ЖҮСІП ҚЫДЫРОВ.СЕНДЕЙ ТАЗА БОЛСЫН БӘРІ КҮНӘДАН...

 

* * *

Не десе жұрт, о десін, айқын маған:
Жердің сырын толықсып Ай тыңдаған:
Сен де, сәулем, тыңдашы, бір сырым бар
Бұрын-соңды өзіңе айтылмаған!

Өртенбесе бұл жүрек алқынбаған,
Сақылдаған ыстық қан салқындаған.
Ай қабағым, тыңдашы, бір сөзім бар
Бұрын-соңды өзіңе айтылмаған.

Түннен кейін көтерер күн еңсені,
Сол бір сөзде тірліктің құн-өлшемі.
Айтайын ба?
Айт десең – тыңда онда:
«Сүйем сені, сәулешім, сүйем сені!»

«Бір айтқанды мың айту ермек нендей!» –
Дедің күліп, шайқап жел тербеткендей.
«Сүйем» деген әр сөзім жаңа сөз ғой
Жылда келер жаңарып әр көктемдей.
 

* * *

 

Бірге саған берілген бесігіңмен
Сәуле-нұрдай айналдым есіміңнен.
Сенің атың аталса, қуаныштан
Есім ауып, біресе есім кірген.

Шайдай ашып көңілімді жабырқаған,
Жақсылықпен жанымды жарылқаған.
Есіміңе затың сай, айналайын,
Көрген адам сыныңа таңырқаған.

Саған арнап мен тердім әлем гүлін,
Махаббаттың айттым пәк, тереңдігін.
Не замандар өтсе де, сенем, күнім:
Осыншама толқытқан, жыр жазғызған
Сенің атыңды айтар ел менен бұрын.

* * *

 

Арзан күлкі мен үшін қалды ескіріп,
Ол сүймесе – көңілім көрмес тынып.
Отқа ойланбай түсемін айтпасаң да,
Айналайын махаббат – жанкештілік.

Жеңіл ойын мен үшін қалды ескіріп,
Ол сүймесе – кетеді таң кешкіріп.
Суға ойланбай секірем айтпасаң да,
Айналайын махаббат – жанкештілік.

Сыпайылық мен үшін қалды ескіріп,
Сүйем деген бір сөзі мәңгі естіліп,
Қалың жауға шабамын жалғыз қара,
Айналайын махаббат – жанкештілік.

Соны айтса – өлеңді, әнді есті де,
Сүйе алмаса сөз сұрап барма ешкімге.
Отқа, суға риза боп қойып кетер
Шын махаббат болады жанкештіде!

* * *

 

Келсе көктем базары
Қыздар жайнап кететін.
Біреуінің ажары
Біреуінен өтетін.

Қиғаш қасты, ай маңдай
Қарағанда бұрылып...
Дала гүлге толғандай
Маңай толы сұлулық.

Нәркес көздер, беу, қандай
Қалдың десей сыр ұғып?..
Дала нұрға толғандай
Маңай толы сұлулық.

Таңданушы ем мен күнде-ай,
Әр шамға бір ұрынып...
Дүние ғажап толқындай,
Дүние толы сұлулық.

Бәрін сүйіп әлекпін,
Бәріне де жанушы ем.
Бір-ақ сәтте жоқ еттің
Көркіңменен бәрін сен.

Сен екенсің аңсарым,
Найзағайы бұлттың.
Нөкерлерін ханшаның
Сұлулық деп жүріппін.

Аспанымда Күн жүзді
Байрағындай үміттің.
Жыпырлаған жұлдызды
Сұлулық деп жүріппін.

Ғайып болды ес мүлде,
Жыр тыңдаймын наз үннен.
Сенен басқа ешкімге
Қарамаймын қазір мен.

Көктем кеп жер түледі,
Көркем қыздар жоқ па елде?
Біреуінен біреуі
Ажарсыз боп кеткен бе?

Ажарсыз ба түз гүлі,
Бар кәкірі – сенде ме?
Мен қарайын,
жүзіңді
Сәл жасыршы кеудеме.

 

* * *

 Ыстық сөзің дауа маған қашаннан,
Шаршаса да, сәтте көңілім жасарған.
Сенен хабар келген күні жалғанның
Тауқыметі келмес еді шашамнан.

Ерінбеші, жаза берші хат маған,
Сырыңды айтып жент, майдай сақтаған;
Ұмыттырып таңдарымды атпаған,
Ұзын сонар күндерімді батпаған.

Шарапатты сен жіберген кептерің
Алатаудың алып келді өкпегін,
Ризамын!.. Сағынышым өзіңе
Бұрынғыдан асып кетті-ау тек менің.

* * *

 

Төгіп өтті ақ жауын.
Бұлт тарады.
Жер мұнтаздай,
Көрген көз сұқтанады.
Кемпірқосақ қиылып күншығыстан,
Сайын дала сүйсініп жұтты ауаны.

Рақаттаншы тірлікпен сен де бірге,
Кемпірқосақ. Көз тоймас шеңберіне.
Тойымызға кілемін тоқып жатқан
Анамыздың әлде ол өрмегі ме?!

Рақаттаншы менімен сен де бірге,
Кемпірқосақ. Көз тоймас шеңберіне.
Дүниенің қызыл-жасыл бояуындай
Айналар ма таңертең жер де гүлге.

Азан-қазан бауларда құс қаптаған,
Жап-жас дала;
Сәбидей тіс қақпаған...
Кемпірқосақ жүгірсем жеткізбейді
Сен секілді қусам да, ұстатпаған.

Құбылады тіршілік неше түрлі,
Сылаң қағып,
Құлпырып көрсе күнді.
Сен сұлусың шұғылалы табиғаттай,
Табиғат та қылықты-ау сен секілді.

  

* * *

Сүйсе мені сендей сүйсін бір адам,
Сендей таза болсын бәрі күнәдан.
«Алыс жолдан келгеніңде төсіңе
Қандай бақыт, – дейсің, – өксіп құлаған».

Сен биіксің, аспан деген жай биік,
Сен күлімдеп қабағыңмен ай қиық:
«Қандай бақыт, – дейсің, – мынау жалғанда
Берген саған өз қолыммен шай құйып!»

Қасқа лақтай ойнақтаған еркем ең,
Қайық болсам, сен қанатты желкен ең.
«Қандай бақыт, – дейсің, – сені қия алмай
Аттандырып тұрған күнде ертемен».

Лаулап жанған жүректегі от өше,
Тойынбайық көздің мынау еті өсе.
Сен бақытты болсаң дәйім менімен,
Мен бақытты болғаным ғой екі есе.
 

* * *

Махаббат келер сұраусыз,
Қаласа сені көкейім:
Кісенсіз, құлыпсыз, бұғаусыз
Тұтқының болмай, нетейін,
Садағаң болып кетейін.

Махаббат сөнер жанусыз,
Қаласа сені көкейім:
Сауытсыз, атсыз, қарусыз
Батырың болмай нетейін,
Жауыңа жалғыз жетейін.

Алдымнан ұзақ жол шықты,
Тесілсе сен деп көкейім,
Өзіңнің сүйген меншікті
Ақының болмай нетейін,
Армансыз жырлап өтейін.
 

 

* * *

Сен жоқ жерде – жол табар ақылым жоқ,
Шаршағанда тігетін шатырым жоқ.
Сенсең, мынау кең байтақ дүниеде
Сенен басқа жанашыр жақыным жоқ.

Сен жоқ жерде – гүлнәзік өлеңім жоқ,
Жұртты аузына қаратқан өнерім жоқ.
Мынау жалпақ фәниде сенен өзге
Сүйерім жоқ, серік деп сенерім жоқ.

Сен жоқ жерде – сымбатты кешқұрым жоқ,
Күн жоқ, түн жоқ, таң да жоқ, кешқұрым жоқ,
Көп ішінде жүремін жалғызсырап,
Сенен басқа, жаным-ау, ешкімім жоқ.

Сен жоқ жерде – мәні жоқ баһар, бақтың,
Бұл жырымды қай шыңға апармақпын?..
Мен таусыла сөйлесем кінәлама,
Әсері ғой таусылмас махаббаттың.
 

* * *

Іздемесем шарқ ұрып, кез келмес те ең,
Тауып алғам мен сені көз көрместен.
Өзгерсе де дүние, жап-жас күйде
Махаббатым қалады өзгерместен.

Жан едім мен жаһанды кезген, кешкен,
Сені көріп, шығардым өзгені естен.
Өзгерсе де дүние, қызыл шоқтай
Қызғанышым қалады өзгерместен.

Көркіңе мен ғашықпын көзден көшкен,
Адам менен уақыт безбендескен,
Өзгерсе де дүние, жүзге келіп,
Тұрардайсың уылжып, өзгерместен.