ЕКЕУМІЗДЕ...
Сыңғыр күлкің-бұлақ айтқан сыр болып,
Сылдыр сөздің шамалы еттім керегін.
Сенің мөлдір көздеріңнен жыр болып,
Жер бетіне жылап ақсам деп едім!
Қайтер екем,қалам ұстар қолдарды?
Бір құдырет көрмедің де бір менен!
Саған мені бастамайтын жолдарды,
Жүрегіңе жалғасам ба жырменен?
Айқай салып Алатаудан ассам да,
Биіктігін қайтем мынау еңсенің!?
Жер жаһанды жалпағынан бассам да,
Жүрегіңе сыймаймын-ау, мен сенің?!
Қанша мұңнан өлең болып қайтты есе,
Өмір бізге үйреншікті боп алды!
Сен айтпадың сүйемін деп, әйтпесе,
Екеумізде айтылмаған не қалды?
***
Құлпырса көктем келіп пүліш ғалам,
Қыздар-ай, құшақ-құшақ гүл ұстаған!
Әтірлер жұпары аңқып ауаға да,
Дүние қыз демінен тыныстаған!
Себезгі күн нұрының себілгенін,
Көрсем де күнім, маған көрінбедің!
Самалы соқса дағы Жаздың келіп,
Сонда да ыстық маған сенің демің!
Мен сонда бақтарды да аралаппын,
Жанымды жүрді менің жаралап мұң.
Күлімдеп өте берді күндер менен
Мұңайып, біріне де қарамаппын!
Мезгілдер ешбір мені кешірмеген,
Күзде де жүрегімнен өшірмегем!
Сөздерім сайрап жатсын жолыңда-деп,
Жырымды жапыраққа көшірген ем!
Түсінде көріп жүрген шайыр жастап,
Тәкаппар келбетіңмен байырғы асқақ!
Қайғымды сен,келесің өңіме бір,
Қай күні бақытыма айырбастап?!
АЛМАТЫДАҒЫ АРУҒА
Сол бір жақтың түні де өзге, күні өзге,
Сәлемдеме деп түсінгей сірә бұл.
Сен кетіп ең, сені іздеуге ілезде,
Алматыға сапар шекті бір әнім!
Біз екеуміз сырластық та, кеңестік,
Мен ғашық боп...сорымды да көремін.
Бұл артыңнан жүгіру де емес түк,
Қыр соңыңнан қалмайды тек өлеңім.
Жапырақпен сыбыр-сыбыр кеңесе,
Жетер саған самал болып сол әнім.
Алматының жауыны боп немесе,
Терезеңді қағып тұрар қонағың!
Ел таныған әлі де ақын емеспін,
Жемеу үшін даңқым жетпей мен опық.
Айқай салсам естімейді мені ешкім
Алатауға өлеңімді бер оқып.
Жақыным-ау,тым құрыса сен өзің,
Жүрші маған,алыс жақтан қарасып.
Биіктерге шыққаным жоқ мен өзім
Тауға шықсаң өлеңімді ала шық!
Елден ерек ештеңем жоқ өзгерген,
Сөзім барда жүрем өлең өрген боп.
Құдай маған өзгелердей көз берген,
Тек мені әлі Алматыны көргем жоқ!
***
Ақындарға өлеңімен еңселі,
Тым құрыса бір құдырет берсе еді!?
Тағдыр маған сыйға тартса қаламын,
Маңдайыма жазып алам мен сені!
Сенің ғана әніңді айтып бір үнмен,
Жазар едім табиғаттың жырын мен!
Ай бола алсам аймалар ем түніңде,
Күн бола алсам сүйер едім нұрыммен!
Болар менің өз биігім, өз үнім,
Қалалар мен далаларды кезуім.
Мекен етсем тіпті, мұзды Мұхитын,
Саған деген суымайды-ау, сезімім!
Жар боларсың сен басқаға,біліп ем,
Жүргеніңде күніменен,түнімен.
Менің отты өлеңдерім сол үйдің,
Шығып кетіп жүрмесе екен күлімен!
Әттең, біздің жүргеніміз жер еді,
Жұлдызды аспан, неткен биік өр еді!
Екеуміздің көреріміз бір жұлдыз,
Екеумізді ол екі бөлек көреді!
Солай саған жетер едім қалай да,
Қайран уақыт бір бұрылып қарай ма!
Көндікпейді табиғат та, тағдыр да,
Көндігермін,пендемін ғой алайда!
Қоңыр көздім,қара қастым,мендік ең,
Көрінбесең көзсіздікке көндігем.
Жолықпасаң сенбейтін де шығармын,
Жер дөңгелек дегенге де енді мен!
***
Сөз дегенің – ақындарға сый Ұлы,
Ештеңе емес айтар сөзге оқталу.
Жасың кіші, махаббатта қиыны,
Жасы үлкен қызға ғашық боп қалу.
-Ақын жары болу емес оңды бақ,
Дейтін еді бір сұлу қыз сырды ашып.
Ақындарға ғашық емес ол бірақ,
Ақын жазған өлеңдерге шын ғашық!
Өлең жайлы дегенменен алдым көп,
Сол қыз жайлы деректерді аз білгем.
«Қарындасқа» ғашық болып қалдым-деп,
Амалсыздан өлеңіме жаздым мен.
«Кішісің»-деп әзілдейді ол, күлетін,
Өлеңімді кездері де болды ұққан.
Жырдан үлкен еместігін білетін,
Қарындасым болып тұр ғой сондықтан.
ҚАЙРАН ДА МЕНІҢ ҚАРҒЫБАМ
Мөлдір бұлақ жалт-жұлт етіп бастауы,
Сол ауылдың секілденіп аспаны.
Жағасына сирек өсіп гүл оның,
Табаныңа бататұғын тастары.
Сол өзеннің біздер көріп қызығын,
Сонасымен жазалайтын бұзығын!
Бөлек аққан арнасы жоқ секілді,
Бөлектеген емес еді қыз-ұлын!
Жағасында жастар ойнап, күлді көп,
Жата қалып жастанатын құм білек.
Тастарында жалаңаяқ жүгірсең,
Табаныңды тастаушы еді тілгілеп!
Бозбаладай жас талдары,құрағы,
Жар шетінен елең етіп тұрады.
Сұлулардың үні сынды сай жақтан,
Сықылықтап күлетұғын бұлағы!
Арман қуып қала жаққа кетті ұлың,
Ақын болып алыстарға жетті үнім!
Алып қалып балалықты мендегі,
Беріпті ғой тас ағызған екпінін!
Баласы едім кеше ғана ойынның,
Берді маған биіктігін бойымның.
Тереңіне сүңгіп едім,санам мен,
Тереңдігін берді маған ойымның!
Қайран менің,Қарғыбам-ай,арысым,
Біліп келем бұл өмірдің «жарысын»!
Жылдан-жылға барасың-ау,тайыздап,
Жылдар екен тоқтатпайтын ағысын!
Тағдыр жолы табанымның астында,
Түсінгенмін,талай сендей тастым да.
Табанымды тілгілеген жүгірсем,
Табанды бол-дегені екен тастың да!
ФИЛОЛОГ АРУҒА
Санама бір құйылды кеп нұр сəтте,
Біз екеуміз биік шыңда тұрсақ деп.
Шарқ ұрып іздеп тапқан шаттығым,
Қиялыма құлақ салшы,бір сəтке.
Жүрегіңе сол бақытты шақ толып,
Ұстаз болсаң,саған ұлы бақ қонып.
Тіл,əдебиет сен беретін сабақ боп,
Шəкірттерің күлімдесе,шат болып.
Сезімімді сезбеген соң біліп сен,
Өлеңімді оқымассың күліп сен.
Шіркін, Мағжан, Мұқағали ақындай,
Оқулыққа Ұлы ақын боп іліксем.
Сонда өмір,қарамайды баққа да,
Сен ұмытып,мен суыған шаққа да.
Оқулықтың бір парағы өзім боп,
Жазыламын тақырып боп тақтаңа.
Сүйген ақын,сені жырлап өлсе өтіп,
Бір шəкіртің шын дарынын көрсетіп.
Қандай баға қояр едің сен оған,
Өзің жайлы өлеңімді берсе оқып!?
***
...Тамсанған көзді талдырып,
Көңілді билеп тəтті əнмен.
Алқызыл гүлді таң қылып,
Келесің Күзгі бақтармен.
Үрлігін көпке үлгі еткен,
Қайыңның жетпей қолы да.
Жапырақтарын құрметпен,
Жайғандай сенің жолыңа.
Тылсымын тағы бұздың ба?
Жылғадан бұлақ кеп көріп.
Буыны босап мұздың да,
Жылаған жандай кетті еріп.
Көрді ме сені көктен кең,
Шағала-қаздар қайтпай жүр.
Дəмелі мендей көктемнен,
Қанатты тілсіз айтпай жүр.
Алғандай тартып сені мен,
Бақытсыз күнді тек көрем.
Жаным-ау,содан бері мен,
Жанарын күздің жек көрем!
***
Сені мүлде көре алмайтын кез келіп,
Өмірім де өлеңім де өзгеріп.
Суретіңді аялармын сонда мен,
Сені аялар басқа біреу сөз беріп.
Кабинетті айналдырып көрмеге,
Жынданармын күлмейді деп ол неге?!
Қара барқыт көйлектегі көрікті,
Суретіңді іліп қойып бөлмеме.
Бір күні өлең жаза алмаған еңсемен,
Шам жағылған үстелімнен,кеңседен.
Отырғанда дауысыңды сағынып,
Суретіңнің сөйлеріне мен сенем...
***
Мен көрмеген сұлулықпен бір мүлде,
Көз алдымда жұпар шашып жүрдің де.
Сонда саған өлең арнай беріппін,
Сыйламаппын бір гүл де.
Демеппін де қол ұстасып жүр,қалқа,
Байлыққа да толмай қойды бір қалта.
Айдан алқа, Күннен сырға... жыр еттім
Таға алмаппын сырға, алқа!
Кеттің содан жырақтадың аулақ тым,
Көркем сөзбен көңілімді аулаппын.
Сонда саған өлең арнай беріппін,
Өзімді арнай алмаппын.
Солай күнім,ойлай-ойлай қайғы алдым,
Бақыт іздеп бекер мұңға байландым.
Саған өлең арнай бердім
Ақыры,
Сен де өлеңге айналдың!