ЖАНАР НҰРҒАЛИ. ЕКІНШІ БІР ӘЛЕМГЕ АТТАНАСЫҢ…

БҰЛБҰЛДЫҢ ӘНІ

 

Ей, адам, бітсін, осымен,

Жетеді. Тойдым. Тойдырдың.

Адамдық қана тосып ем,

Жалғанға жанды ойдырдың.

 

Келіп жүр енді безінгім,

Сендік әлеммен қоштасып.

Бақыттырақтау кезімнің,

Арманыменен достасып.

 

Санаңда ғана жаңғырып,

Жоғалсам деймін жанардан.

Жеріңе кеппін қаңғырып,

Бұйырып уға балар дәм.

 

Кінәңді маған артпашы,

Жасырып қалып жақсымды.

Екінші әлемнің қақпасы —

Саған — мұң, маған бақ сынды.

 

Жетпейді мұңым, ап кетем,

Буымен Айға жаңбырдың.

Елегзір жырым, ақ көкем,

Қалғанын басқа қалдырдым.

Алып кетіңдер жұлдыздар,

Келмейді қайтып қаңғырғым.

Алып кетіңдер, жұлдыздар…

 

ЖАЛҒЫЗБЫН…

 

Жоқты аңсап, барды сезінбей,

Арманның құрып ындыны.

Іздейді екем өзімдей,

Қиялы аппақ жындыны

 

Мойнымда тынбай сыңғыры,

Жазмыштың темір шылбыры.

Дүние кезіп кетсем бе,

Ойдырып тасқа табанды —

 

Ұға алмай өзің кеткенде,

Күнім де — айсыз қараңғы.

Тірілте алам ба өлеңмен,

Жарамды «сен, сен!..» деп өлген?..

 

Сарғайып сіңіп сағымға,

Жалғандық әнін салғыздың,

Мен үшін меңіреу жаныңда,

Қалмаса мейір — қар, мұзбын.

 

Көйлегін киген сан күздің,

Көлеңкесі жоқ жалғызбын…

 

ЖАН-ДӘРУІШ…

 

Жан-дәруіш, жабықтым,

Кейбір күнім — жылымық…

Күтпесе екен тамұқ-түн,

Сізді сүйем, Ұлылық!

 

Қайда бақыт — Ай керім?

Өмір — сұлу, арбайды үн…

Сізсіз, сірә, қайтемін?

Ана өмір — жан қайғым…

 

Өлеңімді мұңайтып,

Іздеп Жерден бір Бақыт…

Ай мен Күнге сыр айтып,

Қартаяды Уақыт.

 

…Құмға сіңіп кетерміз,

Жаралған соң құмнан біз…

Сізге қашан жетерміз,

Бір — Мәңгілік, бір — Жалғыз?!.

 

Түсінер сәтте мен сені,

Түсіне алмасам кеш, Адам.

Жер басып, есін жоғалтқан,

Өлеңші, мен бір есалаң.

Жалғыз-ақ арман естіден,

Қайткенде, қайтіп өш алам?!

 

Білетінім бе, екеу-ақ,

Өмірстан мен Көрстан.

Нешеме ойлар екі осы

Белдеуде ғана тоғысқан.

 

Естірек ем ғой, есімді,

Өмірстанда жоғалттым.

Құлай да сенген жандардың,

Сеніміне, бәлкім, оқ аттым.

 

Есіңді жи деп тақылдап,

Тіл, көмейім де құрғаған.

Құмырсқа-тірлік илеуге,

Ессіздігімнен шырмалам.

 

Жындыны, сірә, ана әлем,

Қимылынан-ақ ұғатын.

Мысқылдап қарап күле ме,

Үстіме құлап мына түн.

Жоғалма, жалғыз жүрегім,

Естіде кетіп мың ақың. 

 

 АҒАҒА

 

Арман, үмітім биіктерге бір шарықтай алмай,

Өлеңім сиреп, жыр-дода топты жарып, тай алмай,

Барлық адамнан мейірім күтіп, жанарым жасып,

Көгімде менің қарлығаш жырлар қалықтай алмай,

 

Адалдық пенен жан биігі деп сарсылып жағым,

Мен ғана сорлы, өзгелер жүр деп барша ұғып жанын,

Көңілім менің адам пендеге сену дегеннен,

Беті қайтып қап, жүрегім жылап, жаншылып жаным,

 

Жүрген кезімде Сізге кезіктім.

Сізге кезіктім,

Алатаудан да биік еттіңіз аласармайтын,

Бұл өзі қандай биіктік, аға, тау аса алмайтын?!

Аспанға мені апарып қойдыңыз, сол жақта тұр деп,

Орынсыз ешкім саусағымен де жанаса алмайтын.

 

Жігер жаныдым, жылу ап ыстық мейіріңізден,

Бір жанашырлық сезілетіндей кей үніңізден.

Енді тек менің от болып жанып, жасымауыма,

Мендегі үміт пен Сіздің бір дархан пейіліңіз – дем.

 

САҒЫНДЫМ СІЗДІ…

(Ақын Жұматай Жақыпбаевқа)

 

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін.

Ләйладай қызды

Жүрегің, өпкен өлеңің…

 

Қояр ем бір гүл,

Алыс қой  сіздің  белес тым.

Оқыр ем  мың жыр,

Алматыда да емеспін.

 

Айналды-ау дертке,

Көрінбей көзге Ләйлаңыз,

Қараймын көкке,

Іздеп жүр ме деп айдан із.

 

Кеттіңіз ерте,

Өртеген сезім-мұңыңыз?!

Ләйладай ерке,

Соғып тұр жүрек-жырыңыз…

 

Сағындым сізді…

Көрмегем, көкте көремін…

Сағындым сізді…

 

***

 

Ешкім де періште емес, жел де есірік,

Бәрінде де бір күйе — пендешілік.

Сен іздеген — жоқ мүлде, ал табылса,

Кетсін осы қазір-ақ жер тесіліп.

 

Өзім деме, ешкімге өліп-өшпе!

Нені іздейсің, жоққа не көзің өш пе?

Езілмесін бауырың, ертеңгі күн —

Еңіретіп кетер құр сезім-еспе.

 

Ұша ма үміт арманды енді айға алып?

Кеткен, сірә, сендік жоқ нөлге айналып.

Ішің жылап, көн, көнбе, өмір бойы,

Жер — сені, Сен жүресің Жерді айналып.

 

Міне, осылай жоғыңды таппағасын,

Періштелігін періште  сатпағасын,

Сөйтіп, бір күн көлеңке — жалғыздықпен,

Екінші бір әлемге аттанасың…