ЖӘЛЕЛ ҚУАНДЫҚҰЛЫ. ЖАҚСЫЛЫҚТАН ҮМІТ ҮЗГІМ КЕЛМЕЙДІ...

ҚАЛА КҮЗІ

 

Қала күзі, ірге шулап,

Тың тыңдайды ақ қайың.

Бірде күліп,бірде тулап,

Құбылар күн сәт сайын.

 

Селдете кеп жаңбыр да анық,

Басылады әп-сәтте.

Күн тұрады тандырланып,

Әуірлі бір мақсатпен.

 

Өзен сынды тыраштанып,

Елпең қағар шалшық су.

Күннің көзі ағаш жанын,

Сары мұңнан аршып тұр.

 

Ал миымды қақыратып,

Кеміреді ой аямай,

Сол ойлардың жапырағын,

Отырамын саялай.

 

Қала күзі мұңды уілмен,

Арбамаққа сайланар,

Қаламымдай мың дүбірден,

Қорғар қару қайда бар?

 

Тілдесе алмай саяқ ұдай,

Тұнады іштен маңай бар.

Көркіне оның баяғыдай,

Таң қалмайды жанарлар…

 

Сары ала тон сірә құнды,

Ол дағы ертең тоналмақ.

Келе жатқан сұрапылды,

Жылайды ағаш хабарлап…

 

АЙ ҚЫЗ

 

Қасы қара қарындас ақ күртелі,

Кірпіктерің өңінен бақ бүркеді.

Еш кірбіңсіз келбетің күйге бөлеп,

Қараңғыдан адаспай таптым сені…

 

Жасқаншақтау жүзіңнен мөлдіреген,

Қауыз жара қоймаған гүлді көрем.

Күннің нұры сіңбеген сағағына,

Қылдай нәзік тағдыр-ай үлбіреген.

 

Көп ішінде ерексің, аппақсың сен.

Ақ боп қалу қашан да жақсы ат білсең.

Қарғам тәтті қылығың ең ұлы жыр,

Сол табиғи қалпыңды сақтап жүрсең…

 

Жаттап жүрсең жырымды өзің жайлы,

Мөлдірлігі  етер-ді, көзіңді əйгі.

Бір-ақ сəттік толғаныс ғұмыры ұзақ,

Тазалығы мәңгілік бұзылмайды.

 

Жанарына аспанның жас қамалды,

Жел де әнекей бір әнін бастап алды.

Көрініп жүр осылай ай секілді,

Онсыз өмір қараңғы, тас қараңғы…

 

КӨСЕУ

 

Қараша ауыл…

Қара ошақта зорыға,

Анам жүрді қос білегін түрініп.

Сексеуілдің қыжынаған шоғына

Отырушы ем жылынып.

 

Армандасаң, дәл осында арманда,

Сарын қосып алабұртқан сарынға.

Анам отты көсеп-көсеп қалғанда,

Жарықтық шоқ ұласатын жалынға.

 

Жұмбақтанып таңғажайып атырап…

Көп білуге құмар едім Тегімнен.

Қара көсеу құдіретін бақылап,

Таң қалатын едім мен.

 

Содан бері өтті талай мұнар жыл,

Көсеу сыры кетпей қойды санамнан.

Өмір мені сан қиянда сынап жүр,

Бәрі –арман.

 

Кеңдік маған қанмен келген сый екен,

Адамдығым –анам сүтін өтеуде.

Бір ұққаным –ауыл жетпей жүр екен

Шоқ кеудемді көсеуге…

 

ЖАПЫРАҚТАР ӨЛМЕЙДІ

 

Тәпсірлеумен ғұмырлы күн, айды бек,

Жапырақтар өлмейді, құлайды тек.

Жайрап жатып тамырын қымтайды да,

Мама ағаштың саулығын сұрайды кеп.

 

Нәзік жүрек жайнап кіл жақсылықтан,

Сондай тағдыр әуелден Һақ бұйыртқан.

Адамзатқа сыбдырмен айтары көп,

Үлкен үміт күтеді жас шыбықтан.

 

Сақтанғанда «Жел» дейтін дүлей күштен,

Күз келгенде, ызғырық үдей түскен.

Олар сонда тәубе айтып болмысына,

Құламауды алысқа тілейді іштен.

 

Кәрі қыс кеп, шыңылтыр құрық бекіп,

Шымшылайды денесін ырықты етіп.

Ал көктемде қайтадан бүр жарады,

Қармен бірге тамырға сіңіп кетіп.

 

Ақ көрпесін тағы да кермек пе ерте?

Аяз қысты мезгілсіз, жендеттерше,

Табиғаттың ең адал перзенттері,

Қош болыңдар!

Көктемде кездескенше…

 

***

Мен білмеймін, кім дейтінін мендейді,

Менің мұңым көп жараны емдейді.

Адамдардың жамандығын көрсем де,

Жақсылықтан үміт үзгім келмейді.

 

Аспан маған шуақ-нұрын төгеді,

Ал Жер-Анам табанымды өбеді…

Өзге ғалам маған қабақ түйсе де,

Мен бәріне құшақ жайғым келеді.

 

Досым-дағы, дұшпаным да жоқ менің,

Қыс тоңдырса, жылытады Көктемім.

Арысам да, азған жоқпын Арымнан,

Көктесем мен пейіліммен көктедім.

 

Қаламыма қайғы оралып сұм ерен,

Қаншама рет түйсігіме түнеген…

Парағыма төгіледі еріксіз,

Маңдайыма Тағдыр жазған тірі өлең.

 

Белестерге бастап барад(ы) нұр таңым,

Құлдыраңдап, Құлагерше жортамын.

Соқпағымнан жаңылмасым белгілі,

Жүрегімді кірлетуден қорқамын…

 

 АҚ

 

Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,

Жанымды  аққа сендірдім.

Өмір жайлы жазғым келді бірер сөз,

Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің.

 

Ақ қағазға қайта қайта қараймын,

Аппақ бәрі маңайдың.

Тағдыр жайлы жазғым келді бірер сөз,

Ол да сен боп күлімдедің арайлым.

 

Ақ қағазға қайта-қайта үңілем,

Аппақ екен шынымен.

Өлім жайлы жазғым келген бірер сөз,

Өзіңді ойлап ол ойымнан түңілем.

 

Ақ қағазға қайта-қайта сүйсінем,

Ақ әлемнен көзіме кеп күй түнер.

Сезім жайлы жазғым келді бірер сөз,

Тағы сенің аңқыды аппақ иісің өр.

 

Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,

Жанымды аққа сендірдім.

Өзім жайлы айтқым келді бірер сөз,

Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің…

 

 ***

 

Армансыз жанар көрдім,

Маңына көрік болған.

Ақылсыз адам көрдім,

Сертінде берік қалған…

 

Рухсыз дене көрдім,

Өмірге өле ғашық.

Желкенсіз кеме көрдім,

Арманға келеді асық.

 

Сиясыз қалам көрдім,

Жазудан тоқтамайтын.

Тәубешіл заман көрдім,

Жауын да дос санайтын.

 

Мөп-мөлдір бұлақ көрдім,

Ешкім де таң қалмаған.

Құлпырған жұмақ көрдім,

Қорқақтар армандаған.

 

Жатырлас – талай көрдім,

Өзгеге күлімдеген.

Ағарған самай көрдім,

Әжімі білінбеген.

 

Құранды қабір көрдім,

Кірпіші тозып біткен.

Сынбайтын сабыр көрдім,

Уақыттан озып кеткен.

 

Лаулаған жалын көрдім,

Шоқ қайда? Қайталадым.

Көрместің бәрін көрдім,

Ештеңе байқамадым…

 

Мейірім, шуағы жоқ,

Кең пейіл Құдай көрдім…

Өлердей қуанып ап,

Неліктен жылай бердім?!

 

 ***

 

Келер деген үміті мақұлданбай,

Таңды мені күтумен атырғандай.

Шыға салып абдырап тұрып қалдым,

Әппақ қарды таптауға дәтім бармай.

 

Сиқырымен әрлейтін келер күнді,

Жарық қылар тұңғиық, төнер түнді.

Ғайыптан кеп қағазға тамып түскен,

Сиясы әлі кеппеген өлең сынды.

 

Ағаштар тұр тән енді сіресер деп,

Байғұстарды жылы үйде түнетер ма ед…

Көрші қыз да шыға сап әзілдейді,

“Қол ұстасып серуендер күн екен” деп.

 

Жасырынған астыңа сірә мына,

Айналмайды жер мәңгі тұрағыңа…

Темір жолды тепкілеп бара жатқан,

Пойыз үні келеді құлағыма.

 

Ару қыздар қар сызып етекпенен,

Асығуда адамдар бекетке ерен.

Аппақ қардай кіршіксіз жүректер-ай,

Барлығын да бір үміт жетектеген.

 

БІР СЕН ҮШІН… 

 

Тағы да үндемедің,

Дегің келіп тұрса да бірдеңені.

Əлде мұның сырымды кеудемдегі,

Айтқызбай біл дегенің.

 

Қалай жүрсің түк демей күнім көптен,

Кездер ұмыт болды ма бұрынғы өткен?

Күндер күнге осылай жалғаса ма,

Бар-жоғым білінбестен?..

 

Бар мен жоқтың арасы, бүріседі ішім,

Балы өтірік, жазмыштың түршегі шын.

Жоқ болып-ақ кетер ем ойланбастан,

Бармын мəнгі,

Мен бармын

Бір сен үшін!