ЖҰЛДЫЗ МОЛДАҒАЛИЕВА. СҮРІЛМЕГЕН ӨМІРІМДЕ СЕНІ ІЗДЕП...

***

Сен Көк Аспан. Ал, мен Жұлдыз. Егіз боп,

Шалқимыз да. Толқимыз кеп. Теңіз ба ек?!

Жазылмаған жырды өзіңе арнаппын,

Сүрілмеген өмірімде сені іздеп...

Бақтың құсы баста мəңгі тұра ма?!

Сезіміңді сұрамаймын!

...

Сұрама!

Жүрілмеген бақтардағы сəтті аңсап,

Қосам сені оқылмаған дұғама.

 

Жолдар, жолдар,

Қашан, қалай түйіспек?!

Неге біздер сағынбауға тиісті ек...

Арналмаған сөздеріңе балқимын,

Сыйланбаған гүлдеріңді иіскеп...

 

Уақыт қайсы кеткен бізді жылатып...

Қайғы қайсы қалған бізді ұнатып...

Жолданбаған хаттарыңды сақтаймын,

Шалынбаған қоңырауың жұбатып...

 

Тайсалмадым тағдырыммен таласып,

Аңсамауың – аппақ ардың наласы...Ұқ!

Тағылмаған жүзігіме  сүйсінем,

Киілмеген ақ көйлегім жарасып...

 

Жылатады – біз өмірден өтеміз...

Қуантады – қиылмаған некеміз.

...Менің мұңым  – сенің мұңың болса ғой,

Сенің мұңың – менің мұңым...

Не етеміз?

 

***

 

сүйенбей-ақ ережеге, мақалға.

(ал, сіздіңше, тағдыр біздің қатал ма?)

келер күнім жайлы ұзааааақ ойлаймын,

жалға алған пәтерімде жатам да.

 

ескермей-ақ бунақты да көлемді,

жазғым келген іштегі өлең. ол өлді.

жұрт көңілін қалдырмаймыз дегенде,

жұрттан қалған көңіл бізге не берді?

 

аралап-ақ көшені де қаланы,

ауылды һәм, шексіз-шетсіз даланы,

өнеге алар кісі іздеп келесің,

ал өнеге беретінің шамалы...

 

өмір жайлы әдемі өлең жаздым деп,

жүрген ақын...сосын бізде азғын көп...

сен өзімді таппадым деп налисың,

ал мен өлең жазғаныма мәзбін бе?!

 

қалғың келсе келер күнге мұра боп,

(әттең бізде жасап қойған күнә көп...)

өстіп жүріп өлуге де қорқасың,

құдайына қалай барад(ы) мына бет...

 

жапыраққа бар сырыңды аштың ба?!

кейде өзім ұқсап кетіп қашқынға...

тастай жүрек болатынын адамда...

жүрегі бар болатынын тастың да...

 

сен бәріне, бәрі үшін күйесің.

сен әлемді жүрегіңмен сүйесің...

құдайыңдай сосын тағы сыйлайсың,

жалға алған пәтеріңнің иесін...

 

жүрегімді қасқыр сынды ұлытып,

жоқ адамдай түк қайғысы, мұңы түк...

дым ойламай ұйықтап кеткің келеді...

(ЖАН СЫЙЛАҒАН ҚҰДАЙЫҢДЫ ҰМЫТЫП...)

 

***

 

Емес еді ғой онсызда менің аз қайғым...
(Ақын емеспін! Өлең де мүлде жазбаймын)
Ақиқаты жоқ албасты мынау тірліктен,
Жалығамын да жынданып кете жаздаймын...

Көңілге мүлде төселмей кетті жаз кілем...
Байқалды содан қабағымнан да назды рең.
Өлеңді осы түсінетіндер көп те емес,
Өмірді де ұғынатындар аз... Білем!

Жүрегің жылап, көз жасың кеппей жанардан,
Мұңайтты біраз орындалмайтын сан арман...
Әлемде мынау адамның бәрі негізі,
Бірін-бірі кінәлау үшін жаралған...


Шыдамы бәлкім таусылған шығар төзімнің...
Шаршадым деп ем..."Өмірің дейді өзіңнің..."
Өмірдің мәні жоғалып кеткен (сенбейсің)
Өлгені үшін САҒЫНЫШ дейтін сезімнің...

 

***

 

Тұйықтау ем. Айтпаушы едім көпке сыр, 

Достарымнан тиді (ұқтым) көп кесір. 

Мен ренжітпеуге тырысатын адамдар, 

Неге маған өкпешіл...

 

Арайлы атпай тірлігімнің ақ таңы, 

Жоқ мейірім... Жаныма сол батқаны... 

Мен ылғи да мақтап жүрген адамдар, 

Неге мені даттады...

 

Ескермей – ақ күн кешемін сынақты. 

Сенгендерім биігімнен құлатты... 

Мен қуантсам деп жүретін адамдар, 

Неге мені жылатты...

 

Өмір сүрсем деп ем ерек екпінмен, 

Адам үшін көңілде жоқ кек мүлдем. 

Танысыма алыс болып содан соң, 

Бейтанысқа жақын болып кеттім мен.

 

Сүрінбейін! Сүрінсем кім демейді?! 

Жалғыз өлең өмір құнын төлейді. 

Бағынуға тұрмайтұғын тағдырда, 

Сағынуға тұрмайтындар көбейді.

 

Кетер ме едім қия жақты мекендеп, 

Ар алдында қарыз қалай өтелмек?! 

Ештеңені көп ойлайтын боп алдым, 

Ешкім мені сұрамаса екен деп...

 

Қиялыммен санамды кеп алдаймын, 

Күн кешпедім көңіліме алмай мұң. 

Бәрі шындық іздеп жүрген заманда, 

Мен біреуге шындық айта алмаймын.

 

Өлең – дәрі жан дертімді жүр емдеп, 

Өзім жайлы мен мынаны білем тек: 

Ойламаппын бес - ақ күнгі жалғанды, 

Жалған күліп сүрем деп...

 

Байғұс дейді. Бәлкім, босқа түнерем. 

Өледі өмір... Өлмейтін тек бір ӨЛЕҢ! 

Бір білерім: бар ғаламды жылатып, 

Мен әйтеуір өлең өлген күні өлем!

 

Ақымақпын жоқ ойларды бағамдар. 

(Азды пенде, азды сосын заман дәл!) 

Мені босқа жылатпаңдар, жақсылар, 

Мені босқа мұңайтпаңдар, адамдар! 

Бәрі жақсы...

 

***

 

Соңғы айтылған сөздер үшін өкініп,
"Сені ұмыттым" дей саламын.(Өтірік.)
Таң атқанда мұңаямын еріксіз,
Кеш батқанда жылап алам өкіріп.

Сен кеткелі бақыт бастан тайды ұлы,
Дәл өзіңдей сүйді мені қайбірі?!
Сен тұратын қала неткен бақытты,
Мен тұратын Алатау ше?
Қайғылы...

Жақсылықтан күтер үміт бекер бой,
"Бəрі өзгерді" деген сөзге жетер ме ой?!
"Ұмытқанмын" деген сəттің барлығы-
Сені есіме алған сəттер екен ғой...

Хəлім менің бара жатыр құрып тым,
Мейіріңе бөлей өтші, ұлық түн...
Сен кеткелі (сенбейсің ғой) өмірді,
Қалай сүру керегін де ұмыттым..

Мен сезімін жаратпаймын өзгенің,
Жаратпаймын жылуы мол сөздерін.
Сенен өзге жанды көре алмайтын,
Шыныменен, соқыр шығар көздерім..

Құтқарсын кім мені сезім отынан?
Мен қайғыға азық болып жұтылам.
Сен қоңырау шалатындай содан соң,
Телефонға телмірем де отырам...

Кездесулер - бақыт жайлы болжай ма?
Қоштасулар - мұңайтады.Сол қайғы,ə?
(Сезім жайлы мейлі əңгіме болмасын)
Бір қоңырау шала салсаң болмай ма?

Бүгін мереке ғой...

***

 

Бағың едім, жұлдызың ем... Білмедің!
Өкінішпен өтіп жүр - ау күндерің...
Ұнамдырақ тым мүшкілдеу хəліңді,
Жасыруға тырысып - ақ жүргенің!

Бақытың боп бұйырмайтын "жарың" кім?
Қылмыскерсің алдында аппақ арымның!
Сен жайында жазылатын өлеңім...
Сағындың ба?
Сағындың ғой...
Сағындың...

Нешеме рет көрдің мені түсіңде?!
(Сүйгем сені ессіздігің үшін де!.)
Тəулігіне неше сағат ойладың?
Жүрегіңнің жүрмін бе əлі ішінде!.)

Кінəлісің мендік шерлі күй үшін!
Көңілімнің шертілмеген күйісің...
"Жыры бөлек, ақын қызың қалай?!", - деп,
Əлі сұрап тұрады ма үй - ішің?!

Сұрақтарға қандай екен жауабың...
(Сені ойласам, нөсер болып жауамын,
Сен бар болсаң, керегі жоқ Күннің де,
Сен бар болсаң, керегі жоқ Ауаның!)

Шабыт болып келген жан ең ақынға...
Қанша өлең жаздым өзің хақыңда...
Сен тамызда келіп... сосын кетіп ең...
Шілде бітіп, тамыз келед жақында...

Жақыным ең... Жат та болдың... Бөтенсің!
Уақыт – жылдам. Сынаптай боп өтерсің...
Мен тамызда сені көргім келеді,
Сен тамызда не істейді екенсің?!

 

***

 

ол өмір сүргісі кеп...
қала жақта қиялы мың құбылып,
қарсы алғысы келеді күнді күліп.
түнерердей мойынында жүгі ауыр ма,
жіберердей қайғысы жынды қылып...
.
көңілі алаң анаған, мынаған да.
(ал бізге ше? осы өмір ұнаған ба?)
іште қалып айтарың... «жақсы» дейсің,
танысың мен досың хал сұрағанда...
.
адам жаны қысылса, өлең іздер...
тағдыр басқа салғанға көнеміз де.
неге біздер адамды тыңдамаймыз,
түсінуге тырыспаймыз неге біздер?
.
(ұсынған кім жұмақтан төрді бізге?)
тіршіліктің заңына көндіңіз де...
көрдіңіз бе біреуді тыңдай алып,
сіз біреуді түсініп көрдіңіз бе?!
.
жанымды ақтай...алмаймын ғаламды ақтай...
келер күнге көңілді алаңдатпай,
түсінуге тырыспақ былай тұрсын,
тіпті тыңдай алатын адам таппай...
.
ол келе жатады....

 

ЖҰБАТУ



Тағдырыңның ауыр жүгін көтердің
(Ел дегенің таға берер бекер мін. )
Сырыңды айттың жақын тартып жаныңа...
Сені қалай жұбатады екенмін?!

Бар айтқаным: Бекер мұның, жарығым,
Талай жарқын естіледі əлі үнің!
Төзбейсің бе сынағына өмірдің?
Сезбейсің бе қайғысы бар бəрінің?

Жүрміз, мүмкін, жоқ бақытты текке іздеп,
Арман қашан бізді өзіне жеткізбек.
Көңіліңе қараймын деп отырып,
Айта салдым: «Біз өмірде жоқпыз» деп...

Білмен қандай ұстанымға бекіндің,
Жанарыңмен үнсіздікті өтіндің...
Сəл нәрсеге оңай жылай салатын,
Сенің ақын болғаныңа өкіндім...

«Өмір сүру керек» дедім отырып,
Сыртым күліп, жүрек байғұс өкіріп.
Біздің өлең - жанды өртейтін өкініш,
Біздің өмір - өтірік қой... Өтірік!

Бəлкім дүние біздер үшін бір кем бе?
Өлең деген - мұң ішу ғой білгенге.
Сен өмірді түсіндір деп сұрадың,
Мен өзімді түсіне алмай жүргенде.

Өлең жайлы өмір жазып ақырын,
Сен одан да жылап алғын! (Ақылым. )
"Бұрқасынға" шыдас бере алатын,
Жан едің ғой жететіндей батылың!

Сендік қиял таза... əрі тереңде!
Өзгелерден биік білем өрең де.
Тоңдырса егер тағдырыңның ызғары,
Жылынып ал өзің жазған өлеңге!

Аңғалым-ай, жасып босқа жасқанба!
Үнсіз қалшы, кеудеңді мұң басқанда...
Сендік жұлдыз жану керек жарқырап,
Өмір дейтін біз білетін аспанда!

Жөн болмайды жан-гүліңнің солғаны,
Тіршіліктің оңғаны жоқ, оңғаны!
Қажытса егер жүрегіңді қайғы - мұң,
Ағыл-тегіл жылап алсаң болғаны.

Тағдырың-ай, тағдырындай қайыңның...
Ұғып жатыр ақын жанның жайын кім?
Сыр айтқың кеп.. Қайғы басса еңсеңді,
Мені шақыр. Жылатуға дайынмын...