ЖӘНІБЕК ӘЛИМАН. КӨЗ ЖАСЫҢ АУЫР, СЕБЕБІ...

 

* * *

 

Мезі қылды-ау барлығы...

Қарағанды, лай көшенің жаңбыры.

Ақын деген

Тар қалаға байқамай

Түсіп кеткен кеңістіктің тағдыры!

 

Тас қалада ит те, құс та қарсы оған,

Кеңістікпен алыса бер, қанша мән?!.

(Күресуге тұрмайды ғой, татыса

Мыңға татыр менің де оған бар шамам...)

 

Жоқ қой онда...

Жасап жатыр сондықтан,

Құдай қалап қойғаннан соң болдық паң.

Бола тұра, жоқ болғанда мен екем

Және жапа шегіп жүрген барлықтан...

 

Жаратқанға жасануда қарсылық,

Жар астында рухым қалды жаншылып.

Кемақылдан көңіл қалған түк емес

Көкірегімде өмір сүйген ән суып...

 

Жасана түс!..

Жасану ол немене?

Жасанды ел деп жасанайын е, неге?!

Көктен солай түспеген соң көк түтін

Көкті көзі, жоқты көзі көре ме?!.

 

Жүре алмайтын көптің және бірі боп,

Кеңістік ол, кеңістік қой Құдірет!

Солай туған, солай тұрмақ, бірақ та,

Анауыңның оңалатын түрі жоқ...

09.11.17

 

* * *

Жас ағады аулақта...

                           Абай

 

Сен мені табалай бер,

Осылай дәрменінше шамалайды ел.

Төбеңнен аспан құсап төңкерілсем

Қарамай көр!

 

Солай ғой сеңгір өлең,

Қарғам-ай, не тілейсің енді менен?!.

Әлі күн естігем жоқ жан баласын

Басына аспан құлап өлді деген.

 

Барлығы үйреншікті, ә?

Күн шыға жердің тәнін сүйген шық та...

Жалғанға ақын көзбен қарашы өзің

Үйден шық та...

 

Болмаса... қаралай бер,

Кей-кейде сезесің бе, қарамай көр:

Осынау дүниені бауырына ап

Өксиді, елжірейді баладай жел...

 

03.08.17.

 

ҺӘЯМ-ӨМІР

Бәрі бір бізді ішкіш деп жүр ғой...

МҰҚАҒАЛИ

 

Өмір деген осы ғана, аяулым,

Күн сипатты, Жұлдыз қылық, Ай арлым.

Жас болғаны, мас болғаны шындық та,

Ішкені тек өтірік ол Һәямның...

 

Өмір жайлы түсінігім сірә, кем,

Былғаныш та осы өмір тұма да ең.

Өмір дейтін бір әлемді ашарға

Һәям сынды керек екен бір әлем.

 

Күндерімді түндерімді тәрік қып,

Өтіп жатқан өмір дейтін жарықтық.

Талайларды надандыққа қалып қып

Һәямдарды туған тұтас халық қып.

 

Өмір дейтін өмір емес не сонда?

Артық айтсам, шалқып айтсам кеш Алла.

Жаратқанға деген ұлы сезіммен

МАХАББАТТАН мас боп сүру қашанда..

 

БЕЙДАУА

Іштен үнсіз тыныппын ғой тұнардай,

Біліп білмей... дүние де қуа алмай.

Желдеп кеткім келеді ылғи бір жаққа,

Желдегеннен бірдеңе өніп шығардай?!

 

Оныңнан да түк шықпасын білесің,

Мұныңнан да...

Іштен тынып жүресің.

Өз ойыңмен өзің сосын алысып,

Өмір-ойды өз ішіңде сүресің.

 

Сосын бір күн желдеудей-ақ желдейсің,

Шындық үшін... терлеудей-ақ терлейсің.

Қараң келіп қосылғанмен қатарға

Қайтып анау өз ішіңнен келмейсің.

 

Қайту Одан, айту оған қиын-ақ,

Күн кешесің ішке бәрін түйіп ап.

Елге мынау жексұрын боп бітесің

Өлең үшін жүргеніңмен жиі ұнап.

 

Күйінесің,

көзінше айтып бетке ойды,

Кіжінесің, өйткені қол жетпейді

Сөйтіп жүріп бір жақсы өлең жазасың

Оның бірақ, өз сыныңнан өтпейді.

 

Айт, айт па не, ашығы осы, расы да,

(Жыр қып жүрген ақындығың осы ма?)

Азап екен адам айтса нанғысыз

Ғажап екен... ғажабы іске алғысыз

Досың түгіл тілемейтін қасыңа.

 

Айтып жүрген ақындығың осы ма,

Сауға сұрап ала алмадым басыма?

...Ғашық болған анау тіпті жынды екен

Дүниені қиған оның шашына.

 

***

 

Жұрнағы сынды мендегі мұңның

Өлшемі – сендік күдіктің.

Қиналмай ғана сенде бір күні

Біржола мені ұмытқын.

 

Мендегі жырдың тұма мекені,

Сен ғана деп пе ең, жарығым.

Сүйе білмеген жылап өтеді

Сүйгеннің білмей қадірін.

 

Біз сүйген көктем қуара жүдеп,

Осылай үнсіз семеді.

Мені ойлап бекер жыламашы тек

Көз жасың ауыр, себебі...

 

Қалып па ед амал мұнанда бөлек,

Менен де бәлкім бар айып.

Тоғыса алмаған бір арнаға кеп

Қос тағдыр болып қалайық.

 

Осылай кес те бір үкімді ерен

Іздеме жанға еш дәру.

...Өмірдің бәрі ұмыту менен

Сағынып қайта еске алу.

 

* * *

 

Сәулелерден сығымдап сөз қашадым,

Дәурен өрген жанымда өзгеше арын.

Өлең кие көшеді өр-ылдида

Күміс нұрға қалқыған кезбе сағым.

 

Жүрегіме құлаған күз, жапырақ,

Басқалары санай ма бізді ақымақ?!

Адамзаттың алдына түсер ме едім

Тылсым ұшқан осынау түзді оқып ап.

 

Дүркіреген дүние пендеге оңай,

Маған ауыр сезілді... елге қалай?

Шеңберінде қап қойған шерлі адамзат

Шыр айнала бергенде жер домалай...

 

Жаным көктен, ал, тәнім қара жерден.

Сауық құрдым сезгелі сана безбен:

Адамдардың ішінде ақын өліп,

Пенделердің ішінде адам өлген...

 

Түйсінем де түршігіп сезем анық,

Өзім емес, жанымның өзегі арып.

Іргесіне тірліктің ілініп ап

Ілгерілеп кетпейсің не жоғалып...

 

Тұманына туысқан тірлігі бек,

Талайларды көрдім мен құлдығы жоқ.

Тас төбеңе түйіліп тұрып алған

Бір құдірет сөнбейді бір құдірет...

 

***

Қаперімнен тамызып қара түнге ес,

Ақылымның аңдадым ағатын кеш.

Қас қағымның қалдырып жылдамдығын

Қара өлеңім, қайғының қанатын кес.

 

Өнердегі қайтейін ақымды бұл?!

Сатулы нұр көрмедім сатулы жыр...

Адамзатқа айтарға демесеңіз

Азап ғұмыр екен ғой ақын ғұмыр.

 

Өзімді емес,

Өксіген өмірді айттым.

Келмегесін қалқамды қоңырайтқым.

Мені қойшы...

Шалынып тірлігіне

Жан сақтаған қалың ел, сені қайттім?!

 

Аласұрған күйіндей айтары аңыз,

Жыр кеулесе ындынды жай табамыз.

Борышты боп біз солай өмір сүріп,

Әр жүректің түбінен байқаламыз.

 

Жаным сыздар жорысам пенде түсін...

Сорлағаның, қара өлең, сен де құсым!

Екеуміздің еншіміз егіз тағдыр

Мұң бар сосын жаралған жер беті үшін!!!

 

***

Өркениет!

Келді бізге ел көрмей.

Алаш аң-таң сұмдық деп бұл, беу, нендей?!

Алаш аң-таң: жаяу құрлық кешегі

Жаулаушы жұрт атты Ғұнды көргендей!!!

 

Баса-көктеп кесел етпек жер үстін –

Өркениет!

Алаш аң-таң жоқ ұсқын:

Кене ханның басын көріп кесілген

Безе қашқан боярындай орыстың!!!

 

Кез етсе кім содан құлқы дәмелі...

Өркениет –

Жезөкшенің әлемі!

Нұрсыз ақыл, қырсыз қайрат немесе

Сәулесіз жан, өлексе тән – бәлелі!!!

 

***

Өктемси соқпай өкпеге тиген өкпек жел,

Соғатын күзде, соғатын ерте көктемде ол.

Өмір ғой дейсің өткен күн, келер уақытты

Өмір дегенің – ақылың, ойың жеткен жер...

 

«Сағындым, жаным» дегенің естен кетпей бір,

Ғашық екенсің сағынышыңнан да көктей біл.

Бабамның кеше далалық миы жеткенге

Оқыған менің қалалық миым жетпей жүр...

 

Қанымда күллі сағыныш сырлы ән қалқып,

Жанымның одан қалмапты жері саутамтық.

Алысты болжап білетін ақыл-ес бермей,

Кеудеме менің жүрек беріпті тарпаң қып.

 

Асаудай соның баса алмай селін құрғатып,

Ет-жүрегіңмен елжірей сүйсең шын бақыт.

Мен кейде мынау күл-қоқысқа өнген өмірден

Табылғанына таң қала берем жырға құт.

 

Өктемси соқпай өкпеге тиген өкпек жел,

Мазамды ап бітті мезгілсіз келген көктемдер.

Сезесің бе осы шын бақытты емес бәрі бір

Ой-арманына қапысыз жүріп жеткендер...

 

***

Жырымдай қиялдағы жаза алмаған,

Сендегі сүйкім ғажап, ажар – ғалам.

Мен сенің мағмұрыңа өлең төсеп

Жаныңды жырмен қауып мазаңды алам.

 

Түрткілеп түйсігімді тудың өзің,

Мөлдіреп нұрлы көзің, гүл мінезің.

Еркелеп жүрсің енді қиялымда

Құлатып аспандағы күннің өзін.

 

Басқалар үлбіресе, үлбіресін,

Сен солай кірпік қағып нұрды үзесің.

Сәждеге мың иілген молда құсап

Қылады елесіңе құлдық есім.

 

Сен солай...

Ал менікі қорқынышты.

Өрекпіп өзектегі өртім ішкі.

Жүрегім сыймайды әттең, өз кеудеме

Түздей кең, жер тынысты.

 

***

Қар жауды,

Алғашқы қар!

Жауысында мән бар-ды.

Дауысында дір-дір еткен ән қалды.

Жалбарынып қар тілеген жер еді:

Күз болғалы бейшара жер себебі

Әбүйірсыз қалмағына арланды.

 

Жапырақ жоқ, жағалауға қонбай құс,

Тоз-тоз күйі жетім қалды жер байғұс.

Көктің аяп, жылай-жылай көзі ақты

Қара күзге қарсы тұрар болмай күш.

 

Көк жылады, көп жылады сазарып,

Күз жанында мейірімнің азы анық.

Періштелер мамықтарын боратты

Жерге қорған, күз айуанға жаза ғып.

 

Күн мен ақ қар шағылысып қыратта,

Көз қарықты қарай алмай ұятқа.

Әзірейіл аяз төзбей бірақ та

Жылылықты қуып тықты жыраққа.

 

Аяз айтты: «Ей, қар мен нұр,

Шағылыспай әрмен жүр».

Қарға тағы тіл қатады: «Мінезсіз,

тапталуға келіп пе едің, бар болғыр».

 

Жазығы жоқ, қар бейбаққа не шара?

Жерге бола түсіп еді кеше ана.

Сен де мені сөгесің-ау жосықсыз

Артық айтсам кеш, аға! 

КӨРІМДІК

 

Жоқ шығар сірә, таласы жаттың,

Дел-сал қып жанды жаңа шуақ күн.

Риясыз реңің, талдырмаш бойың

Қып-қызыл пальтоң жарасып-ақ тұр.

 

Қып-қызыл пальто қыз ғұмырдай ма,

Қыз көктем мынау сізді жырлай ма?

Үр жаңа, қызыл пальто киген қыз

Көміп кеткендей бізді бір жайға.

 

Қып-қызыл пальто – қыз көктем мынау,

Жүрегім, жаным сызды өткердің-ау.

Сызылған қалқа, бейуақ мезгілде

Жұмбақ бір жайды іздеп пе ем мынау?!

 

Қып-қызыл пальто

                                      Құмарым ба едің?

Қылықты қалқа жыр-әнім менің.

Басқа күндерден бақыттырақ-ау

Байыз таппаған мына күндерім.

 

Қып-қызыл пальто...

                                         Көрімдік қайда,

Көрікті ой келіп көңілді ықтай ма?

Көрімдігіңе жыр ұсынамын

Қомсынбай қалқа сонымды ұқпай ма?

 * * *

Жанымның өлең ағып жылғасынан,

Әйтеуір, әлденеге күнде асығам.

Сүзем деп қарап едім судан жақұт

Мөлдірдің тұнық көрдім тұнбасынан.

 

Мен содан менмен едім тынып қалдым,

Тұныққа қарай-қарай құрықталдым.

Сылқылдап суретімді су ішкенде

Өзімді өмір түгіл ұмытқанмын.

 

Бетіме, басқама да қарайламай,

Су салды суретімді шарайнадай.

Таң қалып тұрғанымда тамашаға

Тіл қатты көктен тамған арайдан Ай.

 

Сол күймен сеңдей лықсып мың түледім,

Келген-ді көк аспан боп күркірегім.

Еріксіз ескі жұртта қалып қойдым

Жанымнан өткіздім де жұрт легін.

 

Тұнықтан тылсым іштім тұндырып ап,

Жүректе шолпы түннің сыңғыры қап.

Арбалып «Мың бір түнге» жүргенімде

Батқанын білмей қалдым күннің ұзап.

 

Алланың аян беріп, буған демі –

Жұмақтың жүрекке сол тұнған лебі.

Қызықтап қырт өмірде қалмақ едім

Ажал ғой асықтырып қуған мені...

 

***

Ызғарымен ықтырған ізгі үмітті,

Ала құйын көңілім күзді күтті.

Күзді күттім үзіліп, үздігіп мың

Алабұртқан күйіндей қыз-жігіттің.

 

Күзгі жауын... кінәмшіл, күдігі көп,

Тарқатылды арудың бұрымы боп.

Түзге көктем келсе де жібімейтін

Күз боп өткен жандар-ай жылуы жоқ.

 

Сары жалқын нұр сіңген шалғайына,

Тәңір алтын тылсыммен тал бойына,

Тізбекті өмір тырналар топ құрғанда,

Күз деп ғұмыр басыпты маңдайына.

 

Бес күндіктің базары бар ма қолда?

Арман дейтін адастым Арда жолда.

Күз мұнары кейіпті ізгі жаным

Күте-күте көктемін қалған ол да...

 

Күмілжуін қарашы күзгі өңірдің,

Қылымсуын қайтесің қыз көңілдің.

Ақыры атар таң болса атырапқа

Жөні болмас оны да сыз көрудің.

 

Айдың сұлу дидарын бұлт қамайды,

Көз бояған көктемге жұрт қарайды.

(Көктем ару қай көркін тықпалайды).

Күзді сүйем!

Өйткені, ол жалтақтамай

Дүниенің көзіне тік қарайды ...

 

ЖАПЫРАҚ

 

Күз келді сұрғылт атырап, маңай

Қараша тірлік қапталымда тұр.

Сарғайған бейбақ жапырақтар-ай

Табан астында тапталып жатыр.

 

Көктем-ай керім, сайыңнан белге

Көшуші еді оны қақыратты оңай.

Жапырақтар-ай жайылған жерге

Мұңыма менің татымақ талай.

 

Солғындау тартты қапыда реңі

Мезгілдің қатал ызбары буып.

Мұңайып жатқан жапырақ еді.

Әкетті күздің ызғары қуып.

 

Әуені күздің әнге ұласты ауыр,

Жапырақ біткен жайрап, маталып.

Қағынып жүрген қаңғыбас дауыл,

Қаңғытар екен қай жаққа апарып?..

                                                                           Қазан, 2010 жыл

 

***

 

Күздің келгенін бұлттар айтады,

Төңірек түгел тұлданып.

Қызық қуғандар жұртқа қайтады,

Жұртқа қайтады бұлданып.

 

Мезгіл тезіне төзе алмайды алап,

Суынған содан күнді көр.

Тұлдыр әлемді тозаңдай қағад,

Жымысқы мінез жынды жел.

 

Жасанған әлем жалаңаш тіптен,

Бірінің әне көзі аққан.

Жұмақ-тын кеше тал-ағаш біткен

Қуылған сынды тозаққа.

 

Сұрланған суық құтырды тегі,

Ұмытқан, білем, Алласын.

Ажалдан бәрі үкім күтеді

Сезеді-ау түбі оңбасын.

 

Дауыл боп соқты дариядай күш,

Айылын жиып үлгермей.

Таяғын ұстап қария байғұс

Ажалын іздеп жүргендей.

 

Мәнісі бар ма мезгілдің әнін

Көктем деп көтермелеудің.

Күз ғұмыр келіп сездірді бәрін

Алдамшы...

Бекерге келдім.

 

ДАУЫС

 

Төңірегім түгел дыбыс, түгел үн,

Бірі келіп жалмап жатқан біреуін.

Тәңір берген таң қаларлық даусымды

Дүниеге таныта алмай жүдедім.

 

Басыма ақыр бәле болды бұл сұмдық,

Іштен тынып үнсіз ғана күрсіндік.

Шерге оранып шыққан ойлы үнімді

Қайдағы бір жұтып алды құнсыз жұрт.

 

Мен түгілі даусым солай қаңғырды,

Әумесерлер қағып алып әлгі үнді,

Біреулері төбесінен балға ұрды,

Біреулері тасқа да ұрды тауға ұрды.

 

Кеңірдектен мыстан тажал қысқандай,

Амал құрып, ышқынарлық күш қалмай.

Аяп кетем азап құшқан үнімді

Сыртқа сосын жүрем ылғи тіс жармай.

 

Оңтайлы сәт туғанында өмірде ең,

Бір жаңғыртам әлемді бар деміммен.

Дүр сілкінед жаһан сонда даусымнан

Немесе өзім жанып кетем сол үннен.