің бағың менікіндей келте де...
Жұбанышы бола алмаған жанымның,
Етегіңде ертеңімді өртегем.
Ертең, ертең, ертең емес арғы күн,
Кінəлама, мен де сендей арлымын!
Сендей суық, сендей тұйық болсам да,
Кешіргемін, кешіремін барлығын.
Мен де сенің бөкеніңдей бір беткей,
Жанарымды, жастығымды кірлетпей,
Кеткім келген тым алысқа оралмай,
Көңілімді көгершінге күндетпей...
Бірікпейтін ойлар, сезім, аңсарым,
Мен де бүгін арпалысып шаршадым.
Қасірет пен қасиеттің бастауы –
Туған елді,
Туған жерді аңсадым...
***
Бөкен таудың бөтендігі есейткен,
Бекем болын көп айтқандар есейткен.
Үрей үрген ішкі əлемнің бейнесін,
Көз алдымда көрсеткендер есейткен...
Кемсеңдеген күндер мені есейткен,
Күмілжіген түндер мені есейткен.
Біле тұра білмеуге де болатын,
Күнə барын үйреткендер есейткен!
Жалғыздығын үлгі еткендер есейткен,
Жауыздығын жыр еткендер есейткен.
Ақ ниеттен астар іздеп, о тоба,
Көңілімді кірлеткендер есейткен!
Қазан айы қазасымен есейткен,
Наласымен, жаласымен есейткен!
Ерте есейіп кеттің деумен кейіген,
Уақыттың күрсінісі есейткен...
***
Жалғыздықтан басталған соң өлеңің,
Жасауың да керек шығар төлемін.
Сені тыңдап қайтсін жақын адамдар,
Сендік шердің қайтсін олар көлемін?
Жылау қиын, жыламауың ол ауыр,
Қара түн де болып алған қарауыл.
Мен бəріне үйренісіп барамын,
Сенің ойың жаңару ма жаралу?
Жанталасқан жарым жандар жарысқан,
Біреулерге ой келеді ғарыштан.
Мен жай ғана өмір сүргім келіп жүр,
Өз-өзімді бақыламай алыстан.
Жанарыңды кешіп кеткен талайдың,
Мен бекерге балағына қараймын.
Кейде осылай шаршап кетем бəрінен,
Кейде осылай үнсіздікті қалаймын...
***
Оның қолында қашан да кетік қара түн,
Қарамайды ол,
Жалтыратса да ай төсін!
Ол ылғи осылай бізден кетіп қалатын,
Мен де кеттім, кетірді мүмкін,
Қайтесің?
Жаныңды жеп, жасыңды ішіп ұққаның,
Жалғыздығыңның ешкімге зəру емесі.
Бəрібір əшкере болады тыққаның,
Сондықтан əу баста өзіңді елеші!
Несіне тыңдайсың бақсыны, баланы,
Бəрі де қалады, əркімнің жолы бар,
Несіне аңсайсың сары ала даланы,
Жағымсыз түсіңді жақсыға жорып ал.
Кімге кім керек еді, кім кімге керегі?
Кімді кім ойлайды, кім кімді ойлайды?
Жауабы керексіз сұрақтар дер едім,
Кім ертең, ертең кім өлгенін тойлайды?
Сенің қолыңда қашанда кетік қара түн,
Қарамайсың сен,
Жалтыратса да ай төсін!
Сен түгіл ол да осылай кетіп қалатын,
Мен де кеттім, біз де кеттік мүмкін,
Қайтесің?
***
Мен аракідік жоғалып кеткім келеді,
жоғалып кетемін,
жасырынғым келеді,
жасырынып қаламын,
сөйлегім келмейді, сөйлемей қоямын, сөйлегім келеді...
тыңдамай қояды адамдар,
Ееее мейлі,
Осы сəт еңсемді жалғыздық демейді,
Біз үнсіз қаламыз,
Үніміз өшеді,
Бірдеңе бөгейді жасқаншақ көмейді...
Бу шалып көрді ме қолыңды, жаныңды?
Буға айналып кеткім келеді жалынды.
Өзіме жеткім келеді,
Зорығып, зарығып,
Тыныштандырғым келеді жанымды.
Мазаламаңдар, мазаламаңдар сезімдер,
Ештеңені де бағаламайтын шығармын кезімде өр.
Мені сүйетіндерің де,
сүймейтіндерің де,
Менің үнсіздігіме төзіңдер!